АСЫЛ АҒА ЕДІ

Өткен өмір, кешегі күн - бүгінгі тарих. Тарих - халықтың, елдің, әр адамның өткен өмірінің айнасы. Сондықтан оны халықтың зердесі дейміз. Әлімсақтан бастап дүние дәуір өткен жол, жасалған тарих және адамдар мен ұрпақтар өмірінен тұрады. Өмір сабақтастығы, даму диалектикасы осында жатыр. Бұл тарихқа таптық тұрғысынан емес, шындық, ақиқат тұрғысынан қарауды талап етеді.

Қазақта адам өмірі қамшының сабындай қысқа деген нақыл сөз бар. Рас, ұрпақ өмірі тарих үшін ұзақ емес, келте. Бірақ ол өткен ұрпақпен келесі ұрпақ арасындағы көпір іспеттес, ата-баба өз аманатын келесі ұрпақка тапсырады. Ал жеке адамдар, әулет, әр ұрпақ қалай өмір кешті, нені мұрат-мақсат тұтты, не бітірді, қаңдай аманат, өнеге, із қалдырды. Әңгіме осында. Сондықтан тарихты, жеке адам өмірін зерттеу, тану, білу керек. Тарихи білім әркімге де ауадай қажет. Сайып келгенде, бұлақ өзенге, өзен теңізге құятыны секілді бұл ұлттық сананы оятады.

Уақыт жылжып, ай артынан ай, жыл артынан жыл өтіп жатыр. Саналы өмірде, жарық дүниеде адам баласы алысып-жұлысып өмір сүретіні белгілі, біреу артық, біреу кем үлес қосады, әркім өзінше артында із қалдырады, өзінше аты қалады. Ал біз барды бағалай, асылды ардақтай білуге тиіспіз. Дұрысы - өнеге, бұрысы - сабақ болады. Жақсы үлгі, жақсы дәстүр тозбайды, уақытты жатсынбайды.

Заманымыздың ұрпакка ұласар, халықтың есінде ұзақ сақталар есімдерінің бірі аяулы тұлға, абзал азамат Шахмардан Жорабекұлы Есенов еді. Мен осы шағын естелігімде асыл ағаның сыр түлегі екендігі, бұл пәниден өз мәніндегі адам және азамат болып өткендігі, өнегелі өмір кешкендігін әңгіме етпекпін. Сонымен бірге жақсы ағаның өткен өмірін әділ таразылауға, қолда бардың қадірі жоқ дегендей, көзі тірісінде, ортамызда жүргенде айтылмаған, еленбеген қырлары мен сырларын аша түсуге көмектесермін деп ойлаймын.

Әйгілі Төле би «Не қымбат» деген толғауында өмірдегі қымбат құбылыстарды айта келіп:

     ...Туып-өскен елің қымбат,
     Кіндік кескен жерің қымбат, -

деген ғой.

Иә, туған жер, атамекен - алтын бесігің. Өйткені, ел анасы - туған жер, ер анасы - туған ел боп есептеледі. Туған жердің топырағы да ыстық деген ұғым бар. Бұл - ұлы да қасиетті ұғым.

1995 жылы Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы жарияланды. Тұжырымдамалардың бірінде «Қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу ісі өзінің туып-өскен жерінің тарихын білуге негізделуі тиіс» делінген, біздіңше, дұрыс қорытынды. Тегін білу, туған жеріңнің тарихын қастерлеу, ата- мекенге деген ыстық ықылас - парасаттылықтың шарты.

Сырдария Орта Азиядағы ірі өзен, ертеде Сейхун деп аталғаны белгілі. Дарияның Арал теңізіне кұяр төменгі жағы Сыр бойы делінеді. Жетпісінші жылдарға дейін Сыр өзені кемері толып, лайлы суы асып - тасып жататын, дария бойымен кеме жүзетін. Екі жағы қалың тоғай - түрлі тал, нар қамыс, қоға, жыңғыл, шеңгел, жиде өсетін, қырғауыл мен қоян, түлкі мен үкі, қасқыр мен қарсақ сияқты аң-құсы өз алдына еді. Дариядан жайылған талай көлдерінен үйрек ұшып, қаз қонатын, балықтың неше түріне бай болатын. Шахаң осы табиғи тоғай арасында Қызылорда облысы Шиелі ауданы, «Тартоғай» аталатын кеңшардың «Тәлек» елді мекенінде дүниеге келген. Шыққан тегінің де өркенді екендігі туралы айтылып та жазылып жүр. Тегіне, ұшқан ұясына қарай туымы мен тәрбиесі болады ғой.

