ШОҒЫ (ҚЫРЫҚМЫЛТЫҚ ) батыр

Тәуелсіздігіміздің 20-жылдығының мерекелік шаралары аясында Маңғыстау жұрты Шоғы батыр Мұңалұлының рухына бағышталған үлкен ас өткізгелі жатыр.Осы шаралардың шеңберінде бәйге, жыршы-термешілер байқауы, концерт, ғылыми танымдық конференция өткізіліп Шоғы батырға ескерткіш орнатылатын болады. Сондай-ақ Шоғы батыр мен оның ұрпактары туралы кітап жазылып, жарыққа шықты.

Осы қарсаңда біздің тілшіміз кітап авторларының бірі Отыншы КӨШБАЙМЕН жолығып сұхбаттасқан еді...

-Отеке, көптен бері өлкеміздің тарихын зерттеп, талай айтулы тарихи тұлғалардың әруағын тірілттіңіз. Міне, тағы бір сондай асылымыз -Шоғы батыр туралы деректі повест жазып бітіріпсіз, құтты болсын.

-Ертеңгі Маңғыстауда басталғалы жатырған Шоғы батыр әруағына арналған үлкен шараларға, осы шығарманың жарыққа шығуына себеп болған жағдай - 2007 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне реставрация жұмыстары жүргізілгенде Шоғы батыр деген құлпытас табылған. Міне, осы жағдай көп нәрсеге бастама болды. Бұл құлпытас Шоғының батыр болғандығын, оның Түркістанда жерленгендігі туралы әңгімелердің аңыз емес, шындық екенін растады. Тіпті кейбір ұрпақтары мынадай әңгіме айтады. Бір тікмінезді, бірбеткейлеу ақсақал Өзбекстанда тұрған уақытында « мен атам Шоғының қасына жатуым керек»,- деп бала-шағаларының айтқанына көнбей Түркістанға көшіп барған дейді. Сөйтіп ол ақсақалға топырақ Түркістаннан бұйырған еді дегенді айтады. Сонда ол ақсақал Шоғы батырдың Түркістанда жерленгеніне имандай сенген ғой. Бұл тегін емес. Ондай сенімі болмаса қарт адам өлер шағында жылы орынын суытып, отбасын сүйрелемес еді ғой. Бұл Шоғы батырдың құлпытасының әлі де табылмаған уақыты, яғни оның жерленгенінен әуелден хабардар болған.

Құлпытас табылғаннан кейін батырдың ұрпақтары Түркістанға барып, Шоғы батырға үлкен ас берді. Ә. Кекілбаев ағамыздың, Парламент депутаттарының, облыс әкімінің құттықтауы осы қарсаң. Облысымыздың басшылары Шоғы батыр ұрпақтарының оған ескерткіш ашу, т.б. шаралар туралы ұсынысын қабыл алып, бюджеттен қаржы бөлуі өте игілікті іс болды. Сонан соң Шоғы батыр туралы кітап жазуды қырықмылтық ағайындар маған тапсырды.

-Ал, сен бул шаруаға қашан кірістің?

Менің бұл шаруаны қолға алғаныма бір жылға жуық уақыт болды.

-Отыншы, Шоғы батыр туралы тарихи жазба деректер жоқ, сақталмаған. Бұл жағдай саған қиындық келтірген жоқ па? Неге сүйендің, нені басшылыққа алдың?

-Турасын айтқанда менің қолымда жазба деректер болған жоқ. Сондықтан бұл кітап Шоғы батыр туралы ұрпақтарының айтқан аңыз әңгімелерінің жетегінде жазылды. Бірақ мен Шоғы батыр өмір сүрген замандағы болған тарихи оқиғалардан ауытқып кеткенім жоқ. Шоғы батырды сол оқиғалардың ортасында қылып көрсетуге тырыстым.

-Батыр адам халқының басынан өтіп жатқан қилы тарихи оқиғаларға араласпауы мүмкін емес дейсің ғой.

-Әлбетте солай. Шоғы ауыл-аймақтың батыры емес, ол халықтық батыр, ірі тарихи тұлға. Түркістанда хандармен, сұлтандармен, атақты батырлармен бірге жатуының өзі осыны айғақтайды. Ал ондай сардар тұлға халқының ар-намысы үшін, қарыс-сүйем жері үшін күреседі, жауға есесін жібермейді. Қажет болса жанын қиюға да бар. Сондықтан мен Шоғы батыр туралы кітапты сол заманның тарихи оқиғаларымен сабақтастырғанда шындықтан пәлендей ауытқып кетпеген болармын деп ойлаймын.

