Сыры мол Сейсем ата

Ережеп (рамазан) айының 22 жаңасында, яғни үстіміздегі айдың 15-інші жулдызында бір топ Ата рухын құрметтеп, оның денесі дамыл тапқан орынды іздеушілер Сейсемге бет алдық. Топ құрамы бірыңғай Жары Назар балаларынан тараған ұрпақтар және араб өрнегінен аз-мұз хабары бар Қаржау Әбділлә мен осы жолдар авторы.

Сапар сәтті болып, Кіші жүздің жақсысы мен жайсаңы көзі тірісінде пәтуаласып, көз жұмған соң табысқан қасиетті мәңгілік жай - пантеон (грекше. пантәос - барша Құдай ұлдары мен Құдай сүйген ұлдар дамылдаған орын) ашық раймен қарсы алды. Біріншіден маусым айының 6-ыншы жұлдызында «Үш қиян» үнпарағында Айтман айтқан хабар дерегімен ұрпақтары көз табысты. Ол Назарұлы Тастемірдің деректі құлпытасы мен жолбарыс мүсін арқа тасы және Назарұлы Майлан белгісі еді. Екіншіден, осы жерде Назарұлы Құдайберген құлпытасы да және олардан тараған ұрпақтар бір га шамасында аумақта болып шықты. Сөйтіп бұған дейін Айдар ишан баласы Әбдіжапар молла айтып өткен, Түркпенадайдың Айтқұлы Ұзақбай ақсақал қуаттаған дерек, Назардың төрт баласының да Сейсемде екендігі жөніндегі ауызша шежіре жазба құжат мәтінімен расталды. Ескерте кететін жай, менде сақталған алғашқы жазбаларда Шотан құлпытасын оқу нұсқаларының бірінде «1143 - ұлу» деген жазба түсіпті. Егер есепке салатын болсақ, хижраның 1143 жылы 1730 жылдың 17 шілдесіндегі сейсенбіден басталады, яғни 1731 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңді қамтиды. 1731 жыл 1731:12+9=12, яғни мүшел есебінің 12-інші жылы - доңыз. 1730 биылғы жыл тәрізді ит жылы. Ал ұлу жылдары осы кезеңде 1137 (1724) немесе 1149 (1736) жылдары өткен. 37, 43, 49 сандарын араб цифрымен жазу, әсіресе таста таңбалау айтар-лықтай ұқсас. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама кезеңін меже етіп алсақ 1149(1736) , ұлу жылын Шотан Назарулының қайтқан жылы деуге, жасы немесе құрдастары жөнінде шежіре дерегі болса өмір сүрген уақытын біршама дәлдеуге болады.

Сейсем-Ата қауымында Өрдекұлы Кенже, Кенжеұлы Едіге, Зорбайұлы Өтеғұл, Мамыртайұлы Маймақ т.с.с. көптеген рулы елдің айбарына айналған «Ата» деңгейін иеленген адамдардың жазулары анық болмаса да оқу мүмкін дәрежеде сақталған. Біз оларды оқып, жариялаумен қатар қазір күре жолдардың баршасында «Ата» атына сілтемелердің көбейіп кеткендігіне назар аударғымыз келіп отыр. «Ата» аталық деңгейге жеткендерге ғана берілетін, кез келді немереге ата болған шалдың шылауы болатын атақ емес. «Ата» болу үшін ұрпағы кемі жеті атадан асып, жан саны ру атын беретіндей көлемге жетуі керек. Ата аты кезінде жыл басындағы ақсақалдар Кеңесінің пәтуасымен қабылданып, жаңа қоғамдық құрылымның жайылымы, суы бекітіліп отырған.

Осындай мәселелерді бір ізге салатын іргетас энциклопедиялық жинақ. Энциклопедия - ғылымның сан саласынан мәлімет және жан-жақты білім жиынтығын беретін ғылыми-анықтамалық басылым. Қолымыздағы «Маңғыстау» энциклопедиясы дайындалған кезде бәрін бірдей қамту мүмкін болмаған секілді көрінеді. Бүгінгі өзгерген саяси-экономикалық қоғамдық жағдай және рухани жаңғы-ру үстіндегі әлеуметтік орта өлкенің өткені мен бүгіні туралы толыққанды деректер алатын энциклопедияны қажет ететін уақыт келді.