Сыр бойы тұнған шежіре. Өлкенің бұрын-соңғы тіршілігі, ескерткіштер, айтулы аруақтар тарихтан хабар береді. Сырдария өзені алқабында Сығанақ, Отырар, Сауран, Түркістан, Жанкент, Өзгент, Құмқала, Бестам және басқа қалалар дамыған. Әйгілі Жетіасар, Қорасан ата, Оқшы ата, Бегі ана, Сараман секілді көптеген архитектуралық тарихи және мәдени ескерткіштер - сол дәуірдегі материалдық мәдениеттің белгілері.

Мәңгілік өмір іздеп дүниенің төрт бұрышын кезген елімді қобыз сарынымен қайтару идеясын ұстанған, түркі тектес халықтардың түгеліне ортақ атақты қобызшы, сазгер, әрі жырау Қорқыт бабамыз да осы Сырдың аяғын жайлаған тайпалардың арасында дүниеге келген. Асан Қайғы атанған дана, ойшыл, ақылгөй қарт, хал- қымыздың киелі перзентінің бейіті де Сыр бойында Шиелі ауданының «Бәйгеқұм» кеңшарында. Мұсылман шығысына белгілі болған Самархан шаһарының әмірі Жалаңтөс баһадүр де Сыр топырағының түлегі. Сыр бойында хас батырлар, халқының қорғаны болған Жанқожа мен Бұқарбай да дүниеге келіп, өмір сүрген.

Сыр сүлейлері атанған Базар жырау, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, қырғи тілді Асқар Тоқмағамбетұлы, азамат ақын Әбділда Тәжібайұлы, әйгілі Нартай Бекежанүлы, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақайұлы дарынды жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісұлы, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанұлы, әртістер анасы Сәбира апай мен бұлбұл әуенді Роза Бағланқызы - осы аймақтың перзенттері. Тарихымыздың ірі тұлғалары, жаным арымның садағасы деген, елінің тәуелсіз болуын көксеген, ақыл- ойын ұрпақтар бақыты үшін бағыштаған қайраткерлер Шахаңның жерлес ұстаздары Мұстафа Шоқайұлы мен Ғани Мұратбайұлын аса мақтаныш сезімімен атаймыз.

Сыр бойы топырағынан түлеп үшқан Шахаң Алатау, Ұлытау самғады, оқыды, тиянақты білім алды, ержетіп, еңбек үстінде танылды. Ақыл-ойдың алыбы ұлы Абай айтқандай, әкенің баласы болмай, адамның баласы болуға талпынды,өмір белестерінің талай сатыларынан, соншама сындарынан абыроймен өтті, азамат болып қалу оның жоғары ұстанған мақсаты болды, жеке бастың қамы емес, ел мүддесі үшін, ұлтының мүддесі үшін қызмет етуді өзіне борыш санады.

Шахаң өткен еңбек жолы баршаға мәлім. Бірақ талантының нағыз танылған тұсы Ғылым академиясына жеті жыл президент болған кезеңі болуы керек. Олай дейтінім, ұлы ғұлама, дүниеге аты әйгілі, тұңғыш президент Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтан кейін ғылым ордасын басқару, оның үстіне жақсы пікірмен халық аузына іліну, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атану жеңіл жүк емес. Қазақстанды, қазақ халқын дүние жүзіне таныстыру, қазақ ғылымын жетілдіру жолында жер шарында Шахаң баспаған құрлық, араламаған ел аз шығар. Ол кісінің қажырлы қимылы, асқан абыройы, ақылды қадамдары арқасында қаншама атақты ғалымдар Қазақстан ғылымын дамытуға қол ұшын бергені ақиқат.

Шахаң барынша кең ауқымды, кең тынысты мемлекет қайраткері, халқының кесек мінезді перзенті еді. Ол туған жерінің таңғажайып табиғатын, таусылмас байлығын терең зерттей білді. Ақ Жайықтан Алтайға дейінгі алқапты алып жатқан өңірдің қойнауы толған қазына екендігін, шығысы - алтын, батысы - мұнай, оң- түстік - қорғасын, терістік - алтын дән, орталығы - көмір мен мыс, қыры мен даласы - жер қайысқан мал, бау мен бақша екендігін терең түсініп, осыншама дәулет пен ырысты, байтақ жер, ата қоныс мүмкіншілігін халық қажетіне жарата білуге күш салды.