Адай ішінде қырықмылтық ағайындар негізінен Ырғыз, Қарасай, Жем, Сағыз бойларын, осы күнгі Бейнеудің Қарақалпақстанға шектесіп жатқан аумағын мекендеген. Қазіргі Атырау аумағында Қырықмылтық атты жер де бар, үлкен мұнай өндірісінің ошағы. Сол жерлерде өмір сүрген.ұрпақ жайған.Ал бұл өңір тып-тыныш болған жоқ. Кезінде кіші жүздің, Батыс Қазақстанның аймағында қандай оқиға болса Шоғы атамыз сол оқиғалардың бел ортасында болды деп айта аламыз. Өйткені ол батыр, ол хан-сұлтандар, батырлармен үзеңгі қағыстырып, қатар жүрген көрнекті тұлға.

-Отыншы, әлгінде батырдың ұрпақтары мен кәріқұлақ ақсақалдар айтқан әңгімелерге сүйендім дедің. Ол әңгімелердің көбі жүйелі емес, үзік-үзік болатыны белгілі. Сен оларды қалай жүйелеп, бір ізге түсірдің?

-Жазу-сызуы болмаған елде халықтың мәдени мұрасы ауыздан-ауызға айту арқылы жеткен ғой. Оған дағдыланған халықтың жады өте мықты болады, естігенін ұмытпайды және біздің халықтың бір ерекше қасиеті барынша әділ болған, тарихқа қиянат жасамаған.

Ақсақалдардан қалған әңгімелер туралы сөз қылғанда нақты үш нәрсені айрықша бөліп айтуға болады. Соның ішінде Шоғының тама Есет Көкіұлымен құрдас болғандығы. екіншісі Әбілхайыр ханмен бірге болғандығы, тіпті Шоғыны Түркістанға жерлеу туралы пәрмен берген де Әбілхайыр хан екендігі т.б.

Қазақта шежіреші көп болған. Көптеген деректер бізге солар арқылы жеткенін де жасыруға болмайды. Қазіргі кейбір тарихшы-зерттеушілер белгілі-бір тарихи тұлғаның туған, өмірден озған жылдарын көрсетуде тым қарабайырлыққа салынып кететіні де бар. Сөйтіп кейбір жазғыштар пәлен батыр бәленінші жылы туған деп сарт еткізеді. Сондағы сүйенетіні оның әкесінің туған жылы белгілі, баласы одан 25 жас кіші болуы керек дейді. Біздің қазақта Алпысбай. Жетпісбай, Сексенбайлар тақ толы. Жұрттың бәрі әкесінің жиырма бес жасында туылмайды ғой. Міне, осындай болжамдар жұртты шатастырады.

Менің өмірден тым ерте озған ғалым, марқұм Серікбол Қондыбайдың кітаптарын көп ақтаратыным бар. Сонда ол: «Шежіре дегеніміз абсолюттік шындық емес» дейді. Сондай-ақ ол бүкіл Республика көлеміндегі осындай материалдарды зерттей келе мынадай қорытындыға келеді: Адам баласының есте сақтау қабілеті шектеулі. Мысалы: 150 жыл бұрынғы деректерді ақын-жыраулардың дастан-толғаулары арқылы ғана есте сақтауға болады.

Ал 150-200 жыл аралығындағы деректерді адам еміс-еміс қана есте сақтай алады. 250-300 жылғы деректерден ештеме қалмайды десе де болады дейді. Баяғы бір оқиға бір фразалық, бір абзацтық, тіпті сөйлемге ғана ауысып кетеді дейді ол. Ал біз әңгімелеп отырған Шоғы батырдың өмірден өткеніне 300 жылдай уақыт болды.

Түркістандағы құлпытастағы жазуда Шоғы батыр 1667 жылы туып, 1726 жылы қаза тапқан деп көрсетілген. Бұл кісі ақ шейт. Сауран қаласын қорғауда жоңғарлармен соғыста қаза тапқан. Жалпы ертедегі хас батырлар үйде туып, түзде өлуді, яғни елі мен жерін қорғауда жау қолынан қазаға ұшырауды армандайды екен. Мұндай өлімді ақ шейт деген, олар тікелей ұжмаққа түседі деген діни наным-сенім болған.

- Шоғы батыр ел қорғауға қай шамасында араласқан. қай шамада батыр атанған адам?

