Оразмұханбетнама жазыла жалғаса, жалғаса бермек

Маңғыстаудың қай атаулы тұлғасы да мені бей-жай қалдырып көрген жоқ. Ал, Оразмұханбет-Орекең (құжатта жазылған есімімен атағанды жөн көрдім. -Ә.С) болса сірә орны бөлек қой. Ол кешенді зерттеу тақырыбы. (Бұрын да болған, енді тіпті бола түседі). Бұл мәселеде менде қордаланған тәжірибе алдымен құжатты дерекке жүгіну. Орекең жайлы олар 1990 жылдары жоққа тән. 1986 жылы Ленинградқа барған сапарымда жанама деректер болмаса, тікелей өнжеулі ештеңе қолыма туспеді

Діттегенім-Орекеңді көрген, ол туралы естелік қалдырған, істес, сапарлас болған геолог ғалым Луппов ол кезде бақилық болып кеткен. Архиві әке жолын қуған ғалым қызына мұраға қалған екен. Қырсыққанда қымыран іріп Арктикалық институтта жасайтын ол қыз мен барған тұста іссапармен кетіп қалыпты. Орекеңнің досы М.В.Баярунас та жоқ. Ол 1938 жылы халық жауы деген жаламен тұтқындалып, Колымадағы концлагерьде қаза болған. Дегенмен менің ол сапарымнан қоржыным бос оралған жоқ. Академик Н.И.Андрусовтың ВНИГРИ-дегі бар қорымен таныстым.

Бірнеше фотосуреттерінің көшірмесін әкеліп, облыстық мұражайға тарту еттім.

Соңынан Орекеңнің тергеу ісінің Түрікменстан ҰҚҚ (КГБ)-де сақтаулы тұрғанын білдім. «Үш әріппен» жұмыстың тәртіптерімен аздап таныспын. Тобанияз бастаған топтың, Тоқабай Құрмаштың, т.б. істерді алып танысқан тәжірибем бар. Соған сеніп бір күні Ашхабатқа тартып кетейін. Ат сыры иесіне мәлім, ондағы «үш әріптің» сұрағанымды оңайлықпен қолыма ұстата қоймасын білемін. Сондықтан өзімше амал жасадым. Алдымен академик Өдек Өдековке бардым. Ол бұрынғы Одақ көлеміне танымал ғұлама. Үлкен бір ғылыми институттың директоры. Сейсмолог. Ана бір

жылдары Москваға Иранда жер сілкінгелі жатыр деп хабарлап, олар Тегеранды сақтандырып үлгергеннің ертеңіне ғалымның айтқаны келіп, атағы аспандап тұрған. Өдековке онсыз да шаруам түсіп тұрған. Сол уақытта Х.Өзбекқалиев туралы кітабымды жазып жүргенмін. Кітаптың үлкен бір тарамы Каспий қайраңын да қамтитын. Ал Өдеков осы саланың да білгірі. Каспий деңгейі жердің тектоникалық өзгерісіне тәуелді деген пікірдің ту ұстаушысы.

Өдек ағамыз көп түрікмендей сыптығыр қара емес, европалық деуге келетін, ұзын аққұбаша кісі екен. Жатырқамай қарсы алды. Біздей емес түрікмен ағайын

Орысша сөйлеуді қолай көре бермейді.Ал мен түрікменше білмеймін.Сол айыбымды айтып орысша сөйлеймін ғой сірә.

-Оқасы жоқ, мен де орыс тілді түрікменмін, -деп жымиды Өдекең. -Інім (бұл сөзді «иним» деп түрікменше айтты) тарихқа қалай едің?

-Енді... былай хабардармын деуге болады.

-Хабардар болсаңыз Өдек ханды білетін боларсыз. Маңғыстаулық.

Есіме түсе кетті. Кезінде В.Янды жата-жастана оқыған көгенкөзбін ғой. Одан бергіде Рашид-ад-дин, Нәсәуйлерді де парақтағаным бар. Солар Жәлеледдин сұлтан Шыңғыс ханмен соғысқа көмек сұрап Маңғыстаудың айлакер ханы, нағашысы Өдекке қолындағы аз қолымен келді деген деректі алға тартатын еді ғой. Сол есіме сарт ете түсті. Айттым.

