ЖАНЫМЫЗ ЖАРАСҚАН ЕДІ

Есімдегілер

Менің өте жақсы, өте жақын дос інілерімнің бірі академик, балаларды емдейтін, оларды көлденең ажалдан, бейнеттен қорғайтын азаматымыздың - бірі Камал Ормантаев телефон соғып хабарласты.

-Әбеке, көптен бері төсек тартып жатқан жақсы ініңіз Шахмардан Есенов қайтыс болды. Бәрімізге бірдей бататын ауыр қайғыға ортақпын, - деді.

Мен хабаршы болған Камалға ырзалығымды білдірген соң қайдағы бір шашылып - төгіле бастаған ойларыма ие бола алмай отырып қалыппын.

-Ассалаумаликум, аға! - дейтін Шахмардан көріскен сайын жылы шыраймен қолымды алып. - Көрісіп тұруға қол тие бермейді, Әбеке. Әйтсе де сіздің ақындық тіршілігіңізге қанықпын деп мақтана аламын, - дейтін жарқылдай күліп.

Бойы екі метрден асатын Шахмардан палуан денелі, өз тұлғасы өзіне жарасымды, сөйлескен кісілеріне лебінің жылылығы үнемі сезіліп тұратын ақпейіл жан еді. Мен Шахмарданға қарап отырғанда есіме оның әкесі, біздің ағамыз Жорабек Есенов түсуші еді. Неге екенін білмеймін, Шахмардан Жорабекұлы болмай Есенұлы болып өтті дүниеден.

Қай жылы екені дәл есімде жок, ертеректе институтта оқып жүрген Шахмардан таудағы үкімет саяжайында тұрған бізге әкесін ертіп кепті.

-Аға, - деді маған Шахмардан, - мен Сізге аға тауып әкелдім, қабыл алыңыз, туысқаныңызды!

Мен ағама сәлем беріп құшағымды аштым, ол мені шын ықыласымен кең дүниедей кеудесіне басты.

Сыпайыгершілікті қашанда берік ұстанатын ағамыз баласымен бірге қайтқанын жөн көретінін, бізбен білісіп танысқанына ырза екенін айтты.

-Қойыңыз, аға, - дедім иығынан басып қайта отырғызып. - Кірген үйінен шай ішпей шығу сізге жараспайтын болу керек, таудай ағасына шай бермей шығару бізге де жараспайтын шығар, - дедім.

-Аталы сөз айттың, інім, - деді Жөкең жайғаса отырып жатып, аралас-құраласымыз аз болғанмен мен де сенің сыртыңнан қанықпын, поэзиядағы абыройыңа тілектес, дұғагөй ағаңмын.

Біз Жөкеңмен осылай сөйлесіп, шайға бара бергенімізде демалыс үйінен менің өлеңдерімді орысша аударып жатқан ақын досыммен бірге Михаил Луконин келіп сәлемдесті.

Ағаммен ақын достарымды таныстырып шайға отыра бергенімде, мені Қызылордамен сөйлесуге телефонға шақырды. Қызылорда кітапханасында менің шығармаларыма бір бөлме бөлініпті. Соған кітап бөлуім керек екен. Осы телефондағы сөз мені он минуттай ұстады. Содан босанып қайтып келсем, дастархандағы ағаммен екі ақын досым әбден-ақ жарасып калыпты.

-Біз орыс тілін осынша білетін орыс қарияларын Москвада да сирек кездестіреміз, - деді Луконин.

-Менің ағам Ташкеннен гимназияны алтын медальмен бітірген. Керек десеңіздер «Евгений Онегинді» де жатқа айтып береді,- дедім.

-Рас болса, бұл Ресейде сирек кездесетін оқиға, - деді достарымның бірі.

-Менің інім өтірік айтпайтын адам, оның сөзіне сенімсіздік білдіруге қарсымын, - деді Жөкең күліп.

Біз тым-тырыс отырып Жорабек ағаның жарты сағаттай «Евгений Онегинді» жатқа оқығанын тыңдадық. Сондағы Жорабек ағаның бейнесі бүгін оның баласы Шахмардан қайтыс болған күні қайта түсті есіме. Мұнысы несі екен деймін ішімнен.

