«...ЖАСЫ ҮЛКЕНГЕ - ІНІ, ЖАСЫ КІШІГЕ - АҒА БОЛУҒА ЖАРАСАМ...»

(Шахмардан Есеновтің зайыбы Кәмиланың жан сыры)

...Осы сөзді Шахаң жиі - жиі қайталаушы еді. Енді барлап, ой елегінен өткізе қарасам, ол үлкенге - іні, кішіге - аға бола білген екен. Жұмыс десе, ішер асын жерге қоятын Шахаң былайғы өмірде тым қарапайым, өте кішіпейіл болатынды. Өзінің аспандап тұрған қызмет дәрежесіне, атақ-абыройына, бедел-біліміне орай кеуде керіп, менменсіп шалқайып, еш уақытта көкірегінің буына нан піскен емес. Ол - бойындағы ғылым-білімін, өрнекті де, айшықты ойын, сан-салалы кәсіби мамандығын, жүрегіндегі ізгілік, болмысыңдағы қажыр-қайратын елі үшін, халқы үшін сарқа жұм- сады десем, артық айтқандық болмас.

Шахаң күштінің алдында кішірейіп, әлсіздің алдында күжірейіп айбат шекпей, халқыма тағы да бір он шақты жыл қызмет етсем деп арман етті, бірақ, ол арманына жете алмай бұл пәниден айқай- шусыз өтіп кетті. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтүғын артына сөз қалдырған», деп ұлы Абай толғағандай, Шахаң да еліне, халқына өлмейтұғын жасампаз азаматтығын, ғылым мен білімнің биік шыңын, өнегелі өмірін қалдырып кетті деп ойлаймын мен. Оның биік тұлғасы ешуақытта өз тұғырынан тайып, кішіреймек емес.

Шахаң қандай қызметтің басы-қасында жүрсе де беріле жұмыс істейтін. Жұмыс дегенде күннің ыстық-суығына қарамай, күндіз- түні дамыл таппауға бар еді. Ол аяғына қайта ұлтартқан байпақ, үстіне қара тон киіп түн бойына станоктарды аралап, үйге аппақ қырау боп келетін, балалары «аяз ата келді» деп мәз болушы еді. Жезқазғанның қысы аса қатты еді ғой. Менің бір таңқалатыным, тәулігіне он төрт-он бес сағаттай жұмыс жасағанымен, сәл-пәл уақытын пайдаланып, өз мамандығының саласы бойынша да, көркем шығармаларды да көп оқитын. Тіпті тәулігіне (жастау кезінде де, жасы ұлғайған шағында да) үш-төрт сағат қана көз шырымын алатын кездері жиі-жиі қайталанушы еді. Мен оған ептеп ескерту жасасам, ол «Әй, Кәмеке-ай, қажыр-қайрат, күш барда қыранға еліктеуім керек, қыран тәулігіне бес-он минуттай ғана қалғиды екен, рахаттанып, көсіле ұйықтауға болар-ау, бірақ уақыттан ұят қой, сағат тілі алға жылжиды, ал уақыт менің ұйқыдан _оянғанымды күтпейді» деп әзілдей күлетінді. Ол Абайдың,. Мұхтар Әуезовтің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармаларын көп оқығанды. Абай өлеңдерін жатқа айтушы еді, әсіресе, осы бір шумақты жиі қайталайтын:

     ...Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,
     Қызық келсе, қызықпа ондайға ерме.
     Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде -
     Сонан тапқан - шын асыл, тастай көрме...

«Кәмила, - дейтін ол. - Абай ойшыл ақын, ғұлама ақын, оның әрбір сөзі теңіз түбіндегі маржандай асыл. Мына бір шумақта қаншама ой, қаншама ғұламалық жатыр, тыңдашы», - деп тағы бір шумақты жатқа соғушы еді:

     ...Адам ғапыл дүниені дер менікі,
     Менікі деп жүргеннің бәрі оны
     Әйтеуір мен ұл-қызыма керекпін.
     Сан-сақ ойлар өн бойымды езгенде, -
     Анашым деп жұбатады жебеп кім?
     Көңіл сонда көтеріліп, дегендей, -
     Адамдарға мен әлі де керекпін, -

деп ақын толғағандай, Шахаңның жоқтығы жанымды жаралағанымен ұл-қызыма, Шахаңның айнымас достарына мен керекпін ғой.

Оның шаңырағын биік ұстау, жар алдындағы мәңгілік міндетім - әрі борышым.

