ЖАЛАУТАНУ ЖАЛҒАСУЫ КЕРЕК

Кеңестік кезеңде, соның ішінде республикамыздың қалыптасу кезеңі болған жиырмасыншы жылдардың алақауданында ғұмыр кешіп, халқына қорған болмаққа жанын аямаған, солай бола тура еліне әлі күнге толыққанды танылмай жатқан тұлғалардың ішінде Жалау Мыңбаев есімі алдымен ауызға алынар еді.

«...Мыңбаевтың саяси серіктестері С.Сәдуақасов, С.Қожанов туралы ғылыми, көпшілікке арналған және әдеби туындылар бірінен соң бірі жарыққа шығып жатқанда Ж.Мыңбаев туралы жазуға ешкім құлшына кіріскен жоқ» («Қазақ тарихы» 2000-2) деген Ф.Рысқалиеваның сөзі шындық. Жалау Мыңбаевтың атына ісі сай болып, жалаулап өткен ғұмырын әр қазақ болмаса да әр маңғыстаулық білгені жөн еді.

Түбек тарихының бұрынғы-соңғысын қалдырмай жазып келе жатқан журналист-жазушы Әбілқайыр Спановтың «Жалау Мыңбаев» атты кітап шығаруы олқылықтың орнын толтырғандай болды. Кітап жалаутануға қосылған қомақты үлес болып шыққан. Сыртқы көркемдеуінде сын жоқ, сәтімен шыққан кітаптың ішкі мазмұны да көңіл толарлық екен Мені таңдандыратыны - ғылыми ізденіс деуге татырлық осы еңбек туралы әлі күнге ешкімнің пікір, лебіз білдірмегені, үн қоспағандығы (Сейсен Демеубайдан басқа. «Үш қиян» 2001 жыд 13 сәуір). Жарақты жауға жалғыз шыға алатын, елім дегенде өзегін жұлып беретін Жалаудай арыстар бізде көп пе еді?!

«Жалау Мыңбаев» атты кітап жарыққа шыққан соң-ақ танысып шығуға асыққанбыз. Кітап авторы да «Оқып шығып, пікіріңді білдірсеңші» дегенде «Жә» дегеніммен қунтым болмай-ақ қойып еді. Жақында ғана қолға алып, соңғы бетін аудара сала, лебізімді өзіміздің «Маңғыстау» арқылы білдіргенді жөн көрдім.

Кітапқа пікір білдіруден бұрын оқырман назарына көптен мойныма борыш болып келе жатқан бір әңгімені ұсынғым келеді. Бұл - бүгіндері арамызда жоқ Рзабек Алшынұлының Жалау Мыңбаев туралы естілігі. «Ештен кеш жақсы-ау», алайда, өз естелігін газет бетінен Рзекеңнің өзі көргені оң болатын еді. Олай болмады және бұл менің кінәмнан емес еді.

Бұл Естелігін Рзабек аға өзі айтып отырып жазғызып, мен «Маңғыстауда» жұмыс істеп жұргенде Мәнет деген сіңлімізден (қазір мәдениет қызметкері) беріп жіберген екен. Өкінішке орай мен оны облыстық газет бетіне жариялата алмадым. Екі рет, мүмкін үш рет ұсынғанымда да сол кездегі газет редакторы оны жариялауға қарсы болды. Себебін де ашып айтпады

Мен өз кезегімде аманатқа қиянат жасамай, тағы да Рзабек ағаның естелігін ұсынып көрейін. Естелік төзім тауыстырардай ұзақ емес. (Аздап редакцияладық).

«...Біздің Фортта туып-скен Жалау Мыңбаев туралы есімде мына жайттар қалыпты. Біздің үйіміздің төрінде көп кісінің бірге түскен суреті ілулі тұратын. Соның ортасында үлкендеу болып түскен сурет астында «Жалау Мыңбаев» деп жазылған. Біз әкеміз Алшыннан сұрайтынбыз - бұлар кімдердің суреті деп. Әкем: Бұл Қазақстан Орталық Комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев деген кісі, жасы менен бір-екі жас үлкендігі бар деуші еді.

