ҰЛЫЛАР ІСІН ЖАЛҒАСТЫРҒАН...

Шахмардан Есеновті алғаш рет алпысыншы жылдардың басында кездестірдім. Ол кезде мен Шығыс Қазақстан өңірінде Қазақ ССР Ғылым академиясының Алтай бөлімшесінде қызметтемін. Ғылым шаңырағының астында қызмет істейтіндердің көпшілігі тездетіп кандидаттық диссертация қорғауды армандайтын.

Үлкен ағалардың, әсіресе Ж. Айталиев, А. Қаюпов т. б. ақыл-кеңестерімен мен де сол диссертация тақырыбына кірісіп, оның кейбір мәселелерін шешу үшін астанаға келдім. Мұнда институтта бірге оқыған жақын жолдастарымның кейбіреулері сол кезде жаңадан құрылған Қазақстан Геология және кен қорғау министрлігіне орналасқан еді. Жолдастарыммен бірге министрлік орналасқан үш қабатты үйге кірдім. Сол үйдің екінші қабатында әңгімелесіп тұрған бізге қарай баспалдақтап көтеріліп келе жатқан ірі, толық денелі, келбетті, аққұба, толқынды қара шашты, жас шамасы отыздың ішіне кірген қазақ жігіті бұрылды. Бұрын көрмеген, танымайтын жігіт бізбен амандасқаннан кейін, есігі ашық маңдайшасында «қабылдау бөлмесі» деген жазушасы бар бөлмеге кіріп кетті. Жанымдағы жігіттер: «Бұл біздің ең жас министріміз III. Есенов» деді.

Шахаң қазақтың кен-металлургия ииститутын бітіргеннен кейін жолдамамен Жезқазған экспедициясына қызметке келеді. Оған себеп болған жайт, бір жағынан ол Жезқазғанды бұрыннан білетіндігі және өзінің туып-өскен өңіріне жақындығы болса, екінші жағынан, сол институтты бітіретін жылы ГЭҚ-тің (Мемлекеттік сынақ комиссиясы) төрағасы болып Қаныш Имантайұлының келуі болды. Қаныш аға Тау-кен институтында Орталык Қазақстанның, әсіресе, Жезқазған, Ұлытау өңіріндегі кен орындары, олардың болашағы және сол өңірдегі түсті, қара металдар, көмір кен орындарын халық шаруашылығына пайдаланудың бүгінгі міндеттері жайында тамаша тартымды лекциялар оқып, сол жылғы геолог, тау-кен, металлургия мамандықтары бойынша бітіретін студенттерге, басқа да қатысушыларға (сондай лекцияларға институттың профессорлары мен оқытушылары да қатысатын) үлкен әсер қалдырған еді.

Қаныш ағаның 1935 жылы Мәскеуде жарық көрген Үлкен Жезқазған жайлы кітабы, кенді Алтай өндірісі жайында Мәскеуде атақты ғалымдар алдында жасаған баяндамасы және ол жайында дүние жүзіне белгілі оқымыстылардың пікірлерін оқығанды. Осының барлығы жас маманға әсер етпей қалған жоқ. Қаныш ағаның білімі, туған жеріне деген сүйіспеншілігі Шахаңның сезімтал жүрегіне әсер етіп, арманына арман, қиялына қиял қосты. Атбасар- Жезқазған өңіріне алғашқы жұмысқа барғанда Қаныш аға небәрі 27 жаста екен, Шахаң да өз қызметін учаске геологі міндетінен бастап Жезқазған экспедициясының бас геологі, бас инженері қызметіне дейін көтерілгенде 27 жастың о жақ, бұл жағы еді. Жастығына қарамастан Шахаң Жезқазған геологиялық экспедициясының сол кездегі басшы мамандары Қаныш ағаның шәкірттері В.И. Штифанов, С. Ш. Сейфуллин, Н. Б. Голоднова т. б. республикамызға есімдері белгілі азаматтармен бірлесіп жұмыс істеп, Жезқазған кен орнының байлығын еселеп ұлғайтуға өз үлесін қосты.

