АКАДЕМИК ЕСЕНОВ

Естеліктер мен эсселер

Шахмардан Есенов 1994 жылы жаз аяғында өмірден өтті. Мен ауырып жатыр едім. Түске таман төсегіме жаңа газеттер әкеп берді.

Күн сайын бір құшақ газеттен ең алдымен ашатыным - «Егемен Қазақстан». Өйткені мен онда ұзақ жыл қызмет істедім. Журналистік лауазымның бар баспалдағын сонда өттім. Ұлы Отан соғысы кезінде менің майданнан жіберген өлеңдерім осы газеттің бетінде басылды. Бұл газетті мен өзімнің қарт ұстазымдай көремін. Сондықтан ең алдымен соған қолымды созамын.

Оның үшінші бетін ашып қалғанымда «Академик Шахмардан Есенов» деген қайғының қара сызығымен қоршалған қазанамаға көзім түсті. Одан төменде Шахаңның маңдайы кере қарыс, жүзінен ңұр төгілгендей балуан тұлғалы суреті тұр. Сәл жымия түсіп, отты көзін алысқа қадап ойланып қалыпты. Тура тірі күндегі қалпы. Қазақтың бұл ақ сазандай алып ұлын өлді деуге аузың бармайтындай, көзің де, көңілің де қимайтындай,

     ...Көп адам дүниеге бой алдырған,
     Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
     Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
     Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, -
     деген ұлы Абайдың сөзі еріксіз еске түсті.

Еске түсті де, нұрлы суретке қайта қарадым. «Жоқ, бұл өлеңнің алғашқы екі жолы Шахмардан Есеновке арналмаған. Өйткені Шахмардан дүниеге бой алдырған жоқ, дүниеқор болған жоқ. Шахмардан туралы естігенім елес беріп, көргенім көз алдыма келгендей болды.

Бірінші эссе. 1961 жылы Тайландта Біріккен Ұлттар Ұйымының Қиыр Шығыс Елдері Комиссиясының сессиясы етті. Осы сессияға Кеңес Одағының делегаттарын Қазақстанның 35 жасар Геология министрі Шахмардан Есенов басқарып барды. Делегация құрамында «геология корольдері» аталған ылғи марқасқа ғалымдар болатын. Солардың ішінен, бүкіл Қиыр Шығыс ғалымдары қатарынан жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген жалғыз Есенов еді. Сессияда оның бүкіл Кеңес Одағы жеріндегі оның ішінде өзінің туған өлкесі Қазақстан өңіріндегі қазбалы кендер жайында жасаған баяндамасы мың бір түн әңгімесіндей әсерлі болды. Бойының биік- тігін жасырғандай зор денесін сәл еңкіштеу ұстайтын, сабырмен жай сөйлейтін, кең маңдайлы бұйра шаш, аққұба өңді әсем жігіт сол сессияға қатысушы көптеген ел ғалымдарының көкейінде қалды. Қазақ деген ұлттың адамдары осындай келеді екен-ау деп тамсанып, таңдай қағушылар аз болған жоқ. Әсіресе жас қазақ министрінің өзінің туған жері Қазақстан және оның кең байлығы жайында көсіле сөйлеген сөздері көп адамның көкейінде қалды.

-Енді біздің қазақ елінің жер көлемі қандай деп сұрайтын боларсыздар, - деді ол биік мінбеден залдағы сессияға қатысушыларға барлай көз тастап. - Айтайын. Біздің бәрімізді қонақ етіп кабылдап отырған осы Сиам мемлекеті - Таи елінің жерінен 5,3 есе үлкен. Екінші сөзбен айтқанда, Қазакстанның жеріне Ұлыбритания, Франция, ГФР, Испания, Австрия, Голландия және Дания сияқты жеті мемлекет тұтасынан сиып кетеді. Баяндамашының бұл сөзін естігенде залдағы жұрт гу ете қалды. Кейбіреулер «Не деген үлкен ел?!» дегендей бастарын шайқасты. Кейбіреулер Европаның ең ірі жеті мемлекеті Қазақстан жеріне сиып кетеді дегенде сенер- сенбестерін білмегендей, көздерін бақырайтысты.

-Ия, мырзалар, дәл солай, - деді содан соң Есенов сөзін ілгері жалғап. - Менің туған елім Қазақстанның жер көлемі 2 миллион 713,3 мың шаршы километр. Таиланд елінің 22 проценті таулы боп келеді екен. Қазақстанның жері батысында Еділ өзенінің төменгі ағысынан шығысында Алтайға дейін 3000 километрге, солтүстігінде Батыс Сібір жазығынан, оңтүстігінде Тянь-Шанға дейін 2000 километрдей қашықтыққа созылып жатыр. - Шахмардан қазақ жерінің кеңдігін айтқанда ерекше шабыттанып, тіпті қанаттанып кеткендей болды. Екі қолын екі жағына кере созып, аспан әлемінде шарықтап ұшып келе жатқан кыран бүркіт қияпатына келді. Содан кейін соңғы сөздерін қайталап айтты: - Батысынан шығысына дейін - 3000, солтүстігінен оңтүстігіне дейін 2000 километр!

Осылай деп ол қуатты қолдарын қайталап жиып, мінбер кемерінен ұстады да, алдында жатқан тезис қағазына бір көз тастап етті. Енді ол Қазақстанның кең байлығын сыпаттауға кірісті.

-Ал біздің осы байтақ даламызда не жоқ десеңші! Тек өндіріске жарамды сынап пен платина ғана тапшы демесеңіз, дүние жүзіне мәлім «Менделеев кестесіндегі» жер байлығының бәрі бар. Әлемге атағы мәлім қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаев бастап, қалғанымыз қостап, жер қойнауын ақтарып, талай тамаша табиғат көмбелерінің үстінен шықтық. Соның нәтижесінде, қазір бірнеше ондаған жылдардан бері біздің Қазақстан қорғасынның, мырыштың, күмістің, вольфрамның, хромның, висмуттың, бариттің, мыстың, молибденнің, марганецтің, кадмийдің, бокситтің, фосфориттің, фосфорит пен ақкіріштің қоры жағынан Қеңес Одағында бірінші орында келеді. Бүкіл ҚСРО-да өндірілетін мыстың, мырыштың, корғасынның дені бізде. Қазақстан мыс, мырыш, корғасын үшеуін Англия мен Франция мемлекеттерінің екеуін қосқанда олардан әлдекайда артық өндіреді. Сонымен, қазір бүкіл Кеңес Одағында өндірілетін қорғасынның - 60, мырыштың - 40, фосфордың - 90, минералды тыңайтқыштардың 80 проценті менің республикамның еншісінде. Қазақстан көмір өндіру жөнінде АҚШ-ты, ГФР-ды және Францияны қуып жетті. Ал мұнайды Англияны, ГФР-ды, Францияны және Жапонияны қосқанда осы төрт мемлекеттен көп өндірді. Сол сияқты темір рудасын Болгарияны, Венгрияны, Польшаны, Румыния мен Чехословакияны қоса алғанда 5 есе, Ұлыбританияны, ГФР мен Жапонияны қоса алғанда олардан 2 есе артық шығарады. Енді түсті металға келсек, оның қоры жөнінен республикамыз жетінші орынға, сирек кездесетін металдар жөнінен алдыңғы қатарға шықты.

Осылай деп Шахмардан Есенов Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық беделді комиссиясының сессиясында өз баяндамасын аяқтады. Ол бұл баяндаманы өзінің туған еліне деген мақтанышпен, қазақтың кәнігі жыршыларындай шабытпен, желпіне жасады. Жыршылар жер бетіндегі қымбат қазына - адамдарды, олардың арасынан шыққан ұлы батырларды жырлайтын. Шахмардан да өз халқының өзгеше жыршысы еді. Ол жер астындағы қымбат кендерді жырлайтын. Оны халық игілігіне айналдыру жөнінде аянбай қызмет ететін.

Бірде оған тақырыптан тыс мынадай сұрақ қойылды:

-Министр мырза, сіз еліңіздің жерінің кеңдігін, оның асты бықып жаткан қазына екендігін әсем суреттеп, бізді қатты қызықтырдыңыз. Өзіңіз сүйсіне сыпаттаған Алатау, Қаратау, Ұлытау, Көкшетау да көкейімізде қалды. Ал енді еліңіздің адамдары қандай? Қазақтардың бәрі сіз сияқты алып тұлғалы адамдар ма?

Есеновке қойылған ресми емес сұрақ осындай еді. Оған Шахмардан сәл күліп алып, одан кейін ойлана тұрып, былай деп жауап берді.

-Ертеде Қобыланды, Ертарғын, Алпамыс сияқты алып батырларымыз болған, күні кешегі дүние жүзінің чемпионы 48 елдің алтын медалін омырауына таққан Қажымұқан Мұңайтпасұлын білмейтін адам кемде-кем. Қазір ондай алып тұлғалы адамдар аздау. Мен орташа ғана қазақпын. Ал елде менен үлкен де кішірек те қазақтар бар. Бірақ алып аз болғанымен, ақылды адамдар көп. Қазақтар шетінен әнші, жыршы, күйші, ақын келеді. Оларды дүние жүзіндегі ең ақын халық деп атауға болады. Егер нағыз қазақтардың қандай екенін толық білгілеріңіз келсе, онда менің Мұхтар Әуезов деген ағамның «Абай жолы» деген роман-эпопеясын оқыңыз.' Оны дүние жүзі біледі.

-Сіз өзіңіз де жыршы, жер қойнауының жыршысы екенсіз, - деді оған тағы да тайланд ғалымы.

-Елде менің Қаныш Имантайұлы Сәтбаев деген ағам бар. Академик. Аты әлемге әйгілі. Жер қойнауының ұлы жыршысы сол кісі. Мен сол кісінің шәкірті ғанамын...

Таиланд сессиясының қонақтары артынып-тартынып елдеріне аттанды. Шетел бұйымдарына құмар жандардың құдайы жарылқады: бір чемоданмен барып, 2-3 чемодан арқалап қайтуларына тура келді. Қазақ өз үйінен алыс сапарға аттанған жолаушыларына: «Жеңіл барып, ауыр қайт» деген тілек айтады. Ал Шахмардан қайда барса да, қанша жүрсе де жеңіл барып, жеңіл қайтуды өзінің бұлжымас әдетіне айналдырған еді. Бұл жолы да ол сол әдетінен танбады.

-Сен мені асыл қазына әкелер деп дәметіп қалған жоқсың ба? - деді алдынан жарқылдай күліп қарсы алған келіншегі Қамилаға қарап. - Шет елдің қаңсығын саған сүйретіп әкелуді ар көрдім.

-Менің асыл қазынам сенсің ғой. Өзің аман келсең маған одан қымбат қазына жоқ, - деп жауап берді Қамила күйеуіне қасын керіп.

-Олай ойлағаныңа рахмет, - деп Шахмардан келіншегін еркелете арқасынан қақты.

Асыл жардың алақанының қызуы жолдасын жанындай жақсы көретін жас келіншекті қорғасындай балқытты.

* * *

Ия, Шахмардан Есенов «дүниеге бой алдырған» жоқ - дүниеқор, бақкұмар, таққұмар емес еді.

Осыны ойлап, суреттің астындағы қазанама сөздеріне көз жүгірттім. Оның әр жолында айтылған аяулы ініміздің өмір баспалдақтарын көзіме елестетуге тырыстым.

* * *

Екінші эссе. Кабинет ішінде екі адам жүздесті. Бірі егде, бірі жас. Екеуі де ұзын бойлы, кең иықты. Екеуі де дөңгелек жүзді, бұйра шашты маңдайлары кере қарыс.

Жас жігіт есіктен кіргеннен кейін кабинет иесінің төрдегі орнынан тұрып, сабырлы қалпымен өзіне қарай аяңдап келе жатқанын көрді. Содан соң ол ізет білдіріп, шапшаңдай аяңдады. Олар жұмыс үстеліне көлденең қойылған, үсті көлдей көк шұғамен жабылған ұзын үстелдің есік жақ шетінде біріне-бірі бетпе-бет келді. Жас жігіт:

-Сәлеметсіз бе, аға, - деп күлімсірей қолын ұсынды.

-Аманбысың, айналайын, - деп егде адам оны сол қолымен қапсыра құшақтап бауырына басты. Еңкейгенде екеуінің де иығы тепе-тең түйісті.