Ол әуелі осы қалада жұмысшы болды, арбакеш болды. 1918 жылы Әліби Жангелдин отряды Фортқа келгенде Жалау солдаттармен бірге кетіп, қызмет етті, жоғары қызметтер атқарды. Ревком председателі болды, Орталық атқару комитетінің төрағасына дейін көтерілді деп еді әкем.

Үй төріндегі суреттегі басқалар Орталық атқару комитетінің мүшелері Ұзақбай Құлымбетов, Нағима Арыққызы, Сара Есқызы, т.б. 20 шақты адам еді. Сол сурет біздің үйден жоғалып кетті. Мүмкін әкем Алшынды ұстағанда НКВД-ның қызметкерлері алып кеткен болар...

1947-48 жылдары Шевченко аудандық тұтынушылар қоғамында істедім. Сол кезде тұтынушылар қоғамында қойма меңгерушісі Мақаш Бектұрғанов деген кісі. Сол кісімен әңгімелескенде айтушы еді: 1918 жылы Әліби Жангелдин отряды келді осында. Ол кездегі уездің бастығы полковник Көбеев Оспанға келіпті. Шаруасын айтқан. Ленин тапсырмасымен Торғай майданына қару-жарақ жеткізу мақсатымен Фортқа тоқтағанын көліктен көмек керектігін айтқан. Көбеев қапелімде ештеңе дей алмапты. Жангелдин болса, неге үндемейсің? Елге азаматтық көмегіңді көрсетпейсің бе?-депті. «Менің соғысамын деген ойым жоқ, көмекті қалай беремін деп ойланып отырмын. Бұл жерден сіз көмек ала алмайсыз. Мұнда арбашы, шығыршы, балықшы адамдар, оларда көлік жоқ. Бозашыға барыңыз, сондағы басшы азаматтарға хат жазып беремін. Солар көмектесер және баратын кісі болса ере берсін, қарсылығым жоқ» депті.

Сонымен Жангелдин отрядымен бірге Қызылов Ауған, мен, Мақаш Бектұрғанов, Жалау Мыңбаев бәріміз Бозашыға келіп тоқтадық. Сол жерде съезд болды. Жиналыс өтті. Маңғыстау жерінде Совет үкіметі еш қарсылықсыз орнады деп жоғары жаққа хабарланды. Қызыл ту бай ланып, революция комитеті құрылып, оның төрағасына Тобанияз Әлниязұлы сайлап кетіп еді. Содан отряд әрі кетті. Шалқарға барған соң бірталай кісіні кейін қайтарды. Біз отрядпен әрі кеттік.

Ә. Жангелдиннің мініп отырған арбасы болатын, ұстінде күймесі бар. Әліби қасында жас әйелі бар, екеуі темір пеш жағып, сол күймеде отыратын. Арбаны Жалау айдайтын еді. Бір жерге барғанда арба қарға батып, жүре алмай қалды. Әліби арбадан түсіп көмектесе бастайды, бірақ әйелі күймеден шықпайды. Оны Жалау көріп қалып, айқайлап, «Сен неғып отырсың, арбадан түспей, түс!» ақырып қалғанда келіншек секіріп түсіпті. Әліби Жалаудың батылдығына риза болыпты. Екеуі жақсы жолдас болды. Жалаудың Орталық Комитетке көтерілуіне де Жангелдиннің көмегі тиді деп Мақаш еске алып отыратын.

1981 жылы мен курортқа бардым. Қырғызстанға жолда «Алматы» қонақүйіне тоқтадым. Жатқан бөлмемде үлкен кісі жатыр екен, жасы 80-ге келіп қалған. Менің қайдан келгенімді білген соң, «Маңғыстаудан болсаң-адай боларсың, мен сенен бір-екі кісі сұрайың танырмысың» деді. Ол кісінің бірінші сұрағаны - Жалау Мыңбаев, екіншісі Төлесін Әлиев болды. Мен екеуін де білетінімді айттым. Өзін сұрағанымда орта жүзбін, оның тарақтысы-мын, аты-жөнім Қабдырахимов Тұрысбек, қазір Сарыағашта тұрамын деді. Сол ақсақал айтады:

«Орынбордан Қызылордаға көшіп келгенде Жалау мені қасына ертіп, Өзбекстан мен Қазақстанның шекарасын белгілеуге алып шыққан. Москвадан, Өзбекстаннан адам шақырды. Сол шекараны бөлгенде Жалау Мыңбаев револьверін қолына алып жүріп, үлкен еңбекпен жақсы жерлерді Қазақстанға қаратып алды (астын сызған Н.Ж.). Сонда ешкім қарсылық жасамады. Жалау сондай батымды еді»

Қабдырахимов Тұрысбектен тағы бір естігенімді айтайын. Қызылордада 1925 жылы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып Жалау сайланды, кім сайланды деп сұрағанға Иса Байзақов былай депті:

Байұлы он екі ата, біреуі - адай,
Адайда жақсы азамат болды талай,
Съезде жақсыларға қалау болды,
Қазақстан Үкіметінің басшысы,
Руы адай, Мыңбаев Жалау болды, деген
Иса өзі ұнатқан адамға ғана өлең шығарады екен

Голощекин бір жиналыста Жалауды бай баласы деп кінәлай сөйлепті. Сонда Жалау: мен сендерге кім екенімді айтып, ақталмай-ақ қояйын, мынау бір жолдасымның маған арнап шығарған өлеңі, соны оқып берейін депті. Оны шығарған Назарбек Раев Жалаумен бірге арба айдаған екен. Баутинге қоныстанып жатқан орыстар үй салады. Жаманадай Мұхамеджан деген кісі орыстарға тас кеседі екен. Қызылауылдан соны Жалау Назарбек екеуі Баутинге таситын көрінеді.

Ревкомда онда Назарбекпен рулас Қойсары Сарғожаев. Бір күні Назарбек Қойсарыға айтыпты, «Жалауға айт, мені Бозашыға жіберсің жеменей, жарыға болыс қылып»депті. Оны естіп Жалау күліпті, ол болыс бола ма деп. Назарбек болса Жалау таңертең съезге жүргелі жатыр дегенді естіп, мынадай өлең жазып жіберіпті:

Жалау! Әуелде екеуіміз де арбашы едік,
Арбаның крешінен олжалы едік
Жағаға жалғыз-жарым қайық келсе,
Салдырлап арбаларымыз қалмаушы едік.
Білмейтін бе едім мен сенің
Әкеңнің тезек тергенің
Шешеңнің өрмек кергенін,
Сен ревком болғанда,
Бола алмайтын мен болыс,
Мен өзіңнен кем бе едім...

Жалау өлеңді оқып, кұліпті. Ертеңіне Назарбекті Бозашыдағы жеменей, жарыға болыс қылып тағайындап кетіпті. «Сен бай баласысың» дегенге Жалаудың берген жауабы, осы өлең болыпты. Дос лебізі Жалауды жазықсыз айыптаудан алып қалыпты.

Тағы бірде «Алматы» қонақүйінің ресторанында тамақ ішіп отырсақ, екі жігі қасымызға келіп, өзара сөйлесіп отырды.Біреуінің аты Жалау екен. Мен одан

«Қызылорданың жігіті емессің бе» деп сұрадым. «Иә» деді ол. «1926-27 жылдың қайсысында туылып едің?» «1926 жылы» деді ол таңғала. «Білетінім - 1925-27 жылдары Қызылорадада Қазақстан Атқару Комитетінің терағасы маған нағашы болып келетін Мыңбаев Жалау деген кісі еді.Қазақтың әдетіне сай әке-шешең Жалаудай болсын деп ырым етіп қойды ма деп отырғаным ғой» Әлгі жігіт: «Тап солай, -деді. Мен дүниеге келгенде кіндігімді Жалаудың әйелі Күміс шешеміз кескен екен». Мен кіндік әкең бұл күнде жоқ, ал кіндік шешең қазір Алматьща тұрады. Мен қазір барып сәлемдескелі отырмын дедім. Жалау есімді жігіт менен қалмай, еріп барып, кіндік шешесі Күміспен табысты...»

Осы естеліктегі бірқатар жайларды басқа бір кісіден естіген түрінде Әбілқайыр «Жалау Мыңбаев» кітабының соңғы жағында келтіреді. Салыстырып оқуға болады.