-Ендеше мен сол Өдек ханның ұрпағымын. Түрікмен дәстүрінде аты озған ата есімін ұрпағына қояды. Мен сол ретпен Өдек Ақшаұлы Өдековпын. Менің ұрпағымның бір-бір өкілі де солай бола беруі тиіс Алла жазса.

Әңгіменің бұлай оң сипат алғанына арқаланған мен Маңғыстауда Өдек хан атына байланысты жер атауларының да сақталғанын, тек олар қазақ тілінің үндестік заңымен Үдек делінетінін айттым. Өдекең мәз. Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше деген ғой, енді екеуміз тіпті жақын болып кеттік. Кабинет ішінде шәй дастарханы жасалды. Бірер тост да айтып жіберістік. Сөйтіп отырып ішімнен «Өле-өлгенше түрікменге найза білеп өткен Сүйінғара нағашым-ай, менің мына мырғамға батқаныма қалай қарап жатыр екенсің?» деп күліп те қоямын. Сөз кезегінде әңгіме тақырыбын Орекеңе аудардым.

-Білем ол кісіні. Дұрысы естігенмін. Репрессияға түсіп кеткен сіздің геолог қой, -деді Өдек аға. Енді тұрыс жоқ. Бұйымтайымды айттым.

-Ол бір күрмеуі қиын мекеме ғой. Бірақ орындалуына қам жасап көрейік, -деп Өдекең телефонына барды. Әлдебір номерді терді. Арғы жақтан көтерген адаммен ағамыздың таныстығының жақсы екеніне көзім жетіп қуанып қалдым.

-Менде бір қонақ отыр. Қазақ журналисі, маңғыстаулық.. Нақтылап таныстырсам турікменге. маған жиен. Сол кісіге көмек көрсетіп жіберу керек болып тұр. Өдекең солай деп тұрып маған қарап күліп, көзін қысып қояды. Оның себебін артынан «түрікмен халқы егенін-жиенін қатты сыйлайды. Сосын солай деп таныстырып жатқаным ғой», -деп түсіндірді. Мен дәл сол сәтте егер Орекеңнің тергеу ісіне қолым жететін болса түрікмен ағайын түгілі джунглидегі аты белгісіз тағы тайпаларға, тіпті шайтанға да жиен бола кетуге дайын едім.

Сол бойда Өдекеңнің машинасымен салып ұрып ҰҚК-не келдім. Есік алдынан жай азаматша киінген бір түрікмен қарсы алып генерал бастығына алып келді. Ол әлгінде Өдекеңмен сөйлескен мықты болып шықты.

-А, еген, гепле. -деп генерал жылы лебіз танытты салған жерден. Мен айтқан, яғни «геплеген» соң бір телефон трубкасын көтеріп «Оразмұханбет Тұрмағанбетовтың тергеу ісі бар ма?» деп сұрады орысша. Ол жақ бірден «бар» деп жауап берді-ау деймін. Мұны да ішім жақсы көріп қалды.Орекең есімі мұнда тіпті белгілі екен ғой.

-Өте жақсы. қазір Қазақстандық бір журналист барады сол іс бойынша. Жұмыс істеңіз. Солай деп алып-біздегі істермен жұмыс істеу тәртібін білетін боларсыз. Сіздердегідей. Соны қатаң сақтауыңызды қалаймыз. -деген ескертуін айтып жіберді. Көрші иір-иір дәлізбен бір бөлмеге әкелді. Қожасы толықша келген орыс әйел екен. --Майор Елена Туриева, -деп таныстырды өзін. Қасындағы көмекшісі капитан турікмен қызы екен. Сұрағанымді алдыма қойды. Орташа қалыңдықтағы бір том. Журегім алабұртып отырып қолыма алдым. Мұқабасын ашып желімденген конвертке уңіпдім апдымен. Себебі тәртіп бойынша сол конверт ішінде жауапталушының бері қарап және қырынан тускен екі суреті болуы тиіс еді. Ал мынау бос тұр. Сұраулы жузбен майорға қарадым.

