АРМАНЫНАН ОЗҒАН АДАМ

Қазақ халқының біртуар ұлы, аты әйгілі геолог, ғұлама ғалым, ұстаз, мемлекет, қоғам қайраткері Шахмардан Есеновтің ғылымға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сөйте тұра кеуде кермей, үлкенмен үлкен, кішімен кіші боп, өз ұлтының ақ берен семсеріндей қарапайым ғұмыр кешті.

Шахаңмен 1963 жылдан бастап геология саласында қанаттас қызмет істедік. Біз біле бастаған кезде, ол Республиканың Геология және Жер қойнауын қорғау министрі еді. Шахаңнан кейін талай министрлермен қызметтес те болдық, бірақ Шахаңа тең түсетін министр болған жоқ десем, артық айтпаспын. Марқұм Шахаңның келбеті мен білімі, турашылдығы қандай болса, іскерлігі, жауапкершілігі, қайырымдылығы, адамгершілігі, кісіге шапағаты да сондай оң қасиеттері мол еді.

Сол алпысыншы жылдардың басында ашылған Маңғыстаудың мұнай-газ кен орындарын тездетіп барлап, оны игеруге Шахаң білек сыбанып, жан тәнімен кірісті. Өзінің төл мамандығы мұнайшы болмаса да, мұнайды іздеу, мұнайды барлау, оны өндіруге дайындау қызметтерін тез ұғынып, игеріп алып, мұнайшылардан қалыспай қызмет етіп жүрді. Ол кездегі Маңғыстауға қатынас оңай болған жоқ. Темір, асфальттаған жолдар жоқ, әуе қатынасы «ИЛ-2», «АН-2» деген жай ұшатын, кішкене ұшақтармен ғана қамтамасыз етілуші еді. Солай бола тұрса да, барлау жүріп жатқан мұнай кен орындарына жиі келіп, жағдаймен танысып, қолдан келетін көмегін аямай, қызметті тездету, оның сапасын жетілдіру, кен орындарын жеделдетіп өндірістік пайдалануға беруді, өзі қадағалап жүрді. Жұмыс жүргізушілерді жақсы түсініп, олармен еркін тілдесіп, ақыл-ойларына да құлақ салып, сонымен қатар, өз ұсыныс-пікірін де шебер іске асыра білді.

Мұнай-газ көздері Жетібай, Өзен барланып жатқан кезде орталықтан мемлекеттің мұнай-газ, геологиялық барлау салаларының ірі мамандары басқарған комиссиялар бірінен соң бірі арасын құрғатпай Маңғыстауға келіп жатушы еді. Олар - мұндай жаңа, «ат аунамаған» өңірдің болашақ мұнай-газ өндірісі қай бағытта өркен- дейді, мұнай қалай, қандай қарқынмен өндіріледі, қайда өңделеді, өнделетін жерге қалай жеткізіледі, ол өңірдегі геологиялық іздеу, барлаудың бағыт-бағдары қалай болады, осы сияқты өзекті мәселелерді талқылап, мүмкіндігінше шешуін тауып беруге талпыныс жасады. Мұнай өндірісіне,байланысқан өнеркәсіптің басқа салалары (электр энергиясымен камтамасыз ету, транспорт жүйелерін, оның ішінде әуе, су, темір, автожолдарын дамыту, құрылыс г. с.с.) қалай өркендейді, осылардың бәрін сараптап, оларды тез арада шешудін ең тиімді шараларын белгілеп, жүзеге асыру үшін үкімет қаулыларын шығаруға себепшілер де солар болды.

Мысалы, аты әлемге әйгілі Н.К. Байбаков, С.А. Оруджев, Н.А. Кортунов, М.Ф. Мирчинк, В.Д. Шашин сияқты мұнай-газ мамандары басқарған топтар Маңғыстауда жиі болып, жер байлығының кереметін өз көздерімен көруге ұмтылыс жасады. Олармей кездесіп, қызмет бабын талкылап келісуге Қазакстанның да үкімет басшылары уақыт оздырмай келіп тұрды.