Екі алып қазақ тұр көз алдымда бірі - інім десе, екіншісі аға дейді мені. Мен екеуіне де барлык ықыласыммен бауырлық-туысқандық сезімімді жеткізуге тырысамын.

Мен де інім деп Шахмарданға қарасам, аға деп оның әкесі Жорабек ағама қараймын.

-Қарағым, Әбділда,- деді Жөкең мені өзіне қаратып алып.- Мен гимназия бітірсем де қазақшылығым жоғалмаған ағайыншыл адаммын. Біздің Шиелі ауданынан ашаршылықта ауып кеткен жүз үйдей қыпшақ туыстарымыз қазір Өзбекстанның оңтүстік аудандарының бірінде көшпелі өмір сүреді. Өкімет қыспаққа ала бастаса тауға сіңіп кетіп, тыныштық барын сезінсе, қайта кеңістікке шығатын көрінеді.

-Сен, шырағым, маған жәрдемдес, сол ұшатынын жел біліп, қонатынын сай біліп жүрген мүсәпір ағайындарға барайық, оларды қайтадан елге көшіріп әкелейік деймін. Бұған не дейсің, Әбділдажан?

-Әбден дұрыс, аға. Сізбен бірге ұзақ сапарға шығуға он күннің ішінде әзір болуға уәде беремін.

-Жүрегіңнен айналайын, бауырым, - деп Жөкең мені кеудесіне басты.

Бірақ мені Шиеліде күтпек болған Жорабек ағам сол он күннің бірінде қайтыс боп кетті.

Енді міне Есеновтер отбасының тағы бір алыбы - білімдарлығымен де, қарапайымдылығымен де қазағының белгілі қайраткері атанған Шахмардан Есенов халқымен қоштасып, көзін жұмды.

Біз оның өлмес рухының алдында басымызды иеміз. Адамның сана-сезіміндегі түпсіз тереңдікті, шексіз мол ой-сезімдерді өлшеу мүмкін емес. Біз адамның біліміне, көрген-білгенінен алған мағлұматтарына қарап, оның ақыл-парасатын бағалаған, оның білім дәрежесін өлшеп айтқан боламыз. Бірақ оның бәрі күнделікті өмірдегі өзімізді-өзіміз тану үшін қолданылатын оңай-оспақ нәрселер.

Мен бір әңгіменің үстінде Шахмарданға осы пікірімді айтқанда ол ішек-сілесі қата күлді.

-Мен сізді қостаймын, аға, - деді күлкісін тыйып. Күнделікті өмір халықтың өзара қатынасуына барынша жеңіл болу керек шығар. Әйтпесе, қазақтың құдандалы, нағашы-жиен болып жекжатқа айналуы, соның бәрін мадақтап жырға, дастанға, әнге-күйге қосуы қиын болар еді ғой. Солай емес пе, аға?

-Әрине солай.

Біз ініміз екеуміз кейде бойдақ сөз жарыстыруды ұнатушы едік. «Бойдақ сөз» деп атауды шығарып жүрген де Шахмарданның өзі.

-Шаршамай көңілді отыру үшін, уақытты салмақсыз жеңіл өткізу үшін сөз керек-ақ. Әйтпесе, қазақ «қысыр кеңес» дегенді пайдаланбас еді ғой, солай емес пе, аға? - дейді Шахмардан ойланып. Мен інімнің ойын тағы да қостаймын.

Жөкеңнің (Жорабек ағаның) өсиетін орындау үшін, Өзбекстан тауларында көшіп жүрген ағайындарды елге шақыруға жаз айларының соңғы күндерінің бірінде Шахмардан екеуміз Ташкенге аттандық. Екеуіміздің келгенімізді естіген қазақ ағайындар - ақындары бар, ғалымдары бар недәуір қуанысып қалды.