Сол құшақтаған бойы үлкен кісі жас інісін жетектеп, үстел басына әкелді. Екеуі қатар отырып, хал-жай сұрасты. Олардың бір- біріне мейірлене қарауынан, өзара ықылас-ілтипатынан өзгеше бір өшпес достықтың, шексіз қадір-құрметтің жылы шуағы шашылып тұрғандай еді.

Бұл Қазақ ССР Ғылым академиясы президентінің кабинеті, ал оның иесі атақты академик Қаныш Сәтбаев болатын. Президенттің қабылдауына келген Жезқазған геологиялық барлау экспедициясының бас инженері, әлі ешқандай ғылыми атағы жоқ жас жігіт Шахмардан Есенов еді.

Жезқазған! Осы бір сөз қатар отырған ағалы-інілідей осы екі адамға қандай қымбат десеңші! Өйткені, Қаныш Имантайұлы Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін геологиялық барлау мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, 1926 жылдан 1941 жылға дейін Атбасар, Қарсақбай трестерінде инженер-геолог, бас геолог, бас инженер болды: Он бес жыл осы өңірді кезіп, рудалық кендер геологиясын және Қазақстанның минералдық ресурстарын зерттеді. Сөйтіп ол бүкіл Кеңес Одағындағы металлогения ғылымын жасаушылардың бірі болды. Қазақстандық металлогения мектебінің негізін салды. Оның, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәнін бағалап жеткізу қиын.

Ал Шахмардан болса Алматы кен-металлургия институтының геологиялық барлау факультетінде оқып жүрген кездің өзінде атақты Қаныш ағасының жолымен жүруді арман ететін. Сондықтан да ол 1949 жылы институтты бітіргеннен кейін Жезқазғанға жолдама алды. Жезқазған геологиялық-барлау экспедициясының геологы, аға геологы, бас геологы, бас инженері болып, он бір жыл қызмет істеді. Қанекеңнің ізімен жортып, талай-талай қуанышқа кенелді. Кен іздеудің кейбір түйінді мәселелері жөнінде Қанекеңмен ауызба-ауыз ақылдасып, жеңіске жеткен сәттері де аз болған жоқ.

Мінеки, бұл екі адамның жан тебірентерлік достығы осылай қалыптасқан еді. Бұл екінің бірінің арасында бола беретін қарапайым достық емес, бір майданда бірге соғысқан солдаттар арасындағы мәңгілік татулык, шексіз сыйластыққа ұқсайтын. Өйткені бұлардың майданы геология еді. Бұлар да солдаттарша қысы, жазы тау кезіп, тас тексерді. Жер астын бұрғылап, күні-түні тынымсыз еңбек етті. Бұлар да солдаттарша шатырда тұрып, солдаттарша жорык қазанынан ас ішті. Сөйтіп, Қаныш ағасы сияқты Шахмардан да көптеген жаңа кен ошақтарын ашып, бағалы ғылыми материалдар жинақтады. Енді міне ол өзінің ардақты ағасына тағы бір үлкен шаруа жөнінде ақылдасуға келіп отыр.

Жезқазған жағының жай-жапсарын тәптіштеп сұрап білгеннен кейін, Қаныш Имантайұлы өзінің ең сүйікті шәкіртінің бетіне күлімдей қарады.

-Ал, айналайын, Шаха, не шаруамен келдің? - деді Сәтбаев. Ол өзінің жасының, дәрежесінің үлкендігіне қарамастан Шахмарданды құрметтеп Шаха деп атайтын. Шахмардан оған алғашында қысылып та жүрді. Бірақ мені олай атамаңызшы деп ағасының аузынан қақпады. Бір жағынан оным әдепсіздік болар деп ойлады. Екіншіден, Қанекеңнің алдына келген үлкен кішінің бәрін пәленшеке деп құрметпен атау оның сүйегіне сіңген сыпайылық екенін түсінетін. Талай жас адамның президенттің кабинетіне кіші боп кіріп, одан марқайып, көңілі көтеріліп шығатынын талай рет естіген де, көрген де болатын.

Шахмардан келген жұмысын айтты.

Оны осынау Жезқазғаннан Орталық Комитет Алматыға әдейі шақыртқан екен. Осындағы Геология министріне орынбасар болуға ұсыныс жасапты. Әлі бітпеген аса маңызды геологиялық зерттеулері бар. Жинақталған материалдарын ғылыми еңбекке айналдыруы және қажет. Міне осы жөнінде інісі ағасымен ақылдасуға келіпті.

-Қай орынбасарлыққа ұсынбақ? - деді академик аға басын изей отырып.

-Біріншісіне, Қаныш аға.

-Біріншісіне бар. Оның арты министр болу деген сөз. Бірақ орынбасар болсаң да, министр болсаң да ғылымнан қол үзбе. Орынбасар кезінде диссертацияңды тиянақтап таста. Сен дипломсыз да ғалымсың. Бірақ осы күнгі жұрт қатырма тысты қағазға көбірек сенеді. Ал министр болған кезде сенің өрісің кеңейеді. Жалғыз Жезқазған ғана емес, бүкіл Қазақстан кеніне құрық саласың. Сонда Оңтүстік Маңғыстаудағы мұнайлы-газ өндірісін де, Жетібай мен Өзен байлықтарын да зерттейсің. Успенка кен белдеуін тиянақтайсың. Алтайдың түсті металын түгендейсің.

Осылай деп Қаныш Имантайұлы екі қолын екі жағына жайды.

-Мінеки, көрдің бе, сонда сенің құлашың бүкіл Қазақстанды қамтиды. Сонда сен болашақ ұрпаққа қаншама геологиялық қазына көмбесін қалдырасың. Бұған сенің күш-қуатың жететініне сенемін, айналайын. - Осылай деп академик аға Шахмарданды еркелете арқасынан қақты. - Жолың болсын, қалқам. Жасқанба. Бірақ жай министр болма, ғалым министр бол. Түптің түбінде ғылымға да ие керек. Ал сен ғылым үшін, геология үшін жаратылған жансың. Геология - менің тұңғыш қызым, сенің туған апаң ғой. Ендеше, оны ешқашан жетімсіретпе.

Содан кейін президент үстелді саусағымен тықылдатып, төмен қарап сәл отырды да, бұйра шаш арыстан басын қайтадан жоғары көтерді.

-Сенің дәрежең өскен сайын қас-дұшпаның да көбейе береді. Күндеу сөздер де қардай борайтын болады. Бірақ соның бәріне қасқайып қарсы тұр. Иілме, майыспа, сынба!

Сәтбаев осылай деп, әлдекімдерге қатуланғандай қалып көрсетіп, дауысын қаттырақ шығарды да, іні-досының бетіне қарады. Есенов те көзін тайдырмай, ақырын ғана бас изеді.

Осыдан кейін ұстаз бен шәкірт қатар орындарынан көтерілді. Академик болашақ ғалымды қолтықтап, кабинет есігінен шығарып салды. Осыдан жеті жыл кейін осы кабинетке өзі ие боларын Есенов онда білген жоқ еді.

Бұл 1960 жылдың жазы болатын.

* * *

Шахмардан Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. 1944 жылы сол Шиеліден Алматыға оқуға кетіпті.

Бірінші естелік. 1944 жыл менің ерекше есімде. Өйткені осы жылы 23-маусымнан 29-тамызға дейін Кеңес Армиясының екі кезекпен жүргізілген аса ірі стратегиялық тоғыз шабуыл операциясы жүзеге асырылды. Оларды 1-Прибалтика (қолбасшысы И. X. Баграмян), З-Белорусь (И. Черняховский), 2-Белорусь (Г. Ф. Захаров) және ГБелорусь (К. К. Рокоссовский) майдандарының әскерлері қатысты. Осы тоғыз шайқастың бірі 1-Белорусь майданы жүргізген Лоблин-Брест операциясы деп аталды. Бұл майданның қарамағындағы 70-армияның құрамында болған, Ұлы Отан соғысы басталғанда Алматыда жасақталған бүрынғы 100- дербес қазақ атқыштар бригадасының негізінде құрылған 1-атқыштар дивизиясы атақты Брест қаласын жаудан босатып, «Брестік дивизия» деген құрметті атаққа ие болды.

Осы ұрыстарда біздің әскерлер фашист армиясының «Орталық» тобын талқандап, Совет Одағының батыс шекарасына жетті. Одан әрі Нарев, Висла өзендерінен өтіп, 260-400 километрге дейін алға басты. Бұл қиян-кескі операцияларға қатысқан 400 мыңнан аса жауынгерлер мен офицерлер сол жылдың шілде-тамыз айларында ордендермен, медальдармен наградталды. Солардың бірі болып, 1-Брест атқыштар дивизиясының зеңбірек командирі - осы естелік иесі мен де үшінші дәрежелі Даңқ орденіне ие болдым.

1944 жылы 7-қарашада Шиелі ауданында, Шәулімші деген төбенің етегінде Ұлы қазан төңкерісінің 27 жылдығына арналған мереке өтті. Ол мерекеге 1-Белорусь майданынан Қазақстанға делегат боп келген үш аға сержант қатысты. Ол үш жауынгердің бірі мен едім.

Бізді аудан еңбекшілері кұрметпен қарсы алды. Аудан, облыс басшыларымен бірге біз де сөз сөйледік. Мен жиналған жұртқа осы облыс азаматы Еріш Серікбаевтың:

     Болсын десең дұшпаннан күші басым,
     Жұқсын десең бойыма ішкен асым -
     Сырдарияның суынан бір тамшысын,
     Әдейі арнап ала кел, құрбыласым, -деген өтініш-сәлемін айттым.

Майдангерлердің бұл өтініш-сәлеміне халық ақыны Нартай Бекежанов сырнайға қоса шырқап, ұзақ өлеңмен жауап қайтарды. Халық бізге: «Жауды жеңіп, тез қайтыңдар» деп бата берді.

Артынан «Қызыл ту» колхозының бригадирі, майданда жалғыз ұлы қаза тапқан Ыбырай Жақаев деген кесек тұлғалы, көп сөйлемейтін, сабырлы, салиқалы ағамыздың үйінен дәм таттық. Содан соң Қызылорда елінің майданға берген сәлем-сауқатын (60 тонна күріш, 40 тонна балық) алып майданға қайттық.

Шетелде (Польшада) азық-түліктен таршылық тартып жатқан дивизиямызға осыншама олжа әкеліп, абыройға бөлендік. Полктан полкты аралап жүріп, жауынгерлерге айтқан ел сәлемін жеткіздік.

Мінеки, 1944 жыл менің есімде осылай сақталған еді. Әрине, мен ол жолы Шиеліден Шахмарданды көргенім жоқ, Алматыға оқуға кетіп қалған болар. Кетпесе де көп ішінде көрген жасөспірім азамат есімде қалмауы мүмкін ғой. Бірақ менің есімде қалмағанымен, бұл оқиға оның ойында сақталар еді. Өйткені сол кезде 15-16 жасар Ұлбала Алтайбаева (қазір Социалистік Еңбек Ері әрі Ардақты Ана) майданнан келген ағаларды алғаш көрген сол күнді ұмытпапты. Осы Ұлбала маған 1980 жылы Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беруді сұрап Л. И. Брежневке қазақ халқының атақты адамдары жазған хатқа қол қойдыра барғанымда айтқан еді. 1944 жылы майданнан «Шиеліге келген үш баланы» екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев ақсақал да ұмытпапты. Ол кісі де сол жолы, сол хатқа қол қойып отырып, ол оқиғаны есіне түсірген. Бұл менің Шиеліге үшінші рет баруым болатын. Екінші рет Шиеліге 1963 жылы жазушы Қалмахан Әбдіқадыровтың 60 жасқа толуына байланысты Қазак ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасын тапсыруға бардым. Ол кезде «Қазак әдебиеті» газетінің бас редакторы едім.

Сөйтіп мен Шахмарданның туған жерін үш рет көріппін. Үшеуінде де Шиелінін жері жомарт, адамдары еңбекшіл, азаматтары алғыр екенін аңғардым. Бір ауданнан Ыбырай Жақаев, Закира Ұлбала Алтайбаева сияқты 33 Социалистік Еңбек Ерлері шыққан. Солардың ішінде күріш өңдіруден дүние жүзілік рекорд жасап, Ыбырай Жақаев екі мәрте Еңбек Ері атағын алды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Төрт рет Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланды. Ыбыкең нағыз ердің ері болатын.

