ҰЛАҒАТ

Бұл өмірден өткен адам туралы естелік жазу - оны дәріптеп- мадақтау емес. Енді оған мақтаған да, даттаған да әсер етпейді. Бірақ «Болат пышақ қап түбінде жатпайды» емес пе, жақсының жақсылығын айту - парызымыз.

Ірі денелі, кең маңдайлы, көз шарасы үлкен, үні толық, байсалды мінезді Шахмардан Есенов ағамызды бір көрген адам ұмытпайтыны ақиқат. «Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік» демекші, Шахаңмен «Ащықұдық» деген ауылдан шыққан тегіміз бір туысқан екенбіз. Ол кісімен талай рет жүздесіп, сөйлесудің сәті түсті. Оның бәрі бір жағынан тағдырлас, бір жерден, бір ауылдан болғандықтан, екінші жағынан менің де ғылым жолын қуғандығымнан болса керек.

Шахаң Ғылым академиясының президенті болып сайланысымен, ғылымның әр саласына жіті көңіл бөле бастады. Кездесе қалғанда Шахаң менен философиядан қорғағандығымнан болар, бұл саладағы ұлттық ғалымдар туралы сыр тартатын. Мен өзімді бұл жерде жоғары бағалаудан аулақпын, ол кезде ғылым кандидаты ғана едім, бірақ, ең бастысы, мен ол кісіге өзім білетін қазіргідей әлі таныла қоймаған философ кадрлар, мысалы: Ж. Әбділдин, Б. Амантаев, Д. Кішібеков, А. Қасымжанов, Ә. Нысанбаев, М. Сужиков т.б. жөнінде дұрыс пікір беруге тырыстым. Реті келгенде ашығын, тоқ етерін айтып салатынбыз. Бірде менің столымда жат- апты қызметте жүрген Жағыпар Аханов және т.б. қолымыздан келгенінше дәнекер болдық. Боямасыз ресмисіз інілік пейілмен ашығын, тоқ етерін айтып салатынбыз. Бірде менің столымда жатқан болашақ академиктер - М. Қозыбаев, С. Зиманов, А. Нүсіпбековтердің кітаптарын ақтара қарап, ол еңбектердің кей жерінен маған сұрау қойғаны да әлі есімде.

Академияның президенті ретінде Шахаң қоғамдық ғылымдарға, оның ішінде, философия ғылымына соншалықты мән бергендігін, ғалымдардың көбісінің Ғылым академиясының құрамына сайланғанының өзі-ақ дәлелдейді. Әсіресе, Шахаңның Фарабитанумен айналысып жүрген ғалымдарға тигізген қолғабысы ерекше, Фило- софия және құқықтану институтының жанынан Фарабитану бөлімін ашып, оны басқаруды ҒА-ның корреспондент-мүшесі А. Қасымжановқа жүктеді, Фарабидің 1100 жылдығын тойлау ісін тікелей өзі басқарды. Әл-Фарабидің «Философиялық трактаттарының» қазақша басылымын ғылымн редакциялауды маған тапсырды. Бір жаз отырып қарадым. Бұл да Шахаңның қоғамтанушыларымен, оның ішінде, философтармен қоян-қолтық жұмыс істегенінің және үлкен қамқорлығының белгісі.

Шахаңнын, мұхиттың ар жағына сапар шеккенде ертеректе басылым көрген ғұлама ғалым жерлесіміз Әбунәсір-Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты атақты еңбегін өзі алып келгені баспасөзде жазылғаны белгілі. Бұл айтып отырғандарым Шахаңның көп қырлы жұмысының бір жағы ғана.

Қазақстан топырағында Шахаңды ұлттық жас дарынды ғалымдарды табу, тәрбиелеу ісін алғаш нақты жолға қою талпыныс жасаған президент болды десек қателеспейміз. Қазақстанның жас ғалымдарының бірінші конференциясының материалдарын бір том етіп басып шығаруға жәрдемдесті. Сол кездегі жас ғалымдар: Рамазан Сүлейменов, Мұрат Баймаханов, Әбдімәлік Нысанбаев және тағы басқа да қоғамтанушылар (аты аталмағандар кешірер) сол тұста мықтап көзге түскені белгілі. Сондықтан да оларға тиісті қамқорлық жасагі, жоғарылауына қолынан келгенше көмек етті. Ғылымның басқа салаларында да тындырған ізгі істері аз емес. Бі- рақ оның бәрін маған айтып шығу мүмкін емес. Менің айтаты- ным - ол кісіге үлкен ұлағатты тұлға ретінде алғысын айтқандар аз болған жоқ.

Шахаңның өз мұңдастары, тектестері болды, бірақ кектестері болды деп айта алмаймын. Өйткені, ол кейде кездесіп қалатын әрі ғалым, әрі залым адамнан мүлдем басқаша шын ғылымды ардақтады. Сондықтан да, ол кісіде біреудің кегі, өші кеткен жоқ. Дегенмен, күншілдер де болмай қалмады. Өйткені, қабілетті дарынын рес- публика басшысы Д. А. Қонаев ақсақал жақсы бағалады, өсірді. Әбес іс істеп, теріс қадам басты дегенін естіген емеспіз. Молынан қарпып қалуға тырысатындар азаймай отырған қазіргі кезде Шахаңның ондайға бой алдырмаған қасиеті аса биіктен көріне бермек.