Бірақ біз көшпелі ағайындарды Шиеліге қайтуға көндіре алмадық. Сол жүз үйдің қолбасшысындай Әлекең (халық солай атайды екен) бізді төріне отырғызып қойып жауабын өзі берді:

- Алыстан ат арытып ақын бауырымыз Әбділданың, Жорабек ағамыздың көзіндей Шахмардан баламыздың келгені қандай абырой болды, ағайын. Өзіміз өзбектер тауында көші-қон болып жүрсек те туған жер, онын ішінде Шиелі есімізден шыққан емес. Сендер бізді сағынсаңдар, біз де сағынамыз сендерді.

-Сол үшін келдік қой, Әлеке, іргемізді жақындатуымыз керек емес пе?

-Әрине, керек, Әбділда. Бірақ біз орыс билеп-төстеп тұрған жерге қайтпаймыз. Өзім бастап жүрген бір уыс ағайынның іргесін ажыратқанды қаламаймын. Алыста жүрсек те хабарларыңа қанықпыз. Орыс Ресейіне кеше бастағанда ғана біз Қазакстанымызға кешеміз.

Біз Әлекең бастаған ағайынмен қоштасып, Ташкенге жетіп қондық, үйлеріне шақырған ағайынды алла разы болсынға қандырып мейманханаға орналастық.

-Маған Әлекең ақсақал ұнады, Сізге ше, Әбеке?

-Ұнағанда қандай!

-Орыс Ресейіне көшсе, біз елімізге көшеміз деп өлшеп-пішіп қойғандай айтты ғой.

-Өте түсінікті айтты.

-Дұрыс айтты деп ойлайсыз ба?

-Дұрыс айтты деп ойлаймын. Еңкейе берме, түсіре берме еңсеңді, - дегені әрине дұрыс.

Шахмардан сырқаттанардан аз ғана күн бұрын телефон соқты, жай-жағдайды сұрасып болған соң:

-Жай-күйіңіз қалай, аға? Бабыңызда болсаңыз мен барып қайтқалы отырмын өзіңізге.

-Менің сағынғанымды қалай сезгенсің, тезірек кел, қалқам.

Мені көп күттірмей, Шахмарданның өзі де шапшаң жетті.

Ол көлеңкеде отырған маған күлімсірей қарап тұр.

-Ұнадыңыз, аға, ініңізге. Өмірім жетсе, мен Сіздің жүз жылдық тойыңызға әзірленемін.

-Жүз жылдығыма сендерге қосылып өзім де әзірленемін. Тек сексен бестен босатсаңдар болыпты.

-Мен Сіздің Жазушылар одағына жазған хатыңызды көрдім, Керсеткен одақ хатшысы Қалдарбек Ыайманбаев.

-Не деп жазыпты?

-Сексен бес жылдығыңыз туралы.

-Әрине, рас.

-Сіз де екі аякты, бір басты адам ретінде көптің бірісіз, өз еркіңіз өзіңізде, сізде ешкімнің жұмысы жоқ.

-Мен де соны айтып хат жаздым ғой, менің еркіммен есептесіңдер, мен Тәжібаев дегеннің сексен бес жылдығы үшін шулыған жасауға қарсымын дедім ғой.

     Құдіретті сыйла,
     Құдіретке бірақ табынба,
     Жетекке кетпе,
     Жарамсақ болып жағынба.
     Тозығы жеткен Басыңа өзің ие бол,
     Ие бол, өзің
     Ақыл-есің түзу шағында, -

дедім. Дұрыс емес пе?

-Өлеңдегі идеяңызға мен де қосыламын, аға, кәрі де, жас та есі бүтін шағында бастарына ие болулары керек. Бірақ біз ақын Тәжібаевтың басына халық ие дейміз. Сізді сыйлаған ел қай жасыңызды тойлаймыз десе де ерікті. Оған Сіздің қарсылық жасауға, халық билігін жоққа шығаруға қақыңыз жоқ.

Мен не дерімді білмей, Шахмарданның аузына қарап қалыппын. Ол да маған қулана қарап отырды да:

-Жеңдім бе, аға, мойындаймысыз жеңілгеніңізді? - деді.

Мен үндемедім.

