ОНЫҢ ЕСІМІ - ХАЛЫҚ ЖАДЫНДА

     Сен де бір кірпіш дүниеге,
     Кетігін тап та бар, қалан, -

деп ұлы Абай толғанғандай, өмірден ертерек озып кеткен Шахмардан мына жарық дүниеде елі мен жұрты үшін кірпіш болып қаланды десем, әсіре сөз емес. Ол туған халқы үшін озық ойын, мейірбанды жүрегін, ұшан-теңіз білімін, жан-жақты қабілетін сарқа жұмсады.

Бұл жарық фәниде жер басып жүрген адамдардың бәрінің бірдей төрт құбыласы тең түсе бермейді. Ал менің байқап, таразылауымша, Шахаңның адамгершілік қасиеті өзгелерден ерекше биік тұратын. Ол шын мәнінде біртуар, төрт құбыласы тең азамат еді. Оның қабілетті де, сымбатты да, парасатты тұлғасына орай жаратылыс ақыл-ойды да, адамгершілікті де, ерен шешендікті де сыйлаған.

1960 жылдың мамыр айының басында мен Шахмарданмен академик Қаныш Сәтбаевтың қабылдау бөлмесінде кездестім. Отыз үш жасар сымбатты жігіт менің назарымды бірден өзіне аударды. Ұзақ әңгіменің соңында Қанекең: «...Екеуің де жас жігітсіңдер, еліміздің өркендеуі үшін аянбай қайрат етіңдер. Қазақстанның әлі құпиясы ашылмай жатқан қазынасы баршылық, соны ашып еліміздің өркендеуіне, өнеркәсібінің әрі қарай дамуына өз үлестеріңді қосады деп сенемін. Ал, жолдарың болсын!» - деп батасын берді. Содан Шахаң Геология министрінің орынбасары болып қызметке кірісті де, көп ұзамай министр болып тағайындалды. Екеуміз қызметтес боп қоян-қолтық жұмыс істедік.

Шахмарданның Маңғыстау мұнайын ашуда, оны халық игілігіне пайдалануға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мұнайды іске жаратудың қаншама қиын екенін мұнай мамандары жақсы біледі. Осы бір өте күрделі жұмысқа Шахаң білекті сыбанып кірісті және асқан қажыр-қайрат көрсетті. Бір сүйсінерлік жай, Шахмардан «Мен министрмін» деп иегін көтермейтіи. Ол әрдайым қарапайым, жинақы, ақкөңіл, ақжарқын еді. Бірақ, қызметті өзінен бастайтын да соны талап ететін. Сылбырлықты, енжарлықты көтермеуші еді, ол жақсы іске пайдалы ұсыныс-пікірлерге ұдайы құлақ асатын, кесек тұлғалы, тас-түйін жігіт еді ғой, шіркін!

Содан, бір жыл ішінде түбектің қара алтыны әр тұстан фонтандап атқылай бастады. Шахаң төрт-бес мұнайшы поселкесін және мұнайшылар қаласын салуға қаржы әрі рұқсат алуға жан-тәнімен кірісті. Бұған қоса мұнай құбырын тартып және темір жол құрылысын бастау керек болды. Ал Москвадағы мықтылар: «Шевченкодан (бүгінгі Ақтау) басқа қала құрылысын жүргізуге қаржы жоқ» - деп, рұқсат бермеді. Міне, осы кезде Шаххмарданның қажыр-қайраты, жан-жақты білімі мен іскерлігі жарқырай көрінді. КСРО Мемлекеттік Жоспарлау комитетінің төрағасы Байбаковты шақырып, Маңқыстау мұнайы мен газының болашағын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді. Москвадағы Геология министрінің алдына ғасыр проблемасын қойып, тырп еткізбеді. Сөйтіп, Жетібай жұмысшы поселкесінің құрылысы жолға қойылды. Жаңа Өзен қаласының құрылысы жоспарланды.

Бірде Н.С. Хрущев Туркменияға барған сапарында үлкен жиын ашып: «Маңқыстау мұнайын Түркімен мен Азербайжанға бөліп беру керек, солар басқарсын, мамандары жеткілікті, техникалары дайын», дегендей сөз айтыпты. Осы кезде Шахаң ел басшыларының алдына тіке шығып, Москваға қайта-қайта барып аса белсенділік, әрі үлкен азаматтық көрсетті. Алматыдағы Политехника институтының мұнай факультетін кеңейттіріп, бірден 250 шәкірт қабылдатты. Әзірлік курсына 100 шәкірт қабылданды. Жер - жерден жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақстандық сту- денттермен (мұнай-газ, тау-кен факультетінде) хабарласып, олардың тізімін алып, жағдай жасады. Сонымен бірге Шахаң Қаратау, Жаңатас фосфор кендерін, Құмкөл мұнайын назардан тыс қалдырған жоқ.

Шахмарданның ұйымдастырушылық қабілеті өте-мөте мықты еді. Ол қандай істі қолға алса да соны жүйелі, комплексті жүргізетін.

Маңғыстау мұнай көзінің енді-енді ашылғалы тұрған кезі еді. Шахаң қаладан келген мамандарды жинап, жертөле жанында үлкен алқа жиынын өткізді. Біраз түйіндер қолма-қол шешілді. Міне, қазақ халқының біртуар, көрнекті ұлы Шахаң осындай адам еді.

Ол Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде аз жылдар болса да қаншама проблемаларды шешті. Ол шын мәніндегі Еңбек Ері еді, бірақ, әлдебір себептермен Алтын жұлдызды омырауына таға алмады. Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды, Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Ал осы атақ-абы- ройға ол масаттанбады, кеуде керіп жұрттан оңашаланбады. Өмірде халықпен бірге сусындады. Ұстаз болған кезінде де студенттермен бірге қоян-қолтық қызмет етті.

Кейде оңаша отырып ойға берілемін. Осындай жүрегі тек қана халқым деп соққан азаматқа аллатағала неге ғұмыр беріңкіремейді екен деп. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ» деген рас-ау деп, тағы ойлаймын. Қазақстан ғылымына, оның дамуына аса зор үлес қосқан Шахмарданның бейнесі жалғыз мен емес, күллі қазақ халқының, сонымен бірге оны жақсы білетін басқа да ұлттардың жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.

«...Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған...» деп ұлы Абай толғанғандай, азамат Шахмардан, ғалым- академик Шахмардан, президент Шахмардан, қоғам-мемлекет қайраткері Шахмардан Есенов артына өшпейтұғын мұра қалдырды. Ол өз халқымен бірге мәңгі жасайды. Оның рухы тіпті де төмендемейді, есімі жаңарып-жасара береді.

     ...Тағзым еттім, рухыңа жан жолдасым,
     Десем сірә бұған жұрт таңданбасын.
     Қазақстан жастары ертеңгі күн -
     Шахмардандай болуды армандасын...

Саламат Шалабаев, еңбек ардагері

Біртуар Шахмардан.
Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997