ЕЛ АЗАМАТЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Мен Шахаңның, Шахмардан Есеновтің, атын көптен естіп, білетінмін. Өйткені бір жерлік - Шиелі ауданынанбыз. Бірақ Шахаңды көруім тек 1967 жылдан, Қазақтың Ұлттык ғылым академиясына академик болып сайланып, академия жалпы жиналысының сол сессиясында президент болған кезінен, тікелей жақын танысып, біле бастадым.

Алдымен айтарым, Шахмарданның әкесі Жорабек, оның ағасы Бабабек есімдерін біздің бала кезімізде Шиеліде үлкен кісілер жиі айтып, атқарған істерін кұптап отыратын. Ең алғаш Жорекеңді көргенім 1934 жыл болатын. Сол кезде Шиеліде бұрын үлкен сәулетті шіркеу болған, кейін 1-Май колхозының клубына айналған ғимаратта 1933 аштық жылында масақ теріп жүрген Әбдіжаппар деген кісіні атып өлтірген колхоз қорықшысына (ұлты орыс болатын) ашық сот болды. Сол сотқа тілмаш болып Жорабек деген кісі келіпті деп естідік. Біз, балалар, ойнап жүріп, сот деген не, көрейік деп ғимараттың ішіне кірдік, өйткені өлген кісінің баласымен біз бірге ойнаушы едік. Сотта орысшадан қазакшаға, қазақшадан орысшаға судай ағызып, сөйлеп тұрған егде тартқан толық, ірі, көк көзді сары кісіні көрдік. Жорекең сол кісі екен

Көп жылдар өткен соң аспирантурада оқып жүрген кезімде бір кітаптан ұмытпасам, А. И. Добросмысловтың «Город Сыр-Дарьинской области» деген кітабында болса керек, автор Жолек деген поселкада (Шиелі ауданы қазіргіше) өте мәдениетті, орысша таза сөйлейтін ағайынды екі қазақ жігіттерін кездестірдім, маған ықылас білдірді, бірінің есімі Жорабек, екіншісі Бабабек Есеновтер деп жазыпты. Әлгі келтірген мысалым сол кітапта болса, ол 1912 жылы Ташкент қаласында жарық көрген. Ал Шахмарданды бала кезінде көргенім жоқ, бірге оқыған да емеспін. Бірақ Шахмарданның ағасы Шаһизатты әскерде жүргенде кездестірдім.

Ол былай еді. 1943 жылдың, сірә, ақпан айының аяғы болса керек, біз, бір топ әскер қатарындағылар, Тәшкеннен Самарқандағы 368-запастағы атқыштар полкіне жіберілдік. Самарқанға келген соң полктен келетін командирлерді күтіп, вокзал алаңында тұрып қалдық. Алаңға: «алақаныңды аш, тағдырыңды айтамын» деп цыган әйелі жетіп келді. Шеттеу тұрған жігіттің алақанына қарап: «елге аман ораласың, профессор боласың», - деді. Қасымыздағы Тұрсынбек деген жолдасымның алақанына қарап: «елге аман ораласың, офицер боласың», - деді. Сонда біздердің цығанға: «Ол да профессор бола ма?» деген сұрағымызға: «Жоқ, айттым ғой, офицер болады», - деді. Сол кезде ұзын бойлы, ашық, аққұба жігіт, ұмытпасам, аты Шаһизат, әлгі әйелге алақанын ұсынды. Оған цыған әйел: «Соғыста боласын, үйіңе оралмайсың», - дегені. Біз ыңғайсызданып, ұнатпай қалдык. Бұдан соң ешкім алақанын ұсынбады. Балшы жөніне кетті . Полкке келген соң, көп ұзамай әрқайсымызды әр жаққа бөліп жіберді. Кейін естідім, Шаһизат соғыстан елге қайтпай қалыпты, Тұрсынбек офицер болды, елге аман-есен оралды, түрлі облыстарда басшылық жұмыс атқарды. Қазір зейнеткер, Орал қаласында тұрады. Әлгі профессор боласың деген жігіт те кейін профессор болыпты. Білмеймін, цыған әйелі бір нәрсені біліп айтты ма, жоқ, білмей айтты ма, әйтеуір, оның сандырағы шындыққа айналды. Мен бұл жағдайды достар арасында - осындай да болады екен-ау, - деп талай айтып жүрдім. Бірақ Шахаңа айтқан емеспін, реті келмеді.

