АРМАНДА КЕТКЕН БІР АРЫС...

Ұланғайыр жер мен ұлтанды елді езгіде ұстап, өзінің отарлау саясатын арсыздықпен жүргізген патша үкіметі қазақтың небір марғасқа ұлының қанын сорып, жанын қыйған аждаһа құрылым болғандығы бүгін көпшілікке аян. Тіршілік иесіне берген жанын алуға Алланың өзі ғана ықтиярлы, алайда, дін атаулыны мансұқтап, оның өкілдерін жау ретінде жазалаған отаршылдар ойраны талайды тентіретіп, талайдың тұқымын құртқан еді. Солардың бірі - қазақтың дарынды ұлы, дін және қоғам қайраткері, инженер-геолог ғалым, емші, ағартушы Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы болатын.

Биыл 125 жасқа толып отырған Оразмағанбет ахун туралы әлі толыққанды айтылған жоқ. Әрине,Ғұбайдолла Айдаров, Қабиболла Сыдиықов, Әбіш Кекілбайұлы сынды жазушы-ғалымдар оразмағанбеттануға апарар сүрлеуге сілтеме жасағаны анық, алайда, қанда бар салғырттық пен тамыр қуалар қасаң көзғарастың салқыны ма, Оразмағанбет аты өзіне ылайық биікке көтеріле алмай келеді. Оның есімі тек өзі туған Маңғыстау жұртшылығына таныс, ал күллі қазақ жұртшылығына бейтаныс күйінде. Шындығында, Оразмағанбет ел үшін еңбектенген, бар күш-жігері мен білім-білігін халық игілігіне жұмсаған арыс болатын.

Сондықтан бұл жолы оның діни-ағартушылық, емшілік, ғалымдық, қоғамдық саяси қайраткерлік секілді кейбір бағытына шолу жасамақпыз.

Жастайынан әкесі Тұрмағанбет хазіреттен діни сауат алған ол Орта Азиядағы ірі діни оқу ордаларынан білім алуға бет түзейді. Хиуадағы түрікменнің әйгілі ақыны Мақтымқұлы оқыған "Шерғазы" медресесін, кейіннен Уфадағы "Ғалия" медресесін тәмамдайды. Уфа қаласындағы Діни басқармаға емтихан тапсырып, аттестациядан сүрінбей өтіп, Адай уезіне Бас имам болып тағайындалуы - діни білімге жүйріктігінің бір айғағы болса керек. Сондай-ақ, баласы Мұхаммедтің (Ебжанның) айтуынша, ол айдаудан босаған аз жылдарының бірінде Тұрікмен жеріндегі Ақмешітте имам болған. Асылды мойындағысы келмейтін пендешілік дейміз бе, жоқ әлде, өз ұлтының төмендеу тұрғанын қаламайтын перзенттік намыс дейміз бе, әйтеуір, жергілікті ұлт "қаңғып келген бір қазақтың артын иіскеп тұрмаймыз" деп дау шығарса да, өзіне тән сабырлылық пен сұңғыла білімділігінің арқасында имамдық қызметінен қол үзбеген. "Аққа - Құдай жақ" емес пе, тұрікмен ағайындырдың "мен" деген имамдары 2 жыл Оразмағанбеттің алдында оқуға тұрған. Иранда жұргенде Реза шах Пехлевиге жазған хатында "Мен жасымнан ғылым қудым. Өз аймағымда, сосын Бұқара мен Хиуада оқыдым. Сұпылық зікір салуды, әрі үйретуді Үргеніш қаласында хазірет Мұхаммед Зия ибн Зәкіржаннан үйрендім. Сондай-ақ, тәфсир ғылымын, жағрафия, иләһи хикмет, биология, астрономия, геометрияны оқыдым. Әкем өмірден өткесін шама-шарқым келгенше, ұстаз болып елді сауаттандыру жұмысына кірістім" деуі, 1930 жылға дейін Қызылсудағы медресесінде бала оқытуы - ағартушылық ісінің дәлелі. Ол жерасты байлықтарын игеруге байланысты кітаптармен бірге, діни-идеологиялық, логикалық кітаптарды, ислам және дін тарихы, араб тілінің грамматикасы туралы кітаптарды, тағы басқа дінтану кітаптары мен діни көркем әдебиеттерді оқып меңгерген шейх болғандығы мәлім. Оның діни сауатты терең ғұлама болғандығы соншалықты - одан дін таратқан араб елінің ғұлама дін өкілдері келіп дәріс алған.Тіпті, бұқаралықтардың "Бұқарада білім қалған жоқ,бәрін бір қазақ көтеріп кетті» деуі де Оразмағанбеттің ғұламалығын тәптіштей айтудың өзі де артық сияқты.

Маңғыстаулық өлкетанушы Отыншы Көшбай Иран еліне жасаған сапарында өзі жолыққан Оразмағанбеттің баласы Мұхаммед ақсақал айтқан деректерді былай деп келтіреді:»Қалада өзімен қарайлас парсы дәрігері бар еді.Әкем алдына келген адамдарға әртүрлі шөптен қалай дәрі жасау керектігін жазып, әлгі парсыға жұмсайтын. Ол экемнің берген рецепті бойынша жасалған дәріні ауруға қолданатын". Сондай-ақ, Отыншы Көшбай Оразмағанбеттің ауырып қалған орыс ғалымы М.В.Баярунасты емдегені, күйген немесе тұла бойын жара қаптағандарды, белсіздік дертіне шалдыққандарды да құлан-таза айықтырып жібергендігін айтады. Тіпті, оның Иран, Түркия елдерінде дәрігерлік білім алғандығы, Ибн Сина еңбектерін оқығандығы айтылып жүр. Отыншы Көшбайға Ебжанның ұсынған кітабынан өсімдіктен дәрі жасау жолдары, денеге түскен жарақатты жазу, тігу, әртүрлі тамақтық, емдік шөптер, олардың жасалу жолдары, қымбат бағалы тастар туралы, бояу жасау жолы, шахмат ойыны әдістері, соғыс тактикасы, қылыштасу өнері, құстарды өсіру, зергерлік, архитектүра, жылқы сыйпаты секілді құнды мәліметтерге қанық боламыз. Мұның бәрі Оразмағанбет атаның «жан-жақты білімдар екендігін тағы бір дәлелдей алады.

Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы - қазақ арасынан шыққан тұңғыш –геолог ғалым. Ол 1897-1900 жылдары, яғни, 16-19 жастарында Үндістанның Бомбей қаласындағы университеттен инженер-геолог мамандығын алып шығады. Оның Бомбейде білім алуы туралы Отыншы Көшбай "оның әкесі Тұрмағанбет заман ағымын терең түсінетін жан-жақты адам болса керек. Маңғыстау жерін зерттеуге келген орыс ғалымы Н.И.Андрусов пен Тұрмағанбет хазіреттің арасындағы достық қарым-қатынас оның баласы Оразмағанбеттің Үндістанның Бомбей қаласына оқуға кетуіне ықпал етті. Ресейдің, болмаса Еуропаның басқа елдеріне кетпей, Үндістанға кетуінің де бір мәні болса керек. Ол - Үндістанда мұсылмандық діни орталықтарының болуы. Тұрмағанбет хазіретті көп толғандырғаны баласының ислам әлемінен алшақ кетпеуі болатын" десе, Мұхаммед ата "Бомбейдегі бай мұсылмандар оқуға ынтасы бар, сауатты мұсылман баласы болса, мұнда білім алуына жәрдемдесеміз деп хабар таратты. Стамбұлдағы мұсылман ғалымдар бұл жайында Оразмағанбетке хабар беріп, үмітпен барған Оразмағанбет сол оқу орынында оқу бақытына ие болды" деген дерек келтіреді. Жоғары білімді геолог Оразмағанбет Маңғыстау, Түрікменстан жерлерінің жерасты байлығын зерттеп, зерделеуге көп еңбек сіңіреді. Бүгінде мұнайымен қалың қазақтың қара қазанына ас салған Өзен төңірегін Оразмағанбет "Қойыныңа құт-қазынаны бөктеріп жатырсың-ау, кайран далам! Заман тынышталған соң, біздің ұрпақтарымызды асырайтын сен боларсың" деген екен. Айтқанының айнымай келгеніне қазақ түгіл шетелдіктер куә болып, Өзеннің мұнайынан мұртына дейін майлап жатқаны анық. Оның жерасты байлығын тап басып танып, сілтеме жасағаны тек бұл емес. Ол Иран Үкіметіндегі тиісті орынға жазған хатында "Бендер шах қаласындағы зауыттың солтүстігінде 500 метр жерде мұнай қоры бар, тереңдігі - 450 метр.Бұл жердегі мұнайды шығынынан қашпай игерсе, мол байлыққа жетуге болады. Әрине, оған жұмсалатын қаражат мөлшері көп. Бірақ, 1 жыл мұнай өндіргеннен кейін жұмсалған қаражаттың ақталатынына сенімдімін. Бұл жердегі мұнай қоры шыға бастағанда минутына 6000 фунт шамасында болады. Мұнай құрамында бензин, керосин, күкірт бар"деп қолға ұстатқандай сыйпаттап, тіпті, есептеп береді. Неткен ғажап! М.В. Баярунас-Маңғыстаугеологиясын терең зерттеп, орталыққа құнды деректер ұсынған, талайды тамсандыра мойындатқан бірден-бір кеңес ғалымы. Ал, оның Маңғыстауды зерттеу барысында Оразмағанбет көмегіне сүйеніп, ақыл-кеңесіне жүгінгендігі жете айтылмай келеді. Достыққа адал қазақтың ақпейіл азаматы Оразмағанбет өзінің орыс экспедициясына сіңірген еңбегін бұлдамағандығы көрініп тұр. Оразмағанбет секілді пәк көкірек жанға иығы тең дос болуға жараған орыс ғалымы М.В.Баярунас та қазақ досының еңбегін жоққа шығармаған, оған тарихи мәліметтер куә, алдағы уақыттарда талай маңызды құжаттардың табылып, Оразмағанбет тұлғасын сомдай түсетініне сенім мол. Түрмеде берген жауабында О.Тұрмағанбетұлы "Мен Батыс Қазақстанда, Түрікменстанда және Иранда геолог және діни қайраткер іретінде танылдым. Кезінде Маңғыстауды зерттеуші ғалым М.В.Баярунаспен Түрікменстанға, Қарабұғазға өткенмін. Айтулы геолог және менің анттасқан досым М.В.Баярунас екеуміз Маңғыстаудағы жұмысты жалғастырмақшы едік, сол кездегі жағдайлар бұған мүмкіндік бермеді" дейді. Өлке зерттеушісі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Әбілхайыр Ыспанның айтқан деректеріне сүйенсек, Оразмағанбет Маңғыстаудығы тас үлгілерін Мәскеуге жіберіп тұрған. Соғыс жағдайына байланысты уран қажет болғанда, орыс ғалымдары зерттеген көп тастың арасынан Маңғыстауда уран бар екендігі байқалған. Демек, Маңғыстауда уран кенін зерттеуге алғаш себепші болған да - Оразмағанбет. Кітапты рухани азық санап, аса қадірлеп ұстайтын Оразмағанбет аласапыран заман орнап, қуғын-қудалауда жүргенде кітаптарын жасырып кеткен екен. 1977 жылы ахунның Сақар таудан табылған кітаптарын Балтабай Адамбаев ҒА-ның кітапханасына тапсырады. Ол кітаптар туралы Отыншы Көшбай "Стамбулда, Бұқарада, Тегеранда, Египетте, Петербургта, Қазанда, Уфада, Дамаскіде 17-19 ғасырларда басылып шыққан ол кітаптардың ішінде не жоқ дейсіз! Парсы әдебиетінің классигі Жәмидің толық жыйнағы, Аспахамидің 4 томдық философиялық трактаты, араб әдебиеті мен тарихының теориясы, парсының энциклопедиялық сөздігі, араб тілінің грамматикасы, терминдік сөздер түсінігі, өлең өлшемдері, логика, психология, астрономия, алгебра, геология болып кете береді" деп баяндайды.

Сондай-ақ, Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының араб, парсы, ағылшын, үнді, орыс түрікмен тілдерін меңгерген полиглот болғанына тарихи деректер куә.

Ел есінде осындай жан-жақты қабілетімен танылған Оразмағанбеттің қоғамдық-саяси қайраткерлігіне қысқаша тоқталайық. Ол "Алашорда" қозғалысының батыс аймақтағы беделді де белді мүшесі болып, елдік мәні бар оқыйғалар мен жағдайлардан тыс қалмай, пікірі мен әрекетін танытып отырады. "Алаш" қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Қаратаевтармен байланысын үзбей, елі үшін еңіреген талай азаматқа қол ұшын созып, мүмкіндігінше көмегін аямайды. Оның алашшыл көзғарасы арандатпай қойған жоқ. Құрығы ұзын үкіметтің уысына түсіп, істі болады. Өзі ахун, әкесі хазірет, жастарға шариғат білімін беруші, Маңғыстаудағы кен шығаратын орындарды қасақана айтпаушы деген жалған айыптар тағылып, қудалауға түседі. Қолға түсіп, жауапқа тартылғанда "Мен "Алашорда" ұйымына 1926 жылы кірдім. Ұйымның мақсаты дін жолын, мұсылмандарды қорғау екен" деп тайсалмай жауап береді.

Оразмағанбет жан-дүниесімен сүйген ұлтының арыс ұлына деген опасыздығы да байқалмай қалған жоқ. Иранға қашып барған оны "Бұл - Қазақстандағы танымал ғалым, беделді адам. Оның қатын-баласыз өзі келуі тегін емес, мұның арғы жағында бір гәп болуы мүмкін" деп хабарлап, ұстатып жібереді. Кейін босап, артынша тағы ұсталады. 1937 жылы 29-қазанда Ираннан әкеліп, Ашхабад түрмесіне салады, 1938 жылы 29-қазанда күндізгі сағат 2-де ату жазасына кеседі.

Міне, халқына таудай еңбек еткен, қазақтың марғасқа ұлы осылайша бойындағы білім-парасатын халық игілігіне толыққанды жұмсай алмай, жат жерде мерт болады. Арада 70 жыл өтсе де, арысын ардақтаған елі 125 жылдығын ерекше еске алып, өзінің медресе салып, бала оқытқан Қызылсуында дүркірете Ас берді. Жаңаөзен қаласында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, жас жыршы-термешілер байқауы өткізілді. Ас атаулыға тән ұлан асыр аспа-төкпелік, түрлі спорттық жарыстар, жыр мен күй төгілген бұл шараның басты жаңалығы - Қызылсудан Оразмағанбетке арналған кесененің ашылуы болатын. Оразмағанбеттің жаны шейіт болған Түркменстаннан әкелінген бір уыс топырақ кесенеге қойылды. Ата рухын туған жер төсіндегі өлі ағайындар қауымына қосып, тірі ағайындардың қуанышына айналдырған сауапты іс-ұлы атамызға арналған ұрпақтарының ұлағатты еңбегі. Атаға арналған Астан екі түрлі сезіммен қайттым: бірі - өкініш, иісі қазаққа болсын деп арпалысып өткен Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының сан-салалы еңбектерінің елдік деңгейде насихатталмауы, екіншісі -үміт, оразмағанбеттануда жүргізіліп жатырған жұмыстардың олқылық орынын толтырып, атаға шынайы бағасын беруі тиіс!

Иә, екі күнге созылған Астың түсінген жанға берер ғибраты көп, тағылымы мол. Тек, Құдай қазақ жастарының санасына көлеңке түсірмей, өткенді ұлықтап, өмірінен өнеге ала білуге жазсын!

Гүлай ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
Қызылсу аүылы, Маңғыстау

Үш қиян №43 24.10.2007