Ол да үндемей отырыңқырады да сәлден соң салмақты қоңыр даусымен тіпті өзгере сөйлей бастады.

-Мен Сізді көргенде қуанып, балалық шағымды бастан қайта өткізгендей сезіндім. Еркеледім, күлдім, көңілім көтерілді. Енді сізді шаршата беруді тоқтатуым керек.

-Жоқ, бауырым, мен шаршаған жоқпын, қайта әжептәуір тыңайып қалған сияқтымын.

-Рахмет. Әйтсе де, сізге өз ойымды айтып кетейін.

-Құлағым сенде, мені болдырып қалады екен демей, ойыңды түгел айт.

-Ықыласыңызға құлдық. Мен Сіздің сабырлы болуыңызды тілеймін. Мен - ақын болған жақсы екен, өлеңіңді оқыр елім болса, батыр болған жақсы екен, жаудан корғайтын мекенің-жерің болса деп сөзшешеңдік көрсеткелі отырмын, аға.

-Бәрекелді, бауырым, аталы сөз айтып отырсың, айта бер, айта бер.

Уақыт деген шапшаң ғой, тез өтеді екен, ертең өтетін тойыңызда қасыңыздамын, туған жерге баратын сапарыңызда да Сізбен біргемін. Менің осы тілегім есіңізде болсын.

-Бір жағымда Рүстем, бір жағымда сен болсаң, одан артық маған не керек. Қызылорда ғана емес, екеуіңмен дүние жүзін аралауға әзірмін.

-Тамаша айттыңыз, аға.

Шахмарданның осы дауысы да құлағымда. Сол күнгі бейнесі де көз алдымда.

Мен осындай бауырымды жоғалтқаныма жүдеймін, жүдеймін де, ауыр күрсінемін.

Шахмардан телефон соғып тағы бір сәлем бергенде кеше түнде ғана Жезқазғаннан келгенін айтты.

-Мен қазір Сізге барамын, мен әкелген Жезқазған жырларын естисіз, - деді.

-Күтемін, - дедім қуанып.

Енді аңғардым, мен Шахмарданды кәдімгідей - туған ағасындай аңсайды екенмін, оның даусын естісем қуанады екенмін.

Шапшаң қимылдап, істейтін жұмысын созбаққа салмай, шапшаң тындырып жүретін інім сол мінезінен әлі айнымапты. Он бес- жиырма минуттың шамасында менімен көрісіп те үлгерді. Жазғы Жезқазғанда аздап тотығыпты, қимыл-қозғалысы сергек, даусы да бұрынғыдай саңқылдап тұр.

-Қалайсың, інім, саулығың жақсы ма?

-Білесіз ғой Жезқазғандағы зауытты. Кен таситын вагондар жыл сайын тозып, кеміп барады, жаңарып келіп жатқандары жоқтың қасы дерлік.

-Иә, солай шығар. Не боп барады осы, шырағым? Менің ақылым жетпеске айналды.

-Сіз Жезқазғанда редактор кезіңізде «Қызыл кенші» газетіне:

     Зауытта соғып жаңа ырғақ,
     Гуледі көрік дауылдап.
     Ащы тер кұйды жауындай,
     Иленді шойын қамырдай, -

деп жазыпсыз.

-Иә, танып тұрмын, бір сөзіңде өтірік жоқ бұл өлеңнің. Ал сендер болсаңдар түк тындырмай азып-тозып барасыңдар. Бұл не?

-Мен сізге жауап беруге жарамаймын, аға, кешіріңіз.

-Сенің үйіңде теледидар бар ма? Қараймысың соған? Аңғарамысың ештеңе?

-Айта беріңіз аға. Мен сіздің не аңғарғаныңызды естігім келеді.

-Кертартпа шалдар не дер екен деймісің?

-Тіпті олай емес, аға.

-Мен тым қартайып кеткен болуым керек, түсінігім кеміп, ақылым да кеми бастаған сияқты.

-Олай демеңізші. Ақылы кеміген адамнан жұрт қызығып оқитын өлең шыға ма?