Әрине, Ғылым академиясын президент болып сайланғаннан кейін Шахаң өмір белестерінің талай сатыларынан мүдірмей өтті. Жезқазғанда, Геология министрлігінде, Министрлер Кабинетінде басшылық қызметтер атқарды. Беделі артып, көзге ілікті. Бірақ талантының нағыз жанданған кезеңі Ғылым академиясына келген уақытымен тұстас болды. Баршаға белгілі, Ғылым академиясы түрлі ғылым зиялыларының жиналған ордасы, Олардың басын біріктіріп, ғылым салаларының арнасын ашып, ғалымдардың мүмкіндіктерін ілгері бағыттап, дер кезінде қолдау беріп отыру, батыл басшылық ету, жол көрсету оңай дүние емес. Шахаңның өзі де ол жылдары талай елдерді аралады. Есімдері дүние жүзіне әйгілі ғалымдармен танысып, көбісін Алматыға шақырып, Ғылым академиясына олардың тигізер әсерін нығыздай түсті.

Халық аузына Қанекеңнен (Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтан) кейінгі президент деген атпен іліге бастады. Бірақ, адам өмір бойы бір орында жұмыс істей бере ме, 1974 жылы Ғылым академиясында 7 жыл президенттік қызмет атқарған соң, Геология министрі болып тағайындалды да, көп ұзамай Балқаш даласына геологиялық экспедицияның жетекшісі етіп жіберілді. Ол жерлерде Шахаң 1-2 жылдай қызмет атқарып, беделге ие болды. Сөйтіп жүргенде бір күні Шахаң Қазақ политехника ннститутына «Пайдалы қазбалардың кендерін барлау және іздеу әдістері кафедрасының» меңгерушісі болып келетін болыпты деп естідік. Бұл 1978 жыл болатын. Солай болып та шықты. Мен ол кезде, қосымша коғамдык жұмыс жағынан институтта шығып тұратын «Инженер кадрлары үшін» деген көп тиражды газетте редактор болатынмын. Бір күні маған геологиялық-барлау факультетінің доценті, геология-минералогиялық ғылымдарының кандидаты Георгий Петрович Бурдуков деген кісі «Біздің түлектеріміз енді бізге ұстаз» деген көлемі шағын, тек дерекке негізделген студенттерге таныстыру ретінде жазылған мақала алып келді. Мақалада екі-үш кісінің ғана аты аталған, солардың бірі Шахмардан Есенов туралы. Онда: Шахмардан Есенов кезінде біздің институтымызды бітірген, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, әрі президенті болған, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, енді біздің студенттерімізге дәріс оқитын болды», - делінген. Мақалада одан басқа еш нәрсе айтылмаған болатын. Мақала сол күйінде, ешқандай өзгеріссіз газетке басылып шықты. Арадан екі күн өтпестен біздің институт ректорын, партия ұйымының хатшысың және мені жедел Орталық партия комитеті- не жетсін деген нұсқаумен телефон шылдыр етті. Жұмыс аяғы болатын, айтқан жерге жетіп бардық.