Тұлға туған жеріне тартады дейтін болсақ, Шахмардан Есеновтің осы еңбекшіл жерлестерінен үлгі алып, өнеге көріп өскені даусыз. Ыбырай ағасынан тура жиырма жыл кейін Оңтүстік Маңғыстауда мұнайлы-газды өңірді ғылыми негіздеп ашқаны және Жетібай мен Өзен кен орындарын барлағаны үшін сол Шиелінің перзенті Шахмардан Есенов Лениндік сыйлық алды. Содан жеті жыл кейін геология-металлогения женіндегі еңбектері және Успен кен белдеуІ жөніндегі ірі зерттеулері үшін оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйльіғы берілді. Сейтіп Шахмарданның туған жері бір ғана Шиелі ауданынан 33 Еңбек Ері, 2 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты шығыпты. Бұл Қазақстан тарихында бұрын-соңды кездеспеген оқиға.

Жоғарыда Шахмарданның туған жерін қашан, қандай жағдайда көргенімді баяндадым. Енді оның өзімен алғаш рет қалай кездескенімді айтайын.

1968 жылы Қазақ Кеңес Энциклопедиясы ашылды. Мені осы жаңа мекеменің тіл, әдебиет және фольклор редакциясын басқаруға жіберді. Ол кезде Энциклопедия академияның шығыс жақ қанатына жалғама етіп уақытша жалпақ панельден тұрғызылған төрт қабат тас үйде болатын. Кейін ол үй құлатылып, орнына академия ғимаратының осы күнгі шығыс жақ әсем ансамблі жалғастырылды. Энциклопедия орналасқан ол тас үйге біз академияның Шевченко көшесі жағындағы үлкен есігінен кіретінбіз.

Бір күні менің қызметке ерте келуіме тура келді. Ол тұста біз Энциклопедияның сөзтізбесін құрастырып жатқан едік. Сол тізбеге халық ақындарының аттарын кіргізу үшін біздің редакцияға белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың «Ақындар» дейтін кітабы қажет болды. Университетті менімен бірге бітірген досым, филология ғылымының докторы Мырзабек Дүйсенов таңертең жүгіруге шыққан кезде, тура сағат 8-де ол кітапты академияның алдына әкеп бермек болды. Өйткені ол күн әрі ғалым, әрі жазушы досымның академияға қызметке келмей, үйінде отыратын шығармашылық күні екен.

Уәде бойынша мен таңертең үйден ерте шығып, сағат 8-де академияның алдына келдім. Оның биік баспалдағына көтеріліп, Мырзабек қайда екен деп жан-жағыма қарай бастадым. Осы кезде бір ақ «Волга» есік алдына келіп, тоқтай қалды. Ішінен академия президенті шығып, баспалдақпен жоғары көтеріле бастады. Бұрын таныстығым болмаса да, есіктен алыстау тұрған күйі:

-Сәлеметсіз бе? - деп президентке иіліп сәлем бердім. Президент басын изеп өте шығар деп ойлаған едім. Өйтпеді. Маған сүзе қарап тез бас-аяғымды шолып өтті. Содан сон менің шашымның ақтығы әсер етті ме, білмеймін, ол бірден ішке кіріп кетпей, есіктен қиыстау тұрған маған қарай бұрылды да:

-Сәлеметсіз бе, - деп қолын ұсынды. Мен күтпеген жерден президенттің танымайтын маған бұрылып, сәлемдескеніне қысылып қалдым.

-Сіз маған келіп тұрсыз ба, жүріңіз ішке, - деді ол күлімсіреп.

Мен одан сайын сасқалақтап:

-Жоқ, ғапу етіңіз, басқа біреуді күтіп тұр едім, - дедім.

-Ә, - деп басын изеді де, ол жай бұрылып, есіктен ішке қарай кіріп кетті.

Менің өн бойымды көкжиектен жаңа көтерілген күннің жылы шуағы шарпып өткендей болды. «Апырау, президентіміз мынадай кішіпейіл адам екен ғой» деп ойлап, ашық тұрған есіктен ұмсынып ішке қарай көз жібердім. Президент еден сыпырып, киім ілгіштерді жөндеп жүрген әйелдермен ықыластана сәлемдесіп, арғы үлкен баспалдаққа қарай көтеріліп барады екен. Оған жолында кездескен адамдардың бәрі, бетін күнге қарай бұрған күнбағыс сияқтанып, жымия, разылықпен қарап қалыпты. Маған академия ішіне бір ғажайып нұр кіріп бара жаткан тәрізді боп көрінді.

Бұл академияның сол кездегі президенті Шахмардан Есенов еді. Бір кезде күткен кісім Мырзабек келді. Үстінде жазғы спорт костюмы, қолтығында кітап.

-Түнде жұмыс істеп, ұзақ отырып едім, ұйықтап қалыппын,- деді ол маған қолын ұсынып, кешіккеніне ғапу өтінгендей.

-Ұйықтап қалғаныңның оқасы жоқ, - дедім мен Мырзабекпен қол қысысқаннан кейін ол ұсынған кітапты алып жатып. - Оның есесіне мынадай қызық болды.

-Қандай?

Мен Мырзабекке академия президентінің, атақты академиктің, ешқандай ғылыми дәрежесі жок, энциклопедияның қарапайым кызметкеріне бұрылып келіп, сәлемдескенін айттым.

- Менің кейбір бұрынғы бастықтарым бұрылып қасыңа келмек тұрғай, алақаныңды созып, алдында тұрсаң да елемей өте шығып, қорбаңдап кабинеттеріне қарай ұмтылушы еді.

-Сен білмейді екенсің ғой, Шахмардан өте кішіпейіл кісі, - деді Мырзабек ентіге сөйлеп. - Кішіпейілдігі сондай көмекшісі «Президенттің қолы тимейді» деп өзіне кіргізбеген кандидаттар мен аспиранттарды ол таңертең сағат 8-де осы жерден жиып әкетіп, кабинетіне апарып бірнеше рет қабылдаған. Көбін разы етіп қайтарған. Баяғыда Сәтбаев марқұм сөйтеді екен.

Осылай деп сәл бөгелді де, Мырзабек сөзін қайта жалғады.

-Бәләй, кешігіп қалғанымды қарашы. Ерте келсем, мен сені президентпен таныстыратын едім.

-Қой, ол ұят болады, - дедім мен басымды шайқап. - Мен ғалым емеспін, президентпен не деп танысамын.

-Ғалым болмасаң жазушысың. Шахмардан жазушыларды жақсы көреді, - деді досым өкінішін жасыра алмай.

* * *

Екінші естелік. 1970 жылы менің «Махаббат, қызық мол жылдар» деген романым жарыққа шықты. Романды оқырман қауым ерекше ілтипатпен қабылдады. Республиканың жоғары, орта оқу орындарында осы романға арналған конференциялар үсті-үстіне өтіп жатты. Өзім оқырман хаттарының астында қалдым.

Сол жылы күзде мен Қазак Кеңес Энциклопедиясына жазылым жүргізуге арнаулы сапармен барып, бірнеше оқырман конференциясына қатыстым. Одан соң Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педучилищенің арнаулы шакыруымен барып, «Махаббат, қызық мол жылдарға» арналған конференцияға қа- тысып, одан да қанаттанып қайттым.

Бұрын мен өз кітаптарымды жора-жолдас, достарымнан, студенттерден өзге ешбір үлкен жазушыға сыйламаған едім. Оқырмандардың жылы сөздерімен жігерленіп, бұл кітабымның бір данасын ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповке ұсынуға бел байладым.

Ғабеңе арнаған кітабыма автограф жазып үйде отыр едім, есіктің қоңырауы шылдырлады. Мырзабек пен келіншегі Зура екен. Серуенге шығып, енді үйлеріне қайтып бара жатқан беттері болса керек.

-Кімге жазып жатырсың? - деді Мырзабек алдымдағы кітапқа назар аударып.

Мен Ғабит ағамызға осы кітапты сыйлауға тәуекел еткенімді айттым.

-Оның дұрыс, - деді Мырзабек. - Ағаларың кітабыңды бермесең оқымайды. Оқымаған соң білмейді. Ал ол кісілердің қай інілерінің кай жерде келе жатқандарын білгендері жөн.

-Ғабең оқи да қоймас, уақыты да жоқ болар. Бірақ кітабымды ол кісіге сыйлау парызым деп білдім.

-Рас, - деді де Мырзабек сәл ойланып қалды. Содан соң маңғазданып алып, сөзін жалғады. - Сен онда екінші кітапқа да автограф жаз.

-Кімге?

-Академия президенті Есеновке.

-Ойбай-ау, ол кісі ғалым ғой. Көркем әдебиетке көз салады дейсің бе?

-Көз салғанда қандай! Әйелі Камила тарихшы. Әдебиетке құмар адам.

-Мені президентке кіргізбейді ғой «Кімсің? Не шаруаң бар? Ертең кел. Бүрсігүні соқ» деп басымды қатырса қайтемін.

-Әрине, қатырады, - деді Мырзабек әзіл-шыны аралас кеудесін кере түсіп. - Баяғыда аспирантураны тастап кетпей, менімен бірге оқи берсең, ендігі доктор болатын едің. Доктор болсаң, президенттің кабинетіне магазинге кіргендей кірер едің. Ғылымның иісі мұрнына бармайтын жаман жазушыны президентке кім кіргізеді?

«Бәлем, бір артықшылығымды білдірдім бе?» дегендей ол маған күлімсірей қарады.

-Жарайды ертең бар. Мен Шахмарданның хатшы қызы Тамараға айтып қояиын. Ол сені кедергісіз кіргізіп жібереді, - деп досым сөзін аяқтады. - Бірақ автографты қазір менің көзімше жаз.

Есеновті ең алғаш көргенім көз алдыма келді. Әлде өзіне өтініш айтуға келген ғылыми қызметкерлердің бірі деп ойлаған болар. Немесе менің ақ шашымды сыйлаған шығар. Әйтеуір президенттің парасаттық білдіріп, таңертең алдынан кездескен танымайтын адамға иманжүзділікпен қолын ұсынуы ұмтылмастай боп менің көкейімде қалып қойған еді. Мен ғалым болмасам да, президентке сол кішіпейілдігі үшін кітабымды сыйлауға тиістімін. «Құланның қасынуына - мылтықтың басуы» дегендей, Мырзабектің мына ұсынысы қандай оңды болды деп ойладым ішімнен.

Мен екінші кітапқа қолтаңба жазуға кірістім.

Мырзабек айтқандай, ертеңінде мен Есеновке кедергісіз кірдім. Есенов орнынан тұрып, үстелді айналып, есікке қарай аяңдап келіп қарсы алды. Маған жоғ-арыдан сәл сүзе қарағандай болып жымиды да қолын берді.

-Сіз бен біз таныс боп шықтық қой, - деді содан соң.

Олай дейтіні баяғы алғашқы кездескеннен кейін де бір-екі рет жолығып қалғанымызда менің сәлеміме бас изеп, қолын беріп өткені бар болатын. Сол есіне түскен болуы керек.

-Жүз таныс екеніміз рас, Шаха. Бірақ Сізді бәріміз де білеміз. Ал менің аты-жөнім пәлен, Қазақ Кеңес Энциклопедиясында қызмет істеймін, - дедім өзімді таныстырып.

-Отырыңыз, - деп президент маған орындык нүскады. Содан кейін өз орнына жайғасты да:

-Онда біздің жаңа мекеменін қызметкері екенсіз ғой. Мен сізді институттардың бірінде істейтін шығар деп ойлаушы едім, - деді маған қайта қарап.

-Иә, энциклопедияның тіл, әдебиет және фольклор редакциясында істеймін, Шаха. Сіздің уақытыңызды бөлгеніме кешірім өтінемін. Рұқсат етсеңіз, бір-ақ ауыз шаруам бар. Соны айтамын да, кетемін.

-Айтыңыз.

-Мынау менің биыл баспадан шыққан кітабым еді. Осыны Сізге және Сіздің үйдегі келінге сыйлайын деп әкелдім. Шаруам осы ғана.

Содан кейін папкамды ашып, ішінен кітабымды алдым да, президентке ұсындым.

Ол кітапқа бірден қолын созбады. Алдымен жеңіл қозғалып креслодан көтерілді. Мен: «Мұнысы несі, кітабымды алғысы келмегені ме?» деп іштей сасқалактап, президенттің бетіне қарадым. Шахмарданның денесінің зорлығы отырған адамға айқын білінеді екен. Мен өзімді биік жартастың етегінде тұрғандай сезіндім.

