ДАРАБОЗ

Тағдыр маған алдымен Шахаңның әкесімен кездесіп танысуға жазыпты, Ұмытпасам, бұл 1942 жылдың басы еді. Мектептерде мұғалімдер жетіспегендіктен жоғарғы кластардың бірнеше оқушылары бір жағынан мұғалімдік жұмысты атқарып жүргенбіз. Бір күні әскери дайындық пәнінің оқытушысы Сағымбай Дәулетов деген жігіт үйленіп, үйіне бес-алты жолдастарын жинады. Ортамызда орыс әдебиетінің оқытушысы Андреев деген мұғалім бар.

Сәкеңнің үйіне келсек, төрде үстінде етек-жеңі мол тігілген тоны бар, бастан-аяқ қазақы киінген зор денелі көрнекті де, көркем ақсақал отыр екен. Сәлемдесіп болған соң ол кісінің оң жақ, сол жағына жайғасып отырдық. Ортамызда орыс жігіті болған соң ба, ақсақал бізге қарап: «Әңгімені орысша айтсам қалай қарайсыздар?» - деді. Біз құптадық Аты Жорабек екен. Інісі Бабабек екеуі орыс гимназиясын үздік бітіргенін, ол кездегі оқу тәртібі, қазақ жастарының қалай оқуға түсіп, қандай қиындықтармен оқығандықтары жөнінен асықпай отырып, қызықты әңгіме айтып берді, Қанша қиын болғанымен оқуға ынта қойып талаптанған жастың мақсатына қолы жететінін өз басының тәжірибесімен түсіндірді. Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың поэма, өлеңдері, мысалдарынан ұзақ-ұзақ үзінділерді жатқа оқыды. Өмірімізде естімеген аса қызықты әңгімелерге қанып далаға шыққан соң әлгі орыс әдебиетінің мұғалімі: «Мына қазақ ақсақалына қарағанда мен орыс әдебиетін білмейтін адам екенмін», - деп қорытынды жасады.

Сол кездесуде Жорекең маған зор денелі, келбетті адам ғана емес, терең білімді көрнекті қазақ зиялыларының бірі болып көрінді.

Кейінірек екі-үш рет тағы да кездесуге тура келді, әр кездескенде жаңа арнамен әңгіме айта алатын, рухани бай адам екенін байқап жүрдім...

Содан соғыс жылдары әскерге кетіп, соғыс біткен соң бір-екі жыл мектепте жұмыс істеп, 1948 жылы Қазақ университетіне оқуға түстім. Қалада бір ағайындардың үйіне барып жүгіріп тау-кен металлургия институтында оқып жүрген студент Шахмардан Есеновпен таныстым. Мен оқуға жаңа түскеніммен әскерден келген запас- тағы офицермін, ол институтты бітірейін деп жатыр екен. Бір дегеннен екеуміз шүйіркелесіп көңіліміз жақын жолдас болып шыға келдік. Ол көп кешікпей Жезқазғанға жолдама алып сонда жұмысқа кетгі. Мен КазГУ-ді бітірген соң Ташкентте тағы бір жыл оқып, жоғары оқу орындарына оқытушылық кұқық алып қайттым. 1954 жылы қыркүйек айынан бастап жоғары оқу орнына оқытушы болып, Алматыда тұра бастадым.

Көп кешікпей Шахмардап Алматыға көшіп келді, Геология мннистрлігінде министрдің орынбасарлығына шақырылыпты. Үйленген, бала-шағалы болған, әкесі кайтыс болыпты, анасы Шәрипа шешей қолында екен. Министр орынбасарлығынан көтеріліп, министр болды, одан Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, Қазақстан Ғылым академиясыныц президенті болды. Одан кейін жазықсыздан-жазықсыз қудалау жылдарын басынан өткізді. Қай жерде, қандай қызметте болмасын екеуміздің арамызда ешқандай өзгеріс болмады. Қызметтес болып қызмет бабын тікелей көргенім жок. Бірақ бірге істескен талай жолдастарымен әңгімелестім. Шахаң туралы бір кісіден қисық пікір естіген емеспін,

Мен оның үйінде қонақта болып, өз үйімде де жиі араласып жүрдім.

Өмірлік жолдасы Кәмила екеуінің өзара қарым-қатынасы, аналары Шәрипа шешейді мәпелеп бағып-қағуы, бала тәрбиесіне көңіл бөлуі көзімен көріп, түсінген кісіге ұрпаққа өнеге болатын көптеген жағдайларды аңғартушы еді.

Шәрипа шешей қазақтың шын мәніндегі бәйбішесі болатын. Байсалды, сабырлы. қандай нәрсе болмасын асықпай, ойланып шешетін кісі еді.

Шахаңмен жеке әңгімелесіп жүргенде оның бойындағы көптеген қасиеттерін байқадым. Оның барлығын айтып жатуға мүмкіндік болмас, қажеті де жоқ шығар. Бір-екеуін ғана еске түсірейін.

Біріншіден, қазақ жерін, қазақ елін, оның табиғаты мен байлықтарын терең білетіндігін, оларды пайдалану мүмкіндіктерін жетік түсінетін алғыр да білгір де азамат еді. Қандай мәселе болмасын кең ауқымда түсінетін, сол тұрғыдан бағалайтын қасиетін талай рет аңғардым.