Армансыз адам болмайды. Ағамыз армансыз да емес еді. 1960 жылдары үлкен үйдегі бір сезінде «Аралдан айрыламыз» деп ескерткен. Сонда «Аралға келер бәле жоқ, сенікі жершілдік» деген айып тағылыпты. «Республика қойнауының ен казынасы халқымыздың өзіне бұйырмайтыны қинайды. Біз, геологтар, қаншама байлық таптық, алтын көмбенің үстінде отырмыз, бірақ ең кедей елміз» деген пікірлі сөзін естігенім барды.

Әміршіл - әкімшіл жүйе тұсында қызмет ете тұра, Шахаң өзінен жоғары биліктегілерге жағынып, жарамсақтанбады, қайта қоғам, халық мүддесіне сай тайсалмай айта алатын батылдығы да болды. Сондықтан да ол номенклатуралық жүйе басшысының ылғи да көңілінен шыға бермеді, оның «өз адамы» болып ұзақ уақыт қала алмады. Міне, қызмет басындағы оның кейбір жағдайлары негізінен осындай себептерге байланысты болса керек. Тіпті, ЦІахаңның ақ пейілмен, сенгіштіктен бұлжытпай орындайтын қасиеті, керек десе өзін-өзі көп жерде қорғай алмай қалатын әлсіздігі оның ұлылығының жалғасы-ау деп қалам.

Менің бір байқағаным, ол елмен, халықпен тығыз байланысты ұнататын, жаңалыққа жаны құмар еді. Үйіне барғанда «Америка» т. б. журналдарға ылғи көзім түсетін. Ел өмірімен де жан-жақты хабардар болуға тырысатын. Жас кезіндегі көрген-білгендерін қайталап сұрастырып жүретін. «Не болып жатыр» деп сұрайтын, аз білетіндей. Сөйтсек, жұрттың пікірін білгісі келеді екен ғой.

Отанды, ұлтты сүю отбасынан, туып - өскен жерден басталады. Шахаңның ел жөнінде сұрастырып отырғанын талай рет естідім. Елінің көркейгенін, жақсарғанын тілейтін. Шахаңды білетін елдегілер де оны орынды мақтан ететін. Жастар да сол кісідей болуға тырысатын. Мысалы, үлкен өмір жолынан өткен, екі дүркін Еңбек Ері атанған Ыбырай Жақаев, Тұңғышбай Тәженұлы Күсепов ағамызбен (ол кісі соғыс, еңбек ардагері), белгілі еңбек ардагерлері - Әзімхан Смаилов, Сақ Палымбетов, Уәлшер Аханов, Жәлел Қонаев, Ұлман Мәмреева және басқалармен сыйласып өтті. Көптеген ғылым жолына түскен жерлестеріміз Мәдіахмет Аяпов, Серікбай Бержімбаев сынды азаматтарға жылы лебізін білдіріп, ғылыми дәрежелерімен құттықтап жүрді. Тіпті, мектеп оқушыларымен де кездесіп, жер қойнауын зерттейтін ғылым жөнінде қызықты әңгімелер еткізіп, оларды рухани байытуға үлес қосуға да уақыт таба білді. Ал, жағдайы төмен Қызылорда облысының жер байлығын игеру мәселесіне арналған аудан, облыс басшыларымен сұхбаттары өз алдына. Оған басшы қызметтерде болғанда көптеген азаматтар куә. Солардың бірі - облыс, республика басшыларының бірі, бір кезде өзім де қызметтес болған Исатай Әбдікәрімов.

Шахаң мен туралы өсек айтушыларға (ондайлар кезінде болмай қалған жоқ) күйзеліп, кейістік білдіретін. «Табиғат мен президент болғанға дейін де академияда жұмыс істеген», деп жауап беріпті бір өсекшіге. Ағамыз «мен жеткіздім» деуден аулақ еді. Жақын екен деп орынсыз жалпақтамады, ал орынды жерінде көңіл де бөле білді, өсетіндерге тосқауыл болмады, бетінен қақпады. Мысалы, мен ол кісінің өз қолынан аға ғылыми қызметкер кезімде академияның мақтау грамотасын да алдым. Бүгінде ол үлкен еңбектің куәсіндей, ардагер ағаның көзіндей боп қалды.