Менің қолайсызданып қалғанымды аңғарды ма, жылы жымиып,. ұсынған кітабыма карай қолын созды.

-Кітап деген адамзаттын ұлы ұстазы ғой. Оны түрегеп тұрып қана қабылдау жөн шыгар, - деді ол жайлап қана.

Бұл сөзді ол маған арнап емес, өзіне айтқан тәрізді боп танылды, өзімен өзі сейлесіп тұрған сияктанды. Содан кейін кітаптың мұқабасына көз жүгіртіп, алдымен аты-жөнімді ойына тоқуға тырысқандай болды.

-«Махаббат, қызық мол жылдар» деп романның атын дауыстап оқыды да, кірпігін кайта-қайта қағып, бөгеліп қалды. Содан соң түрегеп тұрған қалпында қоңыр дауыспен тақпақтата үн қатты:

     Құдай-ау, қайда сол жылдар,
     Махаббат, қызық мол жылдар?
     Ақырын-ақырын шегініп,
     Алыстап кетті-ау, құрғырлар.

-Осылай ма? - деп ол тағы да жымиып, маған қарады.

-Осылай, - дедім мен де орнымнан атып тұрып.

-Отыра беріңіз, - деп кітаптан бос оң қолының алақанымен менің орнымды нұсқады. Содан кейін өзі де креслоға қайта жайғасты. - Мен Энциклопедияда Мұхаметжан ағамыз Қаратаевтан басқа кітап жазатын ешкім жоқ шығар деп ойлаушы едім.

Қаратаев біздің бас редакторымыз. Президент оны ресми түрде фамилиясымен ғана атамай, алдымен «Мұхаметжан ағамыз» деп алуы оның жүрегіндегі үлкенге деген өзгелерде кездесе бермейтін ұлттық ілтипатты аңғартқандайы. Өйткені лауазымы жоғары жас жігіттердің бәрі өзінен үлкендерді «Әй, Бәленбаев, сен сөйт, сен бүйт!» деп бұйыра сөйлеу жаппай әдетке айналған болатын.

Президентпен бұл кездесуде мен екі нәрсені көңіліме түйдім. Бірі оның өзіне сыйлаған кітапты орнынан тұрып қабыл алғаны болса, екіншісі ағаларға деген ілтипаты еді.

Осыны ойыма түйдім де, енді оның Энциклопедияда Қаратаевтан басқа жазушы жоқ шығар деп ойлаушы едім деген сөзіне жауап бердім.

     ...Болмасан да ұсап бақ,
     Бір ғалымды көрсеңіз, -

дегендей, жазушы ағамызға ұқсауға тырысқанымыз шығар, - дедім.
Президент тағы да тақпақтата жөнелді:

     Ондай болмақ қайда деп,
     Айтпа ғылым сүйсеңіз.
     Сізге ғылым кім берер,
     Жанбай жатып сөнсеңіз?
     Дүние де өзі, мал да өзі -
     Ғылымға көңіл бөлсеңіз.
     Білгендердің сөзіне
     Махаббатпен ерсеңіз.
     Ақыл сенбей сенбеңіз,
     Бір іске кез келсеңіз,
     Ақсақал айтты, бай айтты,
     Кім болса мейлі сол айтты -
     Ақылменен жеңсеңіз.
     Надандарға бой бермей
     Шын сөзбенен өлсеңіз...

Осылай деп тоқтады да ол мынадай түзету жасады: - Кітапта

     Надандарға бой берме,
     Шын сөзбенен өлсеңіз, -

деп басылған. Дұрысы «Надандарға бой бермей» болуға тиіс. Бұл текстологиялық қате шығар деп ойлаймын.

Мен аң-таң болып, президенттің бетіне қарадым.

-Сіз Абай өлеңдерін қалай жақсы білесіз? - деген сөздер аузымнан қалай шығып кеткенін аңғармай қалдым.

Президент қысқа тұжырып жауап берді.

-Жақсы адам, азамат болу үшін Абай өлеңдерін білуіміз керек. Одан соң қалаған мамандығыңды игере бер. - Ол осымен тоқтамақ болған сияқты еді. Бірақ сәл ойланып, ойын әрі қарай жалғады. - Бұл әсіресе басшы боп жүрген қазақтарға қажет. Абай өлеңдерін білмейтін адам білікті басшы бола алмайды. Ал мен Абайдың 100 жылдығына шыққан үлкен томын 1945 жылы, студент күнімде, нан карточкасы жойылмай тұрғанда сатып алдым. Соны қолтықтап жүріп, институтты бітірдім. Соны арқалап жүріп, он бір жыл Жезқазған-Қарсақбай арасын, Ұлытау өңірін шарладым, қазақ даласын кездім. Геолог қапшығымда әр жерден тапқан кен тастарының қасында казақ даласының данышпаны Абайдың кітабы жатты. Менделеев кестесінде жоқ жаңа металл тапсам, атын Абай қойсам деп арман еттім.

-Апырай, ә, мен төрт жыл соғыста винтовка патрондары, қол гранатамен бірге солдат қапшығыма Абайдың 1940 жылғы екі томын салып, арқалап жүрген едім, - дедім Шахмарданға.

-Соғыста болған екенсіз ғой?

-Иә, болдым. Соғыстан келе сала университетке оқуға түсіп, оны 1949 жылы бітіріп шықтым.

-49-жылы дейсіз бе? Онда оқуды сіз бен біз қатар бітірген екенбіз ғой.

-Сіз де сол жылы бітіріп пе едіңіз?

-Иә, сол жылы инженер-геолог диломын ала салып, Жезқазғанға жөнелгенмін.

Мен әр минуты есептеулі президенттің уақытын алмаймын деп ойлап, орнымнан тұрдым.

-Шаха, менің жұмысым бітті, қайтуыма ұрықсат етіңіз, - дедім қоштасуға қолымды созып.

Ол да орнынан тұрды.

-Сыйлаған кітабыңыз үшін сізге рахмет, Әзеке. Бүгін келініңізге апарып беремін. Артынан екеуміз де оқып шығамыз, - деп менің қолымды босатты.

Содан кейін президент мені қолтықтап, кабинет есігіне дейін шығарып салды.

«Қазақ әдебиеті» газеті жұма күні шығады. Ол үйге жаздырып алушылардың қолына сенбі күні түстен кейін тиеді.

Түстен кейін газеттерді ашып қарасақ, ішінде «Қазақ әдебиетінің» 10-желтоқсан күнгі нөмері де бар екен. Мырзабек айтқандай, оның бірінші бетінің алғашқы төрт бағанасына Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есеновтің «Өнегелі әдебиет үрдісі» деген үлкен мақаласы беріліпті. Газеттің екінші беті «Ақын болу шарт емес, азамат болу - парызың» деген тақырыппен шығыпты. Бұл орыстың атақты ақыны Н. А. Некрасовтың нақыл болып кеткен сөзі. Бет осы ақынның туғанына 150 жыл толуына арналыпты.

Газеттің төрт бетін түгел шолып шыққаннан кейін, бірінші бетке қайта келіп, Есеновтің мақаласын оқуға кірістім.

Кейбір ғалымдардың мақалалары тізбектелген терминдерге толы, оқушыны тартпайтын, құрғақ сөздермен сірескен қызықсыз боп келуші еді. Есеновтің мақаласы ондай емес екен. Тіпті кәнігі жазушыларша әр түрлі теңеулер қолданады. Әр сөзін өрнектеп айтуға тырысады. Кейбір теңеулері жөпшеңгі ғалымдардың аузына түсе берместей терең мағыналы екен. Мәселен, мен шүу дегенде мына бір сөйлемнің астын сызып қойдым:

«Жер қыртысын ақтарып кен іздеген геологтай, жазушылар да адам жанының бар қыртыс қалтарыстарына терең үңіліп, қалт жібермей тап басады».

Жалғыз бұл ғана емес, президенттің бірнеше сөйлемдерінің астын сызуға тура келді. Астын сызатын тіркестер көбейіп бара жатқан соң, окыған кітап, газеттерден әр түрлі авторлардың қажетті деген ой, пікірлерін тізіп алып жүретін арнаулы дәптерімді қолыма алдым. Оған Есеновтің де бірнеше сөздері цитата ретінде сол қалпында кешті.Олар мынадай еді:

-Қоғамның қай кезеңі, қандай әлеуметтік ортасы болсын өз қиялдарында қайта толғап, соның көркем болмысын қайта жасауға тек жазушылардың құдыреті жетеді.

-Мың жылғы тарихты тірілтіп, мың жылғы ғылыми болашақты қиялмен болжайтын жазушы жолдастар бір көркемдік әлемнің жаратушысы сияқты.

-Ғалымдар табиғат пен қоғамның сан-салалы ғажайып сырларын ашып, ғылыми ойдың өсуіне көмектессе, жазушылар халықтың эстетикалық талғамын тәрбиелеуге жәрдемдеседі.

-Ғылымы өскен елдің әдебиеті кенже қалмайтыны сияқты, өскен әдебиет ғылымға да әсер-ықпалын тигізбей қоймайды.

-Мәселе тек біздің өзімізге, ғалымдарымыз бен жазушыларымыздың дарынына, парасатына, еңбек сүйгіштігіне байланысты.

-Ұлы адамдар белгілі бір ұлттан шыққанымен, өзінің еңбегі арқылы жалпы адамзатқа ортақ тұлғаға айналады.

-Қазақстан даласында көптеген қалалар мен қорғандардың қалдықтары, обалар бар. Бұған дейін Орталык Қазақстан жеріндегі бірсыпыра корғандар қазылып, зерттеліп еді. Енді көне Отырарды қазу жұмысы басталды. Өткен жылы Іле бойынан табылған «Алтын киімді адам» археология тарихындағы ірі жаңалықтардың бірі болды. Осының барлығы халқымыздың, еліміздің, жеріміздің тарихы. Олар туралы біздің ой шеңберімізді кеңітіп, білімімізді арттырып отырған ғалымдар.

-Ал тарихи мұралар, тарихи оқиғалардың қай-қайсысы болса да көркем шығарманың өзегіне айналуға өздері сұранып тұрған тақырыптар.

Президент мақаласының осы тұсына келгенде менің ойыма Мырзабек тұсті. Мырзакең былтырдан бері «Алтын киімді адамның» айналасынан шықпаушы еді. «Алтын киімді адамды» академия залына көрмеге қойғанда менің бір рет баруға мүмкіндігім болмағанда, Мырзакең соның қасынан кетпеген. Үйге келгенде «Алтын киімді адамды» кергенін қайта-қайта айтатын. Тегі оның «Алтын киімді адам» туралы бірдеңе жазу ойында болса керек. Оның сол ойын академия президентінің мына мақаласы одан сайын лаулатып жіберген-ау, тегі.

Осыны ойлай отырып, Есенов мақаласын оқуды ары қарай жалғастырдым. Ғалым ертеде азабы мен тозағы көп болған қазақ халқының әрбір тарихи кезеңдердегі алуан түрлі тағдырлары, елдікке, ерлікке халықтардың өзара достығына куә болатын өнегелері мен игі істері де бүгінгі көркем әдебиет өзегіне айналуы қажеттігін айтады. Мұның өзі халқымыздың мәдени, рухани жағынан өсіп, биік белеске көтерілгенін көрсетерін сөз етеді. Тек биікке көтерілгенде ғана бұрынғыны, бүгінгіні, болашақты жақсы бағдарлауға болады дейді. Өте орынды, ойлы пікір.

Одан әрі ғалым былай дейді:

-Біз қазақ әдебиетінің дүние жүзілік аренаға шыққанын мақтан етеміз. Шетелдің прогресивті қайраткерлері қазақ әдебиетінің табыстарын жоғары бағалап отырғанын да білеміз. Бірақ шетелдегі буржуазиялық идеология өкілдері қазақ халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті туралы шындықка жанасымсыз теріс түсінік таратып жүргендері де құпия емес. Олар қазақты ертеде мәдениеті болмаған, жабайы халық деген сандырақты таратып келеді. ...Мысал үшін американдық Т. Винпердің «Орыстың Орта Азиясындағы қазақтардың фольклоры мен әдебиеті» (1958) деген кітабындағы теріс тенденцияны айтсақ та жеткілікті.