-Өлең де шаршай бастаған сияқты, інім. Мен кейде ырғақтардың болдырып, ұйқастардың да шаршағанын сезгендей боламын. Сондай кезде жаным ауырып, өз өлеңіме өзім жалынамын:

     Жалынамын, шаршамашы өлеңім -
     Сен үшін мен өлмей тірі келемін.
     Сенің өлгеніңді қалай көремін?
     Сұрағанға не деп жауап беремін? -

деймін.

-Поэзия шаршайды екен-ау, аға?

-Жоқ, Шахмардан. Мен өз шаршағанымды айтып отырмын.

-Дем алыңыз, тынығыңыз, аға.

-Кеңесіңе рахмет, інім...

Бір жылы Шахмардан екеуміз Алматыдан Қызылордаға бірге баратын сапарлас болып қалдық. Аз ғана күн болса да бірге жүретін болғанымызға екеуміз де бірдей қуандық.

-Билетті бір купеге аламын, бірге отырамыз, бірге жатамыз. Қызылордаға жеткенше басыңызды қатырамын.

-Менің басымды қатыру үшін бірер күндік жол аздық қылатын шығар, - деймін, інімді сөз жарысына шақырып.

Бір вагонда, бір купеде туған жерге тартып келеміз.

Мен пойыз жүре бастағанда қисайған едім, әжемнің бесігінде тербелгендей лезде-ақ ұйықтап қалыппын.

Недәуір уақыт өтіпті, оянсам, күн батыпты, түн басыпты, купеде шам жанып тұр.

-Тамаша ұйықтадыңыз, Әбеке.

Мен бетімді салқын сумен шайып келіп, өз орныма отырдым.

Екі кісіге шақталған кішкене столда қара көзі жаудырап француз коньягы тұр, ет те туралыпты, шоколадтар да қойылыпты.

-Бірінші тосты сіз айтыңыз, аға. Ана жылы Сәбеңмен (Сәбит Мұқановты айтады) далада өткізген екі адамдық банкеттеріңіз сияқты екеуміздің банкетімізді басталды деп санаймын.

-Бұл ғажап болды, Шахатай. Улыған-шулығаннан кісінің басы қатады. Мен де Сәбит ағамыз сияқты осындай шағын банкетті жақсы көремін.

-Ал енді іске кірісейік, бағынышты адам қашан да жағынуға тырысады. Мен алғашқы тосты өзімді билеп басқарушы Есенов Шахмардан жолдастың саулығына арнаймын. Менімен соғыстырып болмай, ішіп болмай сөйлеуіңе рұқсат жоқ.

Түн өтіпті вагонда, келер күнге ауысыппыз. Шахмардан екеуміз шайымызды ішіп болған соң, заулап бара жатқан поездың терезесінен дөңгелене түсіп, қалып бара жатқан далаға қарап отырмыз. ,

Мен осы жол бойында есіме түскендерді Шахмардан сұрамаса да айта бастаппын.

-1926 жыл болу керек, ұмытпасам... Онда Шымкенттегі жеті жылдық Ғани Мұратбаев атындағы интернатта тәрбиеленеміз. Сол интернаттан жеті жылдық мектепке қатынап оқимыз. Жазда Ақмешіттегі шешеме барып, күзде Шымкентке қайтамын. Сондағы жол бойында көргендерім әлі есімде,. Ұзын жолдың бойында қатар отырған ауылдың жалғасуы бір үзілмейтін. Жайылған малдың көптігі сондай бұған есеп жетпейтін шығар дейтінбіз.

Қырғыздың «Манас» деп аталатын дастанында қазақ туралы қызық сөздер көп-ак. Солардың ішінде менің есімде «Қазақ көп пе, қамыс көп пе?» деген жолдары қалыпты. Дастандағы осы сөздер есіме түскен сайын сол жылдардағы Ақмешіттен Шымкентке дейін қатар отыратын күздегі қазақ ауылдары мен олардың сан жетпестей малдары да есіме түседі.

Қазақстанға, Орталық партия Қомитетінің хатшысы болып, қанішер, бұзық Голощекин келіп, ашаршылыққа ұшырамасақ, не болар еді?!

