ХАЛҚЫНА АДАЛ ҰЛ ЕДІ

1962 жылдың көктемі, сәуір айының орта шенінде, Қазақ гидрогеологиялық тресінің басқарушысы Алексей Никитич Шубин телефон соқты.

-Сендер жаққа министр Шахмардан Есенов бара жатыр, негізінен Үшарал өңіріндегі мұнай, газ іздеу, басқа да геологиялық барлау жұмыстарымен айналысатын түрі бар. Жолшыбай сендерге де соғып, Жамбыл-Қаратау өндірістік ауданындағы «Үлкен химияны» көтеруге байланысты жүргізіліп жатқан гидроеологиялық зерттеулердің барысымен, олардың нәтижелерімен танысады. Дұрыстап дайындал, - деп ақылын айтты.

Екі-үш күн өткесін Геология министрі Шахмардан Есенұлы Есенов келді. Қасында «Оралмұнайгазгеология» тресінің басқарушысы Б. М. Хакаев, Оңтүстік геология басқармасының бас инженері М. М. Міркәрімов, министрліктің екі-үш жауапты қызметкерлері бар.

Экспедицияны аралап, жай-жапсарымен танысып болғасын кабинетке келдік.

-Ал баяндаманы қайсың жасайсыңдар, бастық па әлде бас инженер ме? - деп бас инженер Данилов Александр Григорьевичке бұрылды. Алдын-ала келісім бойынша баяндаманы мен жасадым. Экспедицияның өндіріс керсеткіштері жақсы болатын. Шәкең өзінің күрделі сұрақтарын негізінен іздеу, барлау жұмыстарының барысы мен нәтижелері, зерттеу жүргізіліп жатқан ауданның геологиялық, гидрогеологиялық ерекшеліктері туралы қойды. Сөзінің соңында біз байқамаған жағдайларды, жаңа бағыттарды, мүмкіншіліктерді тілге тиек етті. Оның тұжырымды ұсыныстары барлау жұмыстарының өте жоғары нәтижелі болып аяқталуына көп әсер етті.

Бойы ұзын, кең иықты, кесіп түсетін батыл сөзі бар, күрделі проблемаларды кесек-кесегімен көре тұра, шешімін де таба білген жас министр бізді келбетімен де, сөзімен де таңқалдырды. Өте кұрметтейтін ағамыз, ел қомқоршысы, атақты ғалым Шахаңмен менің бірінші кездесуім-танысуым осылай басталған еді.

Содан көп ұзамай біздің экспедицияға Қазақстан Қоммунистік партиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы Қазкен Садуақасұлы, Қазақ геология-барлау жұмысшыларының республикалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Әбдіразақ Үсенұлы келіп кетті . Менің ойымда ешнәрсе жоқ. Олардың келіп Жүрген себебін артынан Алматыға жұмысқа ауысқанда ғана түсіндім.

Бұрын геология саласында жергілікті ұлттың өкілдері қызмет бабында көбіне жай инженер, аға геолог деген атақтан әрі аса алмайтын. Бастықтар, жетекші кадрлар негізінен орталықтан, Мәскеуден жіберілетін. Шәкең министр болғасын жергілікті мамандарға өте қатты көңіл бөле бастады. Аз уақыттың ішінде көптеген ұлттық кадрлар есепке алынып, олардың өсуіне қолайлы жағдайлар жасалды. Осындай шаралардың нәтижесіиде өзінің іскерлігіне сәйкес көптеген жергілікті геологтар басқарушы, жетекші маман болыл жұмысқа тағайындалды. Осылардың ішінде мен де 1964 жылы 32 жасымда астанамыз Алматыға Қазақ гидроеологиялық тресінің бас инженері болып келдім.

Кадр мәселесі бұрынғы Қеңес өкіметі кезінде әрдайым күрделі мәселелердің бірі болып келгені жұртшылыққа мәлім. Осыған байланысты 1965-66-жылдары Мәскеудегі орталық мекемелердің пікірі бойынша Қазақстанда мұнай, газ жағынан жөнді мамандар жоқ, сондықтан Маңғыстау мұнай-газ кендерін барлауды Әзірбай- жанға тапсырған жөн деген ұсыныс түсіріпті. Мұндай теріс пікірлерге Шәкең бірден-бір қарсы тұрды және біздің республикамызда мол мүмкіншіліктердің бар екенін артынан іспен дәлелдеді де. Соның нәтижесінде мұнай-газ кендерін іздеу, барлау жұмыстары Қазақстанның өз меншігіңде қалды. Бұл қазақ жерінде, қазақ елінде мұнай, газ жағынан ұлттық кадрлар дайындауды дұрыс жолға қоюға мүмкіндік берді. Осының арқасында көп ұзамай жұмыс істеп жүргендердің ішінен білікті жүмысшылар, мамандар, ірі басшылар шыға бастады.

Шәкең ағылшынның: «Адам қаншалықты атқа мінудің тәсілін көзбен көріп, біліп тұрғанымен, өзі мініп, ерге отырып, шаппайынша, шабандоз бола алмайды», - деген мақалының бірден - бір дұрыс екенін жақсы білетін еді. Қазіргі кезде жас мемлекетіміз қаз-қаз тұрып келе жатқан шағында көптеген газет-журнал беттерінде «қазақтарда жөнді маман жоқ, дайындағанымен шықпайды, ал бүгінгі орыс тілді жақсы мамандар кетіп қалса, кейбір өндіріс салалары қараң қалады» деген ұлттық намысқа тиетін, саяси мағынасы бар мақалалардың бірнеше дүркін шыққаны барша жұртқа белгілі. Осындай мақалаларды оқыған кезімде сонау 1965-66- жылдардағы орталықтың көтерген кадр мәселесіне келіспеушілігін қазіргі кезде емес, тоталитарлық жүйенің анық дүрілдеп тұрған шағында қарсы тұрып, тойтарыс берген Шахмардан аға жиі- жиі есіме түседі.

Шахаңда терең қалыптаскан мынандай пікір бар болатын. Ол: «Қазақ барлығына да үйренеді, барлығын да игереді, егер тиісті органдар, жауапты қызметкерлер дұрыстап бағыт-бағдар беру керек». Осындай қиын, өтпелі кезеңде елімізге Шахаң сияқты нар тұлғалы, жігерлі, халқының қамын ойлайтын патриот, адал ұлдар керек қой деген ой жанымды үнемі мазалайды. Солар көбірек болса, еліміздің шықпайтын биігі, алмайтын қамалы жоқ деген тұжырымды Шахаң ерте бастан бетке ұстаған болатынды.

Әбдіғаппар Жәкелов,
Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997