Ержан хазірет

Ержан хазірет (1887-1966) Тәуелсіз елімізде еркіндіктің самал желі желпіп, жайлы лебі жеткеніне қуандық. Қуандық та есімізді жинап, өткен-өшкенімізді еске түсіріп, көп жылдар бойы қиюы қашып келген ақыл-ойымызды сергітіп, жаңаша қадамдар жасауға дәт ете бастадық. Сонда біздің ойымызда біз білетін Маңғыстаудың асыл-ардақтылары қайта оянып, олардың арасында обал мен сауаптың, имандылық пен қайырымдылықтың белгісіндей болып Ержан (Ермұханбет) хазіреттің бейнесі тұрды.

Маңғыстауда Ержан хазіреттің алдында немесе қатарлас өмір сүрген көрпе Оразмағанбет ахун, есек Абдолла хазірет, қырымқұл Әбді ахун, қырықмылтық Көшербай ахун, шоңай Шайқы ахун, қараш Ыбырай ахун Құлбайұлы, бәли Нұрнияз ахун, тастемір жары Айдар ишан, бегей Тұрыс ишан, жаңай Шабар ишан, Көркембай молда, кеще жары Түйте молда, бәли Көкен молда, бектеміс жары Қара-ғұл, тоқтамыс жары Төлесін молдалар болған болса, бұдан арғы заманда да адай елі арасында талайлаған Пір Бекеттің жолын берік ұстаған ислам дінінің белді тұлғалары, Мекке мен Мединаға қиындықпен барып қайтқан қажылар аз болмаған. Солардың көпшілігі өзгермелі заман ағымында ескерусіз, елеусіз қала берген. Кеңестік идеологияның санамызға сіңгені сонша, ұлтымыздың тарихын ұмыттық. Ұлқыздарымызды өзінің ана тілінен гөрі өзге-орыс тілін білуге, қазақ халқының тарихынан гөрі Ресей тарихын білуге бейімдеп білім, тәрбие беріп, ұлтымыздың ұстамды тәлімі, ұлағатты тәрбиесі женіне қалды. Ал кезінде осы жәйттерді сезіне біліп, ел-жұртының ертеңін ойлаған тұлғалар, дініне берік Ержан

Төлегенұлы секілді көңілдері сәулелі, көзі көреген азаматтар патшалық дәуірлер мен кеңестік кезеңдерде алыс Сібірдің абақтыларына айдалды, жазықсыздан-жазықсыз атылып кетті.

Кең байтақ Қазақстанда қоғамдық, әлеуметтік өмірдің, мәдениет пен әдебиеттің қай саласы болмасын туған халқының өркен жаюы жолындағы еңбегі мадақталу орнына, керісінше, тоталитарлық жүйе кезінде өзіне пәле болып жабысып, арманда кеткен азаматтар аз болған жоқ. Солардың бірі - өзінің көзі тірісінде-ақ халық қүрметіне беленіп, ерекше беделге, қүрметке ие болған, бар ғүмырын үрпаққа білім беруге, оларды имандылыққа, тазалыққа, ынтымақты, түзу жолда болуға тәрбиелеуге арнаған, ислам дінінің ғұламасы - хазірет атанған, діни жоғары білімді Ержан Төлегенұлы еді. «Аза» кітабының 173-ші қатарында ол туралы былай деп жазылған: «Төлегенов Ержан, 1887. Ф.Александровск. Паналық жер өңдеу серіктігінің мүшесі. Батыс Қазақстан облысы бойынша НКВД үштігі... 25.11. 37. 58-10. 11 бөлімі. 10 жылға бас бостандығынан айыруға, Гурьев облысы прокуратурасы 23. 05. 89 ақтады». Бұдан көрініп отырғанындай, Ержан хазіреттің кінәсіздігі тек 50 жылдан кейін, өзі дүниеден өткен соң ғана мойындалған.

Мешіт ашып, балаларға әліпби үйреткен, мал бітпеген жарлы, ешбір кінәсіз, Ержан хазіреттің тек «молдасың» деп айыпталуы ақылға симайтын өрескел зорлық болатын.