Ал сол мәскеулік мұнай санлақтарымен Шахаң тең дәрежеде,, сұхбаттасып өзекті мәселелерді алдарына коя білді. Шахаңныа пікірімен олар үнемі санасты. Бір ғажабы, астанадан келіп, жаңағы жиындарға катынасатын, өзінен дәрежелері жоғары, басшылардың көбінен Шахаңның шоқтығы биік тұрушы еді. Шахаң Қазакстанды әр уакытта жоғары дәрежеде көрсете білді.

Маңғыстаудың негізгі кен орындары - Жетібай, Өзен, Теңге, Тасболат, Қаражамбастар Шахаң министр болып тұрған уақытта ашылып, барланды. Мұнай өндірісін тездетіп бастау мақсатында 1964 жылы бар болғаны үш іздеу-барлау мекемелерінің бірі - Өзен мұнай барлау экспедициясын Маңғыстауға жаңа келіп қоныс теуіп жатқан мұнай өндірушілерге Шахаң ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ, келіспей де, беріп жібереді. Сөйтіп Шахаңның жеке өзі шешкен мәселесінің нәтижесінде 1964 жылы Маңғыстауда Өзен мұнай өндіру кәсіпшілігі дүниеге келді. Кейін үлкен қиындықтармен құрылған аяғынан әзер тұрып кеткен Өзен экспедициясын мұнайшыларға беріп жіберу қате деп дүдәмал жасаушылар да табылмай қалған жоқ. Бірақ дәл сол кезде, мұндай батыл шешімге бару мұнайлы өңір байлығының тездеп жарық дүниеге шығуына үлкен септігін тигізді.

Шахаң Маңғыстау байлығын сол Маңғыстау жерінен мұнай-газ өңдейтін зауыт тұрғызып, өңдеп, айырып, игеру туралы мәселе көтеріп, «Известия» газетіне мақала жариялады. Мұнайды айыру, мұнай өнімдерін өңдеп-өндіру, тек оларды пайдаланатын жерде ғана жасалуы тиіс деген империялық, отаршылдық тәртіптің аяғынан нық басып тұрған кезінде, бұл тосын да, батыл пікір еді. Ол мақаласы үшін Шахаңды ауызша айыптап, қате көзқарас дегендер де, әрине, болды. Шахаңның беделінің тым жоғары болғандығынан шығар, орталық органдар мен редакцияға түскен бірен-саран негізсіз, атүсті сын мақалалар жарыққа шықпады. Редакция сол материалдардың кейбіреулерін Шахаңа танысуға жіберіп те жүрді.

Ұзындығы екі мың шақырым әрбір 60-70 шақырымда мұнай қыздыратын қондырғылары бар құбыр тартылып, Маңғыстаудың мұнайы, отыз жыл бойы Самараға айдалумен болды. Талай қатып қалу, жарылу, мұнай ағу сияқты апаттарды айтпағанда, сол өткен уақыттың ішінде, ол құбырды ұстап тұру шығыны, бір емес, бірнеше зауыт тұрғызуға жеткен болар-ау! Сонымен қатар, ол кезде Қазақстанда, Атырау мұнай-өңдеу зауытынан басқа зауыт та болған жоқ. Маңғыстаудан тағы бір зауыт салып, парафині көп, қоюланып қатқыш, алысқа қуалауға көнбейтін мұнайды сол жерден өңдеп, пайдаға асыра қоюға да болатыны. Ондай шешімнің тиімдірек болатыны даусыз-тұғын. Шахаңның бір арманы жергілікті жердең зауыт құрылысын жүргізіп, ең тиімді іске қаражат жұмсау еді.

Әйтсе де, Орталық өз саясатын қатал жүргізе білді, зауыт тұрғызылмады. Тек еліміз егемендік алғасын ғана, кезінде Шахаң айтқан шкір қайта жанданып, қазір сол Маңғыстау жерінде ондай зауыт салу қолға алынып жатқанға ұқсайды. Тек өкініші сол - Шахмардан Есенов осы бір игілікті бастамасының қорытындысын көре алмай дүниеден өтіп кетті.