Құдай бізді қорлық үшін, бейнет үшін Ресеймен іргелес қылған ғой.

Жерінің асты алтынға бөккен, үсті жарық нұрға малынған қазақты Ресей бірнеше рет құрттым, бітірдім деп ойлады.

Он өлдік, он рет қайта тірілдік. Өміршең халық екенбіз, аждаһа қанша рет жұттым, бітірдім десе де біз бітпедік, таусылмадық.

Біз ән-күйімізді жоғалтпадық. Жылап жүріп ән айттық, күй шерттік, қатал тағдырмен беттесіп тұрып ұлы мекеннің иесі екенімізді дауыстап айтудан айнымадық.

     Тағы да нең бар
     Көрсетер маған, тағдырым
     Қинайсын қанша
     Қазақ болғаныма жазғырып?
     Мен өзгермейтін
     Және мәңгі өлмейтін халықпын,
     Айыра алмайсын.
     Жылуынан мені жарықтың!

Шахмардан оң қалтасынан орамалын алып көзін сүртеді.

-Мұның не, Шахажан? - деймін күліп.

-Тағы да тыңдайын, қайта бір оқыңызшы жаңағы өлеңіңізді.

Мен екінші рет оқимын қайталап.

-Өлең дұрыс айтады, аға, біз мәңгі өлмейтін халықпыз. Осындай ұлы мекені бар ел оп-оңай өле сала ма!

Мен «әрине» деймін інімді қостап. Бірақ ішімдегі аласапыран ойлар - жарық үміттер мен көлеңкелі күдіктер жүрегімді қаттырақ қақтырды.

-Мен қойдым енді, Әбеке. Шаршатып алдым білем сізді, демалыңыз, аға...

Екеуміз де үндеспей отырмыз, екеуміздің де көзіміз - осынау бірден зымырап қалып бара жатқан кең далада.

-Сонау күннің шыкқан жерінен, сонау батқан жеріне дейін бәрі біздің жер екен ғой, - дейді Шахмардан терезеден көзін алмай отырып. - Біз осы мекенімізге ие бола білуіміз керек.

-Бола алар ма екенсіңдер?

-Неге олай дейсіз, аға? Сенбеймісіз, болашағымызға?

-Шынымды айтайын ба?

-Әрине, екеуміз ғана отырып бірімізге-біріміз өтірік айтамыз ба, аға.

-Өте кеңбіз де, өте баймыз ғой, Шахажан. Біздің қазыналы даламызға алып мемлекеттер қызығады. Мен солардан сескенем, сенбеймін күштілерге.

-Сақтар, құдай, ағасы.

-Сақтансаң, сақтаймын деген де құдайдың өзі емес пе?

-Дәл өзі, - дейді Шахмардан күліп.

-Біздің жастарымыз барлық күштерін ғылымға салулары, ең мықты техникалар ойлап шығаратын дәрежеге жетулері керек.

-Тағы бір он жыл бейбіт өмір сүрсек, әжептәуір іргелі елге айналып кетуіміз мүмкін ғой...

Шахмардан менің сары уайымға салына беретін сөздерімнен тойған болуы керек.

-Жарайды, аға, жатыңыз, демалыңыз. Мен бой жазып келейін, - деп шығып кетті.

Біз осылай Қызылордаға да жеттік. Үш күн бойы ініміз екеуміз осы Қызылордада бірге боламыз.

-Мен, аға, мұнда көп жұмыс бітіруге міндеттімін, мен іссапармен келген адаммын. Бірақ Сізбен бірге келгендіктен, жұмысым екі есе көбейіп тұр. Оған Сіз жазықтысыз, аға.

Шахмардан кәдімгісіндей рақаттанып тұрып күлді.

-Мінеки, тізімі. Бүгін үш үйге шақырылып едіңіз, мен екеуіне «отказ» жасап, біреуін ғана қалдырдым. Сөздерін қимай үшеуіне де барсаңыз, қандай шаршар едіңіз.

