ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТҚАН ҰЛ

(Ш. Есеновтің жылдығында сөйленген сөз)

«Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы» деп ақындар айтқандай, көрікті келбетімен, ақыл-ой даналығымен, адами парасаттылығымен сүйсіндіріп, кеше ғана арамызда жүрген Шахаңның үлкен жүрегінің тоқтағынына да бір жыл толыпты. Жеті жыл осы қасиетті шаңырақтың астында, қазақтың ең зиялы, ең салауатты азаматта- рымен бірге өткізген аз ғана ғұмыр Шахаң үшін де, бұл шаңырақтың астында қызмет істегендер үшін де үлкен мәртебе болғанын біз бүгін көріп-біліп, сезіп отырмыз.

Осында отырған жерлестері мына қасиетті ғимаратта, республика зиялы қауымының арасында бір жағынаң Шахаңды жоқтап езіліп, егіліп отырсақ, бір жағынаи марқайып қанаттанып отырмыз. Еліміздің бетке ұстар ғалымдар қауымы Есеновтің есімін қастерлеп, ғылыми-практикалық конференңия өткізуі халқымыздың ұлағатты ұлын қастерлей білгендігінің үлкен бір айғағы болса керек.

     ...Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,
     Өлмейтұғын артында сөз қалдырған...-

деп ұлы Абай толғағандай, елі, азаматы бақастыққа салынбай, өз ұлының ұлылығын зерттеп, зерделеп, марапаттап, еске алып жатса, бұдан артық ұлағаттылық бола ма?! Сондықтан да Шахаңның туыстары, жерлестері, жалпы Сыр жұртшылығы атынан Сіздерге шынайы алғысымызды білдіруге рұқсат етіңіздер!

Иә, Шахмардан Есеновтің өмірі - зерттеуге тұратын, зерделеуге болатын, қастерлеуге сиятын ауқымы мол, көлемі кең, түбі терең мөлдір бұлақтай таза ғұмыр. Мұны мен Шахаңның үлкен ғалымдығын, ғылыми жолын білгендіктен емес, күнделікті қарапайым ортада болған сәттерін, егінші мен малшының, сауыншы мен шаруаның, ардагер ақсақалдардың арасында болған сәттерін, адами қасиетін көп көргендіктеп айтып отырмын.

Шахаң уақытының тапшылығына қарамай астана мен ауылды үнемі жалғастырып, үйлестіріп тұрушы еді. Шахмардан Есенов Қазақ Республикасы Ғылым академиясының президенті болып тұрғанда бір топ ғалымдармен Қызылорда облысында болғаны, облыстық партия комитетінің үлкен залыңда екі сағат бойы Қазақстан ғылымының бүгінгісі мен болашағы туралы сөйлегенде өзінің білік- тілігімен жұртты ерекше таңқалдырғаны есімде.

«Сыр бойы шетсіз, шексіз дала деп түсінеді көпшілік. Ал оның қойнауы тұнған байлық, қазына екенін ескере бермейді. Оны игеретін күн алыс емес, - деген еді. Айтқандай-ақ Есеновтің өзінің араласуымен Жаңақорған мен Шиелінің кені игерілсе, Құмкөл мұнайының болашағы мол екені өздеріңізге мәлім. Демек, үлкен ғалымның арманы жүзеге асты деген осы емес пе, қадірлі ағайын!

Шахаңның ғылыми сапарда жүріп-ақ Шиелідегі ЬІбырай Жақаев ағасына арнайы соғып, сәлем бере келгені де, өзінің денсаулығының соңғы кезде сыр бере бастағанына қарамай академик ағасының жүз жылдық мерейтойына қатысып сөз сөйлегені де, сәл қолы босаса туған өлкесін сағынып келген сәттері де, талай рет ар- дагер ағаларының арасында кең тыныс алып, балаша жайраңдап отырғаны да күні бүгінге дейін біздің көз алдымызда. Талай рет республикамыздың жер байлығы, кен байлығы туралы, зиялы, парасатты адамдары туралы тебірене, емірене әңгімелеп отырғаны да есімізде. Сол көп әңгіменің ішінде үнемі Қ.И. Сәтбаевты өзіне пір тұтып, қастерлеп отырушы еді. «Қанекең ұлық адам, үлкен ғұлама ғой. Менің бойымда титтей де жақсы қасиет болса, Қанекеңнің тәрбиесі» деп ақ, адал пейілмен марапаттап отыратын. Бұл да көрінген қазақтың бойына біте бермейтін ұлылықты мойындау, соған табыну екені түсінікті болса керек. Рух жалғастығы, жан жүрек ұқсастығы деген осы болса керек.

