Жаңай - Саназар әулие (Санекем) (туғанына 250 жыл)

Ия, көріпкелдер, паиғамбарлар, сәуегейлер, атақты сынықшы емшілер адамзат ғұмырымен бірге жасасып келеді.Олардың іздері мифтер мен аңыз-ертегілерде сайрап жатыр. Қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, қилы кезеңдерде дес бермеген асыл қасиеттері бар. Бабаларымыздың даналығын, қабілетін танытатын, жан, тән саулығын сақтаған, осы бір адамгершілік имандылыққа толы халықтық ғылым бірде биіктеп, бірде аласарып толқындаған күй кешті. Әсіресе соңғы ғасырда бұрын құлақ естіп, көз көрмеген зұлматқа, қуғынға ұшырады.

Мұндай тұла бойында ерекше тылсым, жұмбақ қасиет дарыған адамдарды әрине «әулие» деп халқымыз қадір тұтқан. Мұндай әулиелік айырықша дарын қабілеті бар адамдарды жоққа шығаруға, адам бойындағы ішкі қуатты тұншықтыруға қаншама күш жұмсалса да ақыры таразы уақыт жалған ұрандар мен уағыздардың күлін көкке ұшырып, ондай әруақты адамдардың шексіз мүмкіндігін бұғаудан босатты.Ондай әулие адамдар өткенімізді де, болашағымызды да, алысты да, жақынды да, жан- дүниеміздің ең бір құпия қалтарыстарын көріп тұрады.Олар адамға мағұлым емес заңдарға сәйкес дамып, тіршілік етіп келе жаткан біртұтас дүние, беймәлім құбылыс. Сол өткен-кеткен әз-әулиелердің феноменін бүгінгі ғылым қаншама шарықтап дамыса да түсіндіріп бере алмай келе жатқаны және жасырын сыр емес.

Міне, осы ретте кезінде Маңғыстау аймағына, одан да тысқары шет жерлерге атағы жайылған, бертінде туған өңірінде ғана есімі сақталған XVIII ғасырдың екінші жартысындағы аса көрнекті емші - сынықшы, көріпкел -болжампаз, данагөй би, шешен Саназар Мәмбетұлы. Саназар Тобыш, оның ішінде Жаңайдың Әлі тармағынан тарайды. Саназар 1761 жылы туып, 1852 жылы қазіргі Форт -Шевченко қаласына таяу жерде қайтыс болған. Саназар туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелерден, көкірегі даңғыл қариялардан жинақталған деректер де мол. Саназар әулие Форт-Шевченко қаласынан Тамшалыға барар жолда 24 шақырым жерде жерленген.Мұнда өзінен тараған бірқатар ұрпақтары да мәңгілік мекен тепкен.Саназар әулие ең алдымен ғаламат емші-сынықшы болған.Бұл туралы шежіреші қарттардан біраз әңгімелер қалған. «Қарағантүп» аймағын жайлаған Саназар әулие сынып, жарақаттанып келгендерді, өзге де әрқилы ауру-сырқауларды қай мезгілде қашан келсе де қабақ шытпай қабылдай берген. Қариялардың айтуынша: «Маңдайша, қос босаға, табалдырық,алты қанат кереге,тоқсан уық,қара шаңырақ,оған жуық төрт туырлық,екі ұзік,жеке түндік» ақ боз үйі науқастарды бай кедейіне, кәрі-жасына қарамай қарсы алып отыратын шипалы орын болған деседі. Бірде «Тамшалы» деген жерде бір келіншек түйеден жығылып, бірнеше жерден сүйегі сынып қалады. Ол есін жиған соң жандәрмен дегенде Саназар әулиенің ауылына келтіріледі. Ал бұл оқиғаны Санекем алдын ала біліп.кемпіріне: «Төсек сал, бір адам қатты қиналып келе жатыр» дейді. Келіншек келген соң оның сынған жерлерін сыйпалап отырып салып береді.