Алпысыншы жылдардың басында Шахаң сол кезде ұйымдастырылған Геология министрлігіне министрдің орынбасары болып қызметке ауысты да көп кешікпей ол республикамыздың министрі болды. Жас инженерді, әрі Жезқазған сияқты қиырда жатқан елді мекенде орналасқан геология экспедициясының бас инженерін мұндай биік, лауазымды қызметке шақыруының өзіндік сыры болатын. Шахаң барлық геологиялық зерттеу, барлау жұмыстарынан сол кездің өзінде, жастығына қарамай мол тәжірибе жинақтаған үлкен ұйымдастырушы басшы-жетекшісі есебінде танылды. Ол да Қаныш аға сияқты Ұлытау өңірімен біте қайнасып, сол өңірдің жер қойнауы қазыналарын жан-жақты тексеру, табиғи ресурстарды комплексті түрде игеру жолында шын мәнінде шыңдалған азамат еді. Осы кезде елімізде өндірістің интенсивті дамуы республика геологтары алдында да аса зор міндеттер қойғанды. Әсіресе, ұлан - байтақ жері бар Қазақстанның минералдық байлықтарын зерттеу ісі ерекше жауапкершілікпен күн тәртібіне қойылды. Міне, осындай күрделі істі игеру, оның жан - жақты дамуын, өркендеуін қамтамасыз ету тек Шахаң сияқты аса ірі өндіріс ұйымдастырушысының қолынан келетінін үкімет басшылары да жақсы түсінді.

Алматыға қызметке ауысқаннан кейін де Шахаң өзіне тым ыстық Жезқазғаннан бірде - бір қол үзіп көрген жоқ. Ұлытау өңірінде жүргізілген барлық геологиялық-барлау жұмыстарына жан- жақты қамқорлық жасап, ақыл-кеңесін беріп отырды, кейбір ғылыми және геологиялық барлау жұмыстарына тікелей араласты. Жезқазғанға жиі-жиі барып та тұрды.

1964 жылы үлкен Жезқазған кен орындарындағы металдар қорын жаңадан бекітілген жаңа кондициялық деңгеймен қайта есептеу жұмысы басталды. Өте күрделі, комплексті жұмысты дер кезінде орындап шығу үшін Қазақстан Ғылым академиясы геологиялық ғылымдар институтының белгілі ғалымдары мең өндіріс мамандары тартылып, арнайы топ құрылды, оған тікелей басшылықты Шахаңның өзі қолына алды. Бұл күрделі жұмысты абыроймен аяқтап шыққаннан кейін Жезқазғанның жаңа кондициясымен есептеген қоры (мыс, қорғасын, мырыш) бұрынғы айқындалған межемен салыстырғанда бірнеше есе өсті. Негізгі металдармен қатар Жезқазған рудасының құрамында кездесетін көптеген бағалы, бірақ, шашыранды түрде кездесетін элементтердің де қалыптасу заңдылықтары айқындалып, рений, осмий, кадмий, күміс сиякты сирек таралған өндіріске тым қажетті элементтердің қоры анықталды. ¥лытау өңірінде Шахаң басқа да кен орыңдарының геологиялық тексеру жұмыстарына қатысып, геологиялық-барлау жұмыстарының бағыт - бағдарларын анықтап беріп отырды. Осындай жан-жақты жүргізілген геологиялық жұмыстар нәтижесін корытындылап, Қумола көгілдір кендіртас қалыптасу ерекшеліктері және оны барлау мәселелері бойынша кандидаттық диссертация қорғады, ал Жезқазғанда жаңа кондиция негізінде жүргізілген есептеулер мен барлау жұмыстарының негізінде 1968 жылы «Жезқазған кен орнының құрылымдық ерекшеліктері және оны барлау» деген тақырыпта Мәскеуде докторлық диссертация қорғап, геология, минералогия ғылымдарының докторы деген ғылыми атаққа ие болды.

Шахаңмен жақсы танысып, қызмет бабымен жиі араласуымның екінші кезеңі 1967 жылдан басталды. 1967 жылы қырыққа жетпеген кезі Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде жүрген Шахаң Қазақ Ғылым академиясының президенті болып сайланды. Онымен коса Қ. И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры қызметін бірге атқаратын болды. Біздер үшін бұл үлкен жаңалық еді, өйткені Қазақ Ғылым академиясының өзі де көп салалы институттар мен бөлімдерден тұратын және олардың бағдар-бағыттары да, шешетін проблемалары да сан алуан еді. Басқару жүйесінің қиындығын біз сезген едік, оның үстіне, жасыратын несі бар, кезінде Қаныш аға сияқты тұлғасы биік, қазақтың біртуар ғалым азаматының өзін де етегінен тартып, тұңғиыққа итермелеген, кері сөйлеп, қия тартатын адамдардың болғаны белгілі еді. Шамалары келсе, аяқтан шалатын, қарсы тұратын болды, олар Шахаңның ғылым саласындағы тәжірибесінің жоқтығын, жастығын, ғылыми көпшілікке әлі де беймәлімдігін алға тартты. Біз оны президент сайлауының өзінен де көрдік.