Рзабек ағаның жазбасын жалаутануға қосылған үлес десек болады-ау деп ойлаймын

Ал жалаутанудың әлқиссасын, әрине «Жалау Мыңбаев» кітабының авторы бастады. Кітапта Жалау өмірі кезең-кезеңімен баяндалып, кейіпкер туралы мол мағұлмат беріледі. Кейіпкердің туып-өскен жерінің, ата-бабаларының тарихы, соның ішінде әжесі Қаракөзге қатысты деректер қызықты. Жалаудың өзінің, отбасының қиын да күрделі, тіпті қайғылы тағдыры оқырманын бей-жай қалдырмайды. Автор көздейтін мақсат та осы болуы керек емес пе?!

Жалпы жер басып жүрген әр адамның өмір жолының дәл табиғаттағы сияқты күнгейі мен көлеңкелі жақтары алмасып отырады десек, Жалау өмірінде көлеңкелі жақтар көп болған сияқты. Жоқшылық көрген балаң кездері, келімсек ауқатты орыстарға жалданған жұмысшы шағы, жарлы-жақыбайға жарық түсірген жаңа үкіметке артқан үміттің ақталмауы, ұлының өлімі, өзінің науқастығы, ... Билікті қолына алғандардың пәтуасыз саясаты, ел қызметінде болған азаматтардың өмірін көлеңке ғана емес қаратүнекке айналдырып жіберді емес пе?! Сол кезеңді тілге тиек еткен автор Жалаудың голощекиндік кезеңдегі өмірін күнделікті эпизодтар арқылы бергенде әсерлірек болар ма еді, мысалы, кітаптағы «Өлең мен өнердің жанашыры» атты тараудай.

Жалауды айтқанда оқырманның көбірек білгісі келетіні - оның басшылық қызметтегі қайраткерлігі. Жалау бұл орында болған аз уақытта көп іс тындырды. Бір ғана республикамыздың «Қырғыз» атынан құтылып «Қазақ» атымызды қайтып алғанымыздың өзі неге тұрады! И.Сталинмен иық түйістіре отырып түскен суретінің тарихын неге ашпасқа? Жалаудың жүрекжұтты ерлікке пара-пар «Торғай ісі» бойынша сотталғандарды босатуы ше? Немесе оның «Бізге елімізді өзіміз басқаруға мүмкіндік беріңдер» деген қанатты сөзі болғанын білеміз бе? (Бұл сөздер 1986-ның желтоқсанындағы жастардың ұранымен үндесіп тұр емес пе?!) Кітап авторы 1923 жылы маусымда Мәскеуде өткен кеңесте С.Қожановтың сөйлегенін тілге тиек етеді. «Сұлтанбек көрген кемшілікті Жалау да көріп, біліп отыр» дейді ол (51 бет). Бұл кезде Жалау қайда еңбек ететін еді? Осы кеңеске ол қатысқан ба? Оқып отырып, туындайтын осындай сұрақтар көп. Оған енді автордың «Үлкен саясат сахнасында» тарауында «Жалаунаманың жалауы енді көтеріліп жатыр. Сеніміміз - болашақта» деген сөзі жауап болар.

Кейіпкердің ел басқарған кезде тындырған істері жөніндегі деректер еліміздің архивтерінде аз болмаса керек-ті. Жоғарыда біз мақаласынан үзінді келтіріп отырған тарихшы ғалым Ф.Рысқалиеваның айтуынша «Қазақстанның екі жетекші архиві - ҚР Орталық мемлекеттік және ҚР президенті архивтерінің қорларында Ж.Мыңбаевқа қатысты дерек көздері жетерлік. Бар мәселе ол деректерді іздеп-табуда және дұрыс пайдаланып, жүйелеп-қорытуда болса керек»

Облыстық мемлекеттік архив қорында да Ж. Мыңбаевқа қатысты құжаттар жетерлік.