Ал әрқилы ауруларды тау бойында өсетін оңдаған түрлі шөппен, шөптің тамырынан, жылқының іш майы тағы да басқа емдік қасиеті бар заттардан дәрі-дәрмек жасаған. Санекемнің әруағы сарыүйек жылан болып келеді екен. Бұл жыландар Санекеме жамандық ойлаған адамдарға көрініп, қойны-қонышынан ғайыптан пайда болып, зәре құтын алады екен де, ондайлар Санекемнен кешірім сұрап өздері келетін болған. Әулиеге тіл тигізгендер немесе ұры-қарылар, қастық ойлағандар, елдің тынышын алып, шабуыл жасағандар көп ретте жазылмас дертке ұшырап, мүгедек болып қалатындар да болғандығы туралы ел аузында талай аңыз-әңгімелер бар. Бірақ көбінесе Санекем кешірімшіл болған, алды кең адам екен. Бірде Санекемнің бір үйір жылқысын көршілес түрікмен барымташылары айдап алып кетеді.Ауыл жігіттері «оларды артынан қуып жылқыны ¬қайтарамыз» деп бес қаруын сайлап, Санекеме келеді. Сонда Санекем: «Жігіттер, қызбалыққа салынбаңдар, төрт күннен кейін жылқыны өздері қайтадан алып келіп, алдымызға салады» дейді. Айтқанындай төрт күннен соң сеңсең бөріктері жалпылдаған екі-үш түрікмен жылқыны алып келеді де, Санекемнің аяғына жығылып.жаздық.жаңылдық деп кешірім сұрайды. Мұның себебі олар ауылдарына жақындағанда қойны-қонышынан ысқырынып, сарбас жыландар қаптап кетеді. Олар бұл Санекемнің әруағы екендігін, оңбай қателескендігін, енді болмаса өмірлеріне қауіп төнетіндігін біліп, лезде кейін қайтады. Жыландар да сонда тиылып жоқ боп кетеді. Сонда Санекем күліп: «Шырақтарым.адамға қанағат деген керек қой, бір қателік болған екен, екіншілей ала жіпті аттамағандарың дұрыс,ал,енді,өткен өреует.қалған салауат, біздікінен қонақасы жеп кетіңдер» деп оларды сыйлап жіберген ғой. Санекем көріпкел-болжампаз да болған адам. Қыс басталарда ауа райын болжап, қайда барып қоныстану қажеттігін айтып отырған.Және ол болжамы дәл келіп, талай рет ел-жұртты жұттан аман сақтап қалған. Кей ретте алыс жолға шығушыларға алдыңда қауіп-қатер бар деп тоқтатып отырған. Өзінің сара билігімен ел ішіндегі дау-жанжалды болдырмай.айтқаны ем болып,абырой-беделі де ғұмыр бойы ойыс тартпаған.Адайлар мен түрікпендер арасында да бітімші болып, қанды оқиғалардың алдын алып, барыс-келіс, алыс-беріс орнатуда да көрегендігі аңыз болып қалған.

Санекемнің нағашы жұрты Адайдың атақты үш Назарының бірі Ескелді Саназар. Ол кезінде төрт түлігі мыңғырған атағы тірісінде жер жарып тұрған дәулетті, қолы ашық жомарт, елге қайырымды болған адам екені көпке белгілі.Ел аузындағы аңыз бойынша Ескелді Саназардың бір қызы Мұратбике Жаңай Мәмбетке ұзатылады. Бірақ ол бес-алты жылға дейін балалы болмай, уайым-қайғыланып шалғай қоныстағы әкесіне көріскелі келеді. Сонда Саназар: «Қарағым, енді құдай беріп, екі балалы боларсың, екінші ер бала болса, «Саназар» деп қой, қыз бала болса өздерің қоя беріңдер» дейді. Мұратбике көп ұзамай екі балалы болып, бірінің есімін Саназар деп қойған екен. Және Саназар бай қызы Мұратбикеге: «Балам, менің сөзім ойыңда болсын, өз ақылың бойыңда болсын, сол балаң кім де болса құр болмас, батамды бердім» деп аттандырған да екен. Санекемнің кейінгі ұрпақтары да емші, сынықшы, болжампаз.көпке қайырымды, бауырмал, адамгершілік пен имандылықты ту етіп ұстап,әулие атасының жолын қуды. Шынында да сынықшылық, емшілік қан қуалап, генетикалық код арқылы ауысып, беріліп отырған қасиет. Сынықшылықты кез келген адам үйрене алмайды. Себебі қан жүйесінің қозғалу бағытын, тамыр соғысын тек ішкі түйсік арқылы біліп, байқап барып ем жасамаса, сынықшылық қасиет қанына бітпеген жанға оны үйрену мүмкін емес. Қай буынның қай жілігі сынғанда қан айналымы бағыты бойынша айқындап, біліп отыру керек. Қалай, қайтіп, неге сүйеніп, бұл жағын түсіндіріп бере алатын сынықшы болмайды. Осы ретте Санекемнің ұрпақтары Есіркеп, Есенбай, Ақнияз Есенбайұлы, Таубай Ақниязұлы, Байділда Бекболатұлы және басқалары да зайырлы емші, сынықшы, көріпкелдігімен ел жадында сақталғандар. Бұл күндері Саназар әулие басына тәубе етіп түнеушілер легі сейілген емес.1990 жылдары мұнда көрнекті (мешіт) қонақ үйі салынса, 2005-2006 жылы еңселі түнеухана ғимараты салынып, зиярат етушілер игілігіне берілді.