Шахаң менің білуімше, өте әділ әрі принципшіл азамат еді. Рас, ол ұлттық кадрларды өсіруге, оларға үлкен сенім артуға күш салды. Бірақ өзге ұлт кадрларын де алалап, кеудесінен кері итерген жоқ. Ол - мынау ағайын-туыс, мынау жерлес-жұрағат деп ала қойды бөле-жарып қырыққан емес. Кім қызметті жан-тәнімен беріле істесе, сол адамды қолтығына тартып, қызметін өсірді. Мұны мен емес, серіктестері жыр ғып айтады. Қызметкерді қабілетіне қарай бағалайтын деген сөзді кезінде де, осы күнде де естідім. «...Шахаң мемлекеттік дәрежедегі ірі тұлға еді, оның алдынан үлкен де, кіші де риза боп шығатын. Ол - шын мәніндегі азамат, қазақ халқының мақтанышы еді», деген ілтипатты лебізді өзі қайтпас сапарға аттанғаннан кейін де оқыдым, естідім.

Шахаңның ұстазы атақты ғұлама Қаныш Сәтбаев екенін көпшілік біледі. Ұстазының жетекшілігімен Шахаң Жезқазғанда он бір жылдан астам қызмет істеді. Қатардағы барлаушыдан экспедицияның бас инженеріне дейін жоғарылады. Жезқазғанның жер асты байлығын есептеп, сол 50-жылдары 1940 жылмен салыстырғанда мыстың қоры бес еседей екенін дәлелдеп берді. Сол кеннің қорын Москваға барып қорғағанын көргеннен кейін жолдас болып кеткен Москва геологтары: «аяғында етік, шалбардың балағын етіктің қонышына кигізген, жай қарапайым (галстук те жоқ деп қояды) жас жігіт (Шахаң оңда 26 жаста екен) трибунаға шыққанда өте жас екен, қалай болар деп ойладық. Орыс тілін де, өзінің жұмысын да жан-жақты білетіндігімен бізді таңқалдырып өте жақсы деген бағамен қорғап шықты дейтін. Жас ғалымның ғылыми табысына елі де, ұстазы Қаныш Имантайұлы да ризашылығын білдіріпті.

Шахаң 1960 жылы 33 жасында республика Геология министрінің бірінші орынбасары қызметіне келді де сегіз айдан кейін министр болды. Әр уақыт жұмысты талап ету үшін, оларға жағдай жасау керек дейтін, сөйтіп барлық жұмыс істеген жерінде кейін Ғылым академиясына президент боп сайланғанда да ғалымдарға жағдай жасауға белсене араласты, оны ғалымдар қауымының бәрі жақсы біледі. «Мен бармаған өндіріс орны жоқ, тіпті түйме жасайтын цехқа дейін аралап, көзіммен көрдім», - дейтін ол Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары боп қызмет атқарып жүрген кезінде.

Аздап шегініс жасайын: Қаныш ағаны өте сыйлайтын, құрмет тұтатын. Жезқазғанға жұмыс бабымен келгенде дәм татуға шақырғанбыз. Ол кісі: «Жұмысбастымын, ертеңгілік сағат 8-де барайын» депті. Қаныш аға тура сағат 8-де келді. Тамақтанып отырғанда неге екенін қайдам, әлде бір әңгіменін, ретінде қарай ма, әйтеуір, Қаныш аға ұлы Абайдың:

     ...Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап
     Әуре етеді, ішіне қулық сақтап,
     Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, -
     Еңбегің мен ақылың екі жактап, -

деген шумағын екі рет қайталағаны жадымда қалыпты. Әңгімешіл, жаны жайсаң, дастархан үстінде өте қарапайым отыратын адам екен. Кейін Алматыға жұмысқа ауысып келген кезінде де Шахаң Қаныш ағамен жақсы араласып, әр уақыт жұмыс барысында ақылдасып, сыйласып өтті.