Жалғыз буржуазиялық идеологтардың ғана емес, коммунистік идеологтардың да айтатыны осы болатын. Қазақтар Қазан төңкерісіне дейін сауатсыз, надан, тағы халық боп келді деген тезисін өзіміздің қазақ «көсемдеріміз» сан жыл бойы, сан рет қайталап айтудан жалықпайтын. Үлкен жиындарда жасалатын барлық баян- дамаларда үнемі осы ұғым дәріптелетін. Ал академик президент ол ұғымды «Қазак халкының тарихы, әдебиеті туралы шындыққа жанасымсыз теріс түсінік» деп бағалап отыр. Әриие, ол мұны шетелдік буржуазия идеологтарының концепциясы деп американдық Т. Винперді бетке ұстай айтады. Анау Алатаудай үлкен үйдегі қысық көз «қырандар» бұл пікірді қалай бағалайды деп, автордың тағдыры үшін толғанбасқа амалың болмайды. Бірақ автор айылын да жимайды. Сондықтан да ол одан соң былай деп өз ойын одан сайын аша түседі:

-Әлбетте, тарих өткен үшін жазылмайды, тарихты білу, халық өмірінің даму жолын тану, ең алдымен бүгінгі күн үшін, болашағымыз ушін керек. Өз халқының, адамзат тарихының даму жолын білмей, өзіңді мәдениетті адаммын деп санау қиын.

Ал керек болса! Күні бүгінге дейін тарихи тақырыптың тізгінін тежеп, тарихи шығарма жазуға ұмтылғандарды аяусыз айыптап келдік. Ілияс Есенберлиннің «Қаһары», «Алмас қылышы» және «Жанталасы» жазушының жанталасып жүріп жарыққа шығарған дүниелері еді. Оны да кейбір сыншылар іреп-сойып, итрәсуасын шығарды. Тек Ілекеңнің Үкімет басшысымен ескі достығының арқасында ол үш том орысшаға аударылып, «Көшпенділер» деген атпен жарыққа шықты да, жаны қалды. Орыс тілінің қуатты қанаты оны шарықтатып, аспанға көтеріп әкетті де, әлемге аян етті. Аспандағы алып құсқа жердегі күншіл қазақ қырғиларының қолы жете алмай қалды.

Ал қолдайтын «көсемі» жоқтықтан «Қаһармен» қатар дүниеге келген екінші тарихи роман - Софы Сматаевтың «Елім-айы!» әлі күнге дейін шаң басып, «Жазушы» баспасының сөресінде жатыр.

«Апырай, Шахаңның мына сөздері тарихи романның талайын көтеріп, бағын жандыруға бастама болса екен!»- деп ішімнен президентке шын жүректен сүйіспеншілік білдірдім. Тағы не айтар екен деп, асығып, ары қарай оқуға кірістім.

-Жалпы тарихи және бүгінгі деген тақырыптарды бір-біріне қарама-қарсы қойғанымыз жөн.

Республикаға идеологиялық басшы болғандардың бәрі тарихи тақырыппен қудай жүлысып, тарихи шығарма жазған жазушыларды жаудай көріп жүрген заманда Есеновтің оны қорғап, осылай үн қатуы азаматтық ерлік деп айтуға келерлік оқиға. Бұлай деп қазақ халқын, оның тарихы мен мәдениетін, ауыз әдебиетін жақсы біліп, оларды жан-тәнімен сүйген адам ғана айта алуға тиіс. Сондықтан да ол өткен кезең шындығының қазіргі бағытымызға сәйкес келетін, бүгінгі жас ұрпақты патриотизм, интернационализм рухында тәрбиелейтін жаксы нышандарын көрсету бірде-бір шарт деп отыр.

«Жарайсың, Шаха! Азамат екесің! - деймін ішімнен. - Осындай адамдар идеология хатшысы болса, әдебиет пен мәдениеттід бақыты жанар еді-ау!»

Бұдан әрі автор бүгінгі ғылыми-техникалык жаңалықтардың адам қиялынан асып түскенін айта келіп, сол ғылымды өркендетуші ғалымдар бейнесі әдебиетте әлі жасалмай отырғанына тоқтапты. Әсірссе қазақ әдебиетінде ғалымдар бейнесі жоқтың қасы депті. Ғылыми ортадан, ғалымдар өмірінен романға да, драмаға да, тіпті комедияға да материал табылатынын айтыпты. Ғалымдар өмірінен реалистік туындылар жазуға да, ғылыми-фантастикалық еңбектер жазуға да болатынын баяндай келіп, ғылыми-фантастикалық жанр - әдебиет пен ғылымның ғана емес, жалпы мәдениетіміздің өсуінің белгісі депті. Бұл ойын:

- Ғылыми-фантастикалық жанр, бір жағынан, ғылыми көрегендікпен шектессе, екіншіден, көркем шығармамен ұштасып жатады. Ойы жүйрік, қиялы ұшқыр жазушылардың болжампаз көргендіктері ғалымдарымыздың ғылым саласында көптеген жаңалықтар ашуына мүмкіндік берген, - деп түйіпті.

Сөйтіп, Ғылым академиясының президенті қазақ жазушыларын ғылыми ортаны, ғалымдар өмірін өз шығармаларына өзек етуге шақырғандай болады. Әсіресе ғылыми-фантастикалық жанрды өркендету қажеттігін көрсетіп, қазақ әдебиетінде тумай жатқан бұл жаңа жанрды дүниеге келтіруді көксейді. Сонда қазақ әдебиеті ке- меліне келген дүниежүзілік әдебиеттер қатарында болар еді деп арман етеді. Өзінің туған француз әдебиетін осы фантастикалык жанрды өркендету арқылы төрт құбыласы түгел әдебиеттер қатарына жеткізген Жюль Верннің «Клодиус Бомбарнан», «Екі мұхиттың сыры», «Су астындағы сексен мың миль» романдарын айтады. Орыстың атақты жазушысы Алексей Толстойдың «Иженер Гариннің гиперболоиды» атты ғылыми-фантастикалық повесі қазір дүние жүзін таңқалдырып отыірған жаңалық-лазер сәулесінің дүниеге келуіне түрткі болғанын баяндайды. Сөйтіп, республика Ғылым академиясының президенті қазақ жазушыларының да фантастикалық ұшқыр қиялы ғылымдағы болашақ жаңалыктарға негіз болуын арман етеді.

* * *

Үшінші эссе. Тағдыр Сәтбаев пен Есеновті замандас болуға жазды. Ұлы адамдармен қатар өмір сүру де өзгеше ғанибет қой. Оның үстіне Есенов өзінен 28 жас үлкен замандас ағасымен сыйластығының үстіне сырлас та болды. Бір жолы Сәтбаев інісіне мынадай сөздің шетін шығарды.

-Шахмардан, сен Жезқазған өңірін жете зерттеп, көп ғылыми материалдар жинадың. Оны қорытып, монография, диссертация етіп, ел игілігіне айналдырасың ғой. Оған сөзсіз сенемін. Сонымен бірге сен бір нәрсеге ой жіберіп жүрсің бе?

-Нені айтасыз, Қаныш аға? - деп Есенов елең етіп, ағасының бетіне қарады.

Қанекең байсалды қалыпта отырып, сөзін қайта жалғастырды.

-Мен 1926 жылы Томск технологиялық институтын бітіріп келгеннен кейін Атбасар, Қарағанды трестерінде геологиялық бөлімнің жетекшісі, бас геологы болдым ғой. Сол жерлерде соғыс басталғанша үздіксіз зерттеу жұмысын жүргіздім. Соның нәтижесінде Жезқазғанның мыс қоры бұрынғы белгілі өндірістік қорынан жүз есе көп екені анықталды. Жалғыз Сарыарқа ғана емес, Кенді Алтай аймағына да жіті назар аударуға тура келді. Мен осылай етіп, бүкіл Қазақстанның жер қойнауындағы қазыналы кендерді анықтап, картаға түсіруді арман етуші едім. Сейтіп, жер астындағы геологиялық қоймалардың кілтін халықтың қолына ұстатуды мақсат тұтатынмын. Бірақ 1941 жылы соғыс басталысымен мені Алматыға, ҚСРО Ғылым академиясының филиалына қызметке әкетті. 1946 жылы академия ұйымдастырдық. Содан 1950 жы- лы ғана Сарыарқаның - Орталық Қазақстанның комплексті металлогендік болжамдық картасын жасауға кірістік. Бұл - Қазақстанның шығыс жағы ғана. Ал оның батыс жағының астындағы байлық әлі зерттелмей жатыр. Сен осыны ескеріп жүрсің бе? Түптің түбінде сен арқалайтын үлкен жүктің бірі осы болуға тиіс.

Аға жүктеген бұл міндет әрқашан Шахмарданның есінде жүрді. Геология министрінің орынбасары болғаннан бастап, күндіз кеңсе жұмысын атқарса, түнді түнге қосып, диссертациясын жазды. Оны қорғап, тиісті ғылыми атақтар алды.

Министр қызметі бар, геология - минералогия ғылымының докторы атағын алған кісінің енді еш нәрсемен әуре болмай, тыныш өмір сүруіне болатын еді. Шахмардан өйтпеді. Қаныш ағадай ұстазының өсиетін орындауға бар күшін салды. Батыс Қазақ- станды, әсіресе Қаспий, Арал айналасын зерттеуді жедел қолға алды.

Үкімет алдына мәселе қойып, қаржы-қаражат жағын реттеп алғаннан кейін арнаулы экспедициялар құрды. Солардың қызметін бақылап, зерттеу-бұрғылау жұмыстарына басшылық ету, тиісті кеңес беру үшін Алматыдан сонау Батыс Қазақстанға сан рет сапар шегу қажет болды. Қаланың өзге жұрты жексенбі күндерін аң қуу, балық аулау, парк қыдыру, кино-театрға барып өнер қызығын тамашалаумен өткізсе, министр Есенов жұма күнгі кешкі рейспен батысқа қарай бет қойып, дүйсенбі күні таңертең Алматыға оралып жүрді- Тіпті кей жылғы айлық демалысын да экспедиция басында өткізетін болды.

«Талапты ерге нұр жауар» дегендей, Есеновтіц бұл ерен еңбегі босқа кеткен жоқ: Батыс Қазақстаннан мұнай мен газ шығатын ірі өндіріс орындары ашылды. Есеновтің басшылығымен Жетібай мен Өзен мұнай кен орындарының қысқа мерзімде барланып, іске қосылуы әрі ғылыми, әрі экономикалық үлкен жетістік болды. Осы еңбегі үшін оған 1966 жылы Лениндік сыйлық берілді. Ал 1967 жылы Есенов ҚСРО-ның ғылым мен техника саласындағы Ленин және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Мемлекеттік комитетінің мүшесі болды. Бұл аса жоғары дәрежелі комитет құрамында бұрын Қазақстаннан жалғыз атақты ғалым Қаныш Сәтбаев қана бар еді. Қанекең дүниеден өткеннен кейін ол орынға Қазақстаннан ешкім де ие бола алмаған. Енді міне ұстазының орнын сүйікті шәкірті басты.

Шахмардан Есенов геология ғылымының бағытын алдын ала болжай білетін. Жасаған болжамын іске асырмай және тынбайтын. Ол өз қамын емес, халық қамын ойлайтын. Ғылымның халық игілігіне асуына аянбай күш жұмсайтын. Бұған «Успенск шайкасын» мысалға келтіруге болады.

Көп жылғы зерттеулерінің нәтижесінде Есенов Успенск геологиялық ауданын өркендетіп, онда жатқан өлшеусіз мол кен қорын халық байлығына айналдыру қажет деген қорытындыға келді. Бірақ Есеновтің бұл пікіріне кейбір ғалымдар қарсы шықты. Әсіресе Москва өкілдері:

-Бұл құрғақ қиял. Өйткені Успенск аймағында ондай мол кен жоқ. Оған өндіріс орнату халық қаражатын босқа шығындау деп даурықты.