Белгілі ғалым, қарымды қоғам қайраткерін Сыр өңірінің бүгіні мен болашағы ойландырмай қойған жоқ. Ол кезде бұл аймақта индустрия нашар дамыған еді, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі республикада өндірілетін өнімдердің бір процентіне де жетпейтұғын. Облыстың келешегі жоқ деген де өсек тараған кез. Облыстағы негізгі сала - егіншілік, оның ішінде күріш, мал шаруашылығына баса көңіл бөлінетін.

Шахаңның президент шағы болатын. Жетпісінші жылдары облысқа өзі басқарған бір топ ғалымдар келді, облысты аралады, ғылым күндері өткізілді, ғылыми конференция ұйымдастырылды. Облыстыц жер асты қазба байлықтарының мол қоры бар екендігі айтылды, жаңа кен орындарын ашуды батыл қолға алу қажеттілігі дәлелденді. Көп ұзамай барлаушылар келді, талай жерді шұқылап көрді, табиғатта қуыс орын болмайды деген болжам шындыққа айналды, келешек кен орындарының көзі ашыла бастады. Арал төңірегінде кен қорын молайту мақсатында геологиялық барлау жұмыстары қыза тусті.

Көп уақыт өткен жоқ, Сыр бойы ежелден өнеркәсібі қанат жаймаған, табиғат байлығының беті ашылмаған, зерттеусіз, игерусіз жатқан өңірден индустриясы дамыған өлкеге айналуға қадам басты. Сыр бойында кейін қорғасын-мырышты өндірумен айналысатын, үлкен болашағы бар «Шалқия» кеніші ашылды. Геологтар- дың пайымдауы бойынша кен қоры әлі де 80 жыл бойы өндіруге жетеді екен. Кейінгі кезге дейін құпия ұсталып келген уран өндіретін Шиелі кеніші дүниеге келді. Қазір дүние жүзінің назарын аударып отырған «Құмкөл» мұнай кеніші алғаш рет 1991 жылы өнім бере бастады, қазір мұнда мұнай көлемін жылына 5-6 миллион тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Өте жоғары сапалы кварц құмы кен орнының негізінде Аралда ірі шыны зауыты салынбақшы. Бұған қоса Сыр бойында алтын мен күміс те бар екендігі белгілі болды. Осы аталған кен орындары облыс қазынасына аз табыс әкелмейтіні түсінікті. Сөйтіп Сыр бойының келешегі келісті өңір екендігі сол кезде-ақ байқалған-ды. Міне, асыл да, атпал азамат Шахаңның бастамасы осылайша жалғасыи тапты.

Арал тағдырына байланысты да еске аларлық сәттер жеткілікті. Бір кезде әрі бай, әрі таза өлке бүгінде қауіпті аймаққа айналды, экологиялық қасіреттің құрсауынан жер азып, ел тозып барады. Арал теңізі апатқа ұшырап, күн сайын кеуіп, Сырдарияның лас суы алуан ауруларды таратып, қаншама адамның өмірін қиюда. Осындай қасіретке ұшыраудың мүмкіндігін ғалымдар алдын ала болжап, Арал проблемасына байланысты арнаулы конференция ұйымдастырып, Шахаң сол кезде-ақ үн көтерді, тиісті орындарға ғылыми тұрғыдан мәлімдеме жасапты, талай жиындарда сөйлепті, бірақ, тиісінше мән беріп, құлақ асушылар болмапты. Осы жайлы Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің 1993 жылғы кезекті сессиясында ашына сөйлегенін теледидардан көріп, көзім жетті. Қайран ердің еш кеткен ерен еңбегі-ай десеңші!

Жеріміз бір, суымыз бір болса да Шахаңмен бірге оқып, не бірге жұмыс істегенім жоқ, жиі кездестім деп те айта алмаймын. Бірақ ол кісіні танып білетіндей дидарлас болдым. Әрбір кездесу, сұхбат, ретімен араласуды бір ғанибет, мереке, мектеп санайтынмын. Ол кісі де маған шын ықылас, құрметпен қарап, терезесі тең адамдай қарын-қатынас жасайтын.

Шахаңды ең алғаш көруім, әрі кездесуім былай болды. 1973 жыл еді. Ол кісі Ғылым академиясының президенті. Мен Қызылордадан Алматыға қызмет ауыстырғаныма аса көп уақыт болмаған. Ұлтымыздың дәстүрі бойынша сәлемдесу ойымда болды да телефон шалдым. Академиядағы кабинетіне келдім. Аса жылы шыраймен қарсы алды. Көрмесе де менен хабардар екенін, астанаға ауысқанымды білетінін білдірді, ақ ниетпен сәт сапар айтты. Жасы үлкен, әрі ел ағасы деп ілтипат көрсеткеніме көңілі толғандығын байқатты, бұрыннан таныс, талай кездескен қимас жолдасымдай пікір алысты. Көп уақытын алмасам да ел-жұрт, қарбалас тіршілік, әсіресе, рухани жағынан есеюдің қамы, ғылым-білімнің жаңа салалары жөнінде әңгіме қозғалды.