«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп Қасым Аманжолов айтқандай, Шахаңның басынан да талай-талай аумалы-төкпелі шақтардың, өкінтер, ренжітер сәттердің өткенін Сіздер жақсы білесіздер! Бірақ соның бір де біреуін сыртына шығарып, пендешілікке салынып сыр бергенін көрген емеспін. Қайда, қандай ортада отырса да ақылды кейпі, байсалды да сабырлы қалпы, салауатты сөзі бір өзгерген емес. Арманы асқақ, жаны таза, мақсаты үлкен - бәрі де халқына арналса деп отыратын адам еді.

Парасатты талант, талант парасаты деген ұғым бар. Қазіргідей тұстың мықтап үғындырарының бірі осы ма деп ойлаймын. Заманмен, уақытпен үндестік елдің берекесін, оның байлығын арттырып, әлемде терезесі тең, егеменді ел болуын көксеген Шахаң оның ғылыми потенциалын күшейту, қазынасын ел игілігіне айналдыруда зор үлес қосқаны ақиқат. «Қараңғыға қарап үйрен, қараңғыда жарық бар», деген екен Қонфуции. Қазақ жерінің қараңғы зор қойнауын өз халкынын жарқын болашағы үшін зерттеген Сәтбаевтың, оның шәкірті Шахаңның арман ойы оның шәкірттері арқылы XXI ғасырда да жүзеге аса беретіндігіне біз сенеміз.

Орыстың сыршыл да сезімтал жазушысы Антон Чехов: «көбейту кестесін төл тума мұрасы ретінде ешбір ұлт иелене алмайды», депті. Осы ойды кеңейте зерделесек, ғылыми - техникалық прогреске де, ғылыми жаңалықтарға да осыны айтуға болар еді.

Бүгінгі таңдағы Шахаң қалдырған ұлағатты еңбек, ғылыми табыс егеменді Қазақстанның ғана емес, адамзаттың табысы қатарына қосылатындығы ақиқат.

«Тектілік те тегінен» дейді халқымыз. Табиғаты тамылжыған байлық, қойнауы қазына, маңғырған малы, ақ маржандай күріші, еңбеккер халқы бар сыр елі ғұлама ағамыздың жан-жақты қалыптасуына да игі әсер еткені сөзсіз.

Ешкімді де олай-бұлай көрмей ақжарқын құшағын ашып, ақыл - кеңесін айту - Шахаңның ерекше бір қасиеттерінің бірі. Шахаң тұғырында тұрған кезінде көз жұмды. Ал ол жасаған ғылыми еңбек қазақ жұртының ғұмырнамалық игілігіне айнала беретіндігі ақиқат. Ол болдым, толдым деген кісі емес. Көкірегінде әлі де алаң, әлі де арман болатын. Біз қазіргідей сауалды кезеңде Әбіш Кекілбаев ағамыз айтқандай:

     ...Адастырып кетердей болса қауіп,
     Алатауға қараймын ауық-ауык, -

деп Сыр бойынан асқақ Алатаудағы Шахаңның Сіздердей достары барына қуанып, астанаға көз саламыз. Осындай үндестік, осындай- түсіністік ауыл мен астана арасында, қауым мен ғұламалар арасында лайым жалғасын таба берсін.

Ибрагим Әбибуллаев, Шиелі ауданының бұрынғы әкімі

Біртуар Шахмардан.
Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997