Тоқсанбай деген тұрақ бар

Кейінгі жылдары Қазақтың Ұлттық ғылым академиясына қарасты Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары Атырау, Маңғыстау өңірінің көне тарихи орындарына ерекше мән бере бастады. Соған сай жүргізілген жұмыстар нәтижесіз емес. Археологиядағы әлемдік жаңалық болып табылатын Тоқсанбай тұрағы, екі мың жылдық тарихы бар Қызылүйік ғибадатханасы, Аралтөбенің алтын адамы осыларға айғақ.

Профессор З. Самашев бастаған археологтар соңғы үш жылда Сарайшық қаласы орнына жүргізілген қазба-зерттеу жұмыстарын одан әрі жалғастырып, бұған дейін Қазақстан археологтары назарына ілікпеген (там-тұм Ресей ғалымдары зерттеген) Нарын бойының археологиялық картасын жасап, терістік Үстірттегі бұрыннан белгілі ескі қорым, тұрақтарды тереңдей зерттеп, нақты қазба жұмыстарын жүргізді.

Осы ретте бұрыннан зерттеліп келе жатқан орта ғасырлық Сарайшық қаласы орны мен Нарын жеріне жүргізілген қазба, барлау жұмыстарын айтпағанда терістік Үстірт, бойына жүргізілген жұмыстардың орны бөлек. Олардың өзі екі топқа бөлінеді, әуелгісі 1996 жылы табылып, содан бері зерттеліп келе жатқан Тоқсанбай тұрағын тағы да тереңдей қаузап, нақты барлау жасау. Өйткені бұл тұрақ аталмыш археологтардың соңғы жылдарда ерекше назар аударып отырған ең маңызды тарихи орны. Соған сай Тоқсанбайдағы археологиялық зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасып, тақырыптық, геобиологиялық барлауларға ұласты. Ондағы үйлердің салыну ерекшеліктері мен формалары анықталынып, құрылыс горизонттары белгіленді. Қоныстың тарихи даму кезеңдері анықталынды. Аталған өңірге (Қызылүйік, Тоқсанбай, Жезді тұрақтары, соңғы екеуі Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы аумағында) Нидерланды корольдігінің елшілігі, венгер археологтары қызығушылық танытып, республика Ғылым академиясының белгілі палезоолог, топырақ, өсімдіктанушы ғалымдары – биология ғылымдарының докторлары Қ.Файызов, И. Асанбаев, Т. Нұрымов, басқа да ғалымдар апталап жатып жұмыс істеді. Олар қазіргі және бұдан төрт мың жыл бұрынғы топырақ құрамдары мен өсімдік және жануарлар дүниелерін саралады. Адамдардың осынау жылдардағы өмір сүру ерекшеліктеріне ден қойды. Атап айтқанда, қазірде осы өнірде шөл мен шөлейт аймаққа бейімделген 200-ден астам өсімдік өсетін болса, адамдар ғалымдар зерттеген сол кездің өзінде қой, ешкі, жылқы, сиыр сынды үй жануарларымен қоса, түз тағылары-құлан, муфлоң киік еттерін де жеген. Қасқыр, қарсақ, түлкі аулаған, аң терілерін пайдаланған. Күнделікті тұрмыста есек күшін де қолданған. Ол кезде де металл өңдеу, қола, мыс құралдарын пайдалану әдетке айналған. Егін шаруашылығымен де айналысқан.

Қашаған Күржіманұлы

Міне, осындай өзіндік сыр, құпиялары бар Тоқсанбай, оған іргелес және бір сипаттағы, кейінгі кезде анықталған Айтман Манайсор (оның өзі де үш қоныстан тұрады) тұрақтары келешекте кең көлемде зерттелмек. Ол үшің ең алдымен, таяу уақытта аталған жерлердің геофизикалық картасын жасау керек. Біз бұл жұмысқа әріптестер арасында біраз тәжірибесі бар неміс ғалымдарын шақырмақпыз. Венгрлік археологтардың да аталған іске белсене араласпақ ойы бар. Таяу жылдары мұның бәрі жүзеге асады деп отырмыз, – дейді экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Зейнолла Самашев.

Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы бұлардан басқа біздің дәуіріміздің X ғасырында-ақ (922) араб жиһанкезі Ахмед Ибн Фадлан жазбаларына іліккен Жездідегі оғыздар қаласы, Бәйте қорымдарына да ғылыми барлау-зерттеу жүргізді. Әрине, олардың бәрін әлі де нақтылау, анықтау керек. Жүргізілген қазба жұмыстарын жүйелеп бір ізге келтіру, бұрыннан бар тарихи деректермен салыстырған дұрыс. Бұл ретте жыл сайын игі нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқан экспедицияға деген сенім мол. Ендігі міндет – әлгі айтқан қолда барды саралау, жүйелеу мен ғылыми негіздеу ғана. Ал екінші нысан – Жылой өңіріндегі бұрынғы «Қосшағыл» кеншарының алыс мал–жайылымында орналасқаң немесе әлгі айтқан Токсанбайдан терістікте 51, аудан орталығы – Құлсарыдан шығыста 250 шақырым қашықтықтағы Қызылүйік ескерткіші археологтардың сол жылғы тағы бір ден қояр ірі жаңалықтарының бірі еді. Осынау екі мың жылдан астам тарихты ішке бүккен ғажайып ғибадатхана сармат дәуірінің Арал–Каспий теңіздері аралысындағы теңдесі жоқ ірі архитектуралық туындысы. Адамдардың шаман дініне бас ұрып, күнге табынып, соғыс құдайын пір тұтқан кездегі бұл ескерткіш алып жатқан аумағының молдығына қарамастан қазақ археологиясында тұнғыш рет еш техниканың көмегінсіз, қол күшімен аршылып, атқарылды. Осының өзі-ақ ондағы қазба жұмыстарының өте сақтық, қырағылықпен жүргізілгендігін көрсетпей ме?