Бізді қабылдаған оқу, ғылым бөлімінің меңгерушісі Санжар Оразұлы Жандосов: «Мақаланы қалай бастыңдар, кіммен ақылдастыңдар», - деп айыптаудан бастады. Ректорда да, партия ұйымы хатшысында да үн жоқ, өйткені, олар мақаланың басылуына ешбір қатысы жоқ және хабарсыз болатын. Орнымнан тұрып: «Мақаланы бастырған менмін», - дедім. «Кімнің тапсырмасымен мақала жазылды?» - деп сұрады. «Ешкімнің де емес, мақаланы жазған біздің институттың доценті ,ұлты орыс, өзі геолог, әрі коммунист, аты-жөні - мынадай», - деп айттым. «Сенбесеңіз ол кісі- мен өзіңіз сөйлесіңіз», - дедім. Одан соң «Мақаланы басқан себебім: бізге дәріс беру үшін кім келгенін таныстыру ғана, онда ешқандай да әсірелеу де, шындықтан ауытқыған жер жоқ. Мен бұл мақаладан ешқандай сөкеттік көріп тұрған жоқпын», - дедім. «Айталық, Ш. Есеновтің біздің институттың түлегі болғаны рас па? - рас. Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты болғаны рас па? - рас. Ғылым академиясына президент болғаны рас па? -- рас. Біздің институтымызға сабақ беруге келгені рас па? - рас. Мақалада осылардан басқа ешнәрсе айтылған жоқ. Ал енді маған не дейсіз? Бұл мақаланың басылуына ректордың да, партия ұйымы хатшысының да түк қатысы жоқ. Редактор болған соң мұндай майда-шүйде нәрсені өзім шешемін. Ал сол үшін кінәлайтын болсаңыз, мені кінәлаңыз, одан соң мақала авторын кінәлаңыз. Бірақ мен бұл мақаладан ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын», - дедім.

С. О. Жандосов біраз үндемей тыңдап отырды да, бір жерге қоңырау шалып, содан соң, біздерге: «Отыра тұрыңдар, мен қазір келемін» - деп шығып кетті. Біз көп күттік. Арада 1,5-2 сағаттай уақыт өтті. Бір кезде Санжар Оразұлы келіп, сағатына қарап «Кешіріңіздер, жұмыс күні бітіп кетті. Қайта беріңіздер, кейін әңгімелесеміз», - деп бізді шығарып салды. Бірақ кейін бізді ешкім шақырған жоқ. Әңгіме сонымен аяқталды. Көп ұзамай Шахмардан Есенұлы кафедра меңгерушісі қызметінен босатылыпты, профессор болып қалыпты, - деп естідік.

Бұл жағдайды Шахаң естімей қалған жоқ, естіген болар. Бірақ сендердің кесіріңнен, - деп бізге ренжіс те білдірген емесі. Бұрынғыдай жарқылдап, жұмысын істеп жүре берді. Арада бірер жыл өткен соң, сол бұрынғы орнына кафедра меңгерушісі болып, институт кеңесінде қайта сайланды. Бірақ бұл жағдай ол кісінің өмірінде кездескен бірінші шаншу болмаса керек. Оны мойымай, көтере білді. Кейін институт парткомы, ғылыми кеңестеріне мүше ретінде талай кездесіп жүрдім. Шахаңның бір ерекшелігі қандай мәселе талқыланбасын, үлкен мемлекеттік өлшеммен ойлап, ақыл- кеңесін айтатын. Былайша айтқанда, табиғатынан ауқымды, кең шеңберде ойлайтын қайраткер еді. Қолдау сұраған жастарға қолғабысын аямайтын. Жұмысты беріліп істейтін. Тіпті ауырып жүрген кездерінде де жұмыстан қалмайтын.

Бір күні мен оған «Жақында екілік алып, емтихан тапсыра алмай жүрген біздің жігіттерімізбен сөйлесіп отырып, егеменді еліміз жаңа ғана қаз тұрып жатқанда, елдің өрісін танытатын маман болудың орнына сендердің жүрістерің мынау, қайтып ел боламыз, жапондарды қашан қуып жетеміз? - дегенімде, бір жігіт «20 жылдан соң» деп мыңқ ете қалды», - дедім. Сонда ол кісі: «Оның рас, біздің студенттерімізге намыс жетпейді, әйтпесе, ұмтылар еді», - деді де: «Иә, Қазақстанның байлығы мол, бірақ шексіз емес. Ұқыпты да білімді, байлығымызға жаны ашыр азамат мамандар керек. Оларды дайындау, оған баулу біздің міндетіміз, әлгідей шала ұйқы жігіттерді көргенде ішің удай ашиды. Дегенмен, олардың намысына тиіп, санасын оята беру керек», - деп сөзін түйіндеді.