Шахаң Маңғыстаудағы ірілі-кішілі уақиғаларға куә болуға жан-тәнімен тырысып бақты. Тіпті басқасын айтпағанда, Өзен алаңында Қазақстанда тұңғыш рет ұңғылардағы мұнай-газ қабаттарынан өнім шығаруға «УҚП - 80» деген компрессорды алғаш рет пайдалануды өз көзімен көріп қайту үшін ол Алматыдан әдейі келді.

1966 жылы бір топ мамандармен бірге Маңғыстау мұнай-газ кен орындарын ашып, тездетіп барлап, өндірістік пайдалануға тапсырғаны үшін Шахаң Лениндік сыйлықтың лауреаты атағына ие болды. Бұл өткен еңбекке, алынған нәтижеге берген әділ, әрі жоғары баға еді. Лениндік сыйлық өте сирек, аса маңызды, мемлекеттік мәні бар нәтижелі жетістіктерге ғана берілетін. Ол сыйлыққа Шахаң қырық жасқа келмей ие болды. Бір айта кетер жай, Шахмардан Есенов қандай лауазымға, қандай атаққа, қандай дәрежеге ие болса да асып-тасып, болдым-толдым демейтін өз еңбегін ел-жұртының еңбегіне санайтын ерекше жаратылған тұлға еді.

Шахаң тек Маңғыстау емес, басқа да мұнайлы газды өңірлердің ашылуына, я тікелей қатынасты, я ықпалын тигізді. 1974 жылдың басында Шахаң екінші рет министр боп қайта оралды. Сол жылдарда мен Атырау қаласында «Қазақстан мұнай-газ барлау» атты өндірістік геологиялық басқармада бас геолог қызметін атқарып жүрдім. Бозашыда іздеу-барлау жұмыстарын бастау мәселелерін Геология министрлігімен келісе алмай жүрген кезімде, министр болып келген Шахаң менің ынтамды әңгімесіз, талқылаусыз қолдап, сол жылы Маңғыстау кен орындарынан кем түспейтін Қаражамбас, Қаламқас, Солтүстік Бозащы деген мұнай-газ жиналған жерлері бар Бозащы мұнайлы-газды ауданының ашылуына тікелей көмегін тигізді. Министрліктің мұнайшылары түсінбеген, мән бермеген, я мән бергісі келмеген шаруаны Шахаң айтпай-ақ түсініп, елімізде тағы бір ірі мұнай өндіретін ауданның дүниеге келуіне себепші болды.

Каспий ойпатының тұз асты тұнба жыныстарынан мұнай, газ табуға бағытталған жұмыстар да Шахаң екінші рет министр болып тұрған кезде кең көлем алды. Сол кездердегі болған бастамалардың, жүргізілген жұмыстардың, зерттеулердің қатынасушысы ретінде Қарашығанақ, Жаңажол сияқты әйгілі мұнай, газ конденсат кен орындарының ашылуына Шахаңның тікелей ықпалы тигенін ауыз толтырып айтуыма болады.

