«ШЫН ЖАҚСЫ ТОПТЫКІ БОЛМАС...»

Уақытпен бірге жылжып жатқан қоғамдагы өзгерістер сан алуан адамдармен жүздестіреді. Кейбіреулерімен жақын араласып, дәм-тұздас боласың. Алайда, көптің бәрі бірдей емес. Солардың ішінен әр сөзінің өзі алтынға бергісіз, жаныңа нұр құйып, еріксіз өзіне тартатын, кеудеңде өшпес із қалдыратын асылдар да кездеседі. Мен де өз өмірімде сондай жандардың талайымен кездестім.

Сол алдыңғы топтың ішінен оқ бойы оқшау тұрған, тұла бойы ізгілік пен адамгершілікке толы халқымыздың мақтан тұтар асыл ұлдарының бірі Шахмардан Есеновті асқан тебіреніспен еске аламын. Ол кісінің республика өмірінде алатын орны, сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мен шағын естелігімде асыл азаматтың қоғамдық қызметіне баға бергелі отырған жоқпын. Білгір ғалым, қоғам қайраткері, геология саласының тамаша зерттеушісі, 200-ден аса ғы- лыми еңбектің авторы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шахаң ағамызбен таныс, аралас-құралас болған кездерімде өзім байқаған адамгершілік қасиеттері жайлы сөз етпекпін.

Жомарт жүректі абзал ағамен бірге болған сәттерім өмірімнің жарқын беттері іспеттес. 1991 жылы алыстағы Саха елінде бір топ жазушылармен бірге шығармашылық сапарда болып, үлкен әсермен оралған бетім еді. Жұбайым астанадан сыйлы қонақтардың келетіндігін айтты. Көп ұзамай күткен қонақтар да келді. Олар қызымызға құда түсуге келіпті. Құдамыз - тарих ғалымдарының докторы, көп жылдар Ұлттық университетте дәріс берген профессор, бұл күнде марқұм болған Ахмет Ержанов екен. Оның қасында Шахмардан Есенов ағамыз бар. Қонақтарды ата салтымен «құда» ретінде ғана емес, халық қадірлейтін азамат ретінде үлкен сый- құрметпен қарсы алдық. Үзеңгілес жолдастарымыз шақырса келтіре алмайтын ел ардақтыларымен жүздесуді есте қаларлықтай өткізуге бар күштерін салды. Қаратау бөктеріндегі табиғаты әсем, Майдантал деген жерде көңілді демалысқа ұласқан қонақасы ұйымдастырылды.

Ол кезде Шахмардан Есенов Жоғарғы Кеңестің депутаты еді, аздап науқастанып жүр екен. Әйтсе де, сыр берместен өзін барынша ширақ ұстады. Тау самалына кеудесін тосып, кәусар суға шомылып, жас адамдай жадыраған қалпынан бір айныған жоқ. Әр- бір қимылына, сөйлеген сөзіне қарап, оның өмірге соншалықты ғашық екенін байқау қиын емесі. Жиналғандар Шахаңның ел, болашақ туралы ойлы әңгімесін ұйып тыңдады. Ол күйкі түрліктің қамы жайында ауыз ашқан жоқ, өткен-кеткенге шолу жасаумен де әуестенбеді, республиканың келешегі туралы жаны сыздай отырып, терең иірімге толы келелі пікірлерін ортаға салды. Және бір таңғаларлығы әңгіме түннің бір уағына созылса да жүзінен шаршағандык білінген жоқ.

Оны еліміздің табиғаты, жер асты байлығы, жалпы келешегі қатты толғандыратын еді.

Шахаңмен араласкан уақыт ішінде, әсіресе жұбайы Кәмила екеуінің арасындағы өзгеше бір сыйластық, өз ара түсіністік көңілге әсем сезім ұялататын. Қоғамда өзіндік орны бар үлкен тұлға отбасында баладай елгезек қалпынан танбайтын. Оның үйінде қонақта болғанда аңғарғанымыз - ол қонағының жағдайын жасап, бір сәт те байыз тауып отырмайтын. Көңілді әңгімелерін шертіп, қызмет жасап жүрген Шахаңды көргенде «ұлық болсаң - кішік бол» деген халык нақылы еріксіз ойға оралатын. Бұл жәнінде Кәмила апайдың айтқаны да есте қалыпты: «Шахаң көшеде келе жатып, жас жігіттерге әуелі иіліп сәлем береді. Оның не десем «менін шәкірттерім ғой», - дейді жымиып. Ұлы тұлғаның кішіпейілділігі сәл нәрсеге қолы жетсе кеудесін көтеріп шыға келетін талайларға үлгі боларлықтай еді.

Шахмардан Есеновтің өзімді тәнті еткен қасиеттерінің бірі - асқан төзімділігі. Науқастанып жүргенде екі бірдей операцияны, бірі - Алматыда, екіншісі - Москвада бастан кешірді. Операциялардың қай-қайсысы да күрделі өткенімен Шахаңның шыдамдылық танытқанын естіп қайран қалдым. Науқастанып жүрсе де Жоғарғы Кеңестің сессияларына, Ғылым академиясындағы жиналыстарға қатысып, өзінің көзқарасын білдірумен болды, жеке басының емес, халықтың мүддесін көбірек ойлады.

Бірақ, сұм ажал дегеніне жетті. Алайда, Шахмардан Есенов қашанда халықтың жадында. Ол адам деген ардақты атқа лайық еді. Өзі қандай пәк болса, өзгелер туралы да солай ойлайтын. Ешкімді алаламайтын, руға, жүзге бөлуге қарсы болатын. Кәмила апай бір оқиға туралы былай әңгімелеген: «Бірде бір жас жігіт өзінің руын қайта-қайта айтып, «Мен сіздің ініңіз боламын - деп тықақтап қоймапты. Шахаң сонда: «Айналайын, тегіңді білгеніңнің артықтығы жоқ қой, бірақ, маған сенің руың емес, азаматтығың қажет, жақсы азаматтың қашан да жаттығы жоқ», - депті.

Орны бөлек тұлға туралы айтылмаған, айтылар әңгіме өте көп, Адалдық, қарапайымдылық, жан дүниесінің байлығы оның ел алдындағы мәртебесін көтеріп, асқақтатып отыратын. Шахмардан Есенов сияқты біртуар тұлғаны еске ала отырып, өз тұстастарыма ұлы суреткер Ғабит Мүсіреповтің: «Шын жақсы топтікі болмас, көптікі болар», - деген нақыл сөзін жадымызда ұстап, жақсыларымызды мақтан тұтайық дегім келеді.

Нуриддин Балқияев,
экономика ғылымынық кандидаты,
Ақтөбе темір жол институтының ректоры

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997