Солардың тілін алып, Шахмарданның бұл дауды дамытпай қоя салуына болатын еді. Бірақ халыққа қажет кен байлығы көзден таса қала беруі оның жанын қинады. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, ол «Успен ауруымен» ауырды. Ақыры Шахмардан бастаған ғалымдар жеңіп шықты. Сөйтіп, Қазақстанда кенді Алтайдан кейінгі екінші кен белдеуі ашылды. Бұл республика геологиясының өміріндегі соңғы жылдардағы Маңғыстау мұнай-газын ашудан кейінгі екінші ең елеулі оқиға еді. Ғалымдар арасында «Успен шайқасы» деп аталатын осы еңбегі үшін 1972 жылы Шахмардаң Есеновке Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Осы жылдардың бірінде Есенов Канадаға барды. Канаданың ұлы өзені Оттаваның жағасына жайғасқан әсем астана Оттавада өткен геологиялық дүние жүзілік үлкен мәслихатқа қатысып, «Қазақстанның қазба байлықтары» деген тақырыпта баяндама жасады. Бір кезде Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен жасалған «Қазақстанның геологиялық картасы» қалы кілемдей жайнап, қабырғада ілулі тұрды. Әр жері әр түрлі түсті бояулармен боялған, бетінде Р, Р, С, О, Е, Д деген сияқты неше алуан латын әріптері бықыған салтанатты картаның оң жақ шетінен түсті бояулармен белгіленген шартты белгі кішкентай шаршылардың жанынан «Атропоген шөгінділері», «Неоген», «Палеоген», «Бор», «Юра», «Триас», «Пермь», «Карбон», «Девон», «Кембрий» деген сөздер көзге шалынды.

Есенов осы көлдей картаның алдына келіп, туған жерге тәжім еткендей сәл иілді де, сол қолындағы таяқшасын ыңғайлай ұстап, картаның о шеті мен бұ шетіне көз жүгіртті. Оның көз алдына Сарыарқа даласының үкідей желбіреген ақ селеуі, Ұлытау, Қаратау, Алатау сияқты асқар таулары елестеді. Содан кейін сәл жымиды да баяндамасын бастап кетті.

Асқақ әншілердің аузынан тастамайтын атақты әндері болады. Олар сол сұлу сазды сүйікті әнін сан жерде шырқайды. Әр жолы шабытпен, шаттанып айтады. Құлақ құрышын қандырып, тыңдаушыны теңіздей тебірентеді. «Гәккуді» Күләш солай шырқаған! «Гауһартасты» Бибігүл де шексіз шабытпен айтады.

Шахмарданның да осындай өмір бойы айтатын өз жыры бар. Ол - геология! Ол таусылмайтын жыр Қазақстанның жер астында шалқып жатқан ғажайып қазынасы - сарқылмас кен байлығы.

Бұл 1971 жылдың аяқ кезі еді.

-Мырзалар, сіздер қазір Қазақстанның геологиялық картасын көріп отырсыздар, - деп бастады Есенов сөзін, залға бетін бұрып, оң қолымен қабырғадағы картаны нұсқап. - Бұл карта Қазақстанның бүкіл дүние жүзіне аты әйгілі ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың басшылығымен жасалған. Мен жерлесім, өзімнің ұстазым Сәтбаевтың түр-тұлғасы, парасат-білімі туралы айтып жатпаймын. Тек ол туралы ел ішінде айтылатын бір аңызды ғана айта кеткім келіп тұр.

Осылай деп ол залдағыларға жымия қарап қойды. Мұндайда баяндамасын басқа жұрт өз елінің байлығын айтудан бірден бастаушы еді. Ал мына қиық көз, алып денелі аққұба қазақ аңыздан бастамақ. Сонда не айтпақ? Не дер екен? - дегендей әркімдер қозғалақтап, наушниктерін кұлақтарына жапсыра ұстап, мәжіліс төрінде тұрған көлдей карта мен оның қасындағы таудай ғалымға таңдана карап қалды.

-1941 - 1946-жылдарда Кеңес Одағының неміс-фашистеріне қарсы Ұлы Отан соғысын бәріңіз де білерсіздер, - деді Есенов сөзін баяу бастап. - Ол адамзат тарихындағы аса ауыр соғыс болды.

Бүкіл Батыс Европаның жер қойнауы қазынасын жаулап алған Гитлер солардың бәрін қару-жараққа айналдырып, шығыс майданына төкті. Черчилл мен Рузвельт іштерінен «Үрит, соқ-соқ!» деп үндемей отырды. Екінші майдан ашамыз деп ауыздары айтқа- нымен, арт жақтары қозғалмады.

Сонда жаны қысылған Сталин Қазақстандағы Қаныш Сәтбаевқа телефон соғады екен.

-Қаныш Имантайұлы, бізде танктердің сыртын қаптайтын оқ өтпес болат-марганең жетпей жатыр. Марганең! Сіз бірдеңе табасыз ба? - деп сұрайтын болса керек.

-Табамыз, жолдас Сталин. Қайда жіберейік? - дейді екен Сәтбаев.

Сталинмен сөйлескеннен кейін Сәтбаев бір атым насыбайды ерніне тастап кеп жіберіп (Чирчиллше түтінін будақтатып, сигар тартпай, қазақша насыбай атушы еді, ол кісі), ойланып әрлі-берлі жүретін болса керек. Содан соң жеңін сыбанып тастап, қалтасына қол салған адам сияқтанып, оң қолын сұғып жіберіп, Отан қорғау қажетіне керекті күміс түсті ақ металдың рудасын қазақ жерінің астынан солаң еткізіп суырып алады екен. Сәтбаевтың алақанына ілінген асыл металл эшелон-эшелон болып, Сталин айтқан заводтарға қарай ағылыпты-ау содан соң...

Сталин бір күні тағы да Қаныш Сәтбаевқа телефон соғыпты. Енді самолеттерді көбейту үшін алюминий қажеттігін айтыпты. Одан кейін үшінші рет телефон соғып «Жеңіске жету үшін жау төбесінен оқты жаңбырша жаудыруымыз қажет. Ол үшің көп қорғасын керек, Қаныш Имантайүлы» депті Сталин.

-Фашизмді жеңу үшін бәрін де табамыз, жолдас Сталин, - деп жауап беріпті Сәтбаев.

Есенов осыны айтып, тағы да залдағыларға көз тастайды. «Сенсеңдер де, сенбесеңдер де осы!» дегендей ақырын күлімдеп қояды. Жұрт бұған бірі сеніп, бірі сенбегендей күй танытады. Кейбіреулер бастарын да шайқап қалды.

-Аңыз осылай дейді, - деп Есенов сөзін әрі қарай жалғайды.

-Ал халық аузынан тараған әрбір аңыз шындыққа негізделеді. - Осылай деп алып, ол енді қазақ жерінің кен байлығы туралы ағыл - тегіл сөз ағытады. - Жаңағы айтқан фашистермен соғыс алдындағы және майдан жүріп жатқан жылдары Қазақстанда шикізат көздері бірінен соң бірі ашылып, жау төбесіне от боп құйылып, оқ боп борап жатты. Ол байлықты соғыстан он бес жыл бұрын зерттеп ашқан Қаныш Сәтбаев соғыс кезінде де жер астының қойнауынан көз жазбады. Соның нәтижесінде шығыстан батысқа қарай самғаған самолеттерде, Берлинді бетке алып, жөңкіген танк- терде жарқырап қазақ жерінің қойнауынан шыққан металдар кетіп бара жатты. Төрт жыл бойы Совет Армиясының жауға қарсы жанбырдай боратып атқан оғының оннан тоғызы Қазақстанда жасалды. Жезқазған, Қоңырат, Риддер, Зырян, Ащысай, Ақсу, Жолымбет, Бестөбе сияқты кеніштер бойындағы байлықты мырзалықпен халықтың қолына ұсынды. Осылай деп баяндамашы аталған кен орындарын таяғының ұшымен бір - бір түртіп өтті. - Орал-Ембі өңірінен табылған мұнай көздері еліміздің энергетикалық күш-қуатын еселеп арттырды. Жалпы 1940 жылдарға дейін Қазақстан жерінің 70 проценті геологиялық тұрғыдан толық зерттеліп, картаға түсірілді.

Бұдан кейін баяндамашы Қазақстанның көмір өнеркәсібін өркендетуде РСФСР мен Украинадан кейінгі орында екенін айтты. Ол:

-Қарағанды, Екібастұз, Торғай, Майтөбе бассейндері сияқты қазақ жерінде 42 миллиард тоннадан астам көмір қоры бар 500 кеніш жұмыс істеп тұр, - дегенде залдағылардың кейбіреулерінің көздері бақырайып, естері шығып кетті. - Мұның сыртында соңғы кездері Шерубай-Нұра, Саран, Шұбаркөл сияқты аса қорлы көмір қабаттары табылып отыр.

Бұдан кейін Есенов Қазақстанның темір рудасы байлығына көшті. Темір байлығы жөнінен республика Қеңес Одағында РСФСР мен Украинадан кейін үшінші орында екенін айтып, оның 90 проценті Торғай ойпатында жатқанына тоқтады.

-Ал қазір Қазақстан алтын мен күміс қоры жөнінде де ССРО бойынша үшінші орында. Негізгі алтын кеніштері Көкшетау мен Целиноград өңірлерінде. - Қолындағы таяқ тағы да картаны екі түртіп етті. - Алтын мен күмістің едәуір бөлігін Алтай полиметалл кеніштері береді. Сондай-ақ бұл бағалы байлықтың барлығы Қалба жотасы мен Шыңғыс Тарбағатай өңірлерінде, Оңтүстік Қазақстан мен Шу-Іле тауларында да байқалып отыр. Қазақстанда қара және түсті металлургияны өркендету ісінің де орны өлшеусіз. Түсті металдан, әсіресе, мыс, қорғасын, мырыш қоры басым. Республикамыз қорғасын мен мырыш қоры жағынан 1941 жылы-ақ КСРО-да бірінші орынға шыққан. Қазақстанда орасан зор мыс рудасын өндіретін шикізат базасы жасалынған. Бүгінде белгілі 48 кеніштің 19-ы жұмыс істеп тұр. Соның ішінде өте-мөте ірісі - Жезқазған-Балқаш көздері. Республикадағы мыс қорыныц 46 проценті осы өңірде. Сондай-ақ соңғы кезде полиметалл және түсті металл рудасының өндірісі Шығыс Қазақстанда да жедел өркендеп келеді. Бізде рудаға жатпайтын шикізаттар, кен-химиялық және агрономиялық шикізаттар мен құрылыс материалдары да жеткілікті. Бұл салада фосфор өндірісі айрықша дамыған. Барлык фосфор жағынан КСРО-да екінші орындамыз. Бір ғана Қаратау бассейнінде фосфор шикізатының 40-тан астам кеніші бар. Ал Ақтөбе өңірі ше? - Академиктің таяғы тағы да картаны бір нұқып өтті. - Онда қазір геологиялық деректер бойынша 1,0 миллиард тонна фосфор шикізаты бар.

Жұрт гу ете қалды. Кейбіреулер қол соғып жіберді. Академик Есенов жұртка жымия бас иіп, әңгімесін аяқтауға ыңғайланды.

-Мінеки Қазақстан осындай! Оның бір шетінен екінші шетіне жету үшін ұшқан қыранның қанаты талады, жортқан тұлпардың тұяғы тозады, - деді картаның шығысынан батысына, солтүстіктен оңтүстігіне қарай таяқшасын сермей көрсетіп. - Жүйрік поезд бес тәулік жүйткиді, ұшқыр самолет бес сағат самғайды. Осындай ұлан-ғайыр өлкені біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы анталаған жаудан аман сақтап, бүгінгі ұрпағына - қазіргі қазактардың қолына табыс еткен. Жер байлығы - мемлекет қуаты. Кімнің жері бай болса, ол ел ешқашан да, ешкімнен де жеңілмейді. Адамзат- тың қас жауы фашизмді талқандаған кешегі ұлы соғыста Қазақстан елі мен жерінің сіңірген еңбегі ерекше. Қазактардан ұшкыштар да, танкистер де, артиллеристер де шықты. Қазақтар партизан отрядында болып, фашистерді желкеден соққылады. 96 қазақ еліміздегі ең жоғары атақ - Кеңес Одағының Батыры деген дәрежеге ие болды. Фашистердің төбесіне сан рет нажағай боп ойнаған ұшқыш Талғат Бигелдинов екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Ол қазір республикамыздың астанасы Алматы қаласында тұрады. Бұл соғыста бүкіл советтік Шығыстан екі-ақ әйел Кеңес Ода- ғының Батыры атағына жетті. Оның екеуі де Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова деген қазақ қыздары. Бүл екі қыздың біреуі 19-ға қараған шағында, бірі 21 жасында соңғы ерліктерін жасап, фашистердің оғынан қаза тапты.