Ол кезде мен Ғылым академиясының бас ғылыми хатшысының орынбасары болып істейтінмін. Өндірісте және республикамыздың басшы лауазымды қызметтерінде жүріп әбден ысылған, тәжірибесі мол Шахаң үшін академия жұмысын басқару онша қиын сияқты емес еді. Бұған дейін ол негізінен Геология және жер қойнауын корғау министрлігінің бөлімшелері мен салаларын, республикамыздың геологиялық мекемелерінің барлық қызметін негізінен практикалық мәселелерді шешуге бағыттаса, енді, міне, Ғылым академиясының көптеген институттары мен бөлімдері жаңа ғылыми тың тақырыпта, ғылымның әр түрлі тармақтары бойынша жұмыстар жүргізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарынан барынша мол практикалық пайда алу үшіп күш-жігерлерін біріктіріп, көптеген ғылыми тақырыпты бір-бірімен үйлестіре жүргізу қызметін басшылыққа алып қызметке кірісті. Ғылыми институттар мен бөлімдер басшыларының да жаңа әрдайым тың көзқараста болуын талап етті. Шахаңның ондағы мақсаты - ғылым мен практиканы тығыз байланыстыру, ғылымның соңғы жетістіктерін өндіріске енгізу, сөйтіп өзі басқарған ғылым орталығының бұрынғыдан да нығаюына барынша күш салу. Ғылыми зерттеулер әрқашанда комплексті түрде жүргізіліп, ғылымның практикалық маңызын басты бағдар етіп ұстады. Әрине Шахаңның Ғылым академиясы президенті кезіндегі жұмысы еш кедергісіз, кейбір ғалымдар тарапынан түсіністікпен жүрді деуіміз шындықты бүркегендік болар еді...

Шахаң жүргізетін мәжілісіке президиум қызметкерлері, ғылыми институттардың басшылары қатынасатын. Кейбір түбірлі мәселелерді шешуге өндіріс мамандары да кеңінен қатыстырылатын. Ондағы мақсат, біріншіден, ғылым мен практиканы бір-бірімен тығыз байланыстыру болса, екіншіден, өндіріс мамандарының бай тәжірибесін ғылыми тұрғыдан сол мәжілістің үстінде қорытындылап, өз әріптестеріне жеткізу болатын. Осындай мәжілістерде көтерілген мәселелерді, болмаса жекелеген ғалымдардың қойған проблемалары мен сұрақтарын шешуде де Шахаң әрқашанда сөз бұйдаға салмай іскерлік көрсететін, күн тәртібі бойынша көтерілген проблема лардың бүгінгі жайын, маңызын жақсы түсінетін және оларды таяу арада іске асырудың алдағы міндеттерін белгілейтін.

Президиум мәжілісін өзі қорытындылап, тындырылған істердің нәтижесін, халық шаруашылығы салаларын өркендетуге қажетті ролін бағалайтын. Ғылым академиясының басшысы болып қызмет істеген жылдары Шахаңның бар мақсаты - өзі басқарып отырған ғылым ордасының, оның бөлімдері мен институттары, кезінде Қаныш аға негізінен құрып, басты бағытын айқындаған ғылым салалары өз деңгейінен, көтерілген биігінен төмендемей нығая берсе деген тілегі болатын. Бұл бағытта ол біршама, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар да істеді, ұйымдастырушылық талантын танытты. Ғылым академиясы және оның бөлімдері Шахаңның басшылығымен жылдан-жылға қанат жайып, нығая түсті. Жаңа буын білікті кадрлар дайындалып, сан жағынан да сапа жағынан ла өсті. Шахаң республикамызда, КСРО-да (ол кездегі құрылым бойынша) талантты ұйымдастырушы, көрнекті ғалым, жаңалықтың жанашыры, ұйтқысы қана болып қойған жоқ, жұртшылық арасында да үлкен беделге ие болған, қадірменді коғам қайраткері болып та біздің есімізде калды.

Шахаңның басшылығымен жүргізілген Ғылым академиясы институттарының ғылыми жұмыстары өндіріс пен сол кездегі жоспарлау мекемелері арасында шығармашылық ынтымақта болып, академияның басты бағыттары жедел дами бастады, өндірістің көптеген проблемаларын қамтыған жұмыстардың нәтижесі республика шеңберінде ғана емес, Одақ көлеміне де белгілі болды.