-Іс бізге әуелде Ташкент ҰҚК-нен келген. Осылай суреті жоқ күйде келді. Біз де сұрау салғанбыз. Бірақ олар пәлендей түсінік беріп жарытпады. -дегенге сай жауап берді.

Мұндағы қалыптасқан ортақ дәстүр бойынша мен мекеме өкілінің көзінше іспен танысып, орыс тілінде конспект жасауға тиістімін. Фото, видео, ксерокөшірмеге

рұқсат жоқ. Конспектілеп болған соң онымды өкілге беруім керек. Ол жария етуге болмайтын жерін өшіріп, әр бетіне қолын қойып береді. Одан да бұрын істе бұл беттермен танысуға болмайды деген белгі бар. Оларды конспект жасау түгілі оқуға да құқым жоқ. Ал бұл шарттарды бұзсам іспен танысу мүмкіндігінен қағыламын.

Майор екеуміз оңаша қалған бір ретте кабинет иесінің өзі сөз бастады.

-Білесіз бе, мен Алматыда туғанмын. Яғни сізбен жерлеспін.

-Өте жақсы болды ғой.

-Мен бұл іспен өте жақсы таныспын. Шынымды айтсам қатты қызықтым. Төңкерістен бұрын ауыл медресесінде сауат ашып Стамбулда оқып, Бомбейде жоғары геологтық білім алу-бұл дегеніңіз енде нағыз кемеңгердің қолынан келетін іс қой. Артының қасіретті болғаны өкінішті. Қандай аянышты тағдыр. Ал, жерлес, менің сізге тілектестігім әрі көмегім болсын конспектіңізді тексереді деп қорықпай еркін жасаңыз.

Қайырымды Елена қарындасыма алғысымды жаудырып жатырмын.

Көзім жеткені Орекеңнің іздеушісі жалғыз мен ғана болмаппын. Бұған дейін баласы Ебжан жазыпты Ираннан. Ералыдан Ораз ақсақал да сұрау салыпты. Сұлтан Балхаев жездемнің (марқұм) де хаты жатыр. Бәріне бірыңғай жауап жазылып осы іске тіркеле беріпті.

Кезінде «Оразмағанбеттің тергеу ісі» деп іс туралы жазғаным себепті бұл жерде оған тоқталып жатпаймын. Ол жазғанға қосарым-Орекеңді Ираннан ұрлап әкелушілердің, даттап, айыптап жалған көрсетім берушілердің есімдерін бугіп қалғанмын. Оныма бірінші себеп құрысыншы, ескі жараның аузын тырнап қайтемін дегендік болса, екіншіден «Үш әріппен» арадағы келісімді бұза алмағаным. Бірақ орыстарша айтқанда «Біз қап түбінде жатпай», қазақша қисындағанда «шындықтың маңдайы қасқа келіп» өзгелер Орекең жайлы шыққан естелік материалдар жинағында ол адамдардың аты-жөнін толық атады. Бүгінде оп мүбақтарды ол үшін

Күстаналап қайтеміз. Замандары солай болды ғой,бәріне құдай төреші.Гәп басқада.Орекң ұрлатып алдыратын,не өлтіретін генерал Кутепов не атаман Дутов емес.Бейбіт жан,кеңес өкіметіне қарсылық қамдау ниетінен аулақ.

Ендеше оны ұрлатып алдыру қажеттілігі қалай туды. Отыншы Көшбай Ираннан жақында Орекеңе қатысты архивті әкелген соң мұның сауалы белгілі болды. Орекең Иран үкіметіне жерінде мұнай бар екендігін, оны тауып беруге әзір екендігін айтып хат жазған екен. Иранмен дәл сол уақытта Кеңес Одағы дос. Бул хат туралы Кеңестің тіміскі барлау қызметі білген. Түпкі ниеті Иранды Баку мұнайына кіріптар етіп қою ниеті бар, достыққа адал болушылық болмысына түбірімен жат екіжүзді Кеңес Орекеңе жауығып шыға келмей ме енді.

