ЕСІМІ ЕСТЕН КЕТПЕС

«Жаксының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жақсылығы өз бойынан төгіліп артылып, халқына, ел-жұртына шашу болып шашылған, туған жерінің сүйікті перзентіне, ешқашанда ұмыттырмас біртуар ұлына айналған Шахмардан Есенұлындай жақсы ағаны есіме алған сайын өн-бойымды бір ғажайып сағыныш оты шарпып өткендей тебіреністі күйге түсемін.

Ш. Есенов 1927 жылы сонау Қызылорданың Шиелі өңірінде қарапайым қазақ отбасында жарық дүниеге келіп, ата - бабаларынан бермен келе жатқан ұлттық дәстүрлеріміз негізінде тәлім-тәрбие алып, ер жетіп, орта мектепті бітіріп, Алматыдағы Тау-кен институтына оқуға түсіп, оны 1949 жылы үздік бітіріп, қойнауы асыл тастарға толы Жезқазғанға геолог-инженер болып барады. Сол жай инженерлік мамандықтан бастап Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті болып сайланғанға дейінгі аралықта жүріп өткен ұзақ-сонар жолы, істеген ерен еңбегі, ғылымға қосқан жаңалықтары ұшан-теңіз. Ойласаң жаның рахаттанады, өзіңе, ұрпағыңа үлгі-өнеге тұтасың.

Шахмардан ағамен алғаш рет Мәскеуде қонақүйде таныстым. Бізді сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі, техника ғылымының докторы, қазақтың абзал азаматтарының бірі Беркімбай Паримбетов мырза таныстырғаны. Дәл содан бері ІІІахаңмен ең көңілі жақын, бірге туған ағалы-інідей боп сыйласып кеттік. /Ақылы мінезіне, мінезі тұрпатына сай, кең ойлап, кең пішетін, терең толғап әріден түйіндейтін, болашағын анық болжайтын көріпкелдігі бар тамаша жан еді. Ең басты қасиеті - адамгершілігі, адалдығы, парасаттылығы, ағаны ағадай, ініні інідей сыйлай білетін, құрмет тұта білетін кең пейілділігі деп білемін.

Өзінің еңбек сүйгіштігі, білімділігі, ұйымдастыра білетін қабілеті арқасында Қазақстан Геология министрі, Геология ғылыми- зерттеу институтының директоры, Қазақстан Ғылым академиясының президенті қызметтерінде де ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, елінің алғысына бөленді, көзге түсті.

Осындай еңбектерінің арқасында Маңғыстаудың оңтүстігіндегі мұнай-газ кен орындарын барлап табу ісіне тікелей басшылық жасағаны үшін 1966 жылы қазақ ғалымдарының арасынан алғашқылардың бірі болып, сол кездегі Қеңес Одағы бойынша ғылыми жетістіктер үшін берілетін ең жоғарғы құрметті атақ - Ленин атын- дағы сыйлықтың иегері болуының өзі-ақ ол кісінің қаншалықты ғұлама ғалым екендігін дәлелдеп тұрғандай.

Сол сияқты 1972 жылы бір топ ғалымдармен бірге геология және металлогения саласы бойынша Қазақстан Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Бұл да өте үлкен куаныш еді.

Шахмардан ағамыздың құдай қосқан қосағы, біздің сүйікті жеңгеміз Камила - дүниеге үш ұл, бір қыз алып келген ардақты ана, абзал жан. Ұзақ жылдар бойы әдебиеттен сабақ берген білімді ұстаз.

Қызы Шолпан, ұлдары Мақсұт, Ескендір, Сұлтандар бұл күнде елінің ер-азаматтары боп, Отанына, халқына адал қызмет етуде. Барлығы да ақыл-ойлары кемелденген үлгілі, өнегелі, білімді отбасынан тәлім-тәрбие алып, өсіп-өнгендіктерін көрсетіп, өздері де үлгі тұтарлық отау иелеріне айналып, немере сүйдіріп, ұрпақ әкеп отырғандарына құдайға мың да бір тәубе деймін, шүкіршілік жасаймын. Әсіресе Мақсұттың ұлы ІІІахмардан атасының Тайыржан атты немересінің ерекше тәрбиелі боп өсіп келе жатқанын көріп, текті жердің ұрпағының да текті болатынына көзім жеткендей болды.

Осы орайда Шахмардан ағаның ана жылы Ұйғыр ауданына аң аулап барып, Кетпен деген ауылда тұратын Нұркен Ақпаров деген азаматтың үйінде қонақта отырып айтқан мына бір өсиетті сөзін осы күнге дейін ұмыта алмаймын. «Қамал, іргелі ел, мәдениетті халық болғымыз келсе, анау дүние жүзіндегі ең өркениетті мемлекеттер қатарында өмір сүргіміз келсе, ұрпағымыздың тәрбиесін ата-баба дәстүрлері негізінде дұрыс тәрбиелеуді қолға алуымыз керек. Бүгінгі сәби, ол - ертеңгі еліміздің ер-азаматы», - деген ұлағатты сөзі дәл бүгін айтылғандай құлағымда тұр. Бүгінгі Шахаңның Тайыржандай жақсы болып өсіп келе жатқан немересін көргенде сол өсиеттің іске асып жатқанына көзім жеткендей болады. Іштей сүйсінемін, риза боламын. Тіл-көзден аман болсын деп тілеймін. Ақ батамды беремін. Тайыржанның өз жұрты да, нағашы жұрты да, тектіліктің, ізеттіліктің құты қонған, ақ сүйектіліктің киелі қасиеті дарыған жұрт екеніне күн өткен сайын көзім жетуде. Себебі нағашы атасы (яғни Тайыржанның шешесі Гуляның әкесі) Мұстахым Біләлұлы Ықсановтың да, сол үйдегі нағашы әжесі Сайданың да есімдері ел арасына кең тараған, өте сыйлы жандар.

Шахмардан Есенұлы қазақ ғылымының дамуына зор үлесін қосқан, сол ілім ордасының бір кезде тізгінін 6-7 жыл өз қолында ұстаған, есімі қазақ далалары мен тауларынан асып, сонау Мәскеуде аталып, бүкіл әлемдік деңгейдегі ғалымдар алатын сыйлықтың иегері атанып, қазақ елін дүние жүзіне танытқан сирек перзенттеріміздің бірі екендігіне күмән жоқ. Аруағының алдында басымызды иіп, еске түсіреміз абзал ағаны.

Қамал Ормантаев, Академик

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997