Республика Ғылым академиясының 25 жылдық мерейтойын өткізу Шахаңның ғалым, ұйымдастырушы ретіндегі беделін қатты көтерді. Жер-жерден, оның ішінде, Мәскеуден көптеген айтулы қонақтар, Одаққа белгілі ғалымдар, президент М. В. Келдыш т.б. келді. Орайы түсіп қарсы алушылардың арасында мен де болдым. Аға ғылыми қызметкер маған Тәжікстаннан белгілі ғалым, қоғам қайраткері КСРО ҒА-сының корреспоңдент - мүшесі С. Асимов бастап келген қонақтарға қызмет ету жүктелген еді. Соның арқасында үлкен ғалымдармен жүздесу, бір дастарханнан дәм тату мүмкіндігі туды, олармен жақыннан көріп араластык, сөздерін тыңдадық. Бір байқағаным, Келдыш, Александров сияқты атағы жер жарған ғалымдар Шахаңа жоғарыдан қарамай, өздерімен де тең адамдай қарым-қатынаста болғаны әлі есімде.

Шахаңның аты тез шығып, ел көзіне ерте ілінді. Бірақ даңдайсыған емес. Өзімшілдік, өркөкіректік оған жат еді. Өзінен үлкендер мен кішілерге мейірімді, дарқандық, кең пейілділік лебі есіп тұратын. Талай атаққа, абыройға, өкімет наградаларына (мара- паттарына) ие болғанда асып-тасып мақтанғанын көрмедік. Бір айта кететін жай оның бәрі құрақ үшып, атақ сүрап жүргендіктен емес, лайығымен өз істерінің ірі нәтижелерінің жемісі ретінде келіп жатты. Қысқасы, Шахаң ақыл-ойлы, мұраттан айнымайтын, бірақ, сезімтал жүректі қайраткер еді. Менің оған кафедра меңгерушісі бола жүре онымен Ұлттық техникалық университетте бірге бес жыл қызметтес болған кезімде де әбден көзім жетті.

Шахаңның қыруар жұмысты тындыруына, оның өсуіне жан-жары Қәмиланың да үлесі аз емес. Тату-тәтті өмір сүрді. «Біздің батыр» деуші еді Шахаңды. Өзі де оқу-ағарту саласында жүмыс істей жүріп, бәрін де үлгергені ердің ісіндей десе болады. Үш ұл, бір қыз өсіріп, жеткізуінің өзі не тұрады. Іскендір, Мақсұт, Сұлтан атты ұлдары, Шәйзада деген қызы үлгілі боп өсті. Әрине, Шахаңды туып-өсірген аяулы анасы Шәрипа шешенің беделі отбасында ғана емес, ел арасында да күшті болды. Байыпты, байсалды, акылды кісі еді. Шахаң екінші ұлы, ол дегенде ішкен асын жерге қоятын - ды. Одан үлкені Шаһизат Отан соғысынан оралмады. Шахаңның әкесі Жорабек Есенов гимназия бітірген, өте сауатты, жауапты қызметте болған кісі. Оның шет жағасын ол кезде біз бала болсақ та көрдік. Өйткені біздер соғыстың қиын-қыстау күндерінің зардабын шегіп, бала болып ойнамадық, оқи жүріп ересектермен қатар еңбек етуге тырыстық. Сол күндерде Жәкең кездесе қалғанда біздерді ересек адамдай көріп сөйлесетін. Біздің қай класта оқитынымызды, орыс тілін қалай білетінімізді сұрап, қатемізді айтқанда, үялғаннан қатты қысылушы едік. Ал Пушкинді жатқа айтқанда таңданбасқа амал жоқ. Сөйтсек, ол бір жағынан біз үшін сабақ екен. Жорабек Есенов ақсақалдың еңбегі сол кезде-ақ елге аңыз еді. Ол туралы М. Ерназаровтың «Трудный переход» (Алматы, «Жазушы», 1986 ж.) деген повесінде әжептәуір жа- зылған. Шахаңды Алматыға оқуға жіберген де Жорабек ақсақал. Ол кезде қалада оқу қиын болатын.

Шахаңдай ұлды дүниеге әкелген ата-ана, қазақ халқы қандай бақытты! Шахаңның туған жері ресми құжатта «Тартоғай стансасы» деп көрсетілген. Ол сондағы мектепте оқыған. Бірақ туған жері «Қазақстанның 30 жылдығы атындағы ұжымшар», оның ішінде «Ащықұдық» ауылы. Бұлардың бәрі қазір Қызылорда облы- сының Шиелі, Сырдария аудандарына қарасты. Осы аудандардың және Қызылорда облысы әкімшіліктері Шахаңның есімін есте қалдыру жағын ойластырар деп сенемін.

Адам өтеді, игі аты қалады. Шахаңның атағы қалың елге жетті, ұлы ғалым Қ. И. Сәтбаев салған сара жолдан таймай, оны одан әрі дамытып, дүние жүзіне мәлім болды. Оның тындырған істері ел есінде. Өзі бұл дүниеден өтсе де, оның рухы мәңгі өлмейді, «атағы шыққан өлмейді, есте қалмаған өледі» - деп Рәшид-әд-Дин айтқан ғой. Жұртына аса ізгі мұра қалдырған, мемлекет және қоғам қайраткері, талантты геолог, академик Шахмардан Есеновтің бейнесі ешқашан ұмытылмақ емес.

Табиғат Сәрсенбаев,
филология ғылымының докторы, профессор

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997