-Ол ел қорғау ісіне ертерек араласқан. Ол кездегі заманның тынысы, тарихи оқиғалар оған әбден болайын-толайын деуге мұрша бермейтін еді. Біресе түстіктегі түрікмендермен, біресе Еділ бойындағы башқұрттармен.біресе мына іргедегі қалмақтармен соғысуға тура келген. Шоғы өте жас кезінен-ақ осы соғыстарға қатысып, елін жаудан қорғауға белсене араласқан батыр. Өзіне дейінгі және заманындағы қазақ батырларынан айырмашылығы Шоғы отты қару -мылтықты ер жарағына қосқан адам. Мылтық ол кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін, сатып алудың өзі үлкен саясаткерлікті талап етсе керек-ті. Сондықтан қырық мылтықты сарбазы бар Шоғы батыр Қырықмылтық атанып кеткен. Сол лақап атпен танымал. Менің тағы бір басшылыққа алған нәрсем Шоғының батырлық атағы шығып, есімі елге кең жайылуына өзінің құрдасы Тама Есеттіңде көп ықпалы тиген-ау деп ойлаймын. Ол сол қарсаңда атақты батыр, өте ықпалды адам болған. Оның өмірі де сыртқы жаулармен арпалыста өткен. 1703-1704 жылдары Жем, Сағыз бойына қаптаған түрікмендермен, 1706 жылы Еділ қалмақтарына қарсы күрескен. Екі батырдың да өздерінің туып-өскен жерінде болып жатқан осы оқиғалардың ортасында жүруі заңды нәрсе.

Шоғы батыр туралы ақсақалдардан қалған мынадай бір әңгіме бар.

Ол заманында ақ патшаға қарсы шығып, жеңіліске ұшырағаннан кейін, патшаның кәрінен қорқып, қазақ жерін паналамақшы болған орыс қарақшыларымен де соғысқан Мен ойлаймын олар 1709-1710 жылдары Дон бойында болған Кондратий Булавин бастаған шаруалар көтерілісінің қашқын-пысқындары болар деп.

К.Булавин қолға түсіп қалады да, оның екі көмекшісінің бірі Никита Голый қазақ жеріне, оның ішінде осы біздің кіші жүздің жеріне өтіп кетеді. Ол жалғыз емес, қасында әскери жасағы бар. Олар жүрген жерлерінің бәрінде ойран салып, халыққа бүйідей тиеді. Оларға қарсы шайқасқандардың ішінде табын Бөкенбай батыр, тама Есет батырлар бар деп айтылады. Осы шайқасқа Шоғы батыр да қатысты деп айта аламыз. Себебі ол өзінің қарулас достарынан қақас қалуы мүмкін емес қой. Осы орыс қарақшыларын кіші жүз жеріне кідіртпей кері қуып жібергеннен кейін қазақ жері патшалық Ресей жағынан болатын шабуылдардан біраз уақыт тыныш болды.

Тағы бір айта кететін нәрсе қалмақтар туралы. Олар торғауыттар бастаған төрт тайпадан тұрады. Осы торғауыттар 1630 жылдары Ертістің бойынан ауып, батыс Қазақстанның аумағына келді. Ал патшалық Ресей жауынгер қалмақтарды өз пайдасын ойлай орналастырды. Ондағы мақсаттары қалмақтарды өз жерлерін мүмкін болатын қазақ, түрікмен, ирандықтардың, көшпенді елдердің шабуылдарына қалқан қылып ұстау еді.

Шоғы батыр туралы тағы бір айтатын нәрсе оның қалған өмірі 1710 жылғы Қарақұм құрылтайымен сабақтас. Осы Қарақұм құрылтайынан соң ол Әбілхайыр ханмен бірге жоңғар басқыншыларымен күресті. Осы 1710 жылы Әз Тәуке қазақтың барлық атақты батырларын, билерін, т.б. беделді тұлғалары осы Қарақұмға жинады. Мақсат барған сайын күшейіп бара жатқан жоңғарлардың шабуылына бүкіл ел, бүкіл қазақ халқы болып тойтарыс беруді ұйымдастыру. Өйтпеген жағдайда қазақ халқының тұқымы құрып кету қаупі төнді. Бұл құрылтайда тек соғыс емес, сонымен қатар елдің ішкі жағдайларына да көптеген өзгерістер енгізілді. Тәукенің атақты «Жеті жарғысы» осында қабылданды. Соның нәтижесінде қазақ халқының, мемлекетінің ішкі саясатының да негізі құрылды. Салт-дәстүр жоралғылары мәселелері, тұрақты әскер ұстау, оны қаржыландыру мәселесі де осында шешілді. Бұрын бытыраңқылық басым еді. Ел шетіне жау тисе жан-жаққа хабар шашылады, үлгергені келеді, үлгермегені қалады. Сондай-ақ құрылтайға дейін әр жүздің өзінің белгілі бір қорғайтын жауапты аймағы болатын. Енді тұрақты әскер ұсталғаннан кейін оларды қажетіне қарай пайдалану мүмкіндігі туды.