Қазақ зиялылары ұстаздарының бірі болған, ірі ғалым Шахмардан Жорабекұлымен түрлі жағдайда, қоғамдық орындарда, отбасында кездесіп, араласып жүріп, ол кісінің жаратылысынан бөлек жан, кесек тұлға екендігіне көзім жетті. Қанша лауазымды қызмет істесе де асып-тасымады. Қазақ біртуар нар деп осындай жандарды айтса керек.

Арамызда қалыптасқан мұндай түсіністік пен жарасымды көңілді Қамила жеңгей күшейте, ұштай түсетін. Біз Қамекең екеуміз қырқыншы жылдары Қызылорда педагогикалық институтында қатар студент болдық. Ол кісі жоғарғы курстың студенті еді. Жас болсақ та ол кісінің киім киюі, жүріс-тұрысы, бүкіл болмысы қашықтан көз тартатын. Сұңғақ бойы, бидай өңі, төгілген бұрымды қара шашы мен жылы жүзіне ибалы да әдепті мінезі қосылып, нағыз әйел баласына тән көрік беріп тұратын.

Бүдан кейін Қамила жеңгейді ұл-қыздың анасы, бәйбіше кезінде кездестім, Шахаңмен біріне-бірі тең жарасымды жандар көрінді. Талай кездесулерде екеуі қатар отырғанда өздерін ұстауы, айналаға ашық пейілдерімен сыпайы күлкілері кісіні еріксіз баурап алып, жақындата беретін.

Көрнекті мемлекет, әрі қоғам қайраткері Шахмардан Жорабекұлының сан қырлы қызметін сөз еткенде адамгершілігі мен азаматтығы басым тұрады ғой деп ойлаймын. Бұл қоғам алдында, халық алдында сіңірген еңбектерінен байқалады. Әрине, әр адам өз заманының перзенті, соның сөзін сөйлеп, сойылын соғады. Сондық- тан Шахаңның тарихи тұлға ретіндегі бүкіл еңбегін осы тұрғыдан қарап, оның өз кезіндегі сіңірген еңбегі мен теккен терін әділ бағалаған абзал.

Осы сәтте тағы бір сыр ойға оралады. 1973 жыл. Шахаң Ғылым академиясының президенті. Мен Орталық Комитетте қызмет етемін. Бір күні Орталық Комитеттің Іс басқармасы бастығының орынбасары Қазкен Садуақасов қонаққа шақырды, отырыста Шахаң болады деді. Оның мамандығы геолог, екеуі қатар оқып, сол салада көп жыл қызметтес болған, жақсы жолдастар екен. Мен болсам, Қазекеңмен бірге істеймін, әрі «құдасың» деп әзілдейтін, марқұм ақкөңіл, елгезек жан еді, жақсыға жақын жүретін. Сөйтсем, ол менің жақында жақсы ағаларымның бірі майдангер, ағарту ісінің ардагері Берді Баймішевтің қызын келін етіп түсірген екен. Берді аға мені сыртымнан (өзі ол кезде Қазалы ауданында тұратын, кейін дүние салды) жақын інім деп таныстырады екен.

Күз айы болатын, жұмыстан кейін сол үйде кездестік. Жақсы адам ештеңеден жиреніп, жатырқамайды ғой, жақсы отырыс болды. Үй иелеріне рахмет айтысып тарқадық. Шахаңмен қатар тұратынбыз, бірге шығып, үйге беттедік, Шоқан Уәлиханов көшесіне тусті. Сол көше бойымен ілгері-кейін біраз уақыт серуен құрдық.

Шахаң әлден уақытта бір сыр қозғады. Бұл көше Ғылым академиясының алдындағы Шоқан ескерткішінен басталып 28 панфиловшылар паркіне тіреледі. Шахаң осы көше бойын ғалымдар аллеясы жасау жобасы жасалып жатыр, бітуге таяу деді. Әрине жоба талқыланғанмен әзір мақұлданбаған, еш жерде жарияланбаған кезі, Шахаң сол жобаның желісін қысқаша шолып шықты. Онда ғылымның басты салалары, аты әлемге аян ғалымдар ескерілген. Әр ғалымға ретімен жеке бюст тұрғызылады, архитектуралық тәртіп сақталады, су жүргізіледі, алуан гүлдер отырғызылады, де- малу орындары болады, қысқасы бүкіл көше демалыс орнына айналады. Әңгіме кезінде Шахаңа шабыт пайда болып, жүзі нұрланып, қажыр-қайраты сыртқа теуіп кетті. Мен бұл құбылыс ғылымға, Қазақстан ғылымына деген шын берілгендік, дамуымыздың ғылыми негізін қалауға деген құлшыныс, еліміздің болашағын те- реңінен болжау қамы ғой деп пайымдадым.