Бір жағы қонактап жүрсек те қаламызға көктемде келген қатер жайлы да көп әңгімелер естідік. Тасыған дария қаланы басып кете жаздап, жұрттың зәресін ұшырыпты.

-Дарияның табанын тазалау, тереңдету керек. Көп жылдар ағыспен көшіп кеп жиналған топырақ өзенді бөгеуге айналған, суы сәл тасыса, қалаңды басамын деп қорқытады.

-Бұл халыктың баяғыдан көріп келе жатқан азабы ғой. Шиеліде күн жылып, су тасып жатканда, Қазалыдағы аяз дарияны мұздан босатпайды. Осының бәріне төтеп беретін мықты техника керек.

Біз Шахмардан екеуміз ақылдастық та, әрқайсысымыз өз тіршілігімізді жасайық, бір-бірімізге бөгесін болмайық деп шештік.

Институтта, мектептерде, кітапханаларда, шақырған жерлерге барып кездесулер өткіземін, неше түрлі сұрауларға жауап беремін, өлең оқимын.

Алматыға қайтатын мезгіліміз де шапшаң жетті.

-Қайтамыз, аға. Самолетке билет алып қойдым десем ұрыспайсыз ба?

-Сабауым да мүмкін, - деймін күліп, - өзің қалайсың, Шахажан? Келген сапарыңа ырзамысың?

-Ырзамын, Әбеке. Мен де жолдастардың сұрауы бойынша екі жерде жастармен кездесу өткіздім.

Қалай ұнады ма жастарың?

-Ұнады. Мен жасырмай шынымды айттым оларға. Ұлтымыздың ертең азып-тозып кетпеуіне ертеңгі ұрпақ жауапты. Ал ұрпақтың мықты боп жетілуіне бүгін біз жауаптымыз дедім.

-Бұл сөзің жастар ғана емес, бүгінгі біз сияқты кәрілерге де

сабақ.

Қызылордадан Алматыға дейін екі сағат ұшатын кішкене самолет бар екен, сонымен астанамызға жеттік. Бізді күтіп алған Шахмарданның қызметтес жігіттері әуелі мені үйге әкеп салды. Есікке дейін мені қолтықтап шығарып салған Шахмардан:

-Ертең еш жаққа кетіп калмаңыз. Біздің үйде қонақ боласыз. Мен бүрсігүні Жезқазғанға жүремін, - деді.

Ертеңіне Шахмарданның үйінде түстік жедік. Қамила келіннің әдемі шайын іштік.

-Жақсы отырдық, аға, Сізді өте көңілді отырған ажарыңызға қарап мен керемет ырза болдым, қуандым, келініңіз де қуанды. Жасай беріңіз, көбірек болыңыз ортамызда, Әбеке...

Бұл біздің ең соңғы рет бірге дәм татуымыз болатын. Мен жақсы інімді тірлігімде есімнен шығара алмайтын болармын. Оның батырларға лайық тұлғасын, нұрлы жарығы төгіліп тұрған сәулелі көзін қай досы болса да еш уақытта ұмыта алмайтын болу керек.

Тіршіліктің өз заңы, өз тәртібі бар, өмір кеудесінде жаны бар, қимылдап жүрген адамды сан түрлі алаңдаудан босатпайды. Біз кейде жақындарымыздың да сыртынан күле сөйлеп отырамыз. Жүрген шығар қарақан басының қамынан артыла алмай дейміз.

Инженер, кенші Шахмардан тіршілігіндегі көбірек сөйлейтін, тілі - орыс тілі болса да, өзінің ана тіліне барынша ұқыпты еді және оны қадірлей де білетін. Сирек кездесіп жүргеніміздің өзінде де көріскен сайын тіліміздегі қызықты да қымбатты сөздерді көбірек естуге, есіне сақтауға құмар еді. Мен де оның осы қылығына қызығып, өзім білетін тәуір сөздерді оған көбірек естіртуге тырысатынмын. Мен осындай бір кездесудің үстінде:

-Мен саған монғол сөздерін үйретейін бе? - дедім күліп.

-Үйренейін, аға, - деп ол маған қарап қапты.