Мінеки біздің еліміз, жеріміз, адамдарымыз осындай!

Осылай деп академик қалтасынан орамалын алып, сәл тершіген ақ маңдайын бір сипап өтті де, сөзін жалғады.

-Мен бағанадан бері туған жерімнің байлығын мақтана мадақтадым, - деді ол әдетінше ақырын жымиып қойып. - Біз бәріміз де пендеміз. Әркім Отанын мақтаныш етеді ғой. Менің жанымның жалауы - Қазақстан! Айтар ән, асқақ жырым да - қазақ геологиясы. Бұл үшін ғалым әріптестерім кінәлай қоймас деп ойлаймын.

Енді, сөзімнің соңында ішімдегі бір жан жарамды және айта кетейін. Адамдардың бір қуаныш, бір ренішті басынан кезек кешіруі өмір заңы ғой. Жаңа «ішімде бір жан жарам бар» дедім. Қазақта «Ауруын жасырған - өледі!» деген мақал бар. Одан баска қазақтар: «Қырықтың бірі - қыдыр» деп те мақалдайды. Жалпы менің халқым мақал мен мәтелге өте бай. Қез келген қазақты мақал мен мәтелдің энциклопедиясы деп бағалауға болады. Егер ол мәтелдер мен мақалдарды толық жинаса, Брокгауз бен Ефрон энциклопедиясының тура он томын толтырар еді. Жоғарыда айтқан алғашқы мақалдың - «Ауруын жасырған - өледі» дегеннің мәні бойында сырқатың барын білсең, дереу дәрігерге бар, ғалымдармен кеңес, білімділерден ақыл сұра дегенді білдіреді. Ал екіншісінің мәні: үйіңе келген қырық адамның пайдасы тимегенімен, қырық бірінші қонағың қыдыр-жарылқаушы болуы мүмкін. Сондықтан адамдардан ешқашан үміт үзбе, олардың бәрін бірдей ардақтап, бірдей күт дегенді білдіреді.

Сонымен менің сіздерге айтайын деп, емін іздеп тұрған «ауруым» мынау...

Осылай деп сымбаты, сұлу академик сәл мұңайғандай болып төмен қарады.

Залдағылар: «Апырай, мына кісінің бойында жазылмастай дерт бар-ау дегендей, оған мүсіркей көз тастап, құлақтарын тоса ілгері ұмсына, ентелей түсті.

-Сіздердін ұлы өзендеріңіз Оттава өте ғажап екен! - деді алып академик басын қайтадан көтеріп. «Ауруын айтамын деп тұрып, біздің Оттаваны ауызға алғаны несі?» дегендей, кейбіреулер іштей таңданып қалды. Ал қонақ ғалым сөзін одан әрі жалғастыра берді. - Оның жағасына барғанда менің шешініп жіберіп, суға сүңгіп, құлаштай малти жөнелгім келді. Өйткені мен Сырдария деген осындай үлкен өзеннің жағасында өстім. Сырдария 2212 километрге созылды. Оттаваның ұзындығы, ұмытпасам, 1120 километр болуы керек. Солай ма? - деп Есенов залға иегін кетерді.

-Дәл айттыңыз, - деді залдан біреу үн қатып. - Тура айтқаныңыздай.

Біздің Сырдарияның бойында екі электр станциясы бар. Оның арнасынан алынатын су шығыны орта есеппен секундына 1650 текше метр. Суы каналдар, арықтар арқылы егін суаруға, негізінен күріш өсіруге пайдаланылады. Қалған суы Арал теңізіне құяды. Ал Оттаваның орташа су шығыны секундына екі мың текше метр екен. Канал арқылы Онтарио көліне барып құяды. Оттаваның қалған суы да Онтарио көлінің деңгейінен төмен түсірмеуге жетіп жатыр. Осылай ма, коллега? - деп Есенов тағы да залдан жауап берген адам жакқа қарады. «Дәл солай» деп алғашқы дауыс қайтадан жауап берді. - Ал біздің Сырдарияның суы көлдің көлемін толтыра алмай, сол аймаққа апат төне бастады. «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» деп біздің фольклорымыз мыңдаған жыл мақтаныш етіп келген Арал көлінің деңгейі күрт төмендеп, күні кеше көл бетінде қаздай қалкыған балықшы кемелері, ажалды дауылға ұшырап, әр жерде шөгіп қалған кірекеш- керуеннің түйелеріндей теңкиіп, жаға-жағада қайырлап қалды. Теңіздің осы күйі ауру мүжіп әлсіреген асыл ананың ақырғы демін күтіп, қасында қан жұтып отырған баладай күйге душар етті бізді. Өйткені ертең теңіз тартылғаннан кейін оның орнынан мыңдаған тонна тұзды топырақ ауаның толқынымен көкке көтеріліп, сол маңдағы, тіпті алыс аймақтағы елдердің төбесінен тас боп жаумақ. Тереңдігі 25-70 метр, аумағы 64,5 мың шаршы километр көл құ- рыса, көкорайы жайқалып тұрған үлкенді-кішілі үш жүз арал түгел жойылмақ. Балқаш пен Арал Қазакстан жерінің қос көзіндей болса, енді менің елім сол екі көздің бірінен айрылардай халде тұр қазір. Қазақстан ғалымдары жанталасып Аралды құтқарып қалудың қамын ойлауда. Оған СССР Ғылым академиясы да ат салысуда. Аралды аман сақтап қалу үшін Сырдария мен Амудария бойындағы күрішке су тарататын барлық тоған-тоғандарды бұзып, екі өзеннің де суын теңізді толтыруға жіберу туралы менің өз ұсынысым жергілікті жерде қолдау таппай отыр. Атап айтқанда, ҚСРО Мелиорация және Су шаруашылығы министрлігіндегілер және соларда бас шұлғушылар: «Онда біз күріштен айрыламыз. Бұл барып тұрған ессіздік» деп бет бақтырмайды. «Онда біз күріштен де, Аралдан да айрыламыз» деген уәжді ешкімнің құлақ қа ілгісі келмейді. Мінеки, жоғарыда қазак халқының ауруды жасырмау жайында мақалы бар дедім ғой. Елімнің экологиялық ауруын, құрметті Канада ғалымдары және басқа елдерден келген коллегалар, сіздерге де жасырмай жариялап тұрмын. Бүкіл дүние жүзі ғалымдарына үндеу тастап, олардың Аралды кұтқару жөніндегі ақыл, көмегін сұрап отырмыз. Адамзаттың адал досы ғалымдар ғой. Олар саясаткерлер сияқты сатымсақ та емес, ұлтшылдар тәрізді эгоист те емес. Барлық ой қуатын, ғылыми күшін жалпы адамзат игілігіне арнайтын дүние жүзінің ұлы азаматтары - ғалым коллегаларым, сіздерге айтайын деген бір жан сырым осы менің!

Енді мен сіздердің сұрактарыңызға жауап беруге әзірмін.

Есенов үлкен басын сәл иіп, көмірдей қара шашын бір сипап қойып, ақ маңдайы жарқырап, қасқайып залдағы ғалымдарға қарады.

Қазақстанның қазба байлықтары да, Есеновтің Арал тағдыры туралы тебірене сөйлеген сөзі де жиналған жұртты тәнті етті.

-Міне байлық!

-Міне қазына!

-Міне елі үшін еңіреп туған азамат! - деп әркімдер-ақ таңдай қағысты.

-Адамдарының бәрі осы академиктей болса, Қазақстанның халқы да алып шығар, - деген сөздер де естілді.

Мәжілісті басқарып отырған ақбас ғалым орнынан тұрып, қоңырау шылдырлатты.

-Кәне, кімде қандай сұрақ бар? Айта беріңіздер, - деді.

Сұрақтар бірінен соң бірі қойылып, Есенов бәріне де парасатты

Жауап қайтарды. Қазақстанның кен байлығына, геология ғылымына, республикада ғылымының жалпы өркендеуіне байланысты сұрақтардан басқа мынадай да сауалдар болды.

-Сіздің елдің жер туралы заңы қандай? Қазақстан сияқты бай өлкеден басқалардың жер сатып алуына бола ма?

-Біздің конституциямыз бойынша жер, - оның қойнауындағы қазбалар мемлекет меншігіне жатады. Жер - біздің ұлттық қазынамыз. Ол ешкімге сатылмайды. Біз жерді сату - елді сату деп есептейміз. Жер - біздің Анамыз. Қазақтар Анасын ешкімге де сатпайды!

-Сіз байсыз ба? Машинаңыз нешеу? Самолетіңіз бар ма?

-Біздің қазақ халқында мынандай мақал бар, - деді Есенов бұл сұраққа жауап берер алдында сәл ойланып алып, - бірінші байлық - денсаулык, екінші байлық - ақ жаулык, үшінші байлық - қос саулық. Халық осылай дейді Мұның біріншісі - ден- саулық бәріңізге де түсінікті. Екіншісі - ақылды әйелің, үшіншісі - ішер ас, киер киімің болсын дегені. Мен халқымның осы үш принципін ұстанған адаммын. Ең үлкен байлығым - елімнің амандығы, халқымның тыныштығы. Өз байлығым осы тұрған бойым: ойлайтын ойым, көретін кезім, сөйлейтін тілім, жұмыс істейтін қолым, жүретін аяғым. Үйде ақылды, арлы, жан серік жақсы әйелім отыр. Киетін киім, ішетін асым, өмірімді жалғастыратын Шахизада, Мақсұт, Ескендір, Сұлтан атты балаларым бар. Жекеменшікті машинам жоқ. Қызметте маған екі машина бекітілген соларды пай- даланамын. Бізде жеке меншік самолет деген ешкімде болмайды. Бәлкім кейін болар. Оған біздін болашақ ұрпақтар иелік етер.

-Сізге ғылыми атақ диссертация қорғамай беріліпті деген рас па? Әлде бала күніңізде вундеркинд болдыңыз ба?

-Менің ағам, осы геологиялык картаның авторы, - ол оң қолын созып, өзінің сырт жағында ілулі тұрған үлкен геологиялық картаны нұсқады, - Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ешқандай диссертаңия қорғамай-ақ 41 жасында бірден геология-минералогия ғылымының докторы атағын алды. Ол кезде Қаныш Имантайұлы Жезқазған-Қарсақбай тресінде бас инженер еді. Ал мен сол жерде бас инженерліктен республика Геология және жер қойнауын корғау министрінің орынбасары боп жоғарылатылдым. Осы қызметте жүріп алғашқы 6 айда кандидаттықты жазып қорғадым. Келесі 6 айда докторлык диссертация бітіріп, оны және қорғап шықтым. Сөйтіп, министрдің орынбасары болған бір жылда осылай жұмыс істедім.

Мен бала күнімде вундеркинд болғаным жок. Әкем Жорабек қазақша, орысша хат танитын еді. Ауыл көлемінде ғана қызмет істеді. Қазақ фольклорын көп білетін. Ал шешем Шарипа үй шаруасының ғана адамы болды. Мен ауылда өскен көп қазак балаларының бірімін - дала перзентімін. Кішкентай күнімнен Табиғат- ананың кұшағында естім. Ер жеткен соң 11 жыл рюкзак арқалап,. Қазақстанды кездім: таумен сырластым, таспен тілдестім, шөппен сөйлестім. «Сөйлестім» дейтінім қазақ даласының шөбі ұға білген кісіге үн қатып, ишара білдіріп тұрады...

-Жаңа академик Есенов өте өрелі сөз айтты, - деді төрдегі ақбас ғалым сөзін жалғап, - адамзаттың адал досы ғалымдар ғана деді. Өте орынды сөз! Жаңағы бұл кісі айтқан Арал тағдыры бізді де толғандырмай отырған жоқ. Бұл мәселе жөнінен біз ға- лымдарымыздың арнаулы сессиясын өткізіп, ақылдасамыз. Аралды құтқаруға біздің Канада ғалымдары да өз үлесін қосуға тырысады.

Төртінші эссе. 1973 жылы қыркүйекте Алматыны шетелдік қонақтар кернеп кетті. Бұлар Азия мен Африка елдері жазушыларының бүкіл дүние жүзілік V конференциясына келген меймандар еді. Қаламгерлер тек қана Азия мен Африкадан ғана емес, Европа елдерінен де бірсыпыра келді.