Амал не, көп ұзамай Шахаң ойламаған жерден қызметтен босады, жақсы ой, пайдалы пікір іске аспады. Басқа да көптеген мақсаттарының, жоспарларының тағдыры осылайша аяқталған болар. Бірақ Шахаң аты аңызға айналды, жұртшылықтан жоғары баға алды.

Халықта: «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөз бар. Шынында тірлікте көп жағдайды елей бермейміз, кейде оны дұрыс бағалай бермейміз, өмірдегі құбылыс-көріністердің бәрі солай болуға тиісті саналады, жақсы мен нағыз мықтылар сенен қашықта, қол жетпесте тұрғандай. Ал Шахаңдай тұлғалардың ақыл-ой парасаты, адамгершілігі, терең білімі, ұйымдастыру қабілеті, қысқасы, бар болмысы дүниеде сирек кездесіп, қастер тұта білетін, көрсе көз тоятын, кездессе қимай айрылысатын құбылыс екенін өз дәрежесінде түсіне білмегеніміз де анық.

Дегенмен, ер есімі ел есінде қалды. Артында адам, азамат аты, тірлігінде өшпестей ізі сақталуда, мәнді де өнегелі өмір сүрді. Шахаңды соңғы сапарға шығарып саларда, еске алу сәттерінде ел ықыласы, жұртшылық бағасы жоғары болды, бұрынғы ҚСРО аймағынан, шартараптан қимастық білдірген жедел хаттарда қисап жок.

Асыл ағаны еске алғанда әр уақыт көз алдымда тұратын, қайталанбас сәттерді айналып өте алмаймын. Ол - елімізге белгілі, аяулы есімдердің бірі Мұстахым Біләлұлы Ықсановпен ара қатынасы, сыйластығы, кесек тұлғалардың ғажайып бейнелері. Екеуі нардай болып қатар отырғанда көзің тоймайтын, мейірімді жүздері, қарапайым кейіптері, өзекті мәселелер жөнінде терең ой, жанашырлық пікірлері, көрегендік тұжырымдары бүгінде есімде, құлағымда. Қай тақырыптағы сұхбат болмасын, пендешілік, ұсақтық болмайтын, жеке адамдар жөнінде ғайбат сөйлеу, сыртынан артық айту байқалмайтын. Алып ағалар мен дос адамдарды толғанды- ратын ел тағдыры, ұлт мүддесі, рухани өсу жағы еді, әңгіме өрісі болашаққа ойысып отыратын. Жақсы аға жандары - жақсылыққа, әділдікке жақын, қиянатқа қарсы-тұғын.

Көп ризалықтың ішінде Шахаңа ден қоятын тағы бір тұсым бар. Ол Мұстахым Біләлұлы дүние салғанда марқұммен қоштасу парызының Мұстекең атына, елге сіңірген еңбегіне лайық болуына барынша күш салуы еді. Әрине, құдай қосқан құдалық жағынан да міндеті болар. Ал мен өзім бұл тіршілікті одан тереңірек жоғары- рақ қойдым. Мұсекеңді ақырғы сапарға шығарып салуға деген кейбір немқұрайлылыққа шыдамады, бел шешіп кірісіп, бастан-аяқ атқарып шықты, қоштасу сөз, еске алу отырысын да өзі басқарды. Әрине ақ ниетпен араласқан Мұстекеңнің қызметтес жолдастары, көзкөргендері аз болған жоқ. Осындай сын сағаттарда адамның адамдық қасиеті, кімнің-кім екені байқалады ғой.

Иә, уақыт жылжып өтер, дүниеге жаңа ұрпақ келер, асыл аға Шахмардан Есеновтің батыр тұлғасы, жайсаң мінезі, парасаттылығы мен ақыл-ой өрісі, білімпаздығы, қайраткерлігі келер ұрпақпен бірге жасай берері сөзсіз.

Дәуірхан Айдаров,
философия ғылымының кандидаты

Біртуар Шахмардан. Алматы: Ғылым, 1997
Наш Шахмардан. Алматы: Гылым, 1997