-Моңғолдар итті «ноқай», шошқаны «қуқай» дейді екен.

-Ағатай-ау, бұл өзіміздің сөз емес пе? «Ноқай» мен «құқай- ды» тартып алмаса монғолдарға бермеймін.

-Сен, Шахмардан, елде көп жүрсің, көбінесе қазақ арасыпдасың. Естіген жақсы сөздеріңді жазып алып жүрсең, филологтарға да жәрдемдескен болар едің.

-Оныңыз рас, аға. Жұмыс үстінде естіген қызықты сөздерді жазып ала қоюға уақыт бола бермейді. Әйтсе де кейде жазып алған боп та жүрмін. Көрсетейін бе кейбіреуін? Көргіңіз келе ме?

-Әрине.

Шахмардан қалтасындағы күнделік сияқты дәптерін ашып оқи бастайды:

Бірінші:
     Сиыр мүйізді өгіздің
     Күші болмас,
     Өгіз мүйізді сиырдың,
     Сүті болмас.

Екінші:
     -Ат болатын құнан
     Саяққа үйір.

Үшінші:
     -Жасында ұрыншак,
     Қартайғанда сүріншек.

Төртінші:
     -Жаманның көңілін ауласаң да,
     Дауын даулама.

Осылай кете береді, аға.

-Қандай жақсы сөздер жазып алғансың, Шаха.

-Сіз, аға, мен там-тұмдап жинаған әдемі сөздерді жазып алуға тырысасыз, ал өзіңіз маған ештеңеңізді қимайсыз. Мен мұныңызды әділдік деп санамаймын.

-Қатырдың ағаңды, бауырым. Ал жазып ал, мен де саған айтайын білгенімді деймін оған...

Соңғы жылдардың соңғы күндерінің бірінде Шахмардан маған сәлемдесе келген екен, мен дәрігерлерге көрініп келгенше саяжайдағы үйде күтіп қалыпты.

Мен келсем, ол менің үстелімде кешегі жазғандарымды оқып отыр.

-Аға, мен сізге жаңа бір өлең жазып қойдым, оқиын ба, тыңдайсыз ба?- дейді күлімсірей.

-Тыңдағанда қандай, - деймін отырып жатып. Ол оқи бастайды:

     Бірге тудым босағам-іргемменен,
     Бір жасадым битіммен, бүргеменен.
     Жерім менен суымнан ауады олар,
     Канша дәурен қожамсып сүргенменен.

-Бұл не, аға? Неге осынша қатты жазғансыз? Бір уақытта ұлы орыс халқын мадақтаушы ақын емес пе едіңіз?

-Иә, солай болған. Бүгін басқаша сөйлеймін. Өзгеруге, жаңаруға менің қақым жоқ па?

-Сіз қалай сөйлесеңіз де еріктісіз, аға. Әңгіме сіздің еркіңіз туралы емес қой...

-Енді не туралы?

-Кешіріңіз, аға. Егер мүмкін болса, бұл тақырыптағы әңгімені осымен доғарайық.

-Бір уақытта - қазақ болмаймыз, ұлы орысқа айналу керек деген ұран да тастағанбыз, біздің былшыл-ұятсыздығымызда шек болмаған. Сол кінәм үшін бүгінгі жас ұрпак маған: «Сені дарға асамыз!» десе, мен басымды иемін, - құлдық, қалқаларым!- деймін.

-Түһ, аға, не деп кеттіңіз? Жалынамын, қойыңызшы ұшындыра бермей.

-Қойдым, қойдым, бауырым.

Інім менімен қоштаса келген екен, қоштастық. Бұл біздің соңғы көрісуіміз, соңғы рет отырып бір дастарханнан дәм татуымыз еді.

Адамдар арасында туыстықтың, достықтан туатын жақындыққа ештеңе жетпейді өмірде. Ақ пейіліңмен ақтарыла отырып сенген кісіңмен бір сырласудың өзі үлкен бір оқиға, кейде тарихи оқиға...

Әбділда Тәжібаев, халық жазушысы

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997