Академияның сан қилы шаруашылық, ұйымдастырушылық, ғылыми жұмыстары Шахаңның өз басының шығармашылық ғылыми жұмыстарының дамуына еш кедергі жасай қойған жоқ, ол әрдайым ізденіс үстінде болды, уақыт тауып өзі ғылыми жұмыстарын жүргізген, болмаса геологиялық-барлау жұмыстарына басшылық жасаған кен орындары мен аса ірі руда аймақтардың геологиялық даму ерекшеліктерін, қалыптасу заңдылықтарын ой елегінен өткізіп, қорытындылар жасап, оларды баспа беттерінде жариялап, ғылыми көпшілікке, әсіресе, практикалық маңызына мұқият қарайтын өндіріс мамандарына жеткізіп отырды.

1968 жылы Шахаң докторлық диссертаңия қорғау үшін Мәскеуге баратын болып маған да бірге жүр деген ұсыныс жасады. Оның бұл өтінішін мен өте үлкен құрметпен қарсы алып, бірге баруға келісім бердім. Өйткені Шахаңдай ел маңдайына біткен асыл тұлғалардың қасына еріп, әңгімесін естіп, оның дос - жарандарымен танысу мен үшін үлкен мәртебе еді. Оның үстіне мен академияда Шахаңның қол астында қызметтес болып, онымен жақсы түсініскен және құрметтеп сыйлайтын жандардың бірі болғанымды осы күні есіме алам. Докторлық диссертация қорғалатын күн алдын- ала белгілі болатын, сондықтан ба, әйтеуір, ғылыми кеңес жұмысын бастайтын залға көптеген елімізге, шетелдерге танымал ғалымдар, өндіріс басшылары, геологиялық мекемелердің қызметкерлері келді, көбі москвалықтар, бірақ, кейіннен белгілі болды, кейбір сол кездегі одақтас және автономиялық республикалардан келген, Шахаңды сыйлайтын, оны пір тұтатын адамдар екен. Әйтеуір зал толық болды. Шахаң докторлық диссертаңиясының қысқаша мазмунын берілген уақыт шеңберінде өзіне тән байсалдылықпен, қоңыр- жай даусымен асықпай баяндап шықты. Жан-жақтан төгіле жауған сұрақтарға да, оппонентерінің кейбір ескертпелеріне де салиқалы, деректі материалдарды негізге алып тұжырымды жауап- тарын берді. Осыдан кейін диссертация көтерген проблемалар бойынша және оның практикалық маңызы, диссертанттың геологиялық теорияларды дамытуға қосқан үлесі жайында сөйлеген ғалымдар мен өндіріс мамандары көп болды. Мен олардың барлық сөйлеген сөздері мен берген бағаларын стенографиялық нұсқадағыдай қайталамай,тек елімізге белгілі бір адамның сөзін қысқаша келтіруді жөн көрдім.

Көп жылдар бойы ҚСРО Геология және жер қойнауын қорғау министрі болып қызмет істеген, еліміздің аса ірі геолог-барлаушысы, Қаныш ағаның қимас досы, қазақ елінің жанашыры П. Я. Антропов бірінші болып сөз алып, Шахаңның диссертациялық ғылыми жұмысының ғылыми және практикалық мәніне аса зор баға бере келіп: Шахмардан Есенұлы - елімізде, әсіресе, Қазақстанда минералды шикізат базасын жасауда талантты ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен көрнекті геолог, ол өз ұстазы Қаныш Имантайұлының идеяларын барынша қуаттап, оны өрістетуге барынша ықпал жасаған ізбасары. Жер қойнауындағы байлықтарды комплексті, әрі жоспарлы түрде зерттеуді қуаттаушы шәкірттерінің бірі. Бүгінгі қорғалған докторлық диссертацияда сөз болған мәселелер соның айғағы. Шахмардан Есенұлы геологтар арасында бұрыннан асқан ұйымдастырушылық талантымен белгілі болса, енді, міне, оның аса үлкен білімділігі де көзге түсіп отыр, әсіресе, оның ғылымға терең бойлайтындығы көрінді. Ол - ғылыми-зерттеу жұмыстарының теориялық тереңдігі мен практикалық тиімділігіне айрықша мән беріп, халық шаруашылығына тікелей жол табуын нысанаға алған ғылыми жұмыс. Геология ғылым саласы тек осындай жұмыстармен ғана байи түседі, ал Есеновтің докторлық жұмысы ғылымға қосылған үлкен жаңалық, ал оның өзі докторлық ғылыми атаққа лайық адам, - деп сөзін аяқтағанда залдағылар «ду» қол шапалақтап, оған қошамет керсетті. Мұндай аса білгір адамның Шахмардан Есенұлына берген бағасын, біздер, негізінен ұлы Қаныш аға салған бүкіл Қазақстан геология ғылымының дамуы мен қол жеткен табыстарына берген бағасы деп біліп, үлкен қуанышпен көңіліміз марқайып елге жол тарттық...