Алласына сиынған Ержан хазірет бір емес, үш рет (1932, 1937, 1942 ж.ж.) кеңес түрмесіне қамалып, өмір-нің 10 жылдан аса бөлігін айдауда азаппен өткізді. Осы кездердің барлығында да тергеу орындары оған зорлық-зомбылықтың неше түрін қолданып, оны мұсылмандық жолдан тайдырудың барлық амалдарын жасап бақты. Алайда бұл әрекеттері ешбір нәтиже бермеді, Өйткені Ержекең дініне аса берік, алған бағытынан, ұстанған жолынан қайтпайтын ер, барынша ұстамды, бір сөзді. өз ісінің Мұхаммед пайғамбар жолының уағыздарымен сәйкес келетіндігіне шынайы сенетін, құранды, оның сүрелерін барынша қастерлеп өткен, құдай бір, құран шын деген сөздер өмірлік уағызы болған кісі еді.

1928-ші жылдан 1953-ші жылға дейін бақылауда, жауапталуда болған Ержан хазірет қамаудан келген соң да түрме тауқыметін жұқалап қана еске алатын. «Бәрі де жаратқан Алланың қалауымен болып жатады. Адам баласы шыр етіп жерге түскенде маңдайына жазылған бейнеті мен рахатын кесінді сызығы жеткенше көріп өтуге тиісті. Аллатағаланың ісіне ренжуге болмайды»- деуші еді.

Ержекеңмен түрмеде талай бірге отырған Құлшарұлы Бекен қарт Ержан хазіреттің ұлылығын бойлай еске алып, «Шыдамы берік, төзімі болаттай Ержекең түрмеде тамақ болмай аштан-аш қалған кездерімізде біздерді сабырға шақыратын: «Құдай жеткізер, уәйім айта бермеңдер, Алла жар болса аш қалмаспыз» - деп тоқтам айтып, қолтығымыздан демеп күш беріп, сенімімізді беркітіп отыратын. Айтса айтқандай, біраз шыдасақ болды, сырттан азық келіп қалушы еді...»- деген болатын.

Ержан хазіреттің адами қасиеттерін жеткізіп айту екінің бірінің қолынан келе бірмейтін іс. . Оның ісі, сөзі, жүріс-тұрысы, кісілерді жеткізіп айту екінің бірінің қолынан келе бірмейтін іс. Өйткені ол кісінің қасиеттері жай адамдардан өзге, пенде деген ұғымнан жоғары еді. Оның ісі, сөзі, жүріс-тұрысы, кісілер мен амандасуына дейін өзгелерден өзгеше, айырықша мейірімділігімен замандастарының назарын өзіне еріксіз аударатын. Ержекеңнің терең діни білімділігі соншалық, онымен ислам дінінің қағидалары. құран сүрелерін түсіндіру, дүниенің жаратылысы, өмір мен өлім жайлы пікір сайыстарына баруға тіпті әжептәуір молда атанып жүргендердің өздерінің де батылы бара бермейтін. Хазіреттің орыс тілін білетіндігі, жоғары математика есептерін де шығара алатындығы, астрономия, жағырапияны меңгергендігі талас туғызбайды, баспа беттерінде айтылып та келеді.

Ержан хазірет молдалық қызметі үшін, жаназа шығарғаны үшін жарлы-жақыбайлардан ақы алмайтын, ал дәулеттілердің үсынған мал-мүлкін түгелдей жоқ - жітіктерге таратып беретін. Ержан хазіретпен рулас бектеміс-жары марқұм Матаев Жақсығат ақсақалдың естелігін де келтіре кетудің артықтығы болмас деп ойлаймыз. Жәкең сөзін:«Кеңес үкіметі кезінде «Дін- апиын» деп діни наным- сенімдерді жоюға бағытталған, оны коммунистік идеологиямен ауыстыру қажет деп шапқылаған партия белсенділері көп болды. Сол тұста облыстан(Гурьев) келген бір партия қызметкері «осы сіздердегі Ержан деген молдаға діни уағыздарын қойғызу, оны діннен бездіру керек» деп қайта-қайта талап қоя берді. Мен сол тұста үжымшар басшысы едім. Ержекеңе дінге қарсы үгіттің ешқандай жүрмейтінін жақсы білемін. Содан қулыққа көшіп, Сіз де сөйлесіп көріңізші, мүмкін үлкен орынның беделді адамы болғандықтан сөзіңізді қабыл алып, мұсылмандық жолдан бас тартар деп қойдым. Ол кісі барсам барайын - деді. Біздер үйге кіріп, таныса бастағаннан кейін-ақ, Ержекең өзіне тән байыптылық, шешендікпен сөз бастап кетті. Шай кел¬ді әңгіме айтылып жатыр... бір кездері ет келді, Ержекеңнің оралымды, ойлы сөздері жалғаса түсуде... Әлгі обком қызметкері Ержекеңе «кеңес» беріп, дінге қарсы үгіт- насихат айту былай тұрсын, тіпті сөзден қалды. Мұсылман дінінің имандылығына өзі де сенгендей болып, астан кейін рұқсат сұрап, әрі осында келгендегі әбес ниеті үшін кешірім өтініп кетумен болды.