Үстіміздегі жылы Саназар әулиенің 250 жылдығы аталып өтпек. Міне осыған орай «Саназар әулие» атты танымдық-шежірелік кітап Алматы қаласында «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрді. Сондай-ақ Түпқараған ауданында кең көлемде ас беру рәсімі өткізілгелі отыр. Саназар әулие есімін қалай құрметтесек те артық емес. Ол туралы «Маңғыстау» энциклопедиясында: «Саназар әулие халқымыздың шапағат нұрын шашқан қасиетті ұлы тұлғаларының қатарында биік тұрады» деп қысқаша өмір деректері жазылды.Саназар әулие туралы 1949 жылы классик жазушы Сәбит Мұқанов Форт-Шевченко қаласына сапарында «Саназар құдыгы» атты мақаласын жазса, журналистер Ә.Спанов, А.Әбдіров, қаламгер С.Әбішов және басқалар толғана қалам тербеді. Ақын жазушы Сайын Назарбекұлы:

Әулиеге басыңды ию осындағы,
Ұлыларға ұлылар қосылмағы.
Қырда-Бекет,ойдағы-Саназармен,
Үш жүз алпыс әулие және екеу қосылмағы...» деп жырлады.

Саназар әулие есімі де өз туыстары Бекет ата, Бекбауыл ата, Мыңкісі ата есімімен қатар ғасырдан ғасырға ұрпақтарына медеу, жүректеріне жылуы мен жарығын сеуіп жасай бермек.

Ұйымдастыру алқасы:
Жамаладин ЕСБЕРГЕНОВ.
Нурболсын САРЫБАЕВ.
Кайрат БЕКМҰРАТОВ

Маңғыстау 29.03.2012

 

Құрметті әлеумет!

Жанай Саназар атамыз ел-жұртына қайыр-шапағаты мол тиген, өзінің сынықшылық–емшілік, көріпкелдік қасиеттерімен көзі тірісінде әулие атанған. Үстіміздегі жылы Саназар әулиенің 250 жылдық ас беру рәсімін Түпқараған ауданында кең көлемде өткізгелі отырмыз. Жаңай Саназар ата ұрпақтары мен ата шапағатына бөленген дүйім жұртшылық бұл асқа ат салыспақ ниетте.

Ата туралы «Маңғыстау» энциклопедиясында: «Саназар әулие халқымыздың шапағат нұрын шашқан қасиетті ұлы тұлғаларының қатарында биік тұрады» деп қысқаша өмір деректерімен келтірілген. Ал ақын-жазушы, сәулетші Сайын Назарбекұлы ағамыз:

«Әулиеге басыңды иу осындағы,
Ұлыларға ұлылар қосылмағы.
Қырда-Бекет, ойдағы Саназармен
Үш жүз алпыс әулие және екеу қосылмағы» деп жырлайды.

Атаның асы Тәуелсіз еліміздің төрт құбыласын түгендеуге, тілін, дінін, жеткіншек ұрпақты имани құндылықтар мен отаншылдық рухта тәрбиелеумен қатар, олардың бойына ұлттың ұлылығын асқақтатар ұлттық рух нәрін берсе, тұлға мен тарих алдында бұл парыз ізгі істің қосатын үлесі аз болмақ емес. Тарих түлейтіндігін Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдармен байланыстыра сөз етуге болады. Міне, түлеген тарихпен талай тұлғаларымыздың тәрбиелік, тәлімдік бет-бедерін біз өзімізге қайтардық. Кеңес өкіметінің өксітер тұсы да осы әулие атын ұлықтамақ түгілі, қалам ұстап тіл ұстартқанды халық жауы атады. Мың өліп, бір тірілген халқымыздың тарихына көз жүгірте отырып, бүгінде өшкеніміз жанып, өлгеніміздің атының оралуын бір сауапты да жауапты іс деп есептеп, осындай бейбіт күннің оралғанына шүкіршілік етеміз.

Қазақ әуелден балтыры сыздап, басы ауырғанда әуелі Алла, кейін әулие-аталарын ауызға алып жәрдемші болуды сұраған. «Сұрағанға береген» деген Алла тағала бұл кісілер - әулие-аталарды ерекше күш иесі ретінде жаратып, халыққа құдырет шапағаты мен махаббатын жеткізушілер ретінде қиналғанға қолтығынан демеу болсын деп Пайғамбарлардан кейінгі құдыреті күшті иеміздің сүйікті перзенттері етіп жаратты.

Саназар әулие есімі де өз туыстары – Бекет-Ата, Бекбауыл-Ата, Мыңкісі-Ата есімдерімен қатар аталып, ғасырдан ғасырға жалғасқан. Бұл есім ұрпақтарына медеу, халқына Алла атымен демеу, жүректеріне жылуы мен жарық сәулесін сеуіп жасай бермек.

Жамаладин Есбергенұлы
Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Саназар Атаның 250 жылдық
асын беру рәсімін әзірлеу және өткізу жөніндегі ұйымдастыру алқасының төрағасы
.