Алпысыншы жылдары елімізде мұнай мен газ проблемасы, әсіресе, Қазақстанның батыс өңірінде мұнай мен газ кендерін іздестіру және оларды өндіру мәселелері Қазақстан геологтары мен геофизиктері алдында қойылғанда Шахаң аса үлкен іскерлік көрсетіп, Маңғыстауда мұнай кен орындарын іздестіру жұмыстарына тікелей басшылық жасады. Геологиялық іздестіру, барлау жұмыстары табиғаттың ол өңірдегі тым қаталдығына қарамастан сусыз, шөл далаға ондаған экспедициялар жіберіп түбектегі мұнай мен газдың жаңа көздерін ашты... Елсіз шөл далада ондаған мұнай өндірісінің орталықтары пайда болды. Маңғыстау өңірі сусыз аймақтардың қатарына жатады. Шахаң елді тұщы сумен қамтамасыз ету проблемасын шешуге де ықпал жасады, сөйтіп, Маңғыстауды игеру проблемасы комплексті түрде шешіле бастады. Міне, осындай аса үлкен өңірді камтыған геологиялық жұмыстарды шешуде үлкен іскерлік көрсеткендігін және ол жұмыстың практикалық маңызын мемлекет басшылары айрықша бағалап, Маңғыстау барлаушыларының Шахаң бастаған бір тобына Лениндік сыйлық берді. Ғылымның, өндірістің өзекті мәселелерін шешуде әрдайым ұйымдастырушылық талантымен де, терең теориялық білімімен де көпшілік көңілінен шығып, көзге түсе бастаған Шахаң, көп кешікпей қайтадан республикамыздың Геология министрі болып бұрынғы қызметіне қайта барды...

Шахмардан Есенұлымен тағы бір сапарлас болуымның сәті 1974 жылы түсті. Ол кезде Қазақ Ғылым академиясының Қ. И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының белгілі ғалымдары мен өндіріс мамандары бірлесіп ірі масштабты металлогениялық ғылыми зерттеу жұмыстарын бүкіл Қазақстан территориясы бойынша жүргізуді қолға алған еді. Шахаң сол жұмыстардың ғылыми жетекшілерінің бірі болатын, оның басшылығымен және тікелей қатысуымең жүргізілген металлогениялық жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан территориясының металлогениялық карталары жасалып, көптеген металды кен орындарының қалыптасу заңдылықтары ашылды, кейбір сирек кездесетін, бірақ, өндіріс салаларына тым қажет элементтердің таралу ерекшеліктері айқындалып, солардың негізінде кен орындарын іздестірудің прогрессивті әдістері дүниеге келді. Міне, осындай күрделі жан - жақты жүргізілген металлогениялық жұмыстардын негізгі әдістемелерін және одан алынған басты қорытындылар нәтижелерін практикаға енгізу проблемаларын Шахаң көптеген сессиялар мен симпозиумдарда басты мәселелердің бірі есебінде қойып жүрді.

Ең бастысы, Қазақстанда металлогенияның дамуына орай кен орындарын іздестірудің ғылыми жолдарын шешудің әдіс-тәсілін тапты. Демек, Шахаңның басшылығымен 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басында жүргізілген Қазақстанның аймақтық зерттеу жұмыстары практикалық-шығармашылық ынтымақта дамығаны белгілі. Кезінде ғұлама ғалым Қаныш ағаның қолдауымен дүниеге келген, кейіннен оның шәкірттері жалғастырған комплексті металлогениялық ғылыми - зерттеу жұмыстарының нәтижесі II томдық монография болып жарық көрді, оның геологиялық ғылымға қосқан және практикалық құндылығын бағалай келіп, академик В. И. Смирнов: «Дүниежүзілік практикада бұрын-соңды болмаған энңиклопедиялық басылым», - деп бағалаған болатын. Аса көрнекті металлогенист ғалымның бұл бағасы сол комплексті жұмыстың негізгі ұйтқысы болған және оны әрі қарай дамытқан Шахаңның жеке басына да берген бағасы деп түсінеміз...

Халел Бесбаев, Д. Сәтбаев атындағы геология институтының директоры,
минералдық ресурстар халықаралық академиясының академигі.

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997