Атағы жер жарған «Теңіз» ашылған жер де сол жетпісінші жылдардың орта кезінде өндіруші сала - ҚСРО Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігіне Шахаңның белсенділігімен берілді. Ол жер құнарсыз, ештеңе шықпайтын жер деп есептелген жоқ. Тек, республика геологиялық - барлау саласының қуатсыздығы, барлық болашақ алаңдарды, оның ішінде мұнай өндіріліп жатқан өңірлердегі жерлерді қамту мүмкіндігі болмағандығы себебінен ғана өндірушілерге беріліп жіберілді. Нәтижесінде, 1979 жылдың желтоқсан айында мұнай мен газдың алып кен орны Теңіз ашылды. Кейін бұл турасында да әр түрлі: «геологтар мұнайшыларға Теңіз Жатқан жерді беріп жіберді», «Барлаушылар байқамай қалды» деген сияқты әзәзіл әңгімелер айтылды. Бірақ сол Шахаң жасаған кеңпейілділік .болмағанда, шөп қорыған ит құсап «өзім де алмаймын, өзгеге де бермеймін» деген принциппен Теңіз орналасқан жерді мұнай өндіру саласына бермей қалғанда, Теңіздің табылуы бірнеше жылға кейін шегінуі даусыз еді. Бұл сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Осылай бола тұрса да, геологиялық іздеу, барлау саласында осы сияқты қомақты жетістіктерге қол жетіп, шаруа оң бағытта жүріп жатса да, екінші рет министрдің орнына келген Шахаң бұрынғысындай құлаш сермей алмады. Жоғарыдан қатаң бақылау, төменнен сыпсыңдаған өсек-аяңдар Шахаңа қатты әсер етті. Шахаңа теріс ниеттегі адамдарды орынбасар етіп қойып, қарсы бағытталған әрекеттер жасалып та жүрді. Аяғын мүлт басса ұлы бөрі әңгіме қылып, айып тағып, сағын сындырып, Шахаңның тырнағына тұрмайтын орталық органдардың қиқым-сиқым шолақ шабармандары оны басынғансып жүрді. Осының бәрін естіп те, астанада іс сапармен болғанда көріп те жүрдік.

Шахаңа оң ниеттегі қызметкерлерді себепсіз айыптау, қудалау, қызметтен қуу сияқты жағдайлар да орын алды. Сол жазаланғандардың біреуі өзім, Атырау қаласына келген Орталық Қомитеттің нүсқаушысына қарсы шықты деген айыппен қызметтен босатылдым. Және босату бұйрығына Шахаңның өзіне қол қойдыруға мәжбүр етті. Ол туралы марқұм бір сыр шерткенде әңгімелел беріп еді. Сол кездерде менен басқа да Л. Қыдырбеков, А. Ермекбаев сияқты геология саласында белсенді еңбек етіп жүрген кезінде Шахаңның көмекшілері болған азаматтарға қара күйе жағылп қызметтен аластатылды.

Бұның бәрі Шахаңды көп кешікпей министрліктен ығыстырылуы мүмкіндігінің белгісі болды. Геологиялық қауым мұны байқап, әңгімелеп, айтып жүрді. Көп ұзамай солай болды да. 1978 жылдың басында елуге шығар-шықпастағы академик, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Лениндік, Мемлекеттік сыйлықтардың жүлдегері, Қазақ ССР-і Жоғары Кеңесінің депутаты, Қазақстан Коммунистік партиясы тексеру комиссиясының мүшесі, екі Ленин ордендерінің одан басқа да наградалардың иегері, бұдан небәрі екі, үші-ақ жыл бұрын КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, СОКП Орталық Комитеті мүшелігіне кандидат болған Шахаң министрлік қызметтен босатылып, Балхаш қаласының маңында орналаскан геологиялық барлау экспедициясына қызметке жөнелтілді...

1981 жылдың аяғында, үш жылдық шетел іс сапарынан кейін, Орталық Комитетке жуықта ғана хатшы болып келген Нұрсұлтан Назарбаевтың көмегімен Алматыға ауыстым.

Осы жерде, Шахаңа онша қатынасы болмаса да, бірак, айта кететін тағы бір жай бар. Сол 1981 жылы жоғарыда ашылу тарихын әңгімелеген Бозащы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Шахаңнан кейін министрлікке ие болып қалғандар, Шахаңды жазалаушыларға арқа сүйеп, Атырауда қызметтен қуылғанымды сылтау етіп, мені болашақ жүлдегерлер қатарына қоспай тастады. Бірақ, ол жылдың жүлдесі тізім жаңсақтығына байланысты табыс етілмеді. Алда риза болғыр Нұрекең, әділетсіздікке ара түсіп, министрліктің тоғышар басшыларын тоқпақтап отырып, сол жұмыстың 1982 жылғы ұсынылу тізіміне мені тіркетті. Сөйтіп, ашылуына тікелей себебім тиген Бозащыдан итеріп тастауға аз-ақ қалған әрекеттен құтқарып жіберді...