Қыркүйектің 4-9 күндері екі құрлық жазушылары Қазақстан қаламгерлері одағының үйінде келелі мәжіліс еткізді. Әлем жазушыларының алдында тұрған басты проблемалар кеңінен талқыланып, келелі әңгіме козғалды.

Мәжілістің соңғы күні Қазакстан Ғылым академиясының үйіне ауысты. Оның үлкен залында өткен бұл салтантты жиын ғұлама ғалым, екінші ұстаз Әбунасыр Әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына арналды.

Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті академнк Есенов жиынды ашып, Әл-Фараби туралы бірінші баяндаманы өзі жасады. Ол өз баяндамасында екінші Аристотель аталған Шығыс ғалымы Әл-Фараби ғылымының дүние жүзілік маңызына кеңінен тоқтады. Оны адамзат қоғамының әр кезеңінде өткен алуан түрлі ғалым- дармен салыстыра сөйлеген сөзі Есеновтің өзінің де ғұлама ғалым екенін танытты. Екі құрлықтан жиналған атақты жазушылар мен ғалымдар президенттің білімдарлығына бас шұлғыды.

Отырарлық ұлы ойшыл өмір сүрген дәуір бейнесін жасайтын тарихи мәліметтердің жетімсіздігін айта келіп, ол Әл-Фараби өмірі жайындағы деректердің аздығы ұлы ғалым есімі төңірегінде түрлі қисынсыз ойлар өрбітуге себепкер болғанын айтты. Солай болғанымен, Әл-Фараби шығармашылығының шынайы тарихын білмей тұрып, оның образын бір дәрежеде жаттанды боп қалған рыцарьлық-романтикалық эпизодтар арқылы бейнелеуге әрекеттенушілік аз кездеспейді. Мұндай әрекеттер танымдық-эстетикалық тұрғыдан алғанда ешқандай нәтиже бермейді. Қай суреткердің де қиялдауға еркі бар. Бірақ өз шығармасын жасау үстінде ол, әсіресе, көрнекті тарихи тұлға турасында жазған шақта, тарих куә болған деректер мен өмірде болған фактілерді ескермеуге хақысы жоқ.

Президент Есеновтен кейін академик Б. Г. Ғафуров, философия ғылымының докторы А. Қасымжанов, Ирак жазушысы Халила Абдул Азиз, Сирия жазушысы Аднана Багаджати, Егппет жазушысы Абден Рахман Әл-Шарқаи, Пакистан жазушысы Ахмад Фаиз және басқалар сөз сөйледі.

Сирия жазушысы Аднана Багаджати Әл-Фарабиді еске түсіру салтанатына қатысқанына зор ризашылық білдіріп, мақтанышпен былай деді:

-Ұлы ойшыл Әл-Фараби жерленген жері біздің Сирияның астанасы - Дамаск екенін мақтаныш етеміз. Біздің Әл-Фараби қабірінің басына орнатар ескерткішіміз «Екінші ұстаз» атанған атамызды әрқашан келер ұрпактың есіне салып тұрады.

Біз Әл-Фарабидің туған жері Қазақстанда, атақты Отырар қаласының қасында Алматы сияқты әсем астана бар екенін, осында ұлы атасына тартқан ғұлама ғалым Шахмардан Есенов бар екенін, оны өз көзімізбен көргенімізді жүрген жерімізде мақтанышпен айтып жүретін боламыз.

Ал Пакистан жазушысы Фаиз Ахмад Фаиз өз сөзін былай аяқтады:

-Ғажайып өлке Қазақстанда қазір таңқаларлық Ғылым академиясы, ғылыми-зерттеу институттары өсіп жетілді. Әлемге әлі де бір Әл-Фараби емес, оның бірнеше ойшыл ұрпақтарын беретіндеріңізге сенемін. Соның бір мысалы Қазақстан Ғылым академиясының қазіргі президенті, осы жиынды ұйымдастырып, тамаша баяндама жасаған бауырымыз Шахмардан Есенов деп білемін.

Жұрт ду қол соқты. Шахмардан жиналыс президиумындағы орнынан тұрын, сәл басын шайқап, өзінің алып тұлғасыи еңкейте ұстап, кере қарыс маңдайы жарқырап, жұртқа иіліп, ілтипат білдірді. Оның бас шайқауы «маған әл-Фарабидей болу қайда?» деген кішіпейілдігі еді. Бірақ жұрт орындарынан тұрып, құрметті қонақ Ахмад Фаиз Есеновтың қасына барып, оның қолын қысып, орындарына жайгасқанша қол соғуларын тоқтатпады...

Газеттегі қазанаманы оқығаннан кейін Есенов туралы білетіндерім ойыма оралды. Енді газеттегі қазанамадан төмен жарияланған материалдарға көз салдым. Ғалымдар өздерінің Шахмардан туралы пікірлерін білдіріпті. Шахаңның шәкірті профессор Бақытжан Берікболов, академиктер Мұқаметжан Қаратаев пен Шаухат Алтаев жүрек жарды сөздерін айтыпты. Ал академик Манаш Қозыбаев былай депті:

«Шахмардан Есенұлы нар азамат еді. Өмірінде нардың жүгін көтерді. Жаймашуақ жаны бар, таза сақталған ары бар, ұлтын сүйген қызу қанды жан еді ол. Істеген ісінде, күнделік қаракетінде ізгіліктің ізі жататын. Айқара ашқан құшағынан, жымия күлген күлкісінен, ініге деген жүрегінің лебінен ағалық жылылық есіп тұратын...»

Ал профессор Тұрсынбек Қәкішевтің аза сөзінен мына жолдарды оқыдым:

«Терең ойлы, асқан адамгершіл, аса көрнекті Шахмардан Есенұлы «Міне, мынау қазақ!» деп дүниенің қай жерінде болсын айтуға болатын еді.

...Оның қандай нәрседе болсын әділдік үшін күресетіні, ғылым мәселесіне келгенде туысқандықтан да, жершілдіктен де ада екендігі қатты сүйсіндіретін.

Шынын айтар болсақ, Есенов президент болған шағында академияда ғылыми серпіліс айқын байқалған болатын. Көре алмаушылық та, өшпенділік те үлкен ғалымның, қабілетті ұйымдастырушының қолын қатты байлады. Бірақ ешкім де оның ғылыми ізденістеріне кедергі келтіре алмады. Ол ғылымның серісі болды. Ол қандай жағдайда жүрсе де әлсіздікке жол бермеді. Ол баршамызға азаматтық үлгісін көрсетіп кетті.

-Шахмардан қазақ геологиясын арқалаған халқымыздың қос алыбының бірі еді. Қаныш ағасының артынан ол да аттанып кеткен екен ғой, айналайын,- деп күрсіндім мен газетті қасыма қойып.

Кешке теледидардан Шахмарданның денесі Кеңсай зиратына қойылғаны туралы хабар берілді. Иә, дарқан даланың және бір даңқты перзенті өмірден осылай өтті.

Мұндайда Абайдың:

     ...Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы,
     Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, -

деген екі жол өлеңі еріксіз еске түседі. Сонымен көңілімізді жұбатамыз.

Осы 1995 жылғы ақпанның орта тұсында, кешке, телефон шылдырлады. Трубканы көтерсем Жағыпар Аханов деген ғалым екен, академияның тарих институтында қызмет істейтінін айтты.

-Әзеке, сіз мені білесіз. Көрсеңіз танисыз, - деді, - Өзіңіз академияда қызмет істеген кезде біліс болғанбыз.

-Ескі таныспен тілдескенге не жетсін, құлағым сізде, бауырым.

-Академиямыздың өзіңіз білетін бұрынғы президент Шахмардан Есенұлы Есеновке арналған естеліктер жинағын шығармақ едік. Соған сіздің де бір ауыз лебізіңіз қосылса деген тілегіміз бар.

-Оларыңыз оңды шаруа екен. Мен Шахаңмен аралас-кұраласым жоқ, алыстау адаммын ғой. Бірақ Шахаңның маған жасаған бір ұмтылмас жақсылығы бар еді. Денсаулығым жарап, қолымнан келсе, шама-шарқыма қарап, ол істеріңізге ат салысуға тырысайын. Асыл азаматтың аруағына қызмет еткенге не жетсін?!

Жағыпарға мен осыны айттым. Ертеңінде ол маған Есеновтің өмірбаяны салынған жұқалтаң бір папка әкеп берді.

Папканы ашып қарағанымда қолыма алдымен ұқыпты әйел жазуымен жазылған мынадай бір тілхат ілінді:

«Әзеке!
Шахаңның қайтыс боларынан тура екі жыл бұрын жазған тілектестік ниетіңізді,естелікке қосуыңызға керек болып қала ма деген оймен көшірмесін жіберіп отырмын. Көптен-көп өзіңізге, семьяңызға жақсылык пен денсаулық тілеуші келініңіз

Қамила.
15.II.1995».

Қамила - Шахмарданның үйіндегі келін. Ол кісі құнттылық жасап, осыдан екі жарым жыл бұрын айтқан, өзім мүлде ұмытып кеткен сөзімнің көшірмесін жіберіпті. Тілхаттан кейін соны қолыма алдым. Онда былай деппін:

Ағалық ак тілек

(Басына ауыр операция жасатып, аурухананың жүйке бөлімінде, № 11 палатада жатқан академик Шахмардан Есеновтің көңілін сұрай барғанда айтылған сөз)

Ардақты Шаха!

Сіз қазіргі қазақ зияларының алдыңғы легіндегі асыл азаматтардың бірісіз:

     Кең маңдай, қыран көз,
     Қаныштай қалыбы.
     Жеті қат жер астын
     Зерттеген тынбастан,
     Ғылымның алыбы!
     Жігері жасымас
     Болаттың қанығы!
     Ағайын елдерге
     Өлшеусіз кен берген.
     Қазына, құт ашып,
     Әр түрлі жерлерден.
     От, бензин көбейтіп,
     Халқына дем берген.
     Газ, мұнай, тас тілін
     Сүлеймен секілді
     Патшадай меңгерген.
     Адамның бәрін де
     Туыстай тең көрген.
     Талай тау қызметті
     Тоқтыдай өңгерген.
     Қазақтың біртуар
     Мәңгілік мақтаныш
     Ұлысыз - анығы!

Алғы лектегі асылдар азайып барады. Арттағылардан да шығатын ардақтылар аз болмас.

Бірақ алтынды рудадан ажыратып, қалың халыққа жарқырата көрсету Сіз сияқты ел ағаларының борышы ғой. Сол борышыңызды ақырына дейін орындауға жаныңызға жамандық келмесін деп тілеуші ағаларыңыздың бірі едім.

Алайда оған Өмірдегі күншілдік пен қиянат, арсыздық пен әділетсіздік, озбырлық пен опасыздық сияқты қызыл көз пәлелер шаужайдан алмай, аяқтан шалмай тұра ала ма? Сол сайқалдар Сізге де жабыла шабуыл жасап, қорлық көрсетті, ақыры осындай ауыр ауруға душар етті.

Бірақ:

     Ер азамат аяқтан екі шалғанды - елемейді.
     Үш шалғанға - ұмтылмайды.
     Төрт шалғанға - төңкерілмейді.
     Бес шалғанға - берілмейді.
     Жеті шалғанға - жеңдірмейді.
     Берілмеңіз, берік, бекем, болыңыз, бауырым!
     Жеңілмеңіз, жеңіп шығыңыз, шырағым!
     Досты сүйінтіп,
     Қасты күйінтіп,
     Жан-жағыңызға жымия қарап,
     Жүректерге жылу шашып,
     Жадырап,
     Жарқырап,
     Жайраңдап,
     Қамила келінмен қолтықтасып,
     Қасқайып,
     Үйіңізге қайтыңыз.
     Аман-сау
     Халқыңызбен қауышыңыз.
     Мен осыны айтайын деп, келдім, Сізге.
     Аяғым жеңіл болсын!
     Ағалық ақ тілегімді қабыл алыңыз.

Сізді шексіз құрметтеуші Әз. Нұршайықов

23. VIII. 1992 ж.
Сағат 10. 00
Аурухана

* * *

XX ғасырда қазақ ғылымының бес алыбы өмір сүрді. Олар: Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шапык Шокин, Шахмардан Есенов және Евней Букетов еді. Сол алыптардың бірі - Шахмарданмен соңғы кездесуім күні бүгінге дейін көз алдымда қалды.

13. III. 1995 ж.
Әзілхан. Нұршайықов,
Қазақстанның халық жазушысы,
Абай атындагы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997