Құрылтайға дейін қазақ сұлтандары өзара алауыз болды. Оны тоқтату да осы құрылтайда қаралды. Құрылтайға қазақтың үш жүзінің атақты үш биі де қатысты. Бұл жиында тек би, сұлтандар ғана емес, батырларға да сөз берілді.

Тәуке хан қазақтың басын біріктіргенмен кейін қазақтың қанына сіңген рушылдық, жікшілдіктің қырсығынан қайтадан бытыраңқылық, алауыздық етек алып, ақыр соңында соның зардабын тартты. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама осы кезеңнің трагедиясы. Міне, біздің батыр бабамыз осы ел қоргау соғыстарына қатысып, батырлық атағы өз заманында кең жайылған адам. Осы кезеңдегі тағы бір қиындық ана жақтан жоңғарлар шабуыл бастағанда мына жақтан қалмақтар мен түстіктегі түрікмендердің де шабуылдары болып тұрды. Ал Шоғы батыр осы қиыншылықтардың , қым-қуыт, аласапыран шайқастардың ішінде жүрді. Түркістан, Сауран қалаларын жаудан қорғауға жан аямай кірісті. Өзінің екі баласы Жолай мен Есекейді де өзімен бірге алып кетіп, осы соғыстарға салған деген әңгіме бар.

Шоғы батыр осы Сауран қаласын жаудан қорғау соғысында ерлікпен қаза табады. Әуелі ауыр жараланған Шоғыны Түркістанға апарып, ең мықты деген емшілерді жинап, оны аман алып қалуға Әбілхайыр тапсырма береді. Алайда оны құтқара алмайды, Шоғы қайтыс болады. Шоғы қайтыс болғаннан кейін ол Әбілхайыр ханның жеке тапсырмасы бойынша Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарылып, сонда хан, сұлтан, батыр билермен бір жерге жерленеді.

Ата-бабалардан, ақсақалдарымыздан қалған деректі әңгімелерге, , аңыз- әпсаналарға сүйене отырып, біз Шоғы батыр кітабын осы ретте жазып шықтық.

Бір қуанарлық жағдай Шоғы батырды қазіргі заманғы ақындар жырға қосып бастады. Мысалы: талантты ақын ініміз Сабыр Адай «Шоғы батырдың оралуы» атты жыр-шашу толғауын жазды. Толғауда киелі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қасиетті кесенесінде жатқан Шоғы батыр атамыздың рухының әулиелі Маңғыстауға оралуы жырланады. Сабыр ақын өз замандастары мен қазіргі ұрпақтарымыздың бойынан Шоғы батырдың өр рухын көргісі келеді. Жас ұрпақтарымыз елін.жерін бұрынғы батырларша сүйсе, елжанды, ұлтжанды болса деп армандайды. Міне, көрдіңіз бе, бұдан 300 жыл бұрын дүниеден өткен Шоғы батыр әлі күнге ұрпақтарына дем беріп жатыр, үлгі-өнеге болып жатыр, халқына қызмет етіп жатыр. Мұндай асылдарымызды ешқашан ұмытуға болмайды, олардың есімін, ерлігін әрқашан жаңғыртып отыруымыз керек.

-Отыншы, кітап авторларының бірі Мұратбай Ұлықпан деген азамат кім, ол кітапқа қандай еңбек сіңірді?

-Бұл жігіт Жаңаөзенде тұрады, журналист. Ол кітаптың екінші бөлімін, яғни Шоғы батырдың ұрпақтарының шежіресін жазды. Әрине Қырықмылтық өскен ауыл, көп ауыл, оның бәрін жазып шығу мүмкін емес, дегенмен олардың ішіндегі ел таныған белгілі азаматтарын қамтыды. Оның ішінде бұдан сәл бұрынырақта өткен адамдар да, қазір арамызда жүргендері де бар. Бұл бағытта Мұратбай біраз еңбектенгенін айта кеткім келеді.

-Әңгімеңізге рахмет.

Рза ОҢҒАРБАЙ.
Маңғыстау 03.11.2011