...Ол кезде Шахаң Қазақ политехникалық институтында кафедра меңгерушісі қызметінде жүр екен. Іштеңе болмаған, ешқандай соққы көрмеген адамдай, бұрынғы ақ жарқын түрінде. Сирек, анда - санда кездесіп, бірақ, кездескен сайын геологиялық іздеу- барлау қызметтері, оның ішінде мұнай-газ жұмыстары туралы пікірлесіп жүрдік. Ғылым академиясында жүрген кезінде Мұнай-газ институты керектігін мәселе етіп көтерген, оны шешуге жақындатып жүргенде президент қызметінен ауысып Геология министрі , болып кеткендігін Шахаң айтып жүрді. Сол кезден бастап Шахаң екеуміз, республика Ғылым академиясы құрамында мұнай-газ проблемаларымен айналысатыи институт болса, көптеген қиындықтардан шығуға мүмкіндік туғызар еді деген тұжырымды дүниеге келтіріп, соны іске асыру жолында жұмыс жасай бастадық. 1988 жылдың көктемінде Қазақстан Орталык Комитетіне қағаз дайындап, бізді қабылдап, сөйлесуін өтіндік. Бізді қабылдап әңгімелескен Р.О. Бердіғожин деген қызметкер мәселенің маңыздылығымен келісіп, «қағаздарыңызды өндірісті басқаратын хатшы Уржумов С.В. жолдастың папкасына салам, бірақ қазір институт ашатын заман емес, сосын мынадай қағазға да ешкім көп көңіл бөлмейді, сондықтан көтеріп отырған мәселелеріңізді баспасөзде жарияласаңыздар, ол тезірек шешілуі мүмкін» деп ақыл айтты. Сол жылдың ішінде, тамыз айларында «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде Шахаң екеуміз республиканың Ғылым академиясында Мұнай институты керектігі туралы көлемді мақалалар жарияладық. Ол мақалаларда Қазақстан үшін мұнай мен газдың өлшеуге болмайтын маңызын, бұл салада көптеген қиындықтар бар екенін, оларды дұрыс, тез шешсе, ел экономикасының алға басатыны туралы әңгімеледік. 1989 жылы 31 - желтоқсанда шыққан «Казахстанская правда» газетінде - «Басқа кен орындарының проблемала- рын айтпағанда, тек Теңіз бен Қарашығанақтың техникалық, технологиялық, өндірістік қиындықтарын шешу сол мұнай-газ институтының болуын, оған жұмсалатын шығындарды ақтайды» деп жаздық. 1990-1991-1992 жылдары бұл мәселеге баспасөз беттерінде тағы да әлденеше рет оралдық. Бірақ, өкінішке орай, сол Шахаң екеуміз керектігін талай айтқан, дәлелдеген институт әлі күнге дейін ашылған жоқ. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды...

Шахаңның көңілі орталау түсіп жүрген кезінде, Мәскеуде іс сапарда жүріп, бір топ астаналық жолдастарымен кездесуіне қатынастым. Жабырқау отырған Шахаңа бір мәскеулік ғалым: «Шаха, сені қалай кінәласа, олай кінәласын, саған не десе, о десін. Сендей қазақ жоқ, болса да өте сирек кездеседі. Сен ұлысың, ұлы болып қаласың», - деді. Әркімнің орнын, оның ішінде ұлылығын, тарих өзі сараптап шешетін болар. Бірақ сол астаналық ғалым айтқандай, Шахаң ұлылығын сақтап қалды. Оны келер ұрпақ, келер тарих та айқын дәлелдеп берері сөзсіз. Өйткені ол өзі қиялдаған,. армандаған істерінен көш озық тұрды.

Садуақас Құрманов,
геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997