Форт Шевченко қаласының 150 жылдығына арналған «Қарашаңырақ» кітабын жазу барысында Фортқа қатысты көп деректі бұған дейін беті ашусыз жатқан облыстық архив қорларынан суыртпақтауға тура келген. Олардың біразы мен жазған - «Революциялық комитет: Маңғышлақ уездік ревкомы. Адай уездік ревкомы», «Әлихан Бөкейханов және Маңғыстау», «Жұт», «Айтқанға көніп, айдауға жүрдік», «Баспасөз», «Маңғыстаудағы халық ағарту ісі», «Форттағы балалар үйі», «Бір арба мен Бұрыншық», «Архив деректерінде: Маңғыстаудағы тұрғындар саны. Дала жолдары. Су - тіршілік көзі. Патшадан шен алғандар. Қаланың аты. Сурет сыр шертеді. Ағаш - қала көркі» деген тақырыптағы мақалаларда көрініс тапқан еді. Сондай-ақ Әбекеңнің сүйікті кейіпкерлерінің бірі Оспан Көбеевке қатысты деректердің жарыққа шығуында менің тікелей қатысым болды. Алды 100, соңы 70 жыл бұрын қағазға түскен бұл деректердің кебеннен тебен іздегендей еңбекпен табылатынын басынан кешкен ғана түсінеді. Ә. Спанов осы құжаттарға екінші ғұмыр беріп, оны кейіпкерінің өмір жолдарына қатысты оқиғалармен ұштастырған. Мұнысы сәтсіз де емес. Тек тарихи тақырыпты қаузап жургендер арасында сақталатынәдеп бойынша авторға сілтеме жасағаны орынды болар еді-, деп ойладым.

Түбек тарихында ізі қалған арыстар - Оспан Көбеев, Жұмағали Омаров, Қонарбай, Қажы, Нұрсұлтан Оңғалбаевтар, Төлесін Әлиев, Орынбасар Дауылов, Сембай Байнекеев, Алпысбай, Қызылғұл Құлшаров, Айладыр Дәулетниязов..., Жалаумен бірге жүріп, бірге еңбек еткен басқа да үзеңгілес жолдастары, Қазақстан үкіметі басшылығында болған қызметкерлер, елдің озық ойлы зиялы азаматтары туралы кітаптың «Үзеңгі серіктер» тарауынан біраз' мағұлмат алуға болады. Бұлардың Жалаумен қатар өрілген өмір жолдарындағы оқиғалар архивтік деректерге негізделіп, әсерлі баяндалады. Деректер қызықты, әсіресе, тарихын тануға ден қойған жастарға берері көп. Алайда олардың арасында да жаңсақ айтылғандары ұшырасады. Мысалы, Беркінғали Атшыбаевқа қатыстысы. Дұрысында Беркінғали Атырау топырағына қайта оралған кезде Ж.Мыңбаев өмірде жоқ-ты. Сондықтан Әбекеңнің «Жәкеңмен Беркінғали жақсы достар болды дейдісі» күмән туғызады. 1930 жылы ашылған Атыраудағы мұнай техникумының ашылуы да Мәскеу құзырымен істелген іс.

Біз мұны кітаптың «мінін» тізу үшін емес, кеткен қателікті түзеу ниетімен айтып отырмыз. Біткен істе мін жоқ, бітірген ерге сын жоқ деген, «Жалау Мыңбаевтың» оқып шыққан адамға беретін тағылымы көп. Осы кітаптағы деректерге сүйене отырып екі адам кандидаттық диссертация қорғаған екен.

Жалауды зерттегендерге ашылатын бір ақиқат - Жалаудың қүныкеріндей қыр соңынан қалмаған бір арызқойдың болғандығы. Оны Жалау туралы ең көп жазған адам деп есептесек болады. Бұл да заман трагедиясы, кейінгілер сабақ алып, ой түйетін іс.

Көлемі 15 баспа табақтан асып жығылатын «Жалау Мыңбаев» тек кейіпкердің ғана емес өлкенің де тарихын баяндайтын кітап болып шыққан Еңбек сонысымен де құнды.

Автор кітабын тәмамдай келе, «...Жалау Мыңбайүлының өзі өлгенімен ісі өлген жоқ. Оның өршіл рухы - халқының бүгінгі рухани қозғаушы күші. Елдің ала байрағы» дейді. Біз де Еліміздің алғашқы басшыларының бірі, болмыс-бітімі айырықша, біртуар тұлға Жалау Мыңбаев туралы сөз бір кітаппен шектеліп қалмайтынына сенгіміз келеді.

Жанат Нұрмаханова

Маңғыстау 28.02.2004