Ғибадатхананың ерекшелігі сол-үстіңгі диаметрі 14-15 метр. төменгісі-60 метр көлеміндегі бұл дөңгелек ескерткіштің сақталған биіктігі бес-алты метр шамасында, екі сатылы. Әзіргі болжам бойынша ғибадатхананың үстінде биіктігі 2 метрден астам күмбезі болған. Жоғарғы сатысындағы қабатта жылда белгілі бір күндерде діни мейрамдар өткізіліп, құрбандықтар шалынған. Құрбандық малы тек қана алтын түстес, немесе жирен, құла жылқылар болады екен. Аталған рәсімге сол төңіректің күллі тұрғындары түгел қатысып, тамашалайды және құрбандық қанын үстері, беттеріне жағып, шеңбер құрып, билейді, ән салады, кұдайларынан шапағат, рақымшылық күтеді.

Ғибадатхана-айналасы Үстірттің терістік сілемі түстікке созылған Доңызтаудың жалданып, өркештенген дөңдерімен көмкерілген тегіс жазықтың нақ ортасына орналасқан. Ескерткіш төңрегін айнала адам мүсініндегі тік балбал тастар қоршаған. Арасы 5-6 қадамнан аспайтын сол ескерткіштердің тізілген бір алуаны ғибадатхананың оңтүстік шығыс бетінде доғаланып бір шақырымға созылады. Мүмкін, осы жартылай шеңберленген тік тасқа құрбандық мерекесіне келген мүриттер көліктерін байлап, өздері солардың жанында сап түзеп, дінбасы-абыз-дардың ғахлиялық уағыздарын тыңдаған шығар. Содан соң бәрі сарматтардың ежелгі заңы бойынша орталық есігі түстікке қараған (олар өліктің басын да оңтүстікке қаратып қояды) ғибадатханаға кеп, бас сұғады, құдайшылық рәсімдеріне қатысады.

Тегінде балбал тастар Қазақстанның батыс өңірінде өте сирек кездеседі. Ал Қызылүйік ескерткіштерінің ерекшелігі мұндағы балбалдар негізінен екі түрлі, яғни бірі–ерлер мүсінін бейнелесе, екіншісі-әйелдер кейпін береді және олардың өзі көбіне жауынгерлік сипатта болып келеді. Осы арада таңқаларлық тағы бір өзгешелік, ерлері аяқтарына саптама етік киіп, екі бүйіріне екі қанжар тағынса, әйелдер екі жағына қоса, кіндік тұсында көлденең тағы бірін яғни үш қанжар тағынады. Неге? Бұл әлі сыры ашылмаған құпия. Бірақ бұнда атақты Геродот айтқан бір шындық бар. Ол – «Сақтардың әйелдері еркегінен өткен жауынгер» болатындығы.

Қызылүйіктің екінші бір құпиясы, осы ғибадатхана төңірегінен сол кезде (осыдан мың жыл бұрын) сарматтардың ел таңбалық белгісіне айналған белбеу тоғасы, болмаса қауым, тайпа жалауы-туына салынған бөлігінің табылуы. Күмістен құйылған бұл белгіде айдаһардың бет-бейнесі мен түркілер тәңірі – Көк бөрінің тұтас тұрқы сомдалған. Сөз жоқ, бұл тарихтан белгілі болған сарматтар мен римдіктер арасындағы қайта-қайта соғыс, екі елдің бір-біріне ауысқан жауынгерлік дәстүр (өйткені римдіктер жалауында да осындай белгілер жиі кездеседі) ерекшеліктерін көрсетеді.
Ал, белгі ғибадатхана маңынан (негізінен доға текті тік тастар жанынан) қалай табылды дегенге экспедиция жетекшісі «Жоғарыдағыдай құрбандық шалу кезінде мейрамға келген үмбеттер садақа, нияз ретінде бойларындағы қымбат дүниелерді- жебе, сырға, түйме, білезік, белбеулерін (тоғасы) тастап, лақтыратын болған. Оны ешкімнің алып пайдалану құқы жоқ. Ал, ондай заттар Қызылүйік айналасында молынан кездеседі» – дейді.

Сайып келгеңде Қызылүйік осы өңірдегі көптеген ғибадатханалардың ең үлкені. Шындығында біз айтып отырған құдайшылдар (мінажат) үйінің батыс және түстік беттерінде 6-10-12 шақырымдық аумақта Қызыл қуыс, Тас астау (оның өзінде үш жерде). Қайнар, Молшылық мекендерінде басқа да ғибадатханалар мен мешіт, медреселер орны бар. Бірақ, олардың бәрі де шағын дүниелер. Әйтседе келешекте Қызылүйік және оның тақ іргесіндегі басқа да ескерткіштер кеңірек зерттеп, тиянақты толғау, мол пайымдауларды қажет етеді.
Міне, біздің бұл әңгіме жасағанымыз осыдан 5-10 жыл бұрын республика археологтары картасына енбеген, былайша айтқанда ғалым атаулының ізі түспеген жаңа орындар. Орталық құзырынан қол үзіп, тәуелсіздік алғаннан бергі ізденістер. Ендеше, осындай барларымызды бажайлап, халықтық байлыққа айналдыру- келешектің ісі. Ол үшін әңгіме басында айтқанымыздай бәріне басшылықтың назары, үкіметтің қаражаты керек-ақ. Сонда ғана бізді келешектің ойшыл ұрпағы ризашылықпен еске алатын болады.

Әлімгереев Ө.
Өлкетанушы
(Маңғыстау, 2002 ж., 30 шілде)