Екіншіден, ешкімге жамандық ойламайтын, қандай адаммен кездессе де оның жақсы қасиеттерін байқауға тырысатын, кек алуды емес, кешірімділікті өмірлік принцип етіп ұстап өткен абзал азамат еді. Өзін жазықсыз айыптап, жөнсіз қудалаған кісілердің атына бірауыз жаман сөз айтқанын естіген емеспін.

Үшіншіден, әкесінің рухани байлығы Шахаңның бойынан да көрініп жататын. Ресми жерлерде айтпағанымен оңашада, көңілді отырған жағдайларда орысша, қазақша ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінділерді жатқа бұрқырата жөнелетін. Сирек айтатын, бірақ, сол қасиет бар еді.

Төртіншіден, қазақ елінің келешегі туралы жиі толғанушы еді. Өмірінің соңғы жылдары қазіргі Қазақтың ұлттық техникалық университетінде бірге істестік. Жастарға деген көңілі, оларға қамқоршылыгы ерекше болды. Жоғары оқу орнын бітіріп, мамандық алып жаткан жастардың жалпы рухани бейнесіне, мәдениеті мен білім дәрежесіне айрықша көңіл бөлетін. Мемлекеттік емтихан үстіндегі студенттің терең мағыналы жауаптарына, құнды тақырыпқа ұтымды жазылған диплом жұмыстарына балаша қуанатын.

Бесіншіден, Шахаң ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін мейірбанды жан еді. Өз басым оның осы қасиетіне тағы да бір рет өмірінің соңғы кездерінде көзім анық жетті.

1991 жылы менің бір ұлым үйленбекші болды. Шахаңа осы жағдайды айтып, құдалыққа бірге барып қайтуды ұсындым. «Жұмысым көптеу еді, дегенмен, жақсылыққа ортақ болып, өз үлесімді қосуға дайынмын» деп жауап берді.

Жаздың жайма шуақ күнінің бірінде Шахаң, Кәмила екеуі, мен жолдасым Динамен жолға шықтық. Құдалар Түркістан қаласында тұрады екен. Машинамен аттандық. Қала адамының дала жазығына шықса көңілі шаттана түсетін әдеті емес пе! Шу өзенінің бойындағы әдемі көгалды жерге барып аялдадық. Маужыраған таби- ғатқа қарап отырып Шахаң: «Шіркін, бұдан аз уақыт бұрын қазақ даласының барлық жерінің табиғаты осылай еді-ау! Қалай ғана аз уақыт ішінде табиғатты бұзып үлгердік», - деп бір күрсініп қойды да экологиялық үлкенді-кішілі проблемаларды шешу жөніндегі өз ойларын ашына айтып отырды. Түркістанға барғанда Шахаңның арнайы ұсынысымен Арыстанбап мавзолейіне, Қожахмет Яссауи мавзолейіне әдейі арнап бардық. Өз орнына қайта оралған қасиетті тайқазан алдында суретке түстік.

Бір айдан соң құдалар той жасап, келінді алып қайттық. Шахаң тағы басшымыз болды. Құданың бір жолдасы совхозда тұрады екен. Аулына шақырып Қаратау етегіндегі бір бұлаққа алып барды. Бір ғажабы, тау бөктерінде бұлақтың әдемі мөлдір суынан кәдімгі қалалардағы сияқты мәдениетті түрде тамаша бассейн жасап қойыпты. Ауыл-село азаматтарының бұндай жұмысқа көңіл бөлгеніне Шахаң балаша қуанды.

Сол жылғы жаздағы екі сапар Шахаңның сыртқа шығып серуендеген соңғы демалысы болды.

Кейде жеке сырласып отырып, кейде сыртынан отырып ойлаушы едім: «Осы біздің Шахаңды біздің заманымыздың, біздің ұрпағымыздың Дарабозы десек орынды болар еді-ау».

Қабанбай да заманында Дарабоз атанды ғой. Олай дегені қазақ ішінде ерекше туған, ерекше көзге көрінген, халқының ішінде дара болын кездескен боз баласы деген болу керек. Даралығы бейнесімен, даралығы қайрат күшімен, даралығы халқы үшін ешкімнен де, ештеңеден де тайсалмай күресе білгендігінен болар. Оның үстіне Дарабоз деп аталуы халқының бостандығы үшін қандай жаумен болмасын жекпе-жек күресуге әруақытта дайын тұратын жеке батыр деген ұғымды да аңғартқан болар...

Олай болса, біздің Шахаң да өз ұрпағының ішінде дүниеге дара болып келген, бейнесімен де қайрат күшіне қоса ақыл-ойын, білімділігін білгірлігін көрсете білген, керек жерінде біздің халқымыздың ұлы деп мақтана көрсетуге лайық болып туған дара тұлға еді ғой.

Біздің ұрпағымыздың өмірі, бастан кешірген өмір тәжірибесі, үлесіне тиген заман оқиғалары, артына қалдырып кеткен ізі, қысқасы, тарих тұңғиығының біздің ұрпаққа берер бағасы Шахаң сиякты абзал азаматтарының өмірі арқылы беріліп жатса кұба-құп.

Ахмет Ержанұлы,
тарих ғылымның докторы, профессор

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997