Шахаңның тағы бір қасиеті жастарға өте көңіл бөліп, өзімен тең дәрежеде сөйлесетін. Әрдайым қолдан келсе жақсылық жасауға тырысу керек, жастар біздің келешегіміз деп отыратын. Шахаң өз басы жөнінде (істеген жұмысы, бөтенге реніші болсын) сөзге сараң болатын. Бір естіген әңгіме есімде. Қырымда демалып жатқанда, бізбен бір уақытта Геология министрінің мұнай жөніндегі орынбасары демалды. Сол кісінің айтқаны: Косыгинде өтетін жиналысқа қатысып, министр Славскийдің адамдары (өте бай министрлік) бізде анау да жоқ, мынау да жоқ деді. Шахаң қол көтеріп, сөз сұрап мінбеге шығып: жаңағы сөйлеушілер кедейміз деп жатыр, ал біздің жағдайымыз (Косыгинге қарап, сіз дұрыс түсініңіз) нағыз бейшараның халі деп, Маңғыстаудың жағдайын айтып, сол Маңғыстауға керек ҚСРО Министрлер Қеңесінің қаулысын алдырды, жұмыс жөнінде алдына қойған мәселесін батыл айтып, оны орындатпай тынбайтын, деп айтып отырды.

Шахаңның өмірі ылғи көктем мен жаз болған жоқ, оның жүйкеге тиіп басты ауыртатын, жанын жаралап, жүрегін соқтыратын күз бен қысы да болды. Бірақ ол мойымады, күрсінбеді. «Қызмет - қолдың кірі, ең бастысы адамдық қалыпты сақтау керек» дегенді жиі айтты. Ешкімге шағынбады, аяқтай барып, жоғарыдағыларға өкпе-наз айтпады. Ғылымдағы күндіз-түні ізденіс, өзін- өзі қадағаламаудан шығар, өте ауыр төрт операциядан етті. Ақыры сол ауру алып тынды. Бір өкініштісі, көзі тірісінде аурудың жағдайын біле тұрсам да қош айтыса алмадым, өлімге қимадым. Батырдың қазасы мен үшін орны толмас қайғы. Үкімет қайда жұмсаса, сонда барып еңбек етті және баяғы жас кезіндей жан-тәнімен беріле еңбек етті.

Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» атты кітабында Шахаң жөнінде бірер жолдар бар:

«...Артынша президенттікке Сәтбаевтың шәкірттерінің бірі - Шахмардан Есенов сайланды. Рас, оған ол оңайлыққа түскен жоқ.

Оның бір артықшылығы пайдалы қазыналар саласындағы білікті маман еді, еңбекте ысылғанды. Қазақ кен-металлургия институтының геологиялық-барлау факультетін бітірісімен еңбек жолын Жезді жерінде геологиялық-барлау экспедициясының қатардағы геологиясынан бастағанды. Ол бас инженерлігіне дейін жолдан өтіп, Геология министрі қызметі, Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына дейін өсті. Маңғыстаудың оңтүстігіндегі аса мол мұнайлы газдың қорын Жетібай, Өзен сияқты мұнай көзін ашуға қатысқаны үшін оған бір топ ғалымдармен бірге Лениндік сыйлық берілгенді...»

Шахаң маған да: ешуақытта ешкімге өкпе айтпа, келсе, қуанып қарсы ал, келмесе, неге келмедің деме, сәлемдессе, жатсынбай сәлемдес дейтін. Үй ішінде балаларға еш уақытта ана кісі анадай, мына кісі мынандай деген керексіз әңгіме айтылмайтын. Әр уақытта ІІІахаң балаларына үлкен кісілердің еткен еңбегін мысал етіп айтып отыратын, ерінбей еңбек етуге және қандай жұмыс болса да ауыр-жеңіліне қарамай адал жұмыс етіңдер деп үйреткен.

Шал ақынның: «Бұл елім қайда жоқ, Жарқыраған айда жоқ, Күлімдеген күнде жоқ», - деп толғанғанындай, тумақ бар жерде, өлмек бары анық. Шахаң көз жұмған соң оның қаралы қазасына уақытпен санаспай қолдан келген жәрдемін аямаған - Үкімет мүшелеріне, сосын айтулы азаматтар - Кенжеғали Сағадиев, Серік Даукеев, Пангерей Оспанов, Бақытжан Берікболов, Сұлтанбек Қожақметов, Қажымұрат Нағыманов, Жұмағали Наурызбаев, Оңалбек Сапиев, Халел Ізесбаев, Еренғайып Шайхудинов, Хайдар Әбді- рахманов, Есберген Божанов, Құрбан Аманиязов, Марат Мәжитов, Жағыпар Аханов, Шадыбай Абдулаев т. б. азаматтарға отбасымыздың атынан алғыс-ризашылығымызды білдіріп, дендері сау, отбастары амандықта болсын деп тілейміз.

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997