Салалық энциклопедия ретінде болашақ басылым - аймақтың адам мекені ретінде ежелгі заманнан бастап қалыптасу тарихы, жер-су атаулары мен олардың ерекшеліктері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің түрлік құрамы, олардың сандық өзгеру бағыты, жер байлығының оның тарихи иелеріне пайдалы игерілуі т.с.с. мәселелерді толық қамтыса ғана, оқушы жастардың білім алар құралы бола алады.

Онда, жеке тұлғалардан өзінің өмірі мен қызметі нәтижесінде әлем ғылымына жаңа бағыттар ұсынған ғалымдар, өлкенің мұралық қазынасына материалдық байлық қосқан еңбеккерлер, өнері мен білімі арқылы ел қоржынына олжа салған, жас ұрпақ ісін үлгі етіп, алға ұмтылатын өнер және спорт шеберлері, іс басындағы уйымдастыру қабілетімен аймақты мекен еткен барша халықтың жаңа қолайлы деңгейдегі турмысын, мамандардың әлем елдері мойындайтын білім сапасын, кәмелетке толған әр-бір азаматтың табысты жумыс орнын қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосқан билік өкілдері ғана орын алуға тиісті.

Қалнияз ақын елмен бірге қара басына қиындық түскенде:

«Халқымнан кімдер өткен жоқ,
Іздесем бүгін тіптен жоқ.
Ойласақ өткен соларды,
Көңілге түсед көп салмақ.
Тартынбай шапқан ерлер-ай,
Қаптағанда көп қалмақ.
Солардың бірі бұрынғы,
Белгілі Бегей Қозыбақ.
Есек мерген және де,
Тәңірберген, Ер Жанақ.
Туын жыққан дұшпанның,
Атағозы, ер Лабақ.
Өзім көрген кешегі,
Амантұрлы, Қожалақ,
Балуанияз, Тұрмамбет,
Бердалы, Сүгір, Байбарақ,
Белгілі ерлер және де,
Қармыс пен Өмір, Қонайым,
Жылқайдар мен ер Төлеп,
Қарақай мен Шабайым,
Дауымшар, Рақ, Құдабай,
Бердібек, Досан, Мыңбайым.
Булардың бүгін бірі жоқ,

Қара жер жұтқан талайын - деп жырлапты. Олардың көпшілігінің мүрдесі жатқан орын халықтың зия¬рат орнына айналған. Ақын-жыраулардан кеңес үкіметінің құйтырқы саясатын мансұқ етіп ауызша жеткен сөз үлгілеріндегі ел бірлігін бекіткен билер мен сақи байлар, имандылықты ел еншісі еткен молдалар мен ахұндар тарихы, олардың үлгілері ел рухын асқақтататын жәдігерлер қаншама. Энциклопедия келер ұрпаққа осыны жеткізуге тиісті. Аты аталған, Маңғыстау жерін қорғап, бүгінгі ұрпағына аманаттап кеткен 27 ел қорғанынан бес-ақ батыр: Атағозы, Балуанияз, Бердалы, Досан, Ер Қармыс 1997 жылғы энциклопедияға енген.

Сонымен қатар аталған еңбекте бірде бір тұпнұсқаға сілтеме жоқ. Айталық Атағозының ерліктерін, билігін, қанатты сөздерін іздеген жан қайдан табады? Білім беру құралы ретінде дүбара болмаса, нағыз энциклопедия атаулы ондай көрсеткішсіз шықпайды.

Міне, алда қайта дайындалмақшы «Маңғыстау» энциклопедиясында өлке тарихына қатысы бар арғы-бергідегі жампоздарымыздың ескерілмей қалмағаны бек қуанышты. Өйткені, ел тарихының бастауында талайлаған даңқты бабалардың есімдері жаңғыртылуы оның маңызын үстей түседі. (Төменде Сейсем атада таяуда болғанда байқаған тың жазулар сыр шертеді...)

М. АҚМЫРЗАЕВ
Маңғыстау, 16.11.2006