Ғұлама
(Оразмағанбет ата рухымен сырласу)

Ұядан асып
Ұшатын асқар қияға,
Сіздей жан сірә,
Маңдайға біздің сия ма?..
Құрсаулы кездің қақырағанда көбесі
Еліңе қайта оралғандайсың...
Ғұлама!..
(Біздерге қазір жетпей тұр Сіздей Бір аға)
Маңғыстау болып,
Көзіңді ашқан тұрағың...
Жолында Хақтың,
Қолыңнан түспей Құраның,
Жұлдыздай жарық,
Ағып өтіп ең қыраным,
Ұмытпас халқың,
Өзіңдей дара ұланын !..

Сіз кезген қырлар-
Самсаған мұнай-мұнара...
Дариядай толып,
«Қара алтын» ақты бұрала,
Шаһарлар аппақ...
Көтеріп алтын шаңырақ,
Пейішке бәлкім,
Айналар ертең бұл ара...

Тағылымы ерек,
Даналығыңыз – тәрбие,
Ахундықпенен жидыңыз ойға
Зор кие...
Бүгінде аңыз –әфсаналарға айналып
Атанып жүрсіз
Бекеттен соңғы-
Әулие !

Жылжиды жылдар,
Орнында уақыт тұра ма?..
Тарихқа ендің,
Айналды жазбаң мұраға,
Бас болған ісің баянын табар шақ туды
Рухыңызбен қорғай жүріңіз...
Ғұлама...
Темір-Әлі Мыңжас

Әрине «ұрлап әкелу» операциясы күнілгері жоспарланып, хатталады. Оның орындалысы қатысушыларды марапаттау т.б. -бәрі мұқият хатқа түсіріледі. Ол жоғалмайды. (Бұл «үш әріп» мекемесінде жалпы қағаз атаулы жоғалмақ емес). Ендеше ол қайда? Біздің ҚР ¥ҚК осы құжатты табуға көмектеспей ме екен?! Осы мекеменің бұрынғысы бұрынғы дейік, өзімен кетсін ол, ал кәзіргі мына егемендік алған замандағы енжарлығын қалай түсінуге болады?! Бұлар тарихымызды тануға мудделі емес пе? Атсалыспай ма? Сол сияқты біздің ҰҚК Санкт-Петербургтегі әріптестерімен хабарласып М.Баярунастың тергеу ісімен танысуға көмек жасамай ма? Біз білгенде Баярунасқа тағылған бір айып-Орекең досымен байланысы болғандығы. Оны айтпағанда М.Баярунас Маңғыстауды зерттеген бірегей геолог ғалым емес пе?!

Істегі дерек бойынша Орекең үкім шыққан бойда атылды деп анықтама тіркелген. Қасында ағайын інісі, Саратов заң институтын бітірген (бұрын Тобаниязбен бірге сотталған) Зейнепқали Қосымов, Қарабұғаз тресінің директоры Я.Г.Рубинштейн, ағайынды Оңғалбаевтар да болып, атылған. Бұлардың ісімен Түрікменстан Президенті архивіне өтіп кетуіне байланысты бізге танысуға мүмкіндік болмады. Ал бәріне тағылған айып ортақ. Демек олардың істерінде Орекең жайлы деректер барлығы анық.

Хош, сонымен Орекеңнің тергеу ісінің соңғы бетін жаптық. Меймандос Елена қарындасымызға алғысты үйіп-төгіп жатырмыз, сірә. Өдек ағаға арнап барып риза сезімімді білдірдім Ол екі кітабын сыйлады. Біреуі орысша жазылған өлеңдер жинағы. Сонда білдім. Өдек ағаның ата-анасы 1948 жылғы Ашхабат зілзаласында опат болып, балалар үйінде ержетіп қамкөкірек болып өскен кісі екен.

Ақиқат-айналайын, арынды тау өзені іспетті ғой. Ол қалайда тосқауыл атаулыны жайпап жарып өтіп, айдынын табады. Қайран Орекең де солай. Ол орнына, биік тұғырына енді ғана аяқ басты. Баянымен болсын деп жатсаң соның бір үлкен үлесі сөз білер жандардың мойнындағы парызда. Сол үдеден шыға алсақ қой шіркін. Оразмұханбетнама жазыла бермек, жалғаса бермек.

Әбілхайыр Спан
Маңғыстау. 18.10.2007