От басында зайыбы Қамила екеуі, бірін-бірі «батыр» деуші еді. Десе дегендей, Шахаң жанға батқан рухани да, тәнге батқан ауруды да тіс жармай, тік жүріп көтере білді. Қамила да ерлікпен басқа түскен ауыр салмақты шыдамдылық төзіммен қабылдады. Екеуі өнегелі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың да келешекте дұрыс азамат болып шығатынына кәміл сенеміз. Өйткені үлгісі дұрыс. Ол - Шахаңның өзі құрған жанұясы.

Сөз соңында, Шахмардан Есеновтің тек үш қана қасиет-қырын баса айтқым келеді. Біріншіден, ірілік, ауқымды, қарымды қасиеті. Ол оның рухани ірілігі. Қандай мәселе болмасын Шахаң оны сол кең өлшемдік тұрғыдан шешетінді. Сол қасиет оны ауылда өскеніне, қазақ мектебінде оқығанына қарамастан орталыққа әкелді, инженерлік институтқа түсіріп, геолог мамандығын игеріп қана қоймай, оның көрнекті уәкілі қатарына дейін көтерді, геологиялық экспедицияны басқарып, геология министрі, Министрлер кеңесінің орынбасарлық дәрежесіне жоғарылаттырды, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясына президент етіп сайландырды, жаңа кен байлықтары көзін ашқаны үшін Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтарға лауреат еттірді, дүниежүзілік аты әйгілі ғалымдармен үзеңгілестік дәрежеге жеткізді. Екіншіден, адамға онын барынша мейірімшілдік, рақымшылдық қасиеті. Ол қасиет оны кімге де болса жәрдем, қолдау сұрап келген адамдардың бетін қайтармай, қол ұшын беріп, қолғабыс тигізуге даяр тұрғызды. Шахаңнан сұрап үй алдым, еңбегімді бастырып шығардым, жағдайымды жөндедім дегендер жиі кездеседі. Әсіресе, Шахаңның бұл азаматтық қасиеті, Қазақтың ұлттық техникалық университетінде ұстаздық қызмет атқарып жүрген кезінде айқын байқалды. Ол өзінің үлкен акаде- миктік дәрежесіне қарамастан студент, аспирант, жас талапкер мұғалімдермен өзін тең ұстап, олармен ашық сөйлесе білді, жағдайларын пайымдап жүрді. Жиналыс, кеңестерде солардың атынан мәселе қойып отырды. Сондай-ақ ол мемлекеттік мүдденің тізгінін де ұстай білді. Үшіншіден, Шахаңның ержүрек, батыл, батыр, ойын бүкпей айтатын адам болғандығы. Орыста мынадай мақал бар: «Семь раз отмерь, один раз отрежь», - деген Шахаң ішінен неше рет өлшеп, есептейтінін кім білсін, әйтеуір мәселе шешуге келгенде жалтақ емес, қолы қалтырамайтын, батыл кісі болды. Қоғамда мұндай адамдар болуы, әрине ғанибет. Ешкімді сергелдеңге салмайтын.

Осы айтылған үш қасиеттің біріншісі, оны әлем көгіне көтеріп, ғалым, мемлекеттік қайраткер дәрежесіне жеткізсе, екіншісі - оны адамның досы, жанашыры, гуманист етті, халыққа жақындастырды. Үшінші қасиет - оның өз басына келгенде неше түрлі ауыртпалықтар да әкелді. Кейде Шахаң: «Осы менің тұзым жеңіл, кісіге жақсылығым өзіме зиян болып қайтады», - деуші еді. Бірақ, сонда да болса, ол осы мінезінен ауытқыған емес, істеген ісіне өкінбейтін.

Шахаң біртуар ел азаматы бола білді.

Досмухамед Кішібеков,
ҚҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997