Әрі шежіреші, әрі шешен, діни білімді, «Адайдың Алшыны» атанған Меңдалиев: «Мен Ержекеңді жақсы білетін адаммын. Ержекеңнің білімі де, ақылы да көл-дария еді. Ол Маңғыстаудың қараойында мұсылманның қасиетті діні үшін бір туып кеткен тұлға ғой. Ержекең тұрмыстың тауқыметін, айдаудың ауыртпалығын, қамаудың қиян-кескі қиыншылығын көріп жүрсе де, ешқашан пендешілік жасап, мұсылманшылық жолынан тайғақтамаған»-деуші еді.

Маңғыстаудың белгілі діни білімді, молда, тақуаларының өзі арнайы ат сабылтып Шиліқұдық жерінде тұратын Ержекеңнің алдынан өтуге жиі барып тұратын. Олар Ержанның терең білімін, дін жолындағы үлкен ұстаз екендігін мойындап, оның алдында өздерін кіші санап, қолын алып қайтуды өздеріне зор мәртебе деп білген.

Ержан хазіреттің бар байлығы кітаптары еді. Ол бос кездерінің барлығын кітап оқуға арнап өткен. Олардың арасында араб, парсы, түркі, татар тілдеріндегі кітаптардың болуы Ержекеңнің осы тілдерді де меңгергендігін байқатады. Ержекең тұтынған кітаптардан Имам Абдулла Мұхаммед бин Салламаның «дақоий қул ахбар» және Ахмад бин Али Аскаланидің «мунаббиһат» атты кітаптары араб тілінен маңғыстаулық жас діндар, жорналшы Себасов Марат Бақбергенұлының аударуы және баспаға дайындауы арқылы жарық көрді. Бұл кітаптарды жеткізуші Ержекеңнің ізбасары Төлесін молда болған Ержекеңнің соңында кітаптарынан басқа қалдырған бүкіл өмір бойы халықты имандылыққа, Алланы сүюге, адамзаттың асылы-пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.у.) уағыздарын, құранда айтылған талаптарды орындауға бағытталған насихаты әрбір мұсылман үшін шексіз байлық дер едік.

Ержан балалық шағында Маңғыстау ауданының Тұщықұдық елді мекеніндегі атағы елге танымал Айдар ишанның мешітінде оқып алғашқы діни сауатын ашқан. Содан кейін білімге құштар жас сол кездегі ірі білім ордасы - Бұқара қаласына аттанып, жоғары білім алады. Ержекеңнің таңдағаны молдалық - жастарға тәлім-тәрбие, діни білім беру саласы болады. Бұқарадан шатырхат (дип-лом) алып келісімен бұрын өзі сауатын ашқан Айдар ишанның мешітіне молда болып орналасып, бала оқытқан. Кейінірек Ержекең (бес жерде-Ақмешітте, Ескі Бейнеуде, Баялыда, Оғыландыда, Тобықтыда мешіт салдырған) Пір Бекеттің жолымен сол Тұщықұдық жеріндегі Сорқүдықтан мешіт салып, ауыл балаларына әліпби үйретіп, оларды қайырым мен мейірімге, обал мен сауапқа тәрбиелеген. Ержекең осылайша Бекет атаның діни уағыздарын насихаттаушы, жастарды, халықты кісілікке, тазалыққа, адамгершілікке, бір Алланы медет етуге тәрбиелеудегі үлгісін жалғастырушы болды. ,

Төлегенұлы Ержан хазірет 1887-ші жылы кәзіргі Қаражанбас, Қаламқас жерінде - Керелде, кеңес үкіметі кезінде Орта еспе деп аталған ауылдық Кеңесте өмірге келіп, 1966-шы жылы жасы 79-дан сексенге қараған шағында дүниеден озды, денесі ежелден елге белгілі Шақпақ ата қауымына жерленді. Ержекең діннің әрпі мен рухына өте адал болған. Ол замандастарына «Адамның тәні топырақтан жаралған, өлген соң топыраққа араласуға асығады, өлген адамға аса биік, сарайдай етіп там салу қажет емес, бұлай ету бәсеке -байрақ, мұны шариғат қолдамайды. Барлықты, байлықты жарыстырмай, шашылып-төгілмейақ ит-құс түспейтіндей үсті ашық биіктігі бір жобадағы там салса болады және бұл менің ойдан шығарғаным емес, атам заманнан бері қарай келе жатқан мұсылман халықтарының бізге, болашаққа қалдырған өсиет-өнегелері» - дейді екен.

Ержан хазірет Төлегенұлына өз-нің қалдырған өсиеті бойынша Шақпақ атада ықшам, үсті ашық там салынған. Осы жерде бір айта кететін жәйт бұрынғы ата-бабаларымыз белгілі бір қауымға қайтыс болған кісіні қойғанда , оның алдындағы аты елге мәшһүр, сыйлы, қасиетті деп саналатын адамға салынған тамнан артылтып кесене салуды әдепсіздік деп есептеген. Ержекеңнен кейін өмірден озған, хазіреттің білімді, сенімді шәкірті Қарағұл Жәнібекұлы молда да осы Шақпақ ата қауымында жерленген. Бұл кісіге салынған там аласа, шағын ғана.

Бұл жерде там салушылар Ержекеңе салынған тамнан артық етпеу жағын ескерген.

Бұған дейін Шақпақ атаға. онда жерленген Ержан хазіретке келіп тағзым ету, тілек-үмітпен түнеу, өзге де өмірден озған ата-бабалардың рухына арнап дұға оқу жергілікті халыққа оңай болмай келген еді. Өйткені елді мекендерден 100 шақырым, одан да әрі жатқан бұл аймақта зиярат ете келушілерге жаздың ыстығынан, қыстың суығынан пана боларлық ешбір құрылыс жоқ болатын. Осыған байланысты Ержан хазіреттің өмірге келгеніне 110 жыл толған 1997-ші жылы бектеміс руының бір топ жігіттері ақылдаса келе Ержан ата басына түнеухана салу жөнінде шешім қабылдады, Ержан хазірет қоры қүрылып, оның төрағасы болып, осы мақала авторларының бірі Дүйсембі Әріпұлы, атқарушы директоры болып Оразбеков Тауман сайланды.

Дұрыс жол қатынастары жоқ, шатқалдар арасынан халықтың ойынан шығатын кең 4 бөлмелі төбесі күмбезді биік құрылыс тұрғызу, қасынан шырақшыға арнап 2 бөлмелі үй, аулағырақ малына қора салу, төңірегіне шөлге шыдамды бірнеше түрлі ағаш көшеттерін отырғызып көгалдандыру, айналасына таттанбайтын темірден қоршау салу жұмыстары қиынның қиыны еді. Оның үстіне жаңа ғана тәуелсіздік алған еліміздің, халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлары да қиындау болатын. Бұл қиындықтар ауызбірлікті, жігерлі жігіттерге кедергі бола алған жоқ. Ержан хазірет ез емірінде анау алыс, мынау жақын, бай, кедей демей, халыққа бірдей қызмет еткен болса, оған арналған түнеухана үйін салуға да бүкіл облыс халқы, мекеме,өндіріс басшылары бір кісідей ат салысты. Соның арқасында күмбезінен бастап түгелдей Жаңаөзеннен келтірілген ақшаңқан ұлутас¬ са¬пен әрленген түнеухана тоғыз айда толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Келушілерге жағдайлы болу үшін үй ішіне кілем, көрпелер төселіп, жастықтар тасталған, аяқ-табақ құралдарымен қамтамасыз етілген. Бір бөлмеде мұражай жасақталып, онда Ержекеңнің тұтынған заттары, киімдері, кейбір кітаптары қойылған, сондай-ақ түнеухананың салыну кезіндегі істелінген жұмыстар жөнінде стендтер жасалып, көптеген ескілі-жаңалы суреттер ілінген.

1998-ші жылдың 22-ші тамызында Ержан хазірет үйінің халық игілігіне берілуіне орай садақа берілді, 20-дан аса киіз үй тігіліп, мыңның үстінде адам қатысты. Садақаға келгендер, одан кейін де атаға тағзым етіп, түнеухананың игілігін көрген әйел-ер, жас-жасампаз адамдардың барлығы да айдалада бұрын-соңды болмаған еңселі құрылысты көріп, алдымен ата есімін ардақтайтын ұрпақтары, елі бар Ержан хазіретке иман тілеп әруағына бас исе, келесі кезекте құрылысты салушыларға үлкен ризалық білдіріп, рахметтерін айтумен қатар, осы шараға орай әдейі түптелген дәптерге өз пікірлерін қалдырып келеді.

Шақпақ атаны, жаңадан тұрғызылған түнеухананы көруге, Ержан хазіретке тағзым етуге еліміздің жоғары лауазымды адамдары, министрлер, парламент депутаттары, ақын-жазушылар сапарларының орайына қарай келіп тұрады. Жоғарыда айтылған дәлтерде олар да қолтаңбаларын қалдырып отырған. Қазақстан Парламентінің төрағасы Өмірбек Бәйгелді мен халқымыздың мақтанышы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының Маңғыстау елін аралай келіп, Шақпақ атаны, Ержан хазіреттің түнеуханасын көрген кездерінде сол дәптерге Өмекең: «Ата-баба әруақтарын риза ету ұрпақ парызы. Әруақтар халқымызды, ұрпағын қолдай жүрсін. Өмірбек Бәйгелді. 06. хазіреттің түнеуханасын көрген кездерінде сол дәптерге Өмекең: «Ата-баба әруақтарын риза ету үрпақ парызы. Әруақтар халқымызды, ұрпағын қолдай жүрсін. Өмірбек Бәйгелді. 06. 12.1999»- деп қол қойған болса, Әбіш: «Кісі аяғы сирек басатын жапан түзді мәдениеттендіруге бағытталған, ата-баба әруагын ұлықтауға арналған еңселі үй болып шыққан екен. Бүл үйді тұрғызушыларға көп-көп рахмет. Әр кез әруақтар қолдасын. Әбіш Кекілбаев. 06. 12. 1999» - деп жазған еді.

Түнеуханаға кейіннен электр жарығы беріліп, жағдай бұрынғыдан да жақсара түсті. Сол 1998-ші жылы түнеухананың бітуіне байланысты алғашқы садақа берілгеннен бері әрбір жыл сайын маусым айының үшінші жетісінің сенбі, жексенбі күндері Атаға арнап садақа беруді тұрақты іске асырып келеміз. Халықтың берік қолдауына ие болып отырған бұл елеулі ісіміз бүдан былайда жалғаса бермек.

Үстіміздегі жылы Қазақстанның бірқатар аймақтарында, соның ішінде, Оғыланды тауының қатпарлы қапталынан өзі қашаған таңғажайып мешітте мәңгілік мекен тапқан, ислам дінінің уағыздаушысы, абыз, әулие, Бекет ата Мырзағұлұлының 260 жылдық мерей тойы кеңінен аталып етуде. Пір Бекеттің бұл тойына алыс-жақын шет елдерден айтулы дін басыларының келетіндігіне байланысты олардың Маңғыстауда Пір Бекеттен кейін де белгілі дін иелерінің, соның ішінде Ержан хазіреттің еткендігін білгендері жен деп осы мақаланы жазып отырмыз.

Бисембі ӘРІПОВ,
Қазақстанның ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер,
Ұлы Отан соғысының ардагері.

Дүйсембі ӘРІПОВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері,
облыс әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Маңғыстау 16.09.2010