Оразмағамбет мұралары туған жеріне оралды

Облыс әкімінің тапсырмасымен Иран жеріне биыл да сапарға аттандық. Бұл жолғы міндетіміз көп ұзамай 125 жылдық мерейтойы облыс көлемінде аталып өтілетін белгілі ғалым, үлкен діни қайраткер Оразмағамбет Тұрмағамбетулы туралы деректер жинау болатын. Өткен жылы барғанымызда ғалымның мұрағаттары сақталған баласы Ебжанның Маңғыстауға кетіп қалуына байланысты кездесе алмаған едік. Алдын-ала ағамызбен хабарласып әрі жолбасшы, әрі аудармашы қызметін атқаратын Нияз Тобыш ініміз екеуміз түн ортасында Тегеранға келіп қондық. Алдымыздан күтіп турған ағайынның көлігіне отырып, Бендер Түрікмен қаласына да келдік.

Біздің келетінімізден алдын-ала хабарлы Ебжан ағамыз да елеңдеп отыр екен. Ертесіне ағамыздың босағасынан аттадық. Алыстан келген қонақтарға малын сойып. ағайын-тумаластарын қоса шақырыпты. Көбі үлкен адам. «Естіген, білгендерін айтсын. Бірі болмаса, бірі қадесіне жарар» деп шақырып отырғаны белгілі болды. Бәрі де қауқылдап Оразмағамбет жайында білгендерін айтып жатыр. Бұлар ғалымды көргенде 10-15-тегі балалар. Содан бері жетпіс жылдай уақыт араға түсіп те үлгеріпті. Артта қалған сағым жылдар ішінен бір кезде көргендерін еске түсіру де оңай болмай отырғаны белгілі. Кейде бір-бірімен айтысып та қалады. Сонда да бұдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын өздері жүрген Маңғыстаудың жер-су атауларын, әулие, құдықтары жайында қателеспей айтып отырғандарына таң қалып отырмын. «Апыр-ай. -деймін ішімнен қасымда отырған ақсақалға қарап-жады неткен мықты. Бәрін де қаз-қалпында айтып отыр».

-Е, қарағым-ай, -дейді ол менің таңданысыма. -Жас та болсақ бәрін сездік қой. Туған жерге қайта оралудың тым ұзаққа созыларын бір түйсік бізге жеткізгөн. Бәлкім, содан да шығар, менің кәрі жүрегімде Маңғыстаудан шығып шекара асқанға дейінгі жолдар әлі сайрап жатыр. Ал жетпіс жылдан астам өмір сүріп келе жатқан қызылбастардың ой-шұқырын әлі білмеймін. Осы қаладан алыс көп ешқайда бармаймын. Ал ана жаққа-ол иегімен ел жақты нұсқады-қазір барсам маған жолбасшының қажеті жоқ шығар. Өткен жылы балаларым кетті. Барсын, орналассын, басына баспана тапсын деп жібердім. Бәрі де реттелгесін өзім де барамын. Шүкіршілік қой, -дейді ақсақал.

-Ал, ағайындар, -деді Ебжан ағамыз отырған жұртты өзіне қаратып. -Мына балалар сонау Маңғыстаудан жолай ел асып, тау асып дегендей осымен екінші рет келіп отыр. Әкемнен қалған азын-аулақ мұрагаттар менде екенін білесіңдер. Көбін жоғалттым. Есіміз кетіп, құбыламыздың қайда екенін білмеген кезеңдер де болды ғой. Осы жерде Ебжан ағамыз шыдай алмай еңкілдеп жылап жіберді. -Осы тұрған Бендерден онша қашық емес жерден мұнай шығарып беремін деп осы үкіметтің адамдарына хат жазғанын біліп қойды ма, әйтеуір, Омшалыға кеткен әкеміз оралмады. Содан шешем екеуміздің оны іздеп бармаған жеріміз жоқ. Тағы да түрмесіне қамап тастады ма екен деп, әр қаланың түрмесіне де бардық. Азып-тозып жүрген біздерді кім маңдайымыздан сипал, әкеміздің бар-жоғын айта қойсын. Айқайлап қуады, кетпесек таяқтың астына алады.

-Бізді айдалаға тастап, қорғанышсыз қалдыратын болсаң несіне ертіп келдің Оразмағамбет. Тілі бөлек, салты бөлек елдің ортасына әулиенің басындағы ағаштай қылып тастадың да кеттің. Енді мына балаларыңның алдағы күні не болмақ. Қайтіп ел қатарына енеміз. Өлі-тіріңнен хабарымыз тағы жоқ, - дейді шешем жаяу жүрістен шаршап әрі аштықтан қарным ашып қасында отырған менің маңдайымнан сипайды.

Содан азып- тозған кездер басталды ғой. Ол кезде әкеден қалған қағаз түгілі, жұтқын тамағыңды табу оңай емес еді. Сандық түбінде қалған көп дүниеден қалғанын буып-түйіп көзімнің қарашығындай сақтаумен келдім. Енді оны не істеймін. Мына балаларға аманат қылып беріп жіберейін деп отырмын. Керектеріне жаратар. Музейіне қояр. Көрген адам-е, мынау Оразмағанбеттің дүниесі екен деп маңдайына тигізер. Әрі ойлап, бері ойлап солай деп шештім.

Ол баласын жұмсап, екі сөмкені алдыртты.

-Мынау тасбиығы. Өзім ұстап жүретінмін. Азын-аулақ тастарын ауыстырдым. Сосын мынау мөрі. Әкемнің осында дос парсы дәрігері болатын. Соған қандай дәрі жасау керектігін жазып, осы мөрді басатын. Әлгі дәрігер әкем жазған қағазға қарап 'отырып келген адамға дәрі жасап беретін көрінеді. Ана бір жылдары дүниеден өтті. Тірі болғанда оның қолында да, әкем туралы бірдеңені табуға болатын еді. Балаларын танымаймыз. Жұрт Оразмағамбетті үлкен молда дейді. Ел жақтан келгендер белгілі орыс ғалымдарымен бірге жұмыс жасаған геолог дейді. Ал маған айттырса ол кісінің емшілік қасиеті де мол болды- ау деймін. Өйткені әлгі парсы дәрігері көзінің тірісінде «Оразмағамбет білігі көп дәрігер ғой. Талай ауруға соның жазып берген рецептісінен дәрі жасап беріп, сауабына қалдым. Маған рахметін айтушы еді. Қайдан білсін, нағыз емшісінің кім екенін» дейтін. Оған қосымша тағы бір айтайын дегенім біздің үйде Мұздыбай деген руы Шеркеш кісі болды. 1928-29 жылдары өкіл бала болып әкемнің қолына келіпті. Өзінің еркекшілігі жоқ екен. Бізбен бірге Иранға өтті. Әкемнің оған өзі жасаған бір қара дәріні беріп отыратынын көретінмін. Соның әсері шығар, оның еркекшілігі оянып, артынан осы жерде үйленді. Бірақ артынан балалары да, өздері де өмірден өтті ғой. Байғұс жақсы адам еді. Мына отырған Шарғи тентек болатын. Ол бізді анда-санда бір жұмысқа жұмсайды. Бұл қарап отырмай алдындағы өгіздің артына қамшының сабын тығады. Сол кезде арба үстінде отырған Мұздыбайдың бар ашуланғанда айтатыны «Өй, сәтсіз күні жаратылған ақымақ» дейтін еді. Әкем тек Мұздыбай емес, осындағы бар адамға шапағаты тиді ғой. Қазағы өз алдына, түрікмен, қызылбастарға дейін келіп тұратын.

Ал, енді мынау өз қолымен жазған кітапшасы. Не туралы екенін білмеймін. Көзім көрмейді. Жазуы да көмескі тартқан. Мына қасыңдағы Нияз оқып беріп түсіндірер. Тағы да қолмен жазылған мына бір бөлек-бөлек қағаздарды да ал. Барғасын асықпай қарарсыңдар.

Мына кітап айтушылардың сөзіне сенсек құнды көрінеді. Ана бір жылдары біреу алып кетіп бермей қойған. Ұмыттырғысы келді ме, әйтеуір көрген сайын әр нәрсені сылтауратып әңгімесін ұзаққа созатын. Бірақ қоймай жүріп алдым. Баяғы Үндістанда оқығанда пайдаланғаны көрінеді.

Алдымызға қағаздары сарғайып ескірген қалың кітапты қойды. Қай жылы шыққаны белгісіз. Ескі парсы тілінде жазылған екен. Үндістанда оқығанда пайдаланғанына қарағанда оған да қазір ғасырдан асқан уақыт болыпты. Түбі сөгілген. Беттерін ақырындап ашып отырған Нияз оның екі бөлімнен тұратын кітап екенін айтты. Бірінші бөлімі Мәтләғалғұлым (ғылымдардың бастауы). екінші бөлімі Мәжмәғүлфонум (техникалардың жиынтығы) деп аталыпты. Әттең-ай. Тіл білмейтін, араб әрпін оқи алмайтын мен сақау адамша Нияздың аузына қарап отырмын. Әшейінде де асықпайтын Нияз бұл уақытта тіпті сабырлы. Әр бетке шұқшия қарап таңдана бас шайқап қояды. Біраз уақыттан соң барып:

-Отеке, мынау шындығында да құнды кітап екен. Қалай десем болады, бұл үлкен анықтамалық. Мына екінші кітаптағы қара жазумен жазылғандар тақырыбы. Мен сізге тек сонысын ғана аударып берейін. Бұлар: өсімдіктерден дәрі жасау жолдары, түс көру мәселелері, жылқы сипаты, оларды баптау, жарақатты тігу, емдеу, әртүрлі емдік тамақтың жасалу жолдары, денеге түскен жарақатты жазу, орнына салу, қымбат тастар жайында, шахмат ойынының әдістері, сөз сөйлеу, шешендік, белсіздікті жазу, соғыс тактикасы, қылыштасу өнері, бояу жасау жолдары, дәрулік шөптер, зергерлік өнер, құстарды тәрбиелеу, архитектура, тас өңдеу туралы жан-жақты мағлұмат беретін кітап екен. Ескі парсы тілінде жазылған. Оны аудару үшін міндетті түрде сөздік керек етеді, -деді.

Бір жақсысы кітап қанша ескіргенмен, беттері түгел сақталған болып шықты. Ағамыздың бізге сыйлаған тағы бір үлкен кітабы да ескі парсы тілінде жазылған екен. Ол дәрігерлік кітап болып шықты. Оның сыртқы мұқабасы, алдыңғы, соңғы беттері жоқ. Кезінде неше беттен тұрғаны белгісіз.

-Бары осы, қарақтарым, - деді ағамыз кітаптарды ақ шүберекке түйіп отырып. Жас кезімде, көзімнің нұры тая қоймаған уақыттарда әр жерін шұқып оқитыным бар еді. Қазір таяққа сүйеніп алдымды зорға көремін. Қимай отырғаным рас. Ел мақтаған, кез-келгеннің аузында аңыз болып айтылатын Оразмағамбеттің дүниесі ғой. Бөлмеме кіріп шыққан сайын алақаныммен бір сипап өткенімде, әкеммен тілдескендей, сәлемдескендей болушы едім. Енді сендерге аманат. Бұл да туған топыраққа барсын. Көптің көз қуанышына айналса, одан артық не керек. Мына балаларымның көзі отыр ғой. Жамандағаным емес, бұлар бұл кітаптардың қадірін білмейді. Осы отырған ағайындардың ортасында да бұл дүниені беріп жібергеніме қарсы болып отырғандар бар. Сезіп отырмын. Анда-санда бастары ауырып, белдері сыздағанда қолдарымен ұстап маңдайларына тигізіп кететін. Оразмағамбетке деген сенімі ме, әлде шынымен шапағаты тиеме жазылып кететін. Бірақ елдегі басшыларың бар, қосшыларың бар бәрің бірігіп Оразмағамбетті төбелеріңе көтеріп жатқанда, оның қалған мұрасын өз мүддем ушін тығып қалғаным жарамас. Онымды көктегі құдай да құп көрмес. Ал мынау енді сендердікі. Елге аман жеткізің. Біз батамызды берейік, - деп ағамыз қолын жайды.

Күңірене оқылған құран мақамдарын тыңдай отырып «әттеген-ай», -деймін ішімнен. -Егер еліміз тәуелсіздігін елуінші, алпысыншы жылдары алғанда белгілі ғалым туралы бұдан да мол дүниелерді жинауға болатын еді ғой, -деп ойлаймын.

Бірақ барға қанағат. Осылардың өзі аз байлық болмайды. Әлі де жан-жақтан іздеу салармыз. Кейінгі ұрпаққа бір кезде Маңғыстау топырағынан өткен ұлы перзенті жайлы тағы да сыр шертерміз. Ғалымның ісінің өлмейтіні, оның ғасырдан ғасырға жалғасып кете баратыны хақ екені кім-кімге де белгілі.

Төменде ғалымның өз қолымен жазған хаттарының аудармасын беріп отырмыз. Бір ескере кететін жай Оразмағамбет жоғары ұлықтарға жазған хатының бір дәнесін өзіне алып отыратын болған. Бұл да оның өз ісіне тиянақты қарайтын сауаттылығының белгісі болса керек.

Оразмағамбет Тұрмағамбетұлының
Реза Шах Пехлевиге жазған хаты

Ұлы мәртебелі, шахтардың шахы болған Реза Шах Пехлеви! Түрікмендер уәкілі болған, құлыңыз Мұхаммед Ахун тарапынан келген, Мауараннахр аймағынан қоныс аударып Иранды паналаған, құлыңыз ахун Оразмағамбет Тұрмағамбетұлына өзін таныстыруға рұқсат етіңіз.

Біздер Қазақстан, Адай тайпасы, Маңғышлақ ауданы, Қызыл су ауылынан, «Даролұлум медресе-мешітінен» келгенбіз. Діни Басқарманың № 132- бүйрығы бойынша атам Тұрмағамбет осы медресенің негізін қалағаннан бері имам әрі кәміл мүршіт-ұстаз еді. Атам 1918- жылы бақилық болды. Атамның орнында шама- шарқым келгенше ұстаз болып, елді сауаттандыру жұмысына кірістім.

1919 жылдан бастап Ленин басқарған Большевик Коммунистер, кейін Сталин заманында молдаларға, байлар- билерге яғни, Николай заманында әкім болғандарға жоспарланған түрде неше мың манат салық салды. Салықтар түрлене келе, ел қарсы шығып, соның салдарынан ұсталып, атылып, зобалаң басталды.

Мен де осылай шамадан тыс салыққа, дінге тиым болған себепті 1935 жылы бала-шағамды алып, жаяу теміржолды жағалап Жебел станциясына келдім. Телеграммадан «Ахун Оразмағамбет қашып бара жатыр, ұсталсын, қамалсын,» деген жеделхат келді деп естідім. Сол түні қатын, бала- шағама басқа біреулермен жолдас болып келерсіңіз деп ислам жайлаған ел болған Түрікмен Сахараға қоныс аударып, Күмістөбе-Горган жеріне келдім. Келген бойда ІІБ бардым, олар мені тұтқындады, қорлады, екі ажан сабады. Дәрет жоқ, намаз жоқ, таһажжод жоқ. Үш күн қамаудан кейін 15201 адамы бар ауыл әкімі Али Шопанүлы ІІБ бастығынан мені сұрады. Осылайша мені ауыл әкіміне кепілдікке берді.

Мені бірнеше күн өткесін тағы да қысымға алды, тұтқындады да бұл жолы Горган қаласына жіберді. Мені ол жерде 24 күн қамауда ұстап кейін «Босаттым, кет», -деді. «Сен Шаһруд қаласына барасың» деп жер аударып жіберді. Ас-сусыз 6 күн жаяу журіп, шаршап-шалдығып Шаһрудқа жеттім. ІІБ- не көріндім. Олар маған: «Босанатын болсаңыз қағаз керек, куәлік керек. Сізде ешбірі жоқ, біздер сізді жер аударылған күйде ұстап отыра алмаймыз,»- деді.

Мешхед қаласына барып Имам Ризаға зиярат ету бұрыннан көңілімде жүрген арман болатын. Ертесі күні Имам Ризаға зияратқа кеттім, қаланы араладым, қонақ үйлерде куәлік қағазың жоқ деп орын бермеді. Түрікмен Сахараға, Күмістөбеге баруға рұқсат қағаз жоқ, тағы да тұтқынға түстім.

Большевик Коммунистері малымды кәмпіскіге алуына мынадай жағдайлар себеп болды: 1. байлық, 2. молда-ахундық, 3. ислам шариғатын үгіттеушілік, 4. атамның қажы-ишан болуы, 5. ойы бұзық (Маңғыстаудың тауларында кен шығатын жерлерін біле тұра Большевик пайдаланады деп айтпауы). 6. Тас көмір мен сулпатты жалақым үшін алу.

Мен жасымнан ғылым қудым, өз аймағымда, Бұхар мен Хиуада. Сұпылық зікір салуды әрі үйретуді Үргенч қаласында хазірет Мухаммед Зия ибн Зәкіржаннан (рахметолла ғалейһ) үйрендім. Сондай-ақ тәфсир ғылымын, жағрафия, илаһи хикмет, биология, астрономия, геометрия... оқыдым.

Хиуа мен Бұхарада ел мені Оразмағамбет деп таниды.

Әй, ұлы мәртебелі! Жаныңызға дұға етуші, мендей құлыңызды Горган Күмістөбе, Түрікмен Сахараға жіберуіңізді, көз жасым көл болып, Сізден өтінемін. Қалған өмірімді бала-шағамның қасында болып, халқыма қызмет етіп, бес уақыт намаздан кейін жаныңызға қайыр дұғамды етейін.

Мешхед қаласындағы мекенжайым: Өзбек көшесі, ауған мұхалласы, Қажы Шейх Фейз Мухаммед Ташкерзи.

Түрікмен Сахарадағы мекенжайым: Күмістөбе.

Оразмағамбеттің Горган қаласының әкімі Сейт Жоржан мырзаға
Бендер Шаһ қаласындағы көшіп келген қазақтардың атынан жазған Арызы

27.05.1936 (06.03.1315 хижра)

Біздер осы сейсенбі күні намаздігер кезінде, түрікмендердің ішінде шамамен 50-60 адам, таяқ көтерегн айқай-шу, үлкен оқиғаның куәсі болдық. Бұл не деген шу деп қарасақ, түрікмендер қазақтарды темір қарулармен ұрып, таяққа жыққан екен. Таяққа жығылғандар:Көбен Шағалаұлы,Аяп Наурызұлы,Нұр Наурызұлы .

Осы үш кісіні Ішкі Істер Басқармасына алып кетті. Тұрмәмбеттің досы Қосмәмбет: «Бұл қазақтарды винтовкамен неге атпадыңдар», - деп айтқан. Бір сағаттан соң көшіп келген қазақтардың үйіне келіп есіктерін бұзып, ыдыс-аяқтарын сындырып тағы да үш кісіні ұрып-соғып айдап кетті. Олар:1.Қуат Телағысұлы, 2.Қалдыбай Егдір (Игдір?) 3. Рақбай Екібайулы.

Қысқасы. осы алты қазақты намазшам кезінде түркпеннің тамына байлап, қамап тастапты. Бір қатарының бет-аузы қан жоса, екі әйелді үйіне жіберіпті.

Бұл түрікмен қашаннан қан төккен. Біздің ата-бабаларымызбен екі жүз жылдан бері дұшпан. Осы кезде біздердің еркімізге қоймай, қыз-әйелдерімізді күң қылған, көп адамды өлтірген, алып кеткен қыз-қатындары осы Горган қаласында тұрып жатыр.

Көшіп келген қазақтарды ұрып-соғушы, жау шақырушылардың бастығы: Құрбанмәмбет, 2.Юсоф (Құрбанмәмбеттің туысы), 3. Ақ Нәбинизам. Осылардың жаушылығына жәрдем беруші Құрбанмәмбеттің досы, тамыры болған Абдолла Хосейнхан нағыз пара алушы. Бұл да халықтың жауының жәрдем берушісі, қасында қырық шамалы түрікмен бар. Бір қатарының қолында ағаш. Булар үкімет жүйесін бұзудан басқа ойлары жоқ. Біздер көзіміздің жасы, көңіліміздің қайғысымен осы жіберген арызымыз қаралса екен деп өтінеміз. Төмендегі азаматтар арызды қол қойып, мөр басып растайды

Өнеркәсіп бас басқармасына
Табиғи кен қазу туралы
Жер асты байлықтары

Мен, сіздің жанкешті құлыңыз, Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы Қазақ осылайша хабарлаймын: Бендер Шах (қазіргі Бендер Түрікмен) қаласы зауытының солтүстігінде 500 метр жерінде, жер астында мұнай қоры бар. Тереңдігі 450 метр.

Бұл мүнайды игеру үшін буровой қондырғысымен қазып, соған байланысты жұмыстардың барлығын жасап, шығынынан қашпай мол байлыққа жетуге болады.

Әрине, оған жұмсалатын қаражат мөлшері көп. Бірақ, бір жыл мұнай өндіргеннен кейін жұмсалған қаражаттың ақталатынына сенімдімін.

Бұл жердегі мұнай қоры шыға бастағанда минутына 6 мың фунт шамасында болады. Оны шығарып шетелдерге де сатуға болады. Бұл шикі мұнай құрамында бензин, керосин, кукірт...

Бендер шах қаласы.
Құрметпен, Оразмағамбет Тұрмағанбетұлы.

Отыншы Көшбайұлы
Маңғыстау. 11.10.2007