«ХАЛҚЫМ ДЕП СОҚСА, ЖҮРЕГІМ...»

Қазақ, халқының біртуар, ардақты азаматы Шахмардан Есеновпен ашық әңгіме

Шахмардан ағамен өзінің жұмыс орнындағы шағын кабинетінде кездестім. Үлкен ғалыммен бетпе-бет бірінші жүздесуім болса да ескі таныстардай әңгімеміз жараса кетті. Осыншама атақ-абыройы бар адамның өте қарапайымдылығы, мейірім төгілген нұрлы келбеті, жүйелі де, жарасымды сөзі мені бірден өзіне баурап, еркін сөйлесуге ырық берді.

-Көк шай алдырайын, өзбек бауырым сыйлап еді, - деп Шахаң келесі бөлмеге телефон шалып еді, әдеміше келіншек бүйірі томпайған аққұманмен шай әкелді.

-Рахмет, аға, - дедім мен кесеге құйылған көк шайды ұрттап қойып.

-Менің уақытым аздау еді, сағат он екіге қалалық кеңеске шақырған. Дегенмен, бір сағат жиырма минутта біраз әңгіменің басын қайырармыз.

-Шахмардан аға, алдымен журнал оқырмандарына қысқаша түрде өз өмірбаяныңыздан айтып берсеңіз?

-Шырағым, қанша тырысқанмен адам уақыттан оза алмайды. Уақыт өз дегенін істейді. Күні кеше буырқанған жас сияқты едім. Өмір соқпағына белшемнен батсам да, қабырғам қайыспап еді. Міне, алпыс бес деген жас көз ұшында көлбеңдеп тұр. Шал ақынның мынадай бір шумақ өлеңі бар.

     ...Әр жерде кадір, құрмет көрген жанмын,
     Жақсы менен жаманды білген жанмын,
     Жайымды сіз білмейсіз, мен жорға тай,
     Тайпалып талай топқа кірген жанмын...

Сол ақын жырлағандай, осы жасымда көпті көрдім, көппен араластым. Халқыма сәл де болса пайда келтірсем дедім, бір басыма мансап та, атақ-абырой да жетерліктей болды. Бірақ асып-тасып, төгілген жоқпын, есіріп-еліріп те кетпедім ғой деп ойлаймын. «Дүние қызыл түлкі бұландаған» деп тегін айтылмаса керек. Сол қызыл түлкіге қызыққаным жоқ. Мен де пендемін, шалыс басқан кезім болса, халқым сыншы ғой, өзі ақ-қарасын білер, ажыратар.

...Қызылорда облысында туып-өстім. Әкем Жорабек, анам ІІІәрипадан екі ағайынды едік, туған ағам Шаһинзада кешегі қан майданда оққа ұшты, қыршын кетті, ұрпақ қалмады. Мен аға орнына аға, іні орнына іні болып жалғыз қала бердім. «Жалғыз қаздың үні шықпас, жалғыз жаяудың шаңы шықпас» дейді аталарымыз.

Құдай берген табиғаттың, тағдырдың арқасында, халқымның арқасында менің үнім де, шаңым да шықты. Әуелі Қызылордадағы педагогикалық училищені тамамдеп, 1944-жылы политехникалық институтқа оқуға түстім... Есіл-дертім ғылым болды, қабілетім де, ғылым тұңғиығына бойлауға мүмкіндігім де жетерліктей еді. Қиын кез, бірақ сол қиындықты жеңіп шығу үшін арпалыстым. Жоқшылықтың сеңін бұзып, адамдықтың арына, білімнің нәріне өн - бойымды шомылдыруға ұмтылыс жасадым. Жігерімді қайрап, намыс отын жақты. «Адам болам десеңіз, тілеуің өмір алдыңда» деген Абай сөзін жадымнан шығарғаным жоқ.

Шаһаң бір сәт ойланып қалды. Толқынды бұйра шашы төгілген кере қарыс ақ маңдайында, аясы кең шапағатты нұрлы көзінде бір сәт көңілсіздік көлеңкесі пайда болғандай ма, әйтеуір, ер келбетті, нар тұлғалы азаматтың өн бойында сәл-пәл толқу барын аңғарғандай болдым.

-Шай ішіңіз, ағасы, - дедім көк шайды кесесіне сырылдата құйып.

-Иә, иә, осы көк шайдың пайдасы көп дейді ғой өзбек бауырлар, - деді жымиып. - Жас кезімде қазақ эпостарын зерттеп, ғылыми еңбек жазсам деп те армандадым. Біразын жатқа айтатынмын. Сонда мені әсіресе «Қыз Жібек» жыры өзінің лирикалық- трагедиялық желісімен таңқалдырушы еді. Тап қазір соның бір көріністері көз алдыма елестеп кеткені. Төлегеннің алты қазбен қоштасу сөзі - мұндай жан-сезіміне оранған мұң-жалын, жүрегіңді солқылдатар шерлі сөзді басқа халықтың эпостарынан кездестіру қнын. Қазақ киносында «Қыз Жібек» фильмінің орны ерекше. Қайталанбас көріністер - тек қазақ халқына тән көріністер баршылық. Бірді айтып, бірге кеттім бе, інішек?

-Сіздің еңбек жолыңыз кейінгі жастарға үлгі боларлықтай, санқилы өмір-өнегеден тұратынын ептеп білеміз. Бірақ соны өз аузыңыздан естісек деген тілек бар. Кешегі Шахмардан Есенов пен бүгінгі Шахмардан Есеновтің арасында жылы айырмасы да, жас айырмасы да бар шығар?

-Әріден бастайық. Содан 1949-жылы институтты ойдағыдай бітіріп, аспирантураға қалатын болып едім. Қаныш Имантайұлы қолқа салып, мені Жезқазғанға алып кетті. «Бір жылдай жұмыс істе, сосын ғылымыңа ораларсың», деп еді, мен онда он жылдан астам еңбек еттім. Қатардағы мастерден барлаушы-экспедицияның бас инженеріне дейін көтерілдім. Мамандығым - геолог кой. Көп тәжірибе жинақтадым. Қаныш ағаның өтінішін асыра орындадым. 1960 жылы Геология министрінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Сегіз айдан кейін Министр етіп қойды. Қызметтегі атақ-абыройым жоғарылай берді. Одан Қазақ ССР Министрлер Советі төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Әйтеуір елім маған сенім білдірген соң мен де бар тәжірибе-талантымды ортаға салдым. «Шешен сол - сөйлер сөзден қамалмаса, Жақсы сол - істер ісін тамамдаса...» дегендей, асықпай-аптықпай жұмыс жүргіздім. Құдайға шүкір, көкірегіме тоқылған білімімді халқымның бір кәдесіне жараттым деп ойлаймын. Бұл күнде ұлы Абайдың бір нақыл сөзі есіме түсе береді, қайталап оқимын, оқыған сайын ой түйемін.

-Ол қай сөзі, жатқа білсеңіз, айтып жіберсеңіз?

-Мен жалпы Абайдың қара сөздерінің көбін жатқа білемін. Отыз екінші сөзде былай дейді: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек. Оларды білмей, іздегенмен табылмас...» деп Абай алты шарт қояды. Мен осы алты шартты ғылым- білім жолында өнеге тұттым. Бір сәт есімнен шығарғаным жоқ.

-Сіз Қазақстан ғылымының ең жас президенті дейді жұрт. Осы сөздің жаны бар-ау деймін.

-Шырағым, сен ептеп-септеп келіп, өзімді-өзіме мақтатайын деп отырсың-ау! «Өзін-өзі мақтаған өлімнің қара басы» демей ме қазақ. Дегенмен, айтайын, отыз тоғыз жасымда Қазақстан Ғылым академиясының президенті болып сайландым. Бұл басшылықтың, халықтың маған білдірген үлкен сенімі еді. Сенімді ақтауға, жер- гілікті ұлт өкілдерін көтеруге тырыстым. Ғылымның сара жолында тек әділдік болсын дедім. Содан жеті жыл президент болдым. Әрине, өсек-аяң да желідей тартылды. Бірақ адал адамның бетіне шаң жұға ма, қаншама жұқтырамын деушілер табылса да болмады. Атақ-абырой өзімде қалды. 1974-жылы қайтадан Геология министрі қызметіне ауыстым. Өкінгенім жоқ, ейткені ғылымдағы салам ғой. Осы геологиядан 38 жасымда докторлық қорғадым. Осы геологиядан қырық жасымда академикке сайландым.

-Дінмұхамед Қонаев туралы не айтасыз? Өз көзқарасыңыз?

-Димекең мені өте жақсы көрді. Әрқашан қолдап отырды. Ол да пенде ғой, сәл-пәл кемшілігі болған шығар, бірақ, Қазақстан үшін, қазақ ұлты үшін көп нәрсе жасады. Қазір мен Димекеңнің журналдарға басылған естелігін оқып жүрмін.

-Президенттіктен сізді аяқ асты алып тастапты ғой?

-Өтті-кетті, ол жайды қозғамай-ақ қояйық. Әйтеуір өмірім- де біреуге қара ойлағаным жоқ. Менің президент кезімде, әсіресе, ұлт кадрлардан академиктер қатары толықтырылды. Корреспондент-мүшелер саны кебейді. Маған тым ұлтшылсың деген де кінә тағылды. Соған қарамастан, қазақтың жас әрі білімді жігіттерін маңдайдан қаққаным жоқ.

-Академик Евней Букетовті сіз жаксы білесіз ғой...

-Үлкен білімпаз, жан-жақты ғалым еді, марқұм. Тек мінезінде қызбалық, тіпті кеуделеп кететін тұстары да бар еді. Арамыздан ерте кетті. Шын мәніндегі ғалым болатын. Сонымен бірге ол -әрі аудармашы, әрі ақын, әрі жазушы еді. Осыншама білімпаздық, сан қырлы қасиет оның зор тұлғасына жарасып, сыйып тұратын.

-Ең бірінші депутат яғни халық қалаулысы болғаныңызды есіңізге түсіріңізші?

Фосфорлы Қаратаудан депутаттыққа ұсынылдым. Арнайы барып халықпен кездестім. Тұрмыс жағдайлары онша емес екен. Тұрғын үй мәселесі, азық-түлікпен, басқа да бұйымдармен қамтамасыз етілуі өте нашар боп шықты. Дереу араласып, үкімет алды- на мәселе қойып, біршама игілікті шаралар жасағаным есімде. Жеке семьяларға көмек көрсеттім. Мен жеті рет Республика Жоғары Кеңесіне, бір рет бұрынғы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болдым. СОҚП Орталық Қомитетінің мүшелігіне сайландым. Осы кездерде қолымнан келгенімді өз халқымның талап-тілегіне, мақ- сат-мүддесіне жұмсадым. Өзімді өзгелерден артық санағаным жоқ. Кешегі қара шаруаның ұрпағы екенімді әркез жадымнан шығарған жоқпын. «Аш күніңде жеген қалжаңды, тоқ күніңде ұмытпа» деген халық мәтелі әр уақыт санамда тұрды. Әрине, адам баласы өмірге, қызыққа тоя ма? Осы жерде атақты Бұхар жыраудың мына бір өлең жолдары еріксіз еске түседі:

     ...Әлемді түгел көрсе де,
     Алтын үйге кірсе де,
     Аспанда жұлдыз аралап,
     Ай нұрын ұстап мінсе де,
     Қызыққа тоймас азамат!...

-Шахмардан аға! Сіз Лениндік сыйлықтың лауреатысыз. Кешегі бір аумалы-төкпелі кезде сол сыйлығыңыз жөнінде де алып- қашпа, өсек-аяңдар болды-ау, деймін?

-Маңғыстау өңірінде, әсіресе, Бозащы төңірегіңдегі мұнай- газды зерттеп, оған арнайы экспедиция ұйымдастырып, өзім де белсене араласқанымды ешкім жоққа шығара алмақ емес. Менің басқаруыммен Жетібай, Өзен мұнай орындары ашылды. Бұлар кейін ашылған үлкен мұнай көздері еді. Мен бұл жолда білімімді де, тәжірибемді де ортаға саддым. Мұнай барын, мол қорын нақтылы дәлелдедім. Осы теңдесі жоқ мұнай-газ көздерін ашқанымыз үшін бес кісі Лениндік сыйлықтың лауреаты атандык. Жетеу едік, Мәскеу екі қазақты сызып тастапты. Менің жеке еңбегім болмаса, өзімді осы топтан өзім-ак, сызып тастар едім, оған адамдық арым да, құдіретім де жетер еді. Мен жалпы өзімді билеп-төстей алатын кісімін. Ешуақытта біреудің айтқанына еріп, біреудің жетегінде жүріп көрмеген адаммын. Өз ақылым - өзіме төреші, Отан алдындагы қызметім шығар, екі мәрте Ленин орденімен наг- радталдым. Екі рет Социалистік Еңбек Еріне ұсынылдым, бірақ,. неге екенін қайдам, Еңбек Ері болғаным жоқ... Осы жасыма шейін 12 кітап жаздым, 50-ден астам ғылыми еңбегім бар. Талай шәкірттерге ұстаз болдым. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы мен Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтыңда лауреатымын. Бірнеше рет Қазақстан Республикасы Жоғары Қеңесінің Құрмет грамотасымен наградталдым. Осының бәрі менің көркіме, келбетіме, бойым мен ойыма емес, еңбегіме қарай берілген шығар. Екі рет Жоғарғы Кеңестің төрағалығына сайландым...

-Ұстазыңыз кім, оған бас иесіз бе? Әлде ұстаздан шәкірт озған заман деп ойлайсыз ба?

-Мен ұстазым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа өмір бойы қарыздармын. Оның рухына тағзым етіп, басымды иемін. Адам ретінде де, ойшыл-ғалым ретінде де Қаныш аға - қазақ халқының ардагер ұлы, қайталанбас тұлға. Қазақ халқы деп қалдым ғой, бұл халық ұл да, қыз да туғызған-ау! Басқаны былай қойғанда, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Имантайұлы, Мұхтар Әуезов, - осы үшеуінің өзі қазақты күллі әлемге танытқан жоқ па? Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметованың ерлігін кім мақтаныш етпейді... Бүгінгі талантты әнші Әлібек Дінішев ше? Иә, біз өзімізді-өзіміз жаңа танып жатсақ та, қазақ халқын әлем халқы әлдеқашан таныған, білген. Олай дейтінім, мен жұмыс бабымен дүние жүзінің көп елдерінде болдым. Атап айтсам, Канада, Австралия, тағы басқа мемлекеттерде де қазақ деген халықты біледі, қадір тұтады.

-Сіз көп партиялы қоғамдық жүйені яғни құрылысты қолдайсыз ба? Өзіңіз қырық жылға жуық мүшесі болған Коммунистік партия туралы қандай ойлайсыз? Жалпы социалистік құрылыс қазақ халқына жақсылық әкелді ме, әлде кері шегеріп тастады ма?

-Мен көп партиялы жүйені қолдамаймын. Және Коммунистік партия бәрін құртты дегенге де қосылмаймын. Рас, басқару аппаратында қателіктер болған шығар. Бірақ Қазан төңкерісі қазақ халқы үшін көп өзгеріс-жаңалық әкелді. Жаппай сауаттандық, экономикамыз, мәдениетіміз дамыды. Іргелі ел болдық. Бұл күнде республикамызда 48 жоғары оқу орны бар. Алты-жеті шет тілдерін меңгерген жастарымыздың қатары көбеюде. Астанамыз Алматының, облыс орталықтарының құрылыстары қандай тамаша. Осының бәрін социалистік қоғам кезінде түрғыздық қой. Енді оны несіне жамандаймыз, ит терісін басына қаптаймыз. Орыс халқьіның да жақсы жақтарын таныдық, ал теріс әдет-ғұрпын қабылдау, қабылдамау өзімізге байланысты емес пе?

-Қазақстан тәуелсіз республика болды деп кеудемізді қуаныш кернейді. Қөпті көрген, көреген азаматсыз ғой, алдағы жағдайымыз қалай болар екен? Базар нарқы анау, күйіп тұрған. Шайқалақтамай, нық адымдап кете аламыз ба? Әлде, әлде де Ресейге жалтақтаймыз ба?

-Меніңше, түбегейлі экономикалық есеп пен қатаң да қатал тәртіп керек. Ішкі ресурстарымызды егжей-тегжейлі есептемей, халыққа ауыртпалық түсіруге болмайды. Мысалы, Жезқазған мен Балқаштағы мыс кені үлкен байлық, осыны тиімді де, үнемді пайланудың шешімді жолын тапсақ... Қалай болғанда да береке басы - бірлік те ғой. Бізде әлі нақты істен гөрі, сөз басымдау. Егер табиғат бізге кеңдік, мейірбандық танытып, биыл жаз астық болса, мүмкін сәл де болса алға басармыз. «Нан бар жерде - ән бар» деген сөздің жаны бар. Дегенмен, басқа республикамен берік одақ жасамай, ісімізді оңға бастыру қиын.

-Сіз Қазақстан Республикасының халық депутатысыз ғой, қандай міндеттер атқарып жүрсіз? Депутаттардың ішінде кімдерге -айрықша ықылас көрсетесіз?

Табиғатты қорғау, оның ішкі байлықтарын жан-жақты үнемдеу, сақтау мәселелерімен айналысамын. Кейбір нақты ұсыныстарым өз шешімін тапты. Әйтеуір ізденіс үстіндемін. Парламентке біраз құжаттар дайындау ойым да бар. Депутаттардан Сұлтан Сартаев пен Әбіш Қекілбаевқа айрықша ден қоямын. Екеуі де білімді, іскер.

-Аралды сақтаймыз деп жар салғанымызға біраз уақыт болды. Сақталып жатқан Арал теңізі жоқ, жылдан-жылға құрғап барады...

-Ең тиімді жолы, ең жеңіл жолы Әмудария мен Сырдарияның суын мейлінше қатаң бақылауға алып, кем дегенде жылына, әсіресе, өзендердің арнасы толған кезде екі-үш ай суын теңізге тұтастай құйғызу. Енді Арал қалпына келмейді, тек теңіз жалпы кұрғап қалмау ушін осы әдіс тиімділеу сияқты. Басқалай ұсыныстар, қыруар қаржыны қажет етеді.

-Жазушылармен қарым-қатынасыңыз? Қандай әдеби кітаптарды оқисыз? Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?

-Ә. Нұрпейісовпен доспын. Оның «Қан мен тер» романын, Ә. Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романдарын, Т. Ахтановтың «Боранын» жоғары бағалаймын. М. Әуезовтің «Абай» эпопеясын жылына бір рет қайталап оқуды ұнатамын. Анда-санда театрларға барамын. Қазақ эпостары, қазақ ертегілерін қайталап оқимын. Соңғы жылдары мені Ә. Кекілбаев шығармашылығы қызықтырып жүр. Ғалым кісіде бос уақыт аз болады. Әрі мен Қазақ политехникалық институтында кафедра меңгерушісімін, ұстазбын. Дегенмен, уақыт тауып, аздап сурет саламын, кі- тап оқимын, биллиард, теннис ойнаймын. Шаңғымен серуендеуді ұнатамын. Сосын алты немере, жиендерім бар ғой. Олар демалыс күні бізді мазалайды.

-Сізді біреулер нақақтан-нақақ жоғары жаққа жамандады ма?

-Әй, шырағым-ай, онсыз өмір бола ма? «Қазаққа қазақтан басқа жау жоқ», - деп Ғабит Мүсірепов дәл айтқан ғой.

-Жүрегіңізге ең жақын, жақсы көретін адамыңыз?

-Қызық сұрақ. Әйелім Қамила екеуміздің шаңырақ құрғанымызға көп жылдар болды. Өзімнің өмірлік жарым, төрт баламның (үш ұл, бір қыз) анасы Қамила жақсы көруім жағынан бірінші орында. Үлкен ұлым Мақсұтбек қайырымды, жайдары, іске мығым. Жүрегім үнемі соған бұрады да тұрады. Сосын бірінші класта оқитын немерем Динара мен төртінші класта оқитын жиенім Талғаттан үмітім жоқ емес. «Әке балаға сыншы» дейді ғой атамыз қазақ. Уақытым болып қалды-ау, інішек.

-Әңгімеңізге рахмет.

-Сау болыңыз.

Марат Мәжитов,
«Ақиқат» журналы бас редакторының орынбасары